Мықтыбек Оразтайұлы. "Қызыл көйлек киген қыз әлі есімде!"
2015 ж. 10 тамыз
7695
13
Көкжиек
КЕШКІ ЖЫР Кеш те батты, Күн қонып ұясына, Келіп жетті далама Түн асыға. Айға қарап көрші ата бет сипады, Ақ тілегін қосты да дұғасына. Қалдыратын көкейге сан-мың сұрақ, Аяқталды бір күндік тағдыр-сынақ. Түн мезгілі басталды айналада, Әйнегінен әр үйдің шам жылтырап. Көктеп өтіп сапарды бір күншілік, Тыныс тапты осылай қу тіршілік. Түн қарайды қабағы қатуланып, Көмейінде жатқандай сыр тұншығып. Күн артынан күн өтер ілесіп ап, Қалай өтті бүгінім? Міне, сұрақ! Зымырандай зулаған тәуліктерім, Ғұмырымды барады түгесіп-ақ. Ғұмыр – дария, жүземін, алыс кетем, Арманымен пенделер табысса екен... Таң мен Кештің арасы – мына жолда, Қанша жандар тұз-дәмін тауысты екен?.. Әрбір тәулік бағалы сыйым ба екен? Шертілмесін, дүние, күйің бөтен. Бүгін қанша Ананың толғағы кеп, Қанша сәби шыр етіп туылды екен? Әр тәуліктің болады сын, сабағы, Оты өшкенде Үміттің гүл солады. Пенде арманы көктегі Ай секілді, Қол жетпейтін, көрініп тұрса-дағы... Сан бұрылыс жалғанның жол торабы, Қиылысып жатады қанша орамы. Уақытты тоқтатып бағар еді, Адамзаттың егерде болса амалы. Аз ба, көп пе, білмеймін көрген бағым, (Адастырып кетпесін енді арманым!) Мезгіл жетсе қайтадан тапсырамын, Аманат қып Алланың берген жанын. Жүрген жолым – алтынға тең ғұмырым, Бір тәуліктің жұлдызы сөнді бүгін. Өмірімнің соңына асықпаймын, Ертеңгі күн болмасын соңғы күнім! БАҚЫТЫҢДЫ ТАНЫП АЛ Туындамай тұрмайды сұрақ мүлде, Жалған өмір таптырар тұрақ кімге... О несі екен? Бақыт деп ойлағаның... Бақытсыздық боп шығар бір-ақ күнде! Тағдыр деген осы ғой, толқымалы, Пенде шіркін жоқ іздеп шарқ ұрады. Белес қуып, алдамшы елес қуып, Арманыма жетсем деп талпынады. Таусылмайтын, бітпейтін сансыз ілік, Сан өзгеріп алдайды сан құбылып. Қайта-қайта арманнан адассақ та, Өле-өлгенше сөнбейді әлсіз үміт. Өзгереді арман да, түрленеді, Таусылар ма пенденің мың керегі? Төрт құбыла түгел боп тұрса-дағы, Іздеуменен өтеміз бірдеңені. Жігеріңді жаниды, қозғайды үміт, ...Кім бар екен жол кешкен аз қайғырып? Амал қанша? О баста пенделерді, Жаратқан қанағатын аздау қылып. Жүйрік, жылдам болсаң да қилы есепке, Ысырылу түк емес мүлде шетке. Бақыт іздеп сонда да шаршамаймыз, Не екенін нақтырақ білмесек те. Адамның алтынға тең заты сынды, Қандай қиын – жоғалтпау уақытыңды, Өмір сүру, әрине, оңай емес, Ең жаманы – танымау бақытыңды. ЕРТІСТЕГІ ДОСҚА ХАТ Тұнып тұрған арманы, дерті іштегі, Әзиз досым аман ба, Ертістегі? Ол жаққа да жып-жылы көктем келіп, Жұмсақ самал жатыр ма желпіп сені? Шуақ алып шырайлы кештен жаны, Шырқалды ма Ертістің көктемгі әні?.. Қазағымның болмысын сақтадың сен, Орыстанған ортада өссең-дағы. Алып шаһар. Нән өзен жағалауы, Өз ұлтының бояуын табар әлі. Орыстанған ортада қазақ болу, Үлкен ерлік болып та саналады. Намысымыз тапталып, төгілген ар, Шырмауы көп өткеннің көңіл қалар. Қазақшалап ат қойса сол қалаға, Бір арманың сенің де орындалар. Туған қалаң – Павлодар, өр-еңселің! Көкірекке толтырған шемен шерін. Бұйыртпаса қазақы бір атауды, Ешқандай да кінәң жоқ оған сенің. Саған қарай көңлімнің көшті өлеңі, Жадырарсың Ертістің ессе лебі. Ұнатасың көктемді, себебі сол – Ол өңірге бұл мезгіл кеш келеді. Ертіс өзен... сен жүрген жер алыста, Қала жатыр куә боп кең ағысқа. Ата-баба мекені болса-дағы, Ол қаланың атауы... әлі орысша! СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ Дей алмаймын шаттықты кештім жарқын, Түсіне алмас мұнымды ешкім, бәлкім. ...Біз келеміз оңаша, қол ұстасып, Елеместен самалын кештің салқын. Қиын сірә, ұмыту өткенді осы, Шертілмеді көңлімнің көп пернесі. Қабағына әлдебір сыр жасырып, Жадырата қоймады көктем кеші. Сыбдырласқан жапырақ жол жағалай, Көкке өрледі Шығыстан дөңгелек Ай. Батқан Күннің шапағын көрмек болып, Біз беттедік ақырын көлге қарай. Күннің қызыл алауы зерлегендей, Ғажайып бар, білмедім көлде нендей? Моп-момақан боп жатыр толқымастан, Тыныштығын бұзғысы келмегендей. Айналдырып бүгінгі сағымға әнін, Заңдылыққа аңдатып бағынғанын. Көкжиекке көміліп барады Күн, Тұрдық біздер аңғарып соның бәрін. Күн батысты от-алау күлгін орап, Іңір жетті, маужырап, мүлгіді алап. Ымыртанды айнала бірте-бірте, Қоңыр кештің соңынан Түн қуалап. Құлазыды, жүрегім мұз бүркенді, Кім ұғыпты әуенін түздің шерлі?.. Үнсіз ғана көл жатты, Мағынасыз, Кездесуге куә боп біздің соңғы... Шаттанбады көңілім неғысам да, Жол таппады жүректер тоғысарға. Бар қызығым біртіндеп көкжиекке, Батып кеткен секілді еді сонда... Қырқылды да қанаты көктем-жырдың, Бас көтерді тереңге шөккен бір мұң. Біз сырласқан айлы түн, қоңыр кештер, Еншісінде қалды енді өткен күннің. Бір соқпады амал не, біздің сағат, Шараң қанша, үмітті үздірсе бақ? Кері қайттық көңілсіз ілбіп қана, Отырмастан сол кеште жұлдыз санап... ҚЫЗЫЛ КӨЙЛЕКТІ ҚЫЗ Ой-қиялдың теңізін мың кешетін, Бала күнім, арманмен бірге өсетін... Мен тұратын көшеден жалт-жұлт етіп, Қызыл көйлек киген қыз күнде өтетін Таң шапағы шуағын сепкендей кеп, Жарасатын өзіне көктем көйлек. Ажарланып кететін айналамыз, Көшемізден Күн жылжып өткендей боп. Мені сонша түсірген әбігерге, Мұғалім бе, білмеймін, дәрігер ме?.. Қызыл көйлек киген қыз жан біткеннің, Көрінетін сұлу боп бәрінен де! Жүрек шіркін, өрекпіп, тез ысыған, Тез оянған сезімнің өзі – күмән. Елесіндей арманның сезілетін, Қызыл сұлба көрінсе көз ұшынан. Ынтық сезім оралтып ойға әрнені, Аңқау көңіл ентелеп Айға өрледі. Немененің әсері? Білмейтін ем, Қарауыл қып көшеге қойған мені. Күй ойнайтын кеудемде өзге, жаңа, Қиялдарым тұрақсыз, кезбе ғана. Қыз назарын өзіме бұратындай, Жігіт түгіл, емес ем бозбала да. Меселімнің қайтпайды сағы бұдан, Қол жетпеске әлек боп тағы ұрынам. Бет-моншағым төгіліп кей кездері, Сығалаймын қақпаның жабығынан. Қызыл көйлек киген қыз... Жауһар жаны, Сан жігіттің көңлінен ән саулады. Сұлулықтың мәнісін ұғатынмын, Ойын қуған жас бала болсам-дағы. ...Көп жыл өтті арада. Сенесің бе? Шығарғам жоқ жадымнан елесін де. Ұмытылды көп нәрсе, ал, бірақ та, Қызыл көйлек киген қыз әлі есімде! ШЫҒЫС ҚЫЗЫ Орнатардай көңілге зерлі көктем, Арманымды жібектей желбіреткен. Таң Шолпаны көгімнің жарқырайды, Таң рауандап атарда көкжиектен. Қуанышты сыйлайтын уыстап сан, Табиғатты серпілтіп тыныс тапқан. Күн сәулесі таралып жер бетіне, Таң атады алаулап Шығыс жақтан. Сан шаруа арқалап, орасан жүк, Басталады жаңа күн, жаңа тәулік. Сен де сол кез ұйқыңнан оянасың, Шығыс қызы – паң, кербез Алатаулық. Баяу ғана кезетін түз жағалай, Тарайды екен Таң жүрген ізден арай. Нұрын шашып Алтын Таң жылжып жетер, Сен тұратын өлкеден бізге қарай. Әз даланың ғажап-ау кәусар таңы, Ұмытылар көңілдің сан сарсаңы... Таңмен бірге ойыма оралатын, Шығыс қызы – көгімнің Таң Шолпаны. ...Сан бояумен түрлентіп бар өңірді, Таңым атты, ал қызыл, әне, нұрлы. Шығыс қызы, өзіңнен хабар күтем, Таңмен жолдап жіберші сәлеміңді! АРЫСТАН МЕН ӘЙЕЛ (Әңгіменің желісімен) Хикая көп толғантар мына бізді, Ертегіден жақсы ойлар туады ізгі. Пенделерге тура жол көрсететін, Естіп едім қызықты бір аңызды. Қуантатын, ал бірде жылататын, Жазмышың бар талқыға шыдататын. Ертеректе бір әйел болған екен, Өз күйеуін тым қатты ұнататын. Ұнататын және де қызғанатын, Қызғаныштан көңілі күз болатын. «Жақсы көрсе екен» деп «мені ғана», Қиял менен арманға жүз баратын. Ессіз ғашық өзіне ету үшін, Сан толғанып, бір ойға бекіді шын. Сол ауылда тұратын ғұламаға, Барыпты да жасапты өтінішін. – Құпиялап айтайын тілегімді, Бір мұңым бар сыздатқан жүрегімді. Дәрі жасап беріңіз, Маған ғана, Ғашық қылып қоятын күйеуімді. – Таусылар ма әйелдің мұнша амалы... Тілек екен қиындау бұл шамалы, – Деп ғұлама азырақ ойланыпты, Мұның мүмкін емесін білсе-дағы. «Ғашық болса жарына несі бекер?» – Қиындығы бар бірақ, кешіп өтер. Ал, ол үшін – тірі еркек арыстанның, Мойнындағы жүнінен кесіп әкел! * * * Мезгілімен ауысып Күн, Ай батып, Өтіп жатты тәуліктер шырайлы, ашық. Әйел келді жүнін ап арыстанның, Өткеннен соң арада бір ай уақыт. Көңілі шат, қуанған, жарқын өңді, «Мойындайды, білемін, дертім емді». Ғұламаға көрсетті әкелгенін, – Дәрі жасап берерсіз, бәлкім енді? Арланбадым өзгеден жөн сұраудан, (Сақта Құдай, үмітсіз сансыраудан). Жету үшін көздеген мақсатыма, Ақыл-кеңес тыңдадым аңшылардан. Жақсы емес пе арманға сүйресе еңбек?.. Бақыт құсым енсін деп, үйге төрлеп. Бір ай бойы үйімнен ет тасыдым, Арыстанды өзіме үйретем деп! Ебін тапсаң түсінер тағдыр «ымға», Болады екен талпынсаң мән – ғұмырда! Арыстанның көңілін табу үшін, Жасап келдім амалдың барлығын да. Жетектеді-ау құлшыныс сірә, мені?.. Өмір қазір мен үшін – тым әдемі! Арыстанның жүнін ап келдім, міне, Орындаңыз баяғы уәдені. Ғұлама айтты: – Арман ол, шалғайдағы... Тағдырыңды көресің маңдайдағы. Өкпелеме шырағым, мүмкін емес, Жасалмайды, амал не, ондай дәрі. Бақытыңды аңғармай үйіңдегі, Кете берме ентелеп, жиі ілгері. Тауыпсың ғой көңілін арыстанның, Тілін табу Еріңнің қиын ба еді?!. Борышыңды әйелдік атқара бер, Бабын тауып, жарыңды мақтау – өнер. Ерінің де түсінер жан-дүниесін, Арыстанның көңілін тапқан әйел. «Ерін сыйлау әйелге – міндет» дейді, Ақылды әйел арын еш кірлетпейді. Жан-жүрегін жарыңның ұға білсең, Ол да сені мәңгілік құрметтейді! Міне қалқам, осыны түсініп бақ, Бұйрығымен ақылдың кісі ұғыспақ! ...Үнсіз қалды келіншек ойға батып, Уыс жүнді қолына қысып ұстап... МЕНІҢ ЖОЛЫМ Тоқтамаймын, жарысамын желменен, Мойымаймын қиындыққа көлденең. Белестерді аттап өттім қаншама, Мен бір пенде – арманына шөлдеген. Арман, арман, қол бұлғайсың тым өрден, Мен бір ақын, жүрегімен жыр өрген... Тағдырымның бар мінезін көтерем, Бірде күліп, енді бірде түнерген. Шатастырып тарауы көп тар соқпақ, Арманымнан кетем кейде алшақтап. Кедергісі таусылмайды өмірдің, Мақсатыма жетер екем қанша аттап?.. Қыран емен, қанаттары қырқылған, Кеудесінде тасқын-селдей жыр тұнған. Жер бетінде көптің бірі ғанамын, Мен бір пенде – арманына ұмтылған. Ақын да бол, тіпті патша бол, мейлі, Білем, ешкім мәңгі өмірді бермейді. Өмір жолым қайда барып тірелер? Ол жағына бас қатырғым келмейді. Менің жолым, өмір жолым бұралаң, Сақта Құдай, қазған ордан, жырадан! Жолаушыңды адастырма, әйтеуір, Мақсатыммен табысайын дін-аман. Мына жалған алдамшы да, өткінші, Ақылшың аз, мініңді айтар көп сыншы. Кептелісі көп соқпақпен ғұмырым, Мәресіне адаспай-ақ жетсінші! Болса-дағы басар жолым қиыс тым, Жүрегімнен тек көңілді күй ұшсын. Денім сап-сау пендемін ғой, ендеше, Қиындықты елемеуге тиіспін! КӨП НҮКТЕ Қиындықтар бой бермей жеңдіртпеген, Кедергілер қарсы алар мен күтпеген. Жауап іздеп жатады сауалыма, Аяқталып жырларым көп нүктемен. Шақтарым көп сананы сергітпеген, Арсыз мұңнан шаршаймын мен бітпеген. Жырларыма қойылмай леп белгісі, Аяқталды бүгін де көп нүктемен. Қуаныш пен қайғысын тең жүктеген, Сансыратар бұралаң жол бітпеген. Мәресіне жете алмай сан ойларым, Аяқтала береді-ау көп нүктемен. Мақсаттарға жеткізбей мен діттеген, Аяқталар сан сапар көп нүктемен. Тұсау салып аттаған адымыма, Жалған дүние, жорғадай желдіртпеген! Сыйлайтұғын бақыты көп Тәңірдің, Түсірмейін көңілге босқа кірбің. Бітеріне сенемін леп белгімен, Өмір атты сан тарау соқпағымның! АТАМНЫҢ АҚЫЛЫ Ілесіп балалықпен көшті бір ән... Бұл бала ерке болып, өсті бұлаң. Бар еді атам, әжем, әкем, анам, Осылай түгел болды төрт құбылам. Біреуден кем, біреуден бағым басым, Шат күндер, есімдесің, жадымдасың. Ұядан қанат қақтық әр тарапқа, Екі інім және де бес қарындасым. Шашылып көппен бірге несібем де, Сырғыды уақыт сүйреп көшін өрге. Үйіміз хан-сарайдай сезілетін, Болса да, бар болғаны екі бөлме. Тұнатын мейірімге, жаны нұрға. Перзенттен аямайтын жарығын да. Ең тұңғыш немересі болғаннан соң, Өсіппін ата-әжемнің бауырында. Ол күндер көңілімнен қашығырақ, Алыстап бара жатыр асығып-ақ. Жарықтық, аула кезіп жүруші еді, Балдаққа атам сонда асынып ап. Жырақтап кетсе-дағы қашығырақ, Қымбат-ау сол шақтардың бәсі, бірақ. – Қайда, – деп сұрайтынбыз, – бір аяғың? Атамның мойынына асылып ап. Өткеннің жаны сірі, есіл ері, Тағдырдың бұл да қатаң кесімі еді... – Жақсы бол, жаман адам болып өссең, Сенің де бір аяғың кесіледі! Селт етіп, игере алмай ойларды әлек, «Атамыз жаман адам болған ба?» деп. Қимастан жамандыққа ол кісіні, Қиялдың тірелгені-ай орманға кеп. Сендірер болмаса да дәлелі түк, Тұрғандай мені де сол пәле күтіп. – Жақсы адам боламын! – деп уәде бердім. Атамның жауабынан зәрем ұшып. Қаталдау, қайырымы жарты жалған, Аямай, жастық шағын сарқып алған. Тағдырды ит етінен жек көруші ем, Атамның бір аяғын тартып алған. * * * Жылдар да өтті ғасыр жетегімен, Өмір де қатты өзгерді кешегіден. Атам да кете барды бұл пәниден, Сексенді жасады да екеуі кем. Опат қып, орға жығып арманын өр, Жасырып, талайларды жалмады жер. Атама берген уәдем әлі есімде, Жақсы адам бола алдым ба... Алла білер... Сыйлайтын мейіріммен жанға жарық, Пенделер көп-ақ еді таңғажайып. Көп жылдар өтті міне, содан бері, Көзіңді көргендер де қалды азайып. Ол кезгі заман басқа, адам басқа, Қарт едің үлгі болар тәмам жасқа. Құранды саған арнап бағыштармын, Қолымнан түк келмейді одан басқа... ТҮЛКІЗАМАН Заман – түлкі. Тазы болмай амал жоқ, Әлсіздерге төнетұғын тажал көп. Адамдықты жоғалттық па, білмеймін, Мейірімсіз, қайырымсыз надан көп. Заман – түлкі. Адастырар, жалт берер, Езге айналды, тезге айналды, әттең, ер... Қу түлкіні қуалаумен жүргенде, Алдан тағы қандай дәуір тап келер?! Заман – түлкі. Бұлаңдатқан құйрығын, Кімге зәру керең-соқыр билігің? Күнде-күнде таң қалдырып жатады, Дені сауға ұнамайтын «сыйлығың». Заман – түлкі, жарға жығып кететін. Заман – түлкі, жібермейтін есесін. Заман – түлкі, оңайлықпен шалдырмас, Ешкімнің де шылқытпайтын шекесін. Заман – түлкі. Кейбіреудің бағы озған, Бұлбұлдардың үні бәсең қораздан. Заман – түлкі. Айылын да жимайды-ау, Табанында тапталса да ар-ождан. Заман – түлкі, адам – түлкі, түлкі көп, Арзан ойын, мағынасыз күлкі көп. Ұнамайтын, адам сүйер сиқы жоқ, Жетілмеген, піспей қалған шикі көп. Заман – түлкі. Сипатпайды сауыры, Заман – түлкі, жүріп-ақ тұр дәуірі. Заман – түлкі, қашан бітер сауығы? Тазылардың қайда екен ауылы?.. КӨКТЕМ ГҮЛІМ Таңғы шықтай жаны таза тілекші ең, Өзің ғана серпілтесің мұң өпсем. Шақырамын мен өзіңді қол бұлғап, Келе алмайсың бірақ, сен... Өкініші көп өмір ғой бұл, әттең... Қайта-қайта жолығамын түнекпен. Шақырасың мені өзіңе қол бұлғап, Бара алмаймын бірақ, мен... Бара алмаймын, келе алмайсың, түсінем, Өмір осы – шаттық толы тұсы кем. Неге, неге сені ғана ұнатам? Мың-миллион адамдардың ішінен. Бұлтқа оранба, аспантауым, көк сеңгір, Әлдеқайда ғайып болма көктем-жыр. Жайнай берсін, жайнай берсін, солмасын, Жүрегіме өз қолыңмен еккен гүл. Менің жырым – шақырады көк белге, Болашаққа, бүгініме, өткенге. Арың таза әрқашанда алдымда, Арманым сен – жолығысқан көктемде! Саған деген сағынышым мәңгі, ерек, Жүрегіммен шырқалатын ән боп өт... Талпынар ем саған қарай ұшуға, Жеткізбейді көлденеңдеп сан бөгет. Бір ғаламат шығар өзім күткен бұл, Күрсінеді көктен саулап түскен жыр. Кетер ме едім ақ тамшыға айналып, Кірпігіңнен үзілетін шық мөлдір. Арман, арман, айналдырдың есімді, Арман қуған бар үмітім кесілді. Қол жетпеске қол созатын көктегі, Менің мұңым – далбаса мұң секілді. Шабытыма қанат болып байланып, Қолдан келсе ұшарым да Айға анық. Жан-дүниеме бойлай кіріп ендің де, Арманыма кеттің демде айналып. АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ Қасиетті Түркістанның түлегі ең, Арыстан ең, айға азуын білеген. Ел намысын арқалаған ер едің, Күллі қазақ тілеуіңді тілеген. Оңтүстіктің ыстығындай өрт едің, Сені алға жетеледі зор сенім. Бағындырар биіктерің көп еді, Әттең, ерте аударылды желкенің... Сыйларына сендің бәлкім, мол бақты, Он бесіңде кидің алғаш қолғапты. Қарсы алдыңда жүлделі де олжалы, Бірақ-тағы, қысқа ғана жол жатты... Әр қадамың жеңістермен ұштасқан, Қазағымның рухына күш қосқан. Біраз-біраз есемізді қайырдың, Несібеміз аздау болған спорттан. Сом жұдырық сом темірдей соғылған, Айналайын сенің алтын қолыңнан! Әрбір соққың нысанаға дөп тиіп, Небір мықты ысырылды жолыңнан. Жанарынан атқан жалын, от, ұшқын, Өрлігіңді жүректерге тоқыттың. Ұзақ өмір сыйламады, әйтпесе, Падишасы атанар ең бокстың... ........................................... Желтоқсанның соңғы түні... Тозақ түн, Арсыз ажал, тасадан кеп оқ аттың. Арамыздан кете барды мәңгілік, Маңдайына сыймады да қазақтың... Тарих төрге шығарады ҰЛЫны. Жақсылардың аласармас тұғыры. Күллі әлемді мойындату үшін де Жеткілікті болды қысқа ғұмыры. Өр халықтың қайсарлығын жиып кеп, Тұғырыңда қасқаясың биік боп. Жас қалпыңда аттандың ғой, көңлімде, Қалдың мәңгі жиырма жасар жігіт боп. Өкінішті-ақ, ерте іліндің қармаққа, Құтқармады тағдыр салған нән ноқта. Еске алатын Қазағың бар артыңда, Рухы мәңгі шалқысын деп жәннатта! ЭЙСЕБИОНЫҢ ҚАЗАСЫНАН СОҢ Аты айналған аңызға, ертегіге, Шеберліктің, таланттың өлшеміне. Теңбіл доптың қыр-сырын жаттап өскен, Қоштасыпты өмірмен Эйсебио. Жақсылардың өшпейді жақсы аттары, Аңыз болар жүрген жол, соқпақтары. Мозамбикте кіндігі кесілсе де, Пиренейде жұздызы асқақтады, Биіктерге сүйреді таудай бағың, Енді міне, өшпейтін әнге айналдың. Шіркін, неге қазақ боп туылмадың?.. Қажет боп тұр біздерге сендей дарын, Иә, бізге өзіңдей біреу керек, Жігер берер, жастарды жүрер жебеп. Дәл өзіңдей таланттар бізде болса, Жоғалтқан ұпайларды түгендер ек. Батылдығы, жігері биік ерек, Жүйрік керек, сыны мен сыры бөлек. Сен секілді дарындар бізде болса, Талайлардың апшысын қуырар ек. Талай-талай жүлдені еншілейтін, Қарсыласы доп тимей тентірейтін. Дода көрсе тыпыршып тұра алмайтын, Гол соқпаса көңілі көншімейтін. Талант керек, теңбілді шиырлайтын, Бабы келген жүйріктей зуылдайтын. Мүмкіндік болса қайта туылатын, ҚАЗАҚ болып іңгәләп туылғайсың! qazaquni.kz