Қазыбек Иса. ҚЫЗЫЛ ЖЫҢҒЫЛ
2015 ж. 27 қыркүйек
11933
3
Түстей алмай түсіңді, жыңғыл гүлі,
Жылдан-жылға құмартттың бір мұңдыны …
Қызғыш па екен, боз ба екен, күлгін бе әлде,
Қосындысы етпес бір түрді үлгілі,
Түрленесің түс бермей, жыңғыл гүлі.
Қызылқұмның көрінсе атырабы,
Қызылшашақ жыңғылы шақырады.
Бұта шайнар бураның езуінен,
Жасыл бояу ағызар жапырағы.
Көп тұяққа көлеңкең ұнаса бір,
Түбіңе кеп табады сірә, сабыр.
Түс ауғанда қойларын шығара алмай,
Шып-шып терлеп жүреді шынашақ ұл…
Шардара бұл –мекені шапағаттың,
Қарыс кетсем өзіңнен-қаталаттың.
Жыңғыл гүлін қызға алғаш сыйлаған жан
Жығылмай жүр жолында махаббаттың…
Қасиетін жыңғылдың кім ұғады,
Қамшыға сап еткендер құнығады…
Ту келіншек тулақта жүн сабаса,
Турайтындай терісін сыдырады...
Әжемнің де айналып ұршығына,
Әжімді өңі шашатын бір шұғыла.
Қырқып тістеп жүрсе де, қырдың малы,
Қисаймайды жыңғылдың қылшығы да…
Шарбағындай сиреген қатарлары,
Шаманы ойлап шабатын атам кәні…
«Қызыл кітап» қызарар біздер үшін
Жыңғыл артса жырада ат-арбалы…
Сусыма құм көшкіні сұр қашырып,
Қалыңында қалсаң да мың басылып,
Күшін ылғи Төзімің тұрды асырып.
Шөлде өскен соң… шөліркеп Тіршілікке,
Көктеп шықтың түнектен Күнге асығып…
Күз күні де бұзылмай күйі мүлде,
Нәрлі бұтақ бөленер жиі гүлге.
Уығыңа айналса қызыл жыңғыл,
Шаңырағың сақталар биігіңде…
Балалығын жоғалтқан жыңғылдыда
Балауса ақын өзіңді жыр қылды ма…
Мың құбылып тербелер гүлшашағың,
Кеудемдегі басылмай күмбір мына….
Жылуы мен өмірдің сызын білдім,
Жыңғыл гүлі екен ғой қызылкүлгін…
Құбылмалы дүние... қызыңды ұрдым...
Шұғылаға шоқ гүлің шомдырса еді-ау-
Құбылаға бұрылса жүзім бір күн,
Құбылмалы, дүние-ай, қызылкүлгін…
1998ж.