Назым Перне. Аурухана

Үш күннен бері жатыр. «Дюфастон» деген дәріні үш мезгіл ішеді. Оған тоқтаған қан жоқ. Тыйылмаған соң, алғашында қайта-қайта дәрігердің мазасын ала берген. Университетті жаңа бітірген дәрігерлер сұраған сауалына дұрыс жауап бермейді. Өздері әп-әдемі шетінен. Рең басы тап-тұйнақтай, тақадай боп боянып алады. Бірақ, ауруыңа байланысты бірдеңе сұрасаң, қабақтары қатуланып, тура өзін масқаралап тұрғандай шытынап шыға келеді. Жап-жас дәрігерлердің ашуланғаны жаман екен. Бар сұлулығынан, сүйкімінен әп-сәтте айырылып шыға келеді.

«Ары-бері жүре бермеңіз, сізге жату керек!» Қашанғы жата бересің. Күйеуіне кітап әкеп берші деуді қойды. Күніне тоқсан түрлі нәрсе тапсырады. Шай ішетін шыны, қасық, кесе, пәлен деген дәріханадан түген деген дәрі, үйдегі баланың жемпірі ана сөреде, шалбары тартпада, түскі уақытта ана витаминді беруді ұмытпа, балабақшаның ақшасы төленген квитанцияны апайына берерсің, коммуналдық қызмет ақысының қағазы келетін уақыт болды, пошта жәшігін қарауды ұмытпа, келсе, бірден барып төлеп таста, тағысын тағылар. Былайғы уақытта көз алдында тұрғанды қолына ұстатпасаң көрмейтін күйеуіне мынаның бәрін мүлтіксіз орындау оңайға соқпайды. «Құрысын, кітабы құрысын, өлмеспін». Обалы не керек күйеуі бұған айтқызбастан, телефонына ақша салды. Содан бір аптаға интернет пакет сатып алып, әлеуметтік желілерге кіреді. Сөйтеді де лезде көңілі құлазып сала береді. Шын-өтірігі аралас құдайдың көрсеткен күніне шүкірлік еткен, кілең бақыттан басы айналған жандар, бір-бірімен айтысып-тартысқан жұрт немесе өтірік бірін-бірі мақтаған топ, таңғы, түскі, кешкі астың суретін салып, әлеуметтік желідегі достарын «тамаққа шақырған» қонақжайхалық. «Фу!» Сайттардағы «атып кетті, сойып кетті», әлемдегі теңдесі жоқ шаһар жайлы қиял ғажайып «ертегілердің» бастапқы сөйлемдерін бір шолып шықты. «Фу!» Мырс етіп күліп жіберді. «Сонда саған не жағады?» Аласұрып жанындағы көршісі келді.

– Тәте, жаңғақ жейсіз бе?

– Жоқ, жемеймін.

– Жесеңіз, мына жерге қойдым.

– Жемеймін дедім ғой саған!

– А, жарайды.

«Бұл байғұс не үшін жақпай қалды? Өзіңді жұрттан артық санағанды қойсаңшы!». Көршісіне жай ғана көз салды. Жиырма бестегі жас келіншек. Дене бітімінің толықтығы жастығының сынын бұзып тұрған жоқ. Бойы ұзын болғасын ба, толықтығы қайта жарасатын сияқты. Жүзі дөңгелек, маңдайы қысқа, мұрны жіңішкелеу, ерні үлкендеу, тырсылдап тұр, иығынан төмен түскен шашын буып алады. Аяқ-қолы балғадай. Мінезі алаңғасар. Сөзі сәл түсініксіздеу, тілі күрмеліңкіреп шығады, бір айтқанын екі-үш рет тез-тез қайталап жібереді. Бірінші күні ғой, палатаға кіргенінде бұл ұйықтап жатыр екен. Оятпайын деді де, аяғының ұшымен өз төсегіне беттеді.

– Шәметсіз!

Құмығып шыққан үннен селк ете артқа бұрылды.

– Сәлеметсіз. Қашан түстіңіз?

– Ааа-алдыңғы күні.Жоқ, кеше. Ә, иә, алдыңғы күні.

«Мынаның есі дұрыс па? Қашан түскенін білмей ме?» Өзінің қай бөлімге қандай себеппен түскенін бірден есіне алды да, ұшқары ойынан тез қайтты. «Наркоздан кейін адам жынды боп қалады ғой».

– Операция жасады ма?

– Иә. Бала іште шетінеп кетіпті.

– Қанша апта еді?

– 4 апта.

– Менде де алдында сондай болған. 8-9 аптада баланың жүрегі соқпай қалған. Емделіп, бір жарым жыл дегенде, осыны көтеріп ем. Тағы да қан кетіп жатыр. Бірақ, жаңа УДЗ-да бәрі жақсы деді. Баланың жүрегі соғып тұр, қимылдайтын көрінеді.

– Қанша болды?

–15-16 апта, төрт ай ғой. Бұл айда бала түспейді екен ғой, жаңа қараған дәрігер сөйтіп айтты.

Палатаға медбике келді. «Жүріңіз, сізден қан алуым керек». Ем-шара жасайтын кабинетке барды. Аурухананың іші айнадай жалтырап тұр. Соңғы үлгідегі төсек орындар, медициналық жабдықтар, бәрі жаңа. «Іші-сырты жалтырап тұр, дәрігерлері де мықты шығар». Кірш еткізіп, инені сұғып қалғанда, қолы ауырсынып қалды. Қан алып болғанша, шыдай алмай, медбикеге айғайлап жіберді. «Неге сонша ауыртып аласыз? Сіз жай ғана қан алып отырсыз ғой, укол салып жатқан жоқсыз». Медбике жүзінен иманы төгілген жас қыз екен: «Кешіріңіз, кешіріңіз, болды, міне» деді де қойды.

Палатаға келсе, көршісі жылап жатыр екен. Екі жыл бұрын іштегі баланың жүрегі соқпай, операциямен алғанда, осылай кез-келген уақытта себепсіз жылай беретіні есіне түсті. Жаны ашып кетті. Бір жағы өз жағдайынан да қауіптеніп, үрпиіп қалды. «Е, құдайым, бергеніңді мықтап бер!» «Төртінші айда түсік болмауы керек» деген дәрігердің сөзін медет етті. «Сонда да бұлар неғып тек дюфастон бере береді. Оны үйде де ішіп жүрмін ғой. Қимылдамау керек болса, жата берем. Бек онсыз да бар жағдайымды жасап жатыр ғой». Күйеуінің қамқорлығын ойлап, иегі кемсеңдеп қалды.

Үшінші күні жанындағы келіншекті үйіне шығарды.

–Тәте, ертең менің қызымның туған күні. Сізді шақырам үйге. Келіңіз.

Сөйтті де затын жиып, үйіне кете барды. Қайда шақырып жатыр, мекенжайын, телефон нөмірін беру ойына да келген жоқ. Бұл болса, оның соңынан күлген бойы қала берді. Көршісі ұмытшақ. Амнезия ауруына шалдыққан. Ауруханаға өзінің қашан келгенін есіне түсіре алмағаны сондықтан. «Тәте, енемнің өлгенін мүлде білмеймін, бір жылдан кейін үйде жиын боп жатыр. Не жиын екенін сұрасам, енемнің жылдық асын беріп жатыр екен үйдегілер». Осындай әңгімелерін алғаш естігенде, мұның зәре-құты қалмаған. Есі ауғаны соншалық, жедел жәрдем алдап, жындыханаға өткізіп жіберген шығар деп ойлады. Сөйтті де жүгіріп барып, бөлімнің атын оқыды. Гинекология деген жазуды оқып, көңілі орнына түсті. Тағы да күлді. «Еркемай өте таза адам. Ауру деймін. Бірақ, осы аурудан біздің айырмашылығымыз қайсы? Бірақ, мұндай адаммен бірге өмір сүру де мүмкін емес қой. Сөйлесе – басыңды ауыртады. Қаңғырлап, бір сөзді айтса, үш рет қайталайды. Сенің әңгімеге құлқың бар ма, жоқ па, шаруасы жоқ, қаңғырлап өзінің сөзін айта береді, сөйлемесіңе қоймайды. «А, тәте? Сол ғой, тәте. Тәте деймін…» Ашуланып ұрысқаныңа мән бермейді».

Төртінші күні сауылдап су кетті. Жанұшыра Бекке қоңырау шалды. Бектің досы аурухананың Бас дәрігеріне хабарласты. Он бес минуттан кейін Нәркес жатқан палатаға дәрігерлер қаптап кетті. Бірін-бірі таныстырып қояды. «Мына кісі Бас дәрігердің орынбасары». «Мына кісі ауруханамыздың Бас гинекологы». «Мына кісі Бас…» Кілең Бастар тізіліп тұр. Сау күнінде беделді адамның бәрі бұған дәл осылай құрақ ұшып тұрса, масаттанып қалар ма еді?! Бірақ, дәл қазір мұның құны көк тиын да болмай тұр. «Неге тек «дюфастон» ғана бересіздер, неге укол, система салмайсыздар?» деп мұның тықақтай бергеніне бір дәрігер: «Все вопросы к министру! Это министерство отменило всю процедуру» деген. Деді де артынша бұдан су кеткен соң, екі жарым сағат система салды. Қары талып, төсегі шылқылдап су болған Нәркес ағыл-тегіл жылады. Баланың аман қалатынынан күдер үзді. Кілең Бастар бір медбикеге мұны УДЗ-ға апаруын бұйырды. «Арбаға салып апар!» «Құдай-ау, күнде жаяу жүгіріп баратын жеріне арбамен апарғаны несі?» Арбада отырғанда, өзінен жаман ұялды. «Апырмай, Бас дәрігердің құдіретін-ай! Үш күннен бері бір дәрі ішіп жатыр еді. Енді, міне, баратын жеріне арбаға салып апарады. Бірінші күні-ақ қоңырау шалдырту керек екен ғой. Бәлкім, сол кезде су кетпес пе еді». Көңілі тағы бұзылып сала берді. Көзінен ытқып кеткен жасты медбикеге көрсетпей саусағының ұшымен іліп алды.

УДЗ-ның қағазына Бастар шұқшия бас қойысты. Сосын жедел бірінен кейін бірі Нәркесті тексере бастады. Бастарын шайқады. «Дорогая Наркес, ты же у нас граммотная, образованная! Ты пойми нас, у нас другого выхода нет. Нам очень жаль, придется прервать беременность». Айналасын қоршаған дәрігердің ортасында тұрып, келіншек солқылдап ұзақ жылады.

Лыпылдаған жас дәрігерлер жылы сөйлеп, бәйек боп, түсік жасауға рұқсат беретін қағазға қол қойдыртты. Түсік шақыратын таблеткасын жұтқызды. Шуылдаған дәрігерлер де тарқасты. Жанына жаңа бір келіншек кепті. Аты Жадыра екен. Бұл ауруханаға үшінші рет түскенін айтты. Жадыра қалалық боп көрінуге сұмдық құштар екен. Орысша сөйлеп, қасын керіп, аузын шошайтып, былқ-сылқ жүргісі келеді. Бірақ, осыншама тырысудың бәрі бекершілік еді.

– Ау, жинше. Е, жақсы, құдай-ай. Жақпайтын бірдеңе айтты, мен қылт ете қалдым да. Ой, қойыңызшы, жинше. Уайымдамаңыз.

Көзін ашса, бұған дейін қазақша сөйлей алмай отырған Жадырасы жеңешесімен телефонда қазақша әңгімелесіп жатыр екен. Баяғы қылымсып, былқ-сылқ еткен қимылдан ада. Ширақ отыр.

Түнде іші ауыра бастады. Үдеткен сайын дөңбекши түседі. Дөңбекшіген сайын төсегі шиқылдай береді. Жадыра оянып, шошып қалмасын деп дәлізге шықты. Бойын тіктеп жүре алмайды. Іші төменге тартып, солқылдатып әкетіп барады. Белі айналып ауырып, ол қосылды. Еңкейген күйі медбикелердің постына әрең жетті. Дәлізде ішін ұстап бір әйел отыр.Медбикелер бос палаталарда ұйықтап жатқан болу керек. «Ұйықтасын, тыным таппайды ғой. Әлі екінші таблетка беру керек. Бұл толғақ емес… Мәссаған. Мынау толғақ болмаса, шын толғақ қандай болмақ сонда?» Іші мен белі айналып, мазасын қашыра берді. Диван бар екен. Соған барып жантайды. Денесі қалшылдап, тоңа бастады. Толғақ екені анық. «Ііі-ммм». Бүкшеңдеп палатасына қайта барды. Көрпесі мен жастығын алып, бүкшеңдеп диванға әзер жетті. Тісі тісіне тимей сақылдай бастайды. Көк диванның жайлысын-ай! Жұп-жұмсақ.Палатадағы керуеті сияқты биік, қолапайсыз емес. Басын диванның жақтауына тіреп, ышқынып, ыңыранды. Көрпесінің шеті ашылып қалып еді, өне бойын суық алып кетті. «Ііі-ммм». «Құдайым-ай, мына жерге туып қояр ма екенмін? Медбикелер қайда екен? Біреу-міреу келсе жақсы болар еді». Қабырғадағы сағатқа қарады. Таңғы 4.15 кетіпті. Бір медбике көрінді. Шақырайын десе, даусы шықпайды. Қолын бұлғады. Көрмегенсіп кетіп қалды. «Ііі-ммм». Әлгі медбикеге өкпелей де алмады, ашулана да алмады. Бес минуттан кейін екінші медбике шықты. «Апай…» Даусы әлсіз ғана шықты. Қолын бұлғады.

– Сен неғып жатсың мұнда?

– Апай, толғақ… толғатып жатырмын.

– Қайдағы толғақ? Сен әлі екінші таблетканы ішкен жоқсың ғой. Толғақтың көкесі әлі алда. Бар палатаңа!

– А-апай, с-су.

Әбден қансыраған соң ба, аузына қанның дәмі келді. Одан қалса, аузы кебірсіп, кеуіп барады.

– Қайда кружкаң?

– П-пала-та-да.

Медбике жұлынып кетіп қалды. Сәлден соң, мұның ыдысымен су әкеп берді.

– Мә.

Қолымен «қоя тұрыңызшы» дегенді білдіріп, диванда тағы аласұра бастады. Бұл азабы сұмдық болды. Денесі қалшылдап, тісі сақылдап, өз тәні өзіне бағынбай, селкілдеп кетті. Тура мағынасында жанын қоярға жер таппады.

медицинаМедбикенің я ұйқысы ашыла бастады, я мына қиналыстан шошыды, әйтеуір Нәркестің палатасына қарай жүгіріп кетті. Гигиеналық пакетті әкелді де, келіншекке көмектесе бастады. Орнынан тұрмақ болған Нәркес ащы толғаққа шыдай алмай, жүрелей отыра қалды. Отырғаны сол еді, бүлк етіп бала түсті.

– Апай, мен тудым, тудым.

Жүрегі өрекпіп, тірі бала тапқандай қуанып кетті. Бір жағы толғақтың сап тыйылғанына қатты қуанды. Медбике сасқалақтап, келіншектің туғанына сене алар емес. Расымен босанғанына көз жеткізген соң, Нәркесті өбектей бастады.

– Жүр, мұнда тұрма. Мынаған жат.

Дарылдатып төсек-арбаны сүйреп әкелді. Дәрігерлерді шақыруға кетті. Он минуттан соң, манағы толғақ қайта басталды. Баланың «жолдасы» түспей, тағы азапқа түсе бастады. Салқын дәлізде дәрігерлерді күтіп, жарты сағат жатты. Зорға жеткен жас дәрігер мұның қиналып, арлы-берлі қозғалып жатқанына зекіп тастады. «Қозғала бермеңіз, баланың жынысын көрейін». Тістенген күйі дыбысын шығармай жатты. «Ұл екен». Төрт рет қарап, төрт рет айтты. Бойын селкілдеткен ауруға шыдай алмай барады. Айғалайын десе қалың ұйқыдағы науқастарды оятып жіберермін деп қысылды. Әрең дегенде жатқан арбасы қозғалды-ау. Дарылдатып екі медбике операциялық залға қарай сүйрей бастады. Бір кезде көрдей суық жерге кіргізді. Операциялық столға аяқ-қолын байлап тастады. Толғақ үдетіп барады. Аяқ-қолы байланған күйі операциялық столда бұлқына берді.

– Қозғалмай жат-ей.

Қаумаласып әңгіме соғып тұрған екі-үш медбике бұған жекіріп берді. Толғақ қысып, жаны азаптанбағанда, Нәркес жекіргендердің сазайын берер еді. Бірақ, оған шамасы келер емес. Жанында бір медбике жас қыз жүр екен. «Пожалуйста, дайте воды. Пить хочу!» Медбике жүгіріп барып бір дәкені суға малып, ернін сүрте бастады. Ернін жалаған күйі мейірімді қызға жәудірей қарады. Рахметін көзімен білдірді. «Пожалуйста, я вас прошу, расслабтесь, сейчас все пройдет». Мейірімді қыздың жылы сөзі жанын ерітті ме, манадан бері толғақ қысқан денесін босатып көріп еді, расында ауруы басылғандай болды. Дәрігердің келгенін төбесіндегі операция шамдарынан көрді. Дәрігер асығар емес, сөз саптасынан біреуді жамандап тұрғанын білді. Нәркес шыдамай кетті.

– Уважаемая доктор, вы вообще собираетесь сегодня начинать?

– Анестезиолога ждем.

Ызғарлы даусы «аузыңды жап!» деген-ді.

Бір кезде жап-жас анестезиолог қыз келді де, мұның қолын жұлқып, білегіне ине сұқты.

– Ей, жұлқыма қолымды!–тістеніп тұрып кіжінді.

– Да что ты говоришь!

– Мына жерден шығайын, сосын көресіңді көресің!

Осыны айтып үлгерді де, талып түсті.

Көзін аша алмай жатыр. Таңқалғаны – бәрі есінде. Бұған дейін үш наркоз алған Нәркес есінде бірдеңе қалмақ түгілі, сол есін жия алмай, екі-үш күн әуре болатын. Басы қатты айналып тұр. Көзіне, мұрнына, ерніне біреу аямай тонналап цемент құйып тастағандай. Жұтынып еді, тамағына да цемент құйғандай, түкірігі ары жүрмей қойды. Бірақ, бәрі есінде. Бұған наркоз салғаны, операция жасамақ болғаны… Тек қай жерде жатқанын түсіне алар емес. Денесі жып-жылы. Демек, үстінде көрпесі бар. Мана тастай суық жерге кіргенде, қатты тоңған еді. Сол білегі тызылдатып барады. «Немене қолыма бірдеңе салған ба?» Наркоз салғаны есіне түсті. Жанына біреу келгендей болды. Бір көзін қинала жартылай зорға ашты. Шамасы медбике болар. Білегіне система салғандай болды. «Ісп» деп қояды. Система салар кездегі реакциясы ғой. Күлгісі келді. Күле алмайды. Жанынан біреу өткендей болды.

– Менің қолымда система бар ма?

– Иә. Бар.

– Әлі біткен жоқ па?

– Жоқ, біткен жоқ. Уайымдама, таусылса медбике келіп алады.

– Імм. Рахмет.

– Нәркес, палатаңа апарайын ба?

Санитар апаның жылы даусын таныды. Екі қолтығынан екі кісі демеген күйі палатаға кіргізіп, төсегіне жатқызды. Оянса, таң атыпты. Жадыра да тұрып жатыр екен.

– Сізді тазалап тастады ма не?

– Иә.

– Мә, мен ештеңе сезбеппін ғой.

– Сен сезбесін деп дәлізге шықтым ғой.

– Туу, тәте, қиналып қапсыз ғой. Қазір таңғы асыңызды әкеп берейін.

Таңғы асты әкеп, үстелге қойды.

– Тамақтанып алыңыз, тәте.

Тамаққа зауқы болмады. Іші операциядан кейін солқылдап ауырып тұр. Бәрінен бұрын күйініші солқылдаған ішін одан ары өртеп жіберді.

– Тәте, мені басқа палатаға ауыстырады екен. Сіздің жаныңызға басқа кісі келеді.

– Жақсы.

40-тан асқан бір әйел бұған қарап күледі.

– Екеуміз түнімен дәлізді күзетіп шықтық қой.

– Е, сіз екенсіз ғой. Толғатып жүріп, түріңізге зер салмаппын. Сізді де тазалады ма?

– Жоқ.

– Түнімен дәлізде отырдыңыз ғой. Мен сықылды толғатып жүр екен деп қалсам.

– Суықтап қалғам. Ішім қатты ауырды.

– Мен мұнда тек аяғы ауыр әйелдер түседі екен деп жүрсем. Гинекологияны перзентханамен шатыстырып отырмын ғой. Жүктіліктен басқа әйелдер ауруы бар екенін мүлде ойламаппын.

– Бірінші жүктілік пе?

– Үшіншісі еді ғой. Екеуі осылай сәтсіз болды.

–Балаң бар ма, бірақ?

– Иә. Қызым бар.

– Ойбай, онда не арман сендегі? Менде бір бала да жоқ. Үш күйеуге шықтым. Ең болмаса, осындай түсіп қалса да, жақсы ғой. Әйтеуір балаға деген үмітің бар.

– Шүкір, иә, шүкір. Бірақ, адам деген тойымсыз ғой. Сіз ғой бір балам болса дейсіз. Мен балам жалғыз болмаса екен деймін. Осындай кезде ғана тәубеге келгендей боласың.

Бұдан кейін екеуі де томсырайып қалды. Әңгімені ары қарай жалғауға ешқайсысының құлқы болмады. Нәркес операциядан қатты шаршап қалған болуы керек түскі асқа да тұрмады. Ұйықтап кетті. Оянса кеш боп қалған екен. Үшінші көршісі бұған бояған тырнағын көрсетті.

– Өзіңіз боядыңыз ба? Тура бір салоннан шыққандай қып бояпсыз ғой. Менің қолымнан мұндай әсемдік келмейді.

– Қолым дірілдеп, суретін дұрыс сала алмай қалдым. Сен ұйықтап жатқанда, ішім пысып, тырнағымды айналдырдым. Қой, барып темекі шегіп келейін.

– Қашаннан бері шегесіз?

– Ой, мен жастайымнан қағынғам ғой. 6 класымнан бастап шегетінмін.

– Расында жастайыңыздан қағыныпсыз. Әке-шешеңіз қалай байқамады екен?

– Шешем ауру еді. Аяқ-қолы сал боп қалған. Әкем басқа қатынға кетіп қалды.

Нәркес не айтарын білмей тосылып қалды.

– Жеңгемнен үйрендім. Дәретханада тығылып шегетін. Соны аңдып, кенже ағам екеуміз ерте бастан темекі шектік. Үлкен әпкеміз бар еді марқұм. Анамыздың орнына сол ана болды. Сол байғұс менің темекі шегетінімді білмей кетті. Егер білсе, тірі қоймайтын еді. Мен тұрмақ, ағаларымның шаңын қағып алатын.

– Менің ағаларым әкемнің алдында темекі шеге алмайтын. Көкем біледі ғой оларын. Бірақ, далада темекі шегіп тұрған жерінде әкеміз кеп қалса, темекілерін тастай салатын. Сосын қасына баратын кезде ауыздарын шаятын. Әкеміз өмірінде темекі шекпеген. Бірақ, ішетін. Енді ол кезде ішпеген адам болмаған шығар өзі.

Жанар сыртқа шығып кетті. 10 минуттан соң, темекі исі бұрқырап қайта оралды.

– Ішінде баласы бар қатындар да будақтатып жатыр ғой, айналайын-ау.

Нәркес жымиды. Жанарға ағаларының әкесі алдындағы әдебі туралы әңгімесі қатты тиген секілді.

– Егер екіқабат болсам, темекі шекпес едім. Мен ұл сияқты өстім. Жаман бұзық болатынмын. Жүрген жерім айғай-шу еді. Өскен соң, кілең қағынып кеткендермен бір жүретінмін. Үстімде фуфайка, аяғымда керзі етік. Пышақпен жүретінмін қан-жоса боп.

Жанар өз-өзіне сүйсініп әңгімесін айтып жатыр, айтып жатыр. Бұл үнсіз. Үндемеген күйі көршісінің жүзіне қадалды. Жанар реңді келіншек. Қысқа шашын сарыға бояған, онысы аққұба өңіне жарасып-ақ тұр. Ұзын бойлы, сымбаты әлі қалпында. Қырықтан асқан әйел болса да, сыны кетпеген. Айтқан әңгімесіне қарап, оң мен солын ажырата алмайтын, 11-12-гі жасөспірімнің шалағай сөзі дерсің. Түріне қарасаң, әйел затының бар дәстүрін сақтайтын, боянатын, сыланатын, еркектің ынтасы мен назарын өзіне қадалғанды ұнататын ересек келіншек. Нәркес көп адамның бойынан осындай қызық комплексті көп байқайды. Көп кісінің сөзі, арманы, үміті жасына лайық емес. Бәлкім, көбісі бала кезде ата-ананың назарынан тыс болды ма екен…

Екеуі осылай әңгімелесіп отырғанда,басқа палатадан әлпеті ештеңеден қаймықпайтын, рабайсыз жалпақ бет, айғайлап сөйлеп, дарылдап күлетін әйел мен бүгін мұның жанынан басқа палатаға ауысқан Жадыра келді.

– Кеттік пе? – деді жалпақ бет әйел дарақы күлкісімен.

Нәркес жалпақ беттен көрі өнер туралы, адамгершілік туралы кеше майысып әңгіме айтқан Жадыраға аңырап қарап қапты.

– Жаным-ау, саған не жоқ? Темекі шекпек түгілі маған десең неғып көкнәр тартпайсың? Балада нең бар сенің?Не үшін сақтағалы жүрсің?

Шамасы наркоздың уыты әлі қайтпаған-ау. Әйтпесе Нәркес біреуге ақыл айтқанды жанымен жек көретін.

– Ой, дым да қылмайды. Екі баламды темекі шегіп жүріп тудым. Дымы да жоқ. Аман-есен.

Жалпақ бет киілігп кетті.

– Аман болсын лайым. Бірақ, түбінде зардабын тартпаса болды да. Құдай бетін аулақ қылсын.

– Құдай сақтасын. Темекі шегетінімді білгенде, доғдыр: «сразу не бросайте!» – деді. Уа-ха-ха-ха-ха!

Үшеуі жырқылдаған күйі палатадан шықты. Бұл телефонын шұқылап, орнынан қозғалмаған бойы жата берді. Ертесіне бірінен кейін бірін үлкен төсек-арбамен екі келіншекті әкелді. Мына наркоз дегеніңіз өте қызық зат екен ғой. Нәркестің байқауынша, наркоздан әркім өз мінезімен оянатын сияқты. Өткенде бір әйел бүкіл аурухананы басына көтере айғайлап оянды. «Жанерке-ееее-еееее!» деп шыңғырған дауыстан барлық палатадағылар атып-атып шықты дәлізге. Нәркес «байғұс әйелдің баласы босанғанда, шетінеп кеткен екен ғой» деп тұла бойы түршігіп кетті. Сөйтсе, ол үйдегі қалған баласын уайымдап, операциядан кейін соның атын атаған екен. Жаңа ғана әкелген мына келіншек көзін аша алмай жылай береді. «Басым… басым айналып барады». Нәркес жанына барып, келіншектің маңдайынан сипады. Сыбырлап: «Басың қазір қояды, жылама. Сәл шыдасаң, жазыласың. Міне, маған таңғы бесте жасап еді, қазір сенің алдыңда сөйлеп тұрмын». Қаздаңдап бүгінгі ауысымдағы бір медбике келеді екен. «Около больного не стоять!» Нәркес үндеместен өз палатасына кірді. Екінші әйелді дарылдатып әкелді, оны да дәлізге қойып кетті. Бұл бір өте сабырлы жан ғой деймін. Тез оянды. Ештеңе демеді.

Нәркес мұнда келгендердің бәрін ой елегінен өткізіп көрді. Көбісі аурухананының қызметкерлеріне разы емес. Нәркестің өзі бұларды атарға оғы болмай жүр. «Үш күн бойы бір ғана дәрімен баланы қалай сақтамақ болды? Бірдеңе десең, министрлікке сілтейді. Министрлігіңді де көрерміз. Аман-есен шығайын, ісім денсаулық сақтау министрлігімен болсын!» Кіжінем деп тағы жылап жіберді. Қарап отырып айналасындағы емделушілерге жыны ұстады. «Емдеуші де, емделушілер де надандар! Емдеуші өз ісін білмейді, білсе де дұрыс атқармайды міндетін. Ал, ауруханаға түсушілер түк білмесе де, әйтеуір көгеріп айқай шығара береді. Айқай шығарсам, дұрыс қарайды деген түсініктері бар. Бірақ, расында да айқай шығарғандарды ықыласпен емдеп жатады ғой». Өзінің сөйте алмайтынына ызасы келді. Қызық. Әдебің сүмелектік ретінде қабылданады. «Менің «врачым» деп кісімсінетіндерді мысқылдады. «Өмірінде бір артық 5 000 теңгеге қолы жетіп және оны өзіне қиып, бір рет дәрігерге қаралғанын көтере алмай, менің дәрігерім деп шыға келеді. Сорлылар. Көзін ашқалы отбасылық дәрігермен келе жатқандай. Өзінің дәрігері бар болса, мұнда қай атамның басында жүр?» Осылай өзінің жүйкесіне салмақ түсіріп отырғанын сезбей, ұзақ отырды…

10 күн дегенде Нәркесті ауруханадан шығарды. Бөлім меңгерушісі бұған жақсы дәрігерге қаралу керектігін кеңес қылды.

Иә. Бөлім меңгерушісі дұрыс айтады. Жақсы дәрігер керек. Бәрімізге.

dalanews.kz