Туған топырақтағы тағылымды кеш
2015 ж. 23 маусым
4023
0
Қалам құдіретін жазған кітаптарымен дәлелдеген қазақ прозасының хас шебері Дүкенбай Досжан артына 11 роман, 24 хикаят, 100-ден аса әңгіме қалдырған. «Қазақстандағы ең көп оқылатын автор» атанып, шығармалары әлемнің 20-дан астам тіліне аударылды.
Қызылордадағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қаратаудың етегінде туып, қазақ әдебиетінің тұлғасына айналған жазушыны еске алуға арналған «Қазақтың дарабоз Дүкенбай Досжаны» тақырыбындағы тағылымды кеш өтті.
Кешті облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы алғысөзбен ашты. Жазушының өзі «...Өмірді көркем кестелеп қағазға түсіреміз деп сұқ саусағымыз сүйелденді, көз майымыз азайды. Әрі-беріден соң жазу да бейне дуа секілді, сол дуаға арбалып жазбай отыра алмайтын халге жеттік» депті бір мақаласында. Бүгінде әдебиет зерттеушілері жазушы шығармашылығын тарихи кітаптар, мінез экологиясына ұшыраған ұрпақтар образы сомдалған туындылар, ғажайып адамдар ғұмырын сөйлеткен сериялар деп үш топқа бөліп қарастыруда. Д.Досжан қуатты шығармашылық қабілеті үшін Мемлекеттік сыйлық, «Парасат», «Құрмет» ордендері мен басқа да марапаттарға ие болды.
Еске алу кешінде жақында жарық көрген Мырзатай Жолдасбековтің «Тарланбоз», жазушының жары Сәуле Досжанның «Менің жалғыз серігім» атты кітаптарын жазушы-драматург Дулат Исабеков пен ақын Исраил Сапарбай көпшілікке таныстырды.
Сонымен бірге жиынға жазушы-теледраматург Сұлтан Оразалин, қоғам қайраткері, академик Ғарифолла Есім, жазушы, профессор Мырзагелді Кемел, жазушы Марал Ысқақбай, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, драматург-жазушы Жолтай Әлмешұлы, ақын Қасымхан Бегманов, «Қазақ үні» газетінің президенті Қазыбек Иса, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп қатысып, естеліктер айтты. Сондай-ақ, дүбірлі кешке халық қалаулылары – Абай Тасболатов, Еркін Шпанов, Мұрат Бақтиярұлы, Бекмырза Еламанов, Уәлихан Бишімбаев, Құттықожа Ыдырысов, Әмірхан Рахымжановтар қатысты.
Тағылымы мол шарада жазушы туған топырақтың сәлемін Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинабдин Шермағамбетов жеткізді. Өзі туған Қаратау баурайының табиғатын, адамдарының еңбексүйгіштігін шығармаларына арқау еткен Дүкенбай Досжан туындыларының өміршеңдігін атап өтті.
Жиынға қатысқан жазушының жары әрі рухани серігі Сәуле Досжан қазақ әдебиетінің қазынасына қадау-қадау туындылар қосқан Дүкенбай Досжанға арналған еске алу шарасын ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Кешті аймақ өнерпаздары ән-жырмен, әдемі көріністермен әдіптеп отырды.
Әдебиет әлемінен ұлағат іздеген, таным көгін дарабоз дарындар қалдырған туындылармен байытқан, таланттарын ұмытпай ұлықтаған Сыр елінде өткен тамаша кештің ел есінде ұзақ сақталары анық.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА
"Қазақ үні" газеті