Сөз нұры
2015 ж. 14 қыркүйек
4348
0
Нұрғали Ибрайымның жырлары әрбір жас ұрпақ үшін отаншылдықтың, елдіктің белгісіндей рухани азық болатыны сөзсіз
Ойлы адам ойымен қырда шашылып жатқан жоқ, оны іздеу керек.
(Д.Исабековтің «Қарғын» романынан).
Талай ақынның таңдайын қақтырып, тұма жырларына тамызық болған біздің Шардара өңірінде шабыты шалқыған, өнер көгінде шоқжұлдыздай жарқыраған жалынды ақындарымыз аз емес. «Ақын болу – міндет емес, азамат болу – парыз» демекші, ақынның шабыты тоқыраса да, оның ел мен жерге деген махаббаты, нағыз ақынға тән биік парасаты ешқашан аласармайды. Өмірін өлеңмен өрнектеген өзгеше болмыс иесіне ақын деген атақты халықтың өзі береді. Кезінде Жамбыл бабамыз: «Өлеңі не жылатпаса, не күлдірмесе, онда ол ақын емес», – деп жалпы ақын деген қауымға үлкен салмақ артқан екен. Абай ақын «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін сөз жақсысын келістіру» туралы айтқанда, өлеңнің жазушыға ғана емес, оны оқып-талдайтын көпшілікке де үлкен ой салуына қызмет етуі керектігін меңзеген. Ақын философиясы өмірдің өзінен алынып, халықтың тұрмысына арналады. Өлең жазу – бір дерт. Арнайы жазылатын өлеңдер бар да, сонымен бірге көп күткен сәбидей үлкен толғаныс пен тебіреністен кейін дүниеге келетін туындылар бар. Мұның екеуінде де ақынның жаны мен сезімі қатар жүреді. Ақынға әдеттегідей көру мүмкін емес. Ол басқаша сезініп, өзгеше көрудің арқасында, бәлкім, сіз бен бізге беймәлім дүниенің сырын ашып жеткізетін болуы керек. Бүгінде шығармалары Шардараға ғана емес, Оңтүстік аймаққа, қала берді ел аумағына танымал болған Нұрғали Ибрайым ағамыздың өлеңдерін зерделей оқып шықтым. Америка ғалымы А.Хатсон: «Шығармашылық – бұл жаңалық, бірақ барлық жаңалыққа шығармашылық тән емес» деген екен. Ауданымыздағы Қазыбек Иса атындағы әдеби-шығармашылық бірлестіктің төрағасы, ақын, ұстаз Нұрғали ағамыздың өлеңдерінен бір жаңалық табам деуден аулақпын, бірақ мен осы ақынның поэзиясына біраз әдеби зерттеу жүргізіп көрдім. Енді сол ойымды өздеріңізбен бөлісейін. Ақын ағамыздың жырларында менің көзіме ерекше ілінгені – оның Сарыарқа табиғатын тамылжыта жырлағаны. Мысалы: Бәрі ыстық тартады екен аңсағанға, Составтар зіркілдейді. Шаршаған ба? Сарыарқа, сағынышымды жинасам мен, Жүк болады білмеймін қанша нарға! Осы бір шумақтан ақынның жастық шағы өткен аяулы мекенге деген ыстық сезімінен бөлек, қазақтың сұлу өлкелерінің бірі – Арқа жеріне ауған аңсары мен сағынышы қоса қабат көрінетіндей. Биіктерде шақырып қарағайың, Ақ самалмен ойнайды бала қайың. Тобылғыға ысталған қымыз исі, Мас қылады қараптан-қарадайын. Қара өлең ұйқасымен келетін осы шумақтағы «ақ самалмен», «бала қайың» деген эпитетті метафоралар сол сұлу табиғатқа өзіңді алып барғандай әсерде қалдырады. Әсіресе, Мәди ақын жырлаған Қарқаралыға деген сағынышын ағамыз қалай жеткізген десеңші! Қарқаралы, қайтейін тұрысыңды, Жұпарыңмен ашушы ең тынысымды. Шіркін-ай, бір барып қайтсам ба екен, Ақ бұлтқа толтырып уысымды... Уысын ақ бұлтқа толтырып қайтқысы келген ақынның арманы да Арқасына лайық мөлдір сезімге толы екен. «Ақадыр» деген өлеңіндегі табиғатқа тамсануды айрықша ашып тұрған ондағы әдемі теңеулер шығарманың көркемдігін арттыра түскендей. Қиядан ақ биікке қарашы алып, Басқа биік қалғандай аласарып. Асау Нұра алқынып асығады, Ұшқан қыздай алқасын таға салып. Немесе: Қарағандар қаптайды қара ормандай, Күтетіндей күлкімді, әзілімді. Алқынып өз үйірін тапқан аттай, Сүйретіп жеттім зорға қазығымды. Алқасын таға салып ұшқан қыздай алқынған асау Нұра қандай, өз үйірін тапқан аттай қуана жеткен ақынның сезімі қандай керемет! Арқаның алып биіктерін суреттеуі ақын Сәкеннен бір де кем емес дер едім. Тағы бірде ақын: Танисың ба, өлеңмен «науқас» ұлды, Араладым тамсанып тау-тасыңды. Шайтанкөлге өлердей ғашық болдым, Сарыарқаға жарасқан алқа сынды. Не деген тамаша балама! Сарыарқаға тағылған алқа секілді Шайтанкөлге бізді де құмар етіп, біржола сағыныштың нұрына шомылдырып кетеді. Ақын сөз саптасындағы әдеби теориялық ерекшелікке келер болсақ, ол әрбір музасын бірінші жақта жазуға шебер екен. «Мәңгілік сағыныш» атты өлеңі де жүрекке жылы тиіп, кісіге ой тастайды. Жыр тұлпарын суытып әр таңда мен, Қазығына жабулап қаңтарған ем. Қаңтарда, қарлығашым, қайдан келдің, Ай жүзіңе қараймын аң-таңменен. Қазыққа байланған жыр тұлпарын босатқан қаңтардағы қарлығаш жырдың ақын жүрегінен өлең боп өрілуінің өзі әдемі. Құмға сәулең құйылды, Сырға арайың, Қандай жұмбақ сырың бар, сырғалы айым ? Мәңгілік сағынышым, келші менің , Жаныңды әнге орайын, жырға орайын!.. Құмдағы сәуле, Сырдағы шашылған арай... Жоғарыда аталған бұлтқа оранған таулы өлкенің табиғатынан мүлде алшақ, тіптен басқа сұлу Сырдың көзге елестеуі заңдылық, себебі, ақын мәңгілік сағынышын өзінің Сырымен байланыстырып отыр. Осы екі өлеңде де сырға толы жұмбақ сезім және бірінші жаққа қаратыла айтылған махаббат пен өзімсіну бар. «Құралайым, жанары жәудіреген, Бауыры ыстық, жүрегі жүдә мәйін» дейді. Мұнда да сол сурет кездеседі. Сірә, дүниедегі жақсы атаулыны өзіне теліп, өзіне меншіктеу ақындарға тән қасиет болса керек. «Ұлыма сыр» дейтін өлеңін оқып көрейік. Адамды алаламай еш, қарағым, Арасынан жат емес, дос қарадым. Менің даусым алысқа аспағанмен, Ойға сәуле құяды қосқан әнім. Менің жырым табысып таң Шолпанмен, Қызарады кешқұрым қыр үстінде... Немесе: «Менің жырым жиденің иісі мен сұлулардың ойнайды сырғасында», – дейді. Бұл өлеңдерден мадақ жыр үлгісі байқалады. Нұрғали ағамыздың өлеңдерінің бір парасы – арнау жырлар. Оның арасында ақын Т.Молдағалиевке арнаған мына бір шумақтар ұнады. Сәуірдегі жас алып тұр жас сирень, Қалай енді арыламын пәс күйден. Бір түтіннің сияқты еңіз перзенті. Болсаңыз да сонау алыс Ақшиден! Шарбағымды таптағандай бар шаңдақ, Ары-бері жол таба алмай сарсаң бақ. ... Ақынсың! – деп қақтыңыз сіз арқамнан, Қасыма кеп хан сияқты алшаңдап, – дейді. Қазақтың ірі ақыны Тұманбай ағамыздың алдын көрген ақынның оны іздеп сағынуы – табиғи құбылыс. Сонау алыс Ақшидегі ақын ағасымен байланыстырып тұрған ортақ азаматтық көзқарас пен ақындық үндестіктің нәзік жібін үзіп кеткендей болған Тұманбай ағаның қазасын естігендегі жан сезімін жеткізуде оған деген сағынышы мен сырларын ақын осылай ақтарып жазған екен. Ағамыздың «Жарыма» деген өлеңіндегі бірнеше шумаққа тоқталайын. Жиhаз қуып жан емеспін шарқ ұрған, Айнымадым бәз баяғы қалпымнан. Гауhар тастар сыйлап туған күніңе, Сақина да сала алмадым алтыннан. Мінезімді мәйін кейде бірбеткей, Ұқпайтындар от тастаса, үрлеп кей. Сыр алдырып қабағыңды шытпадың, Сезіміңді ұстадың сен кірлетпей. Көкірегімде лаулап жатты отты өлең, Отты өлеңмен сыйлы болдым көпке мен. Төркініңе апара да алмадым, Құнды самолетпенен. Мұндағы бірінші шумақта ақынның қарапайымдылығы, екіншіде жарын қадірлеу, үшіншіде ақынның мойындауы бар екен. Ақынды күте білген жарына деген ілтипат пен бағалау оның әдемі шумақтарында керемет көрініс тауып, жарыңды нәзік жырмен аялаудың үлгісін көрсеткендей болады екен. «Ақын құдіреті – өмірден өзін, өзінен – өмір жасай білуінде», – деп ақиық ақын М.Мақатаев айтпақшы, табиғат арқылы сезімін, сезімі арқылы өмірдің өзін жаза білген ақын ағамыздың жырларында өмірге құштарлық басым ба, өрлік пе, жоқ әлде, өз еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілік пе, я болмаса нәзік лирика ма, бұлардың қайсысы алдыңғы орында тұр, міне, бұл мәселені зерттеп, анықтаймын десеңіздер – ол да сіздердің өз қалауларыңызда. Өлең – жұбатушы, мұңға салушы құдірет. Есімін жүрген жазда, күзде жаттап, Ақ бөкебай, әдемі қыз ба ең аппақ. Қарқаралы тауының бұлтысың ба, Ақын етіп қоятын бір мезетте-ақ ! Ақын өз кейіпкерін бірде ерке боранға, бірде ақ балтыр қайыңға, ал тағы бірде Қарқаралы тауының бұлтына теңеген осы бір өлеңінде Сарыарқа табиғатын соншалықты жақсы көретінін cезінесің. Әсіресе, табиғат пен ақын жан дүниесін салыстыруда синтаксистік параллелизм мен «ерке бұлт», «тау бұлты», «ақ бұлт», «қара бұлт» секілді эпитеттерді ұтымды қолданған. Ақындық жайлы Абай атамыздан бастап жазбаған ақын кемде-кем. Ақын ағамыздың «Аялаңдар ақынды» деп аяқталатын өлеңіндегі өзіндік ерекшелік – ақынға тән барлық қасиет: аңғалдық, жұмсақтық, батырлық, адалдықты қаласаңыздар, ақынды аялаңыздар дейді. Ақын – ұстаз, ақын – ғашық жар, ақын – өз елін сүюші азамат ретінде өзін толғандырған барлық тақырыпқа жыр арнайды. Менің ақын шығармашылығынан байқағаным – өзі секілді қарапайымдылық, табиғилық, тазалық. Не жазса да бүкпесіз, боямасыз, қаз қалпында жазуымен бізге үлгі көрсетіп, ой салып келеді. Ақын шығармашылығын зерттей берсең, оның шынайы лирикасы, сұлу пейзажы, ерекше қайталаулары, терең білімі менмұндалап тұрады. «Пікірлес, сырлас досыма» деген өлеңі әзілге құрылғандығымен де, астарлы ойымен, көркем бояуымен де көз тартады. Бұзылып бұлт реңі, Ақ жауын сіркіреді. Құрақ па, жас толқын ба, Құлаққа күлкі іледі. Жалаңаш көлге қарап, Көк аспан күркіреді. Құлындай сүт іздеген Сәби жыр түртінеді, – деп келетін осынау шумақты бір қарағанда, досына арнаған өлеңі екен деп те ойламайсыз. Ақынға шабыт берген әсем табиғат көрінісі ақынның досына қатысты ақжүрек ойларын бізге жұмбақтау қалжыңмен жеткізуде жақсы көмектесіпті. Сұлу табиғатты суреттей отырып, жыр туатын сәтті сүт іздеген құлынның түртінуіне теңеу ақынның бай қиялы мен мол сөздік қорын көрсетеді және мұндай авторлық теңеулер беруде Нұрғали ағамыздың қамшы салдырмайтынын айтпай кетуге болмайды. Көңіл толқытатын көптеген әндерге өлең жазып, көпшілік құрметіне бөленген ақын ағамыздың «Күрсінбе, Күнікейім», «Сағындым сенің күлкіңді», «Шардара толқындары» атты әндердің жазылуына себеп болғаны оның жаны жырға ғана емес, нәзік сырға, мәңгілік сағынышқа толы ақын екенін де дәлелдейді. Нұрғали ағамыздың досы, педагог, белгілі ақын, композитор Б.Қожахметов: «Дүниеде Алла шапағатынан екі нұр тарайды: бірі – күннің нұры, екіншісі – сөздің нұры. Күннің нұры жүзіңе, сөздің нұры жүрегіңе төгіледі екен» деген ойлар айтады. Міне, сол ағамыз айтқан сөзінің нұрын жүректерге құйып жүрген ардақты ақын ағайымыздың өлеңдері әлі де зерттеп, зерделеуді талап етеді. Бір өлеңі бір елдің мұрасындай болатын ақын ағаларымыз көп бізде. Тек сол өлеңдерді келешек ұрпақ қалай ұғады, қаншалықты жақын қабылдайды дегенге біз, өлеңсүйер қауым, бейжай қарай алмаймыз. Нұрғали ағамыздың жырлары әрбір жас ұрпақ үшін отаншылдықтың, елдіктің белгісіндей рухани азық болатыны сөзсіз, ал жалпы біздің жерлестеріміз өз ақынынан әрдайым сағынышқа толы жалынды жырларды күтіп қалады. Ақын ағамыздың бізге берер жаңа жырлары көп болсын. Ажар СЛАМОВА, Шардара, Оңтүстік Қазақстан облысы "Қазақ үні" газеті