ҰЛТ МУЗАСЫНЫҢ НАМЫС НОТАСЫ
2015 ж. 14 маусым
2573
2
Шамдансам,
шалқамнан түсер асаумын,
Шамырқансам,
шатынап сынар болатпын.
Махамбет.
Дана дидары көз алдыңа келе қалса, тұлабойымызды иітіп, жүрегімізді шым еткізетін ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың аяқталмай қалған «Махамбет» атты романында мынадай сөз бар: «Махамбеттің көзінде екі түрлі жанар бар-ды: бірі – батырдың жанары, бірі – ақынның жанары». Теңіздей тебіреніп, бурадай буырқанып, тұлпардай тепсініп жазатын Темірхан Медетбек дегенде, сөз жоқ, әйгілі «Көк түріктер сарыны» бірінші кезекте айтылады. Ал, оқығанда жаныңыз жай таппай кететін сол алапат дүние бұл кісінің қолына бірден көктен түсе қалған жоқ қой. Оның ақыл-ойы, білім-білігі, парасат-пайымы жылдар бойы толысты, толықты. Бұған дейін еңку-еңку жер шалып, асу-асу белдерді көктеп өтті. Демек, оны қазіргі қазақ поэзиясында «ерен, ерек құбылысқа» (С.Ақсұңқарұлы) көтерген алғышарттарды алдымен атау жөн болар. Осы жерде мақаланың бастауындағы ұстаз сөзін тағы еске аламыз. Махамбетшіл мінезбен жүріп-тұратын Медетбектің көзінде де бірнеше жанар бар-ды. Әуелдегі қадамын ақындықтан бастаған ол неге қарасөзге кілт бұрылды? Әу баста поэзияға ешкімге ұқсамайтын жаңашылдықпен, ерекшелікпен, ғылыми-техникалық прогрестің тілімен келген оны «Қазақ әдебиетінде» бір үлкен ақын тас-талқан етіп сынады. Бір себептен оның сол «күшігінде таланғаны» да дұрыс болды. Неге? Ол үшін ақынның Сайлаубек Жұмабеков туралы «Қимас асыл досым-ай» эссесінен бір үзінді оқып алайық. «Бұл жерде менің айтайын дегенім, алыста қиян шет, қиыр өлкеде жүрсем де, айналайын Сайлаубек тағы да жанымнан табылды. Яғни, үздіксіз хабарласып тұрды. Бірде-бір хабарын үзген жоқ. Біршама уақыттан кейін, ол «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысты да, менімен хабарласуын бұрынғысынан да үдетіп жіберді. Сөйтіп жүргенде, күндердің бір күнінде аса бір құрмет тұтып, сыйлайтын ақын ағам менің шығармашылығым туралы «Қазақ әдебиетінің» бетінде қатал мақала жариялады. Әрине, ол мақаланың, білген адамға, пайдалы, құлақ қояр жақтары да аз емес. Бірақ, ол мақаладағы құрылған жүйе, яғни, менің кемшілігімді тым қазбалап, жерге тыққандай етіп тұқыртып сөйлегені жаныма қатты батты. Мен ол мақала шыққанға дейін көлемді сын мақала түгілі, рецензия жазып көрмеген екем. Амал жоқ, өз позициямды қорғауым керек болды. Сайлаубекке хабарластым. Ол «жазам десең өзің біл, Шерағаңа, Шерхан ағамызға (бас редакторға) ұсынып көрейін» деді. Қарсы мақаламды жаздым да жібердім. Әдеби сындағы тұңғыш мақалам болса да, жаман шықпаған сияқты. Көп ұзамай, ол мақала жарқ ете қалсын. Сол мақаладан кейін-ақ өлеңмен бірге сын жанрын да қатар алып жүретін болдым. Сын мақалалар кітабым жарық көріп те үлгерді. Бүгінде ойлаймын, егер сол тұста Сайлаубек «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеп жүрмегенде, ол мақала жарық көрер ме еді, көрмес пе еді деп. Ал ол мақала жарық көрмесе, менің одан әрі қарай сын жанрына бара қоюым екіталай еді. Яғни, менің сынға баруыма, әдебиеттің қыры мен сырына одан сайын қанығып, оның проблемаларын талқылауға қатысуыма Сайлаубек бірден бір ықпал етті деп ойлаймын». Міне, содан бастап ақынның бөлек қыры ашылды, яғни, тағы бір жанары жарқ етіп іске қосылды. Ол ақындық мінезбен, әдемі ағыспен әдеби сындар, эсселер, портреттер жаза бастады. Осы қырымен қазақ баспасөзінде, әдеби сында соны соқпақ салды. Алматыға сыймай, кітапханасын Сайлаубек пен Сайымжанға бөліп беріп, Маңғыстаудың маң даласына маңып кетті. Одан жаман болған жоқ. Маңғыстау оның бар жетістіктері үшін космодром болды. Сонда жүріп өндіріс пен өнерді қатар ұстап, өзін шарболаттай шыңдады. Қысқасы, 25 жылын сонда өткізді. Және қандай жылдар десеңші! Оның бәрін шолып шығу міндет емес шығар, менің бір білетінім, баспасөздегі қалам қуатын байқатқан жылдары. Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстанға» бас редактор болып келгенде Темағаңды Маңғыстау облысы бойынша тілші қызметіне алды. Міне, бұл «Егеменде» Темірхандар мен Әмірхандардың бет қаратпай, қара нөсердей төпеген кезі еді. Бұл өзі онсыз да жанып тұрған азаматтың жігерін жанып, бұлақ көзін ашып жіберді. Т.Медетбек содан ұлттық баспасөз кеңістігінде жасын ойнатып, Маңғыстаудың мұнайындай атқылады. Маңғыстаудың мұнаралары мен бағаналарына дейін сөйлетті. Сондықтан ендігі жерде оның ақындығы өз алдына, бұл әбден мойындалған шындық, десек те соның тасасында қалмауға тиісті публицистикалық еңбектерін біршама екшеп көрсек дейміз. Онда да ол сол баяғы ақындық ағыстан бір елі ажырамады. Қайта бар ой-сезімін, ақыл-ойын қамшының қос өріміндей өріп, өте өнімді еңбек етті. Сол бір жылдары Абай, Махамбеттерден басталған сол сүрлеу бүгінгі Маралтайларға дейін жалғасып («Алтын көпірліктер»), бірінен соң бірін төпеп жазып жатты. Жазғанда да жай емес, ағылып, төгіліп, түп-тамырыңа, жер-жебіріңе жетіп, біліп, танып жазды. Ол әдеби сын ба, әдеби портрет пе, ия қара мақала ма, оған бәрібір. Ондыққа дөп тигізіп жаза береді. Қызыл сөзден қымыран идірмей, терең талдау, таным арқылы оқырманды байытып отырады. Оның өлеңінің ғана емес, қара мақаласының да тілі төгіліп тұрады. «Менің тілімде Абай тілінің мәдениеті бар» деп М.Әуезов айтпақшы, Темірханның тілінде де Махамбеттің тілі, мақамы, мәнері бар еді. Махамбеттің рухын кешегі баба жыраулардың рухымен шебер шендестірген ол өлеңді ғана өнер биігіне көтеріп қойған жоқ, елдік мәселелерді көтеруге келгенде сол тәсілді қара сөзде де шебер шендестіре білді. «Күй – күйінуден туады» деп А.Сейдімбектің айтқанындай, кілең бір «адайлар», «кісен ашқандар», «көбік шашқандар», «көкейкестілер» тілімен тебіренді. Өне бойы жақсы дүние жаза бермейсің, шимайлағанның бәрі шедевр болып шықпайды. Сондай күндерде оқуға тура келеді. Жақсы жазбай жүрген күндері жақсы оқырман болсақ, ол да өзің үшін олжа. Жақсы дүниені оқып, соның қызуымен жүру де бір бақыт. Былайша айтқанда, адами бақыт. Міне, сол адами бақытқа бөлейтін санаулы саңлақтың бірі – Темағаң. Бұл кісіні оқысаң, өзіңді адам сезінесің, бар екенбіз ғой дейсің. Әдетте, талантты адам туралы жазу қиын. «Талантты талант қана түсінеді» деген ойға иек артсақ, өзі талантты ақын да талант туралы, әсіресе, талантты әріптестері туралы жазғанда еркін көсіледі. Бұл жағынан Темағаң «тема», рухани мұратқа адал болды. Қатар жүрген әріптестері, өмірден өткені, бүгінде арамызда жүргені бар, түгеліне жуық толғанды. Шын мәніндегі дарын тағдырлы келеді, қызық, қиын, қыңыр келеді. Соның бірі – Өтежан Нұрғалиев. Тұла бойы қайшылықтан тұратын ерекше тұлға. Сонау бір жылдары қызылды-жасылды киініп, бұрқырап жүретін ақынды ҚазМУ-дің бас корпусынан көріп қалатын едік. Ұстазымыз Амандосовтың «дүниеге сыймай жүрген ақын» дейтіні сол кез. Шынында солай еді. Өлерінің соңғы жылдарында Желтоқсан ескерткішінің алдынан, сол маңайдағы аялдамадан жиі көретін едік. Әкімшілікке бара жатамыз. Ол кісі екі қолын артына салып, пальтосының сыртынан «Парасат» орденін тағып жүреді. Кім біледі, пенде ғой, бәлкім, мақтанғысы да келетін болар. Әйтсе де, оның сол жүріс-тұрысынан, қимыл-қозғалысынан әпенділігінен гөрі, қоғамға деген ішкі наразылығы да көрініп тұрар еді. Сөйлесе қалсаң, ернін шығарып отыратын. Ол өз заманының өтіп кеткенін де сездіргендей болатын. Міне, осы сиқырдың сырын, жұмбақтың кілтін, таланттың табиғатын Темірхан ақын бітімі бөтен тосын тәсілмен ашады. Және ол жөніндегі мақаласын тосын бастайды. Оқиық: «Мен, соңғы кезде, әлде кездейсоқтық па, әлде орайы мен реті солай келіп тұр ма, әйтеуір жұрттың ұғымы бойынша, өмірде қолайсыз адамдар болып саналатын ақындар туралы сөз айтатын болып алдым. Жақында ғана қатар жүргенде өте қолайсыз адам, бірақ, үлкен ақын Сәкен Иманасовтың творчествосы туралы сөз айтқам. Бүгін, міне, тағы да сондай табысып, шүйіркелесіп кетуге өте қиын, тонның ішкі бауындай боп жақындасып, дос болу мүмкін емес, түсінігі де, түйсігі де бөлек, тіпті, кейбір адамдар үшін жат боп көрінетін Өтежан Нұрғалиевтің өлеңдері туралы, өз мүмкіндігімше әңгіме қозғауға тиіс боп тұрмын. Өтежан Нұрғалиевтің қолайсыздығы – тек турасын айтып қоймай, арты дау-дамайға соғып, тіпті, жағаласуға ұштасып кететін, нағыз қызылкөз қолайсыздық. Жығылып жатса да, тілін тартпайды, айтқанынан қайтпайды. Бұл жерде айта кететін мәселе, Өтежан Нұрғалиевтің бұл өмірде жеңген тұсы болса, ол оны тік тұрып жеңіп алған емес, ол оны жығылып жатып жеңіп алған. Ол әлі күнге дейін жығылып жатып тағдырмен де, өмірмен де, адаммен де алысудан, жағаласудан танған емес. Бірақ, Өтежан Нұрғалиев жығылып жатса да, екі аяғымен нық тұрған. Дүниеге кеудесін керіп қарайтын көп адамнан биік екенін, өзге емес ең алдымен, өзі жақсы біледі». Осы буынның ішіндегі бір биігі Жарасқан еді. Қадыр Мырза Әлі «Жарасқан ерекше талант еді, өз бағасын білмеді» деп отыратын. Ол Кеңшілік, Жүрсін, Жәркен, Несіпбек қайсы бірі туралы жазса да шын ақтарылып, шырайын шығарып, ой теңізін кешіп, маржанын сүзіп жазды. Әдетте, біреу туралы жазу үшін ең алдымен, айтарың болуы керек. Сөз жоқ, мұндайда білім-білігің, пайым-парасатың көрініп қалады. Сен осы қасиетің арқылы таңдаған кейіпкеріңнен осал болмауың керек. Әлгі «талантты талант қана таниды» деген сөздің өзін ақтайтын тұсы осы. Тек өнерге тән жоғары өлшем, деңгейлермен жазылған дүниені оқысаң, сенің де ой-өрісің кеңіп, шалқып сала бересің. Міне, осылай қаруланған Т.Медетбек тақырыбына тарам-тарам ойлармен, бұрқырап келіп кіреді. Содан да болар, тақырыбын, кейіпкерін ашуда таусылып бітпейтін терең ойларға негіздеп, өзін де, өзгені де ашып кетеді. Білім-білік, асып-тасқан талант не істетпейді. Бұдан кейін тақырып та, кейіпкер де разы болмай қайтеді. Задында өнер кісіге тегінен, ар жағынан келеді. Сол, сірә, Темағаңда болуы керек. Өнерді ұстап тұрған да сол тектілік, уызында жарығандық, дәстүршілдік. Дәстүрсіздік – өнердің ата жауы. Дәстүр сақталмаған жерге жын-шайтан үйір келеді, ұлттың болу-болмауы, қолдан жасалған тыраш ұлт (художественная нация) қалыптасатыны сөзсіз. Темағаңның Жүрсін Ерманов туралы мақаласына осы тұрғыдан ден қойып оқуға болады. Оқиық: «Ал дәстүрін жоғалтқан ел – бәрін жоғалтады. Дәстүрсіз ел де, адам да «ұшарын жел, қонарын сай білетін» каңбақ пен ебелекке айналады. Жақында бір газеттен жапондықтардың салт-дәстүрі туралы мақала оқыдым. Олардың өз салт-дәстүріне деген құрметі бәрімізге бесенеден белгілі ғой. Мені, әсіресе, елең еткізгені, шет елге оқуға баратын жасөспірімдер жапон дәстүрі туралы арнайы емтихан тапсырады екен. Өйткені, дәстүр – тамыр. Көгерем, өнем деген ел де, адам да тамырсыз өмір сүре алмайды. Сүрсе де, ұлттық болмыстан жұрдай болады. Ал біздің шет елдерге оқуға кетіп жатқан балаларымыздың көбісінің қайтып оралмайтындығы – өз тілін шала-пұла біліп, құнарынан нәр алмайтындығынан. Бізде дәстүрлі өнерімізді өркениетке ілесе алмай қалған қараңғылықтың нышанындай көретіндер жетіп жатыр. Ал байқап қарасаңыз, сол өркениетті елдердің өзегін ұстап тұрған дәстүр екенін бағалау қиын емес. Қай жағынан болсын мойны озық деген американдықтардың мөңкиген бұқаның үстінен түспей, француздарыңыз қораз таластырғанын қоймай, қызыл шүберекті испандықтарыңыз бұқамен сайысын тастамай келе жатқан жоқ па? Мұның бәрін біз, әрине, әңгіменің орайы келгеннен кейін айтып отырмыз. Өйткені, Жүрсін Ермановтың бүкіл рухани тіршілік-тынысы дәстүрлі өнерге, соның ішінде айтысқа бағышталып кетті. Сондықтан дәстүр туралы, айтыс жайлы айтып жатсақ, онда Жүрсіннің де рухани еңбегі жайында әңгіме болып жатыр деп ұққан жөн. Айтыс – қазақ пен қырғыздан басқа елде жоқ айрықша құндылық. Бізді ерекшелендіріп тұратын – дәстүрлі өнер. Жапондықтар: «Біздің дәстүрімізді басқа елдер түгел түсінген күні жапон ұлты құриды» дейді екен». Ақын дәстүр туралы пікірімен біздің де ойымызға серпін беріп отыр. Біз үйренсек, Шығыстағы үш алып ел – қытай, кәріс, жапоннан үйренсек керек. Осы елдерден үйренуді кешегі Алаш ардақтылары бекер айтты ғой дейсіз бе? Бұлар тек дәстүрі, төлтума (самобытность) мәдениеті арқылы әлемдік өркениеттен әлдеқашан лайықты орнын алған. Осы тұста Конфуций қарияның «Егер заң арқылы басқарылса, жазалау арқылы реттелсе, халық аяғын тартады, бірақ, ұятты сезінбейді. Егер ізгілік арқылы басқарылса, оны дәстүрге айналдырса, халық ұялып қана қоймайды, көндігуге тырысады» деген сөзі еріксіз ойға түседі. Демек, дәстүр бар жерде ұлттың ұяты сақталады. Сол ұяттың атрибуттары – ұяңдық, ибалық, кішілік, кісілік салтанат құрады. Сол дәстүрге негізделген өнердің мұраты да осы емес пе? Айналып келгенде Т.Медетбек шығармашылығына ұлттық рух пен дәстүрден ауытқымаушылық тән. Осы екі алтын желі оның бар болмысына өзек болып тартылған. Рух деген не? Ол Алла Тағаланың пәрменімен саған келіп, кетіп жүретін құдырет. Ақын сол құдыретті қасына алып, аялап жататын тәрізді. Күнде соның әлдиімен оянатындай. Ол әлдебіреулердей «О, Құдай, неге бермедің, берем деп едің ғой» деп кеуде соғып тіленбей, жалындап жүріп жалпақтап қалмай, мүләйімсімей, рухпен өз тілінде сөйлесіп, тілдеседі. Толстой әдебиетте «өлім, құдай» атты екі тақырып қана бар деген екен. Соның бәрі тұтасып келгенде өнерде сол Алла Тағаладан берілетін құдыретті рух арқылы жүзеге асса керек. Шығармашылық адамы көбіне түнде жұмыс істейді. Сол құдырет егер сәл бейнелі сөзге бейімдесек, түнде ақынның төбесінде ұшып жүріп, таң ата мына имансыз қоғамның көзіне түспеу үшін ұшып кететін тәрізді. Рух сөз болғанда «Көк түріктер сарынына» оралмасқа болмайды. Бұл өмір бойы жазыла беретін кітап. Ол себебі ақынның позициясы, ұстанған бағыты. Осы ойымызды сол шіркіннен бір үзік оқып алып, тәмәмдамақшымыз. «Арымас аттар мінетін, тозбас тондар киетін, қара тастарды қақ жарып, қарағайдай қаптап өсетін, қара нарлары шудалары желкілдеп қара бұлттардай көшетін, айғырлары күнге қарап кісінеп, биелері айға қарап құлындаған, кетіссе – бұрылмаған, сөздерін тасқа қашаған, алыпсоқтарының итаяғын оюлап жезден жасаған, қамалдары құлжалар шыға алмас, ақар-шақар құз болған, қағандары күн астындағы Күнекей қызды алған, күн жағы күміс діңгекті, ай жағы алтын діңгекті ортада отырған, сол жақтан келгенді жапырған, оң жақтан келгенді опырған, желдей аңқылдап, сұңқардай саңқылдап сөйлейтін таудай биік халық едік. «Алып едік». Иә, біз сондай болғанбыз, енді, сондай болар ма екенбіз!? Доңыз жайылған жерге, жылқы жаймаған ел едік. Ірі едік, тірі едік… Қазір біреулер әдебиетті, жазушыларды көп жазғырады. Оқымай-ақ сөйлей беретін бір сұмдық заман болды ғой. Бірде Есенғали Раушанов «қазіргі қоғамда кейін айтылатын сөздер көп» деп жазып еді. Қай қоғамда да солай болған. Темағаңды оқысаңыз, сол сөзіңіз қалмаған сыңайда көрінеді. Қоғамның дерті таусылған ба? Оны әркім де жазып келеді. Бірақ, кім қалай жазады? Темірхан ақынның да сол дерттермен күресу жолында төккен терін қарапайым математикалық өлшемдермен есептесек, бәлкім, жүз, жоқ, мың тонна болып қалар. Соның ішіндегі ең қауіптісі – рухани дерт. Жақсы киім киерсіз, тойынып тамақ ішерсіз, ал рухани ашаршылықты қайтесіз. Бұл жолда ауруды емес, адамды емдесек керек. Осылай ойлап келгенде Темірхан – адамды рухпен емдеуші. Және сол жолдан шығаратын өзінің тың толғаныстары, көркемдік тәсілдері, ішкі зор қуаты бар. Мәселен, Ғ.Жайлыбай жөніндегі жазбасында арамшөп туралы әпсананы шебер қолдануы соның бір жолы. Рухани дерт те тамыры тереңге кеткен әлгі арамшөп тәрізді. Мәселен, ақын бойкүйездік, немқұрайдылық, салғырттық, селқостық, немкеттілік, салбөкселік, енжарлық, бейтараптық, ынжықтық, көнбістік, т.б. деп оның ағайындарының атын атап, түсін түстеп, рухани дертті жіліктеп-жіктеп береді. Кеңес кезінде интернационализмнің қандай қауіпті болғанын айтқан ол, бүгіндегі қауіпті космополитизмнен көріп, оның ем-домы – әлгі қоғамды жайлап алған арамшөптермен жойқын күресу керек екенін айтады. Рухани дерттің қауіптілігі неде? Кімнен, неден қорқу керек? Ақынның бұл мәселеде өте қатаң сөйлейтіні сонша, саған да ой салады, ой өрбітуге меңзейді. Бір қарағанда, досың сатып кетер, жауың жауыздығын істер, бұның бәрі қазір таңсық емес, ал, бәрінен де ең сорақысы – енжарлық, бейтараптық десек, келісерсіз. Ештеңемен ісі жоқ, күл болмаса, бүл болсын дейтіндерден, ешнәрсеге шын қуанбайтын, әсіресе, ұлт өміріндегі елеулі жағдайларға елең етпейтін тоғышар, надандық психологиямен қаруланғандардан қорқу керек. Содан кейін құдыретті өнер – сөздің киесінен қорықпайтын, еліне елеулі еңбек сіңірген тұлғалар туралы, елдік, ұлттық мәселелер сынға түскен сәтте селт етпейтін не жауапсыз сөйлейтін, түнде көлеңке іздеп арандатуға, от салуға бейіл тұратындардан қорқу керек. Қысқасы, қазір надандықтың исі шығатын жер көп бізде. Міне, Темірхан ақын осындай қоғамды рухпен тәрбиелеймін деп ақ тер, көк тер болғалы қашан. Бұл ретте Темағаңның «Ауру ағаш» деген өлеңін оқуға кеңес берер едік. Сондағы аллитерацияға қайран қаласыз. Суреттерінен саз төгіліп тұратын Литваның атақты композиторы, суретшісі Чюрленис бір сөзінде «Менің кешегі, бүгінгі, келешекте жазғанымның бәрі Литваға арналады» депті. Бұл – тарихтың алдында қай кезде де беті қызармайтын суреткер ғана айта алатын сөз. Бұл сөз Темағаңа да толық тән деуге болады.* * *
Чюрленис дегенде ойыма мынадай жәй түсіп отыр. Бірде «Шал» фильмінің тұсаукесері өтті. Әрине, әркімнің талғамы әртүрлі ғой. Фильм Темағаңа аса ұнамаса керек. Өзінің ойын әдеттегідей бүкпесіз айтып, залдан шығып бара жатыр еді, Асанәлі Әшімов: «Шал» сенің прототипің екен», – деді. Әзіл болған соң күлдік. Ақын да күлді. Әйгілі актердің айтқысы келгені мінез еді. Мінез болғанда да қазіргі қолдан жасап алатын мінез емес, сүйекпен келіп, сүйекпен кететін мінез. «Шалда» сол мінездің шалығы бар еді. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөз бар Ә.Бөкейхановта. Демек, біреулер талантты бола тұра, мінез жетіспегеннен кейін ұлтқа қажетті сөзді айта алмай, қорқауға айналып жүр. Бұл тәңірі берген талантты тұншықтыру ғана емес, қылмыс жасағанмен барабар ғой. Сондықтан мінез бар жерде ұлт намысы да тапталмайды. Демек, өнер адамының бойына жетіспей жататын ұлттық рухтың бір ұстыны – намыс болса керек. Темірхан да қазақ музасындағы намыс нотасындай жарқылдап тұрған бір өткір алмас, қып-қызыл өрт. Қали СӘРСЕНБАЙ almaty-akshamy.kz