Еркежан Жанымханқызы: Қол бұлғап күлімдейді көктегі арман...
2015 ж. 24 қазан
3027
0
Жас ақын Еркежан Жанымханқызының өлеңдері жүрекке жылы тиетін, сезімге байлығымен ерекшеленеді. Өлеңдерінде өмірге деген құштарлық адам жанының мұңымен үндескен тамаша жарасым бар. Тілі тапқыр, жаңашыл ойлар айтуға, тың образдар жасауға тырысатын ізденгіштігі бар.
Иманғазы Нұрахметұлы,
ақын
*** Өлең, өлең, бал өлең, шекер өлең, Қиялымды қиырға жетелеген. Таңдайыңнан сырғыса тамшы ғұмыр, Маңдайыңнан сүйіп ап кете берем. Саған ғашық болғаным рас менің, Сен сыйлаған көрмеді құлап сенім. Жанарымның ішіне ұялаған, Аққу-мұңым аңсайды жұмақ көлін. Сыңғырындай сырғамның сұлусың ба, Түспеген арғымағым бұрын сынға. Тағдырым тамылжыған таңыңды бер, Жүрегі махаббаттың жылынсын да. Малынып жұлдызына түн келеді, Жалдаған жан екеміз бір кемені. Су сепсе жалыныма бәз біреулер, Айтқаным есімде жоқ әлденені. Қауышса қуанышпен құлын жүрек, Бөлістім еліктермен сырымды көп. Бұлағы жайлауымның күміс рең, Желменен желбірейді гүлім жібек. Балалық – патша күнім тақтан түскен, Миуасы махаббаттың бақта піскен... Тербетіп сағынышың асыл құрбым, Сен маған тұңғыш рет хат жазып па ең? Сол күннен елес қана есте қалған, Қол бұлғап күлімдейді көктегі арман. Жанымның емі өзің деп жүргенімде, Өлеңім дертке айналып кетпе, қарғам. АУЫЛ ТҮНІ Ауыл үсті, жып-жылы түн құшағы, Шатқал сайды аймалап түн құшады. Естіледі төбенің ар жағынан, Асқақтата шырқаған жылқышы әні. Күміс бұлақ сыңғыры ұйқыны ұрлап, Қиял құсын самғатып жыр айтады. Көк жүзінде қалқыған қиқым бұлтқа, Самырсын қыз сыбырлап сыр айтады. Жұлдыз күліп, ай қарап кірпік қағып, Ақ арманның алаулы отын жағып. Бар тіршілік әйтеуір қуанышты, Той тойласып жатқандай тоқым қағып, ТАЛДЫРМАСЫН ТӘҢІРІМ ҚҰЛАШЫМДЫ Тас қамалға ұқсатып тамұқ түнді, Сөгілгенде қуанам таң көбесі. Қалжыратты мені әбден жалықтырды, Бойдақтардың бұйдасыз әңгімесі. Күзді құшып жайдары жаз көңілдер, Күйкі тірлік күйбіңі кеміктенген, Буыны бос балауса бал сезімдер, Ақша қарға айналып еріп кеткен. Айна көлде аққу қаз таранысып, Көктемеде көк жібек гүл ашылды. Арманыма асығып барам ұшып, Талдырмасын тәңірім құлашымды. ҚҰПИЯМДЫ АШ, ҚҰРБЫМ! Тамылжытып таңның ерке арайын, Мақпал түнді махаббатпен орайын. Қармақ қаппас қу қиялды құрықтап, Бақытымның бақшасына барайын. Тебен іздер тереңінен теңіздің, Жаны тұнық жақсылармен егізбін. Көңілдерге көбелек боп қонатын, Ақ жүректен ұшып шыққан лебізбін. Күні күліп, айы туып оңынан, Гүл сезімдер адаспасын жолынан. Сұлу өлең сусыныңа қандырма, Шыққан астай шебер аспаз қолынан. Қалғып кетсе айна көлде аққу-мұң, Тәләйімнің түп тамырын тасқа ұрдым. Жанарымның ұясына жасырған, Құпиямды аш, құрбым. БӨЛЕНЕМІЗ БАҚЫТТЫҢ ЖЫЛУЫНА Уысымнан сырғыған минуттарым, Өткен күннің тамады парағына. Ақ сағыныш жеткізіп миға ақпарын, Мөлдір моншақ сыйлайды қаламыма. Балауса таң самалы шашымды өбіп, Балғын ерін боянып балаң нұрға. Жүретін ем жаутаңдап қасыңа еріп, Жалбыз терген бұлаққа бара алдың ба? Аққу-арман ақ бұлттан ары асуда, Кетті, мүмкін, жуылып кінә ақталып. Ай қалқиды жұлдыздар арасында, Күңір ерткен ханышайым сияқтанып. Сыңғыр бұлақ сыбырлы сұлу орман, Күміс тарақ керек-ау бұрымына. Таймаса егер табандар түзу жолдан, Бөленерміз бақыттың жылуына. ДОСҚА ТІЛЕК Ақ параққа қондырып ойда барды, Міне, бүгін тағы бір ай жаңарды. Қауыштыра алмаса қос жүректі, Махаббаттың мәрттігі қайда қалды. Несібемді теріп ап сері күннен, Жалғандықтың маңынан жерідім мен. Қанатыңмен су сеуіп қазбауыр бұлт, Ерке самал, емдеші ерініңмен. Арманыңның самғаса құсы биік, Қызғаныштың қалар бір іші күйіп. Балалығың жүр ме екен тарлан тауда, Қозы қуып, қой бағып, күпі киіп. Маңдайынан арылып қырсық небір, Мөлтілдесе шық тұрып кірпікке гүл. Жалғыз досың мен болып шаттанайын, Жібек жырмен жамалып жыртық көңіл. Ізін басып бүгінің, кешегінің, Сағым қиял басыңнан көшеді мұң. Кей-кездері тоналсам сабырымнан, Кей-кездері осылай көшелімін. Өлең-өмір шабытың аппақ арың, Ғашықтықпен тербелсін жас қаламың. Бойыңдағы ерлігін бағындырсын, Тұман жұтпас тірліктің тас қамалын. Уысымда уақыт көші, ғалам, Айналайын жүре бер досым аман. Ала таңда бақыттың қақпасынан, Құшақ жайып өзіңді тосып алам. КҮЗГІ САҒЫНЫШ Үмітімнің атырып құла таңын, Жылап жатқан жүректі жұбатамын. Сары күзгі сағыныш жапырақтарын Өзің тұрған қалаға құлатамын. Нұр екенсің, жауһазын жыр екенсің, Қайғы жұтып қай маңда жүр екенсің? Мендік ғана кінәсіз сезіміңді, Аңдып келер ажалдан күзетерсің. Көкжиекке сыр бүгіп сынайды арман, Жыл ауысып, дүние-ай, шыр айналған. Көздерімнің аңдаусыз көлі құрғап, Аққуымның орнында құмай қалған. Елесіңді уыстап күнде сенің, Ессіздікпен еріксіз тілдесемін. Құла түзде қауышып жалғыздықпен, Тұрақтадым бойында бір көшенің. Шарлап жүріп кеудеңнің атырабын, Көмейіңе еккенмін ғашық әнін. Айлы түнде жамылып ақ сезімді, Махаббатты құшақтап отырамын. Сағыныштың ғазалын өртеу үшін, Сезім қылын әдейі шертемісің. Болсаң егер сазды күй өзге жанға, Бір мен үшін ескірмес ертегісің.