АҚЫНЫ КӨП ЕЛДІҢ АҚЫЛЫ КӨП

saule

Ақын Сәуле Досжанованы туған жері құшақ жая қарсы алды

Алматы облысында шілденің ми қайнатар қапырық ыстығы биыл ерекше. Нағыз шілде екендігін танытты. Осындай ыстыққа қарамастан Ұйғыр аудандық мәдениет үйінің іші адамға лық толы. Себеп, аудан жұрты өзінің жерлес ақыны, Мәдениет қайраткері Сәуле Досжановамен кездескелі тайлы-тұяғымен келіпті. Сахна төріне ілінген ақын, жазушы, журналист портреті мен оң жақ қанатында Сәуле апайымыздың «Мен бір жыр жазсам шіркін, бойтұмардай, Естігеннің жаны еріп, ой туардай. Сезімі ғашықтардың бір-біріне, Тек қана сол өлеңмен айтылардай» деген бір шумақ өлеңі орын алыпты. Ақтам ауылының тумасы бүгінде Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі аппаратының жауапты қызметкері, ақын- журналист Сәуле Мағазбекқызының шығармашылық кеші оның өмір жолына арналған шағын бейнефильмнен бастау алды. «Сәулелі өмір» деп аты айтып тұрғандай балалық қамсыз, бейкүнә күндерінен бастап, үлкен өмір жолына қанат қаққан сәті, одан кейінгі қалыптасу, шығармашылық даму кезеңі, қазақтың біртуар азаматы жазушы Дүкенбай Досжанның шаңырағының шырағын жаққан, дүниеге перзенттерін әкелген тұстары, бүгінгі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі жауапты жұмысы бәрі-бәрі түгел қамтылып көрермен назарына ұсынылды. «Шағала» би ансамблінің «Шашу» биі жиналғандардың көңіл күйін көтеріп, әп дегенде-ақ кештің көрігін қыздыра түсті. Алғашқы құттықтау сөзге шыққан аудан әкімі Алимжан Тохтасунов қасиетті таулы өлкеде туып-өсіп, бүгінде республика деңгейінде биіктерден көрініп жүрген Сәуле Досжанованың шығармашылық кешінің өтуімен құттықтады. Маңдайымызға біткен мақтаулы қыздарымыздың бірі және бірегейі екендігін айта келіп, жырақта жүрсе де, туған ауылын бір сәт те есінен шығармай, туған жеріне деген сағынышын өлеңмен өрген Сәуле Мағазбекқызының бұдан да биіктерге самғап, ауданның атын, даңқын шығара беруіне тілектестігін жеткізді. Қонақжайлық танытып, ақынның басына ақ шәлісін салып, камзол кигізіп, Алғыс хатын табыстады. Той иесін сахна төріне отырғызды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әлихан Тойбаев Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында өтіп жатқан шығармашылық кеште сөзін әріден бастап, 5 институттық реформаның нақты 100 қадамы жайында айтып, өзінің аудан топырағын осыдан 16 жыл бұрын, яғни 1999 жылы 16 наурыз күні басқандығын, сондағы мәдениет үйінің жай-күйін бүгінгімен еш салыстыруға келмейтіндігін, Батыс Еуропа - Батыс Қытай жолы мен Бейнеуден тартылатын газ құбырының да осы аудан арқылы өтетіндігін, осындай нақты қадамдар арқылы дамыған 30 елдің қатарында бағымыз жанатындығын да аса зор сеніммен айтты. Сөз соңын Сәуле қарындасының шығармашылығына бұрып, жерлестерінің алдына есеп бергелі келген ақынға шығармашылық табыстар тіледі. Сонан соң Сәуле Досжанованың «Ақтамым менің» әнін «Жазерке» ансамблінің әншісі Ерсін Зиналов ән-тарту ретінде ұсынды. Құттықтау сөз алған Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай Ассамблея жылы аясында өткізіліп отырған шараның ұлттық нақты 100 қадамның бір қадамы деп бағалауға болатындығын айта келе, ауданға ат басын бұра келген ел ағаларымен, ел аналарымен таныстырды. Олар ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Әлихан Тойбаев пен Азамат Әбілдаев, ҚР Президенті әкімшілігінің сектор меңгерушісі Нәзипа Шанай,  ақын, "Қазақ үні" газеті басшысы Қазыбек Иса, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Кәдірбек Құныпияұлы, ҚР Орталық Сайлау комиссиясы Төрағасының кеңесшісі, саяси ғылымдар докторы Венера Жексенбекова, ҚР Қорғаныс Министрлігі Емханасы орталығы басшысының орынбасары, полковник, медицина ғылымдарының докторы Гүлпарида Байділдаева, ғалым, филология ғылымдарының докторы Гүлжахан Орда және  біраз азаматтар ауданымызда екендігін айтты. Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің сектор меңгерушісі Нәзипа Шанайға сөз кезегін ұсынды. Президент аппаратының маманы ұлтты тәрбиелейтін ана болса, әке үлгі екендігін тілге тиек етіп, ибалы келін, өнегелі ана, абыройлы ауылдас бола білген Сәуле ханымға рақметін айтып, зымырандай зырлаған уақыттың жылдамдығына ілесе алмаған сайын адамдардың бір-біріне деген сыйластықтары да азайған мына заманда ауызбіршілік пен татулықты ту еткен мемлекетімізде осындай әдемі кештер көп болғай деген жақсы ниетін жеткізді. Сергей Есенин атындағы халықаралық сыйлықтың және Алаш сыйлығының иегері, ақын,  "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, "Қазақ үні" газеті басшысы Қазыбек Иса да ақ жеңгесіне деген жүрекжарды лебізін жеткізіп, әдемі жыр шумақтарын арнады. Сәуле ханымның жан жары Дүкенбай Досжанға арнап шығарған «Сағыныш» жырын  (әнін жазған  Қайрат Темірғали)  Президент оркестрінің әншісі Элмира Жаңабергенова шырқау шыңына жеткізе орындап, көрермендерді бір серпілтті. Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты директорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы Гүлжахан Орда да өз ойын ортаға салды. Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Кәдірбек Құныпияұлы Нұрлан Оразалиннің Алғыс хаты мен бағалы сыйлығын табыс етті. Мінберге көтерілген той иесі Сәуле Досжанова туған жеріне бір топ достарымен келгенде, құшақ жая қарсы алған жерлестеріне шексіз алғысын айтып, бірнеше өлеңдерін оқыды. Сыныптасы Нұрмұқан Шәймерденов балалық шақтарынан естеліктер айтты. Кештің қорытындысында Сәуле Досжанова тағы біраз өлеңдерін оқып, Ассамблея жылы аясында өткен шығармашылық кешіне атсалысқан ауданның азаматтарына алғысын айтып, әр кезеңдерден құрастырып бейнебаян жасап, ән жазылған өлеңдерін жинақтап, көрермен назарына ұсынған қыз-жігіттерге аналық батасын берді. Туған жерін әркез сағынып жүретін ақын қыздың кеші «Атамекен» әнімен қорытыланды. Баян МАМЫРБАЕВА Алматы облысы qazaquni.kz