РАМАЗАН, СЕНІ ҚИМАДЫМ...
2015 ж. 17 шілде
4012
2
Құбылып қырда кешкі арай, Құбыла самал ескен ай. Раббым саған, шүкір деп, Рахым нұрын кешкен ай.
Серт бергендей күнге-түн, Шексіз-ді саған құрметім! Сәждеге иіп маңдайын, Салауат айтар үмбетің.
Кәусардай көңіл тұнығы, Ашылар жүрек құлыбы... Рамазан сені қимадым, Он екі айдың ұлығы.
Арайлап әрбір нұр таңы, Шапағы сүйіп қырқаны. Рамазан сені қимадым, Он екі айдың сұлтаны!
Жатса да, түнде сыйынған, Тұрса да, күнде сыйынған. Рыздығыңа шүкір де, Раббыңнан бұйырған.
Қамыққан жандар жұбанар, Жабыққан жүрек қуанар. ...Күмбір де күмбір мешіттер, Күбір де күбір дұғалар.
Тұнығындай тамшының, Құранның сөзі- бал шырын. Жарқ етер жасын дүние, Сабындай қысқа, қамшының.
Тұлпар уақыт тоқтама. От болып жанар шоқ қана! Жаратқан бізді қолдай гөр, Өзіңнен басқа жоқ, пана!
Әскерхан Ақтай
Әскерхан Ақтай - ақын, Моңғолияның Баян Өлгей аймағында туған. Қазақстан және Моңғол елі жоғарғы оқу орындарында білім алған. Жақында өткен «Ұлытау ұлағаты – ұлт тарихы» атты республикалық мүшәйраның бас жүлдегері.