БҮГІНГІ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫ: ЖЕТІСТІКТЕРІ МЕН ОЛҚЫЛЫҚТАРЫ
2014 ж. 07 шілде
17321
0
(2012-2013 жылдарда шыққан поэзиялық шығармалар туралы)
«Өлең – сөздің патшасы» деп ұлы Абай айтқандай, поэзия – шексіз әлем, құдіретті күш. Он екінші, он үшінші жылдары еліміздің түрлі баспаларынан қырыққа жуық жыр кітаптары шыққан екен. Олардың ішінде «Жаңа ғасыр жырлайды», «Жанартау», «Жас толқын» сериясымен «Жалын» баспасынан шыққан жас ақындар антологиялары да бар. «Дәстүр» және «Тұран» баспалары «Дала дарыны» жобасымен Қазақстан бойынша жас ақындардың жырларынан құрастырылған он бес жинақтың тұсауын кесті. Бір ерекше тоқтала кететін жағдай, «Дала дарыны» жобасымен 14 облыс жастарына арналған 15 жинақтың атауы да 15 түрлі. Олар бірін-бірі қайталамайды. Біз қолымызға түскен жыр кітаптарына ғана тоқталдық. Қазақ жырының көші қай бағытта дамуда, ұлттық поэзиямыздың бүгінгі деңгейі қандай деген сұрақтарға сарсылып жауап іздедік. Жалпы байқағанымыз, бүгінгі ақындарымыздың көпшілігіне тән ортақ бір нәрсе – ұлттық поэзиямыздың өн бойынан Уайым сарыны есіп тұрғандай әсерге бөлендім! Иә, қазақ ақындарының қазіргі таңдағы көңіл-күйі еліміздің ертеңіне қатты алаңдайтыны анық аңғарылып тұр. Жасына, жынысына қарамастан кез келген ақынның жыр кітаптарынан төңірегімізде болып жатқан бітпейтін қым-қиғаш дау-дамайлар, кескілескен қанды майдандар, талас тартыстар, өртенген базарлар, қап арқалап қабырғасы қайысқан қазақтың көңіл-күйі бүгінгі қазақ өлеңіне еніп кеткендей. Иә, туған халқының тағдырына, өскен өлкесіне, атамекеніне алаңдамаса, оның ертеңін уайымдамаса, оның несі ақын дейсің. Ұлттық поэзиямызға тәуелсіздікке дейінгі, тәуелсіздіктен кейінгі қазақ поэзиясы деп саралай қарасақ, санадан өткізіп талдасақ, бір нәрсені анық аңғарамыз. Ол – заманалардың ырқымен кетпей, қазақ ақындары өздерінің асқақ жырларын миллиондардың жүректеріне жеткізе алғандығы емес пе? Қандай бір аласапыран кезеңдерді халқымыз басынан кешсе де, сол ауыр заман қазақ ақындарының өн бойларын жазылмайтын дерт боп жайлап, қайғы-қасірет жүректерін улы жебедей тесіп өтті. Қандай да бір ауыр жағдайлар қазақ ақындарының, қазақ жырының сағын сындыра алмады! Қазақ ақындары қай дәуірде де халық жағында болды. Осынау ұлттық поэзиямыздағы таңғажайып ежелгі дәстүр, баба жолы бүгінгі тәуелсіз еліміздің сара жолының көкжиегіне ұласып кеткендей әсерге бөлендім. Тәуелсіздіктің көк туы төбемізде желбіреп тұруы бүгінгі қазақ жырын асқақтата түсті. Қазақ жыры жастарымызды кешегі Әлекең, Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқайлар армандаған отаншылдыққа, мемлекетшілдікке, биік адамгершілік пен парасат-пайымға баулитыны анық. Өзі із-түзсіз жоқ боп кеткенімен, жырлары қазақ жырының аспанында шолпан жұлдыздай жарқырап тұрған ақын Әділ Ботпановтың «Өмірзая» атты жыр кітабын ақынның үзеңгілес досы, ақтөбелік дарынды ақын Бауыржан Бабажанұлы құрастырып, өзі алғысөзін жазып шығаруы көңілімізге қуаныш сезімін ұялатты. Ақын Бауыржан осы кітапқа жазған алғысөзіндегі өзінің «Өмірзая» деген өлеңінде: «Жыр елінде көш бастасаң көсемдей, Шіркін, мен де табылмас па ем сол маңнан. Енді міне.., бағы тайған шешендей, Қайран сөзім Әмірханға қор болған», – деген әдемі шумақ бар. Әмірханы күні кеше ғана дүниеден озған, өзінің үзеңгілес досы Әмірхан Балқыбек болар деп ойладық. Бұл жолдар Әмірханның көзі тірісінде жазылғаны анық. Сондықтан ақын үзеңгілес досына назын әзілмен әдемі айтқан. Ал енді әлі топырағы кеппеген ақынның «Соңғы сөз» атты өлеңін оқиық: «Уа, Аруақ! Қалмасам да тұралап, Бiздiң бастан ұшады ендi, сiрә, бақ. Ақының боп аңырайын соңғы рет, Соңғы сөздi Тәңiрiмнен сұрап ап». Жанарыңнан ыстық жасыңды еріксіз ытқытатын бұл шумақтарды толқымай, тебіренбей қалай оқисың?! Тек қазақ поэзиясының Әділі мен Әмірхандары болған деп өткен шақпен айтудың ауырлығы болмаса... Басқасын айтпағанда, біз кешегі таңғажайып алыптарымыз Қадыр, Тұманбай, Фаризаларды неге сағынамыз, неге іздейміз?! Ұлттық поэзиямыздың қара нарлары жайлы кезінде біздің баспасөзде әр түрлі пікірлер айтылды. Бірде композитор Кеңес Дүйсекеев, мен, Қадыр аға үшеуміз Оңтүстікке шығармашылық сапармен бардық. Қайтарда пойызға мініп, купеге жайғасқанымыз сол еді, вокзалдың дүңгіршегінен әлгінде сатып алған газеттердің бірінен өзі жайлы ғайбатқа толы мақаланы оқып, ағамның түсі бұзылды. Купені өлі тыныштық, ауыр үнсіздік жайлады. Сәлден соң, «осы мен жетпістен асқан, ойын алаңынан шығып кеткен қарт адам емеспін бе, осылар неге менімен алысады екен», – деді ауыр үнсіздікті бұзып. Кеңес ағамыз пойыз терезесінен далаға, мен не дерімді білмей еденге қарадым... Мүмкін, бұл бүгінгідей беделді жиында айтылатын, еске алатын эпизод емес шығар. Бірақ не айтсақ та байыппен, абайлап айтайықшы дегім келеді. Біздің арамызда «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей, ата сақалдары аузына түскенше жоспарлы түрде ғайбат сөздер таратушылар бар. Соларға «тәйт» деп тиым салатын уақыт жеткен сияқты. Қадыр, Тұманбай, Өтежан, Сәкен, Есенбай, Дүйсенбай, Фариза секілді алыптарымыз дүниеден өткенде кейбір республикалық басылымдардың берген қазанамалары онсыз да құлазып тұрған көңілімізді қалдырғанын атап айтып өткім келеді. Әшейінде, той-томалақтарда оларды «ұлыға» теңеп жатпаушы ма едік, онда неге ұлыларымыздың ақырғы сапарларына арналған қазанамалар салқын, немқұрайлы жазылады. Тірілерінде кейбіреулерін түтіп жеп едік, ең болмаса дүниеден озғандарында халықтың ыстық ықыласын лайықты, өз дәрежесінде неге жеткізіп жазбаймыз. Осы тұрғыда классиктерімізді жетпіске толғанда «ұлтымыздың ұлы ақыны жетпіс жасқа толды», ал қайтыс болғандарында «ұлтымыздың ұлы ақыны дүниеден өтті», – деп жазған жалғыз басылым болды. Ол – республикалық «Дәстүр» журналы. Құрметті қайтыс болғаннан кейін ғана емес, ақындардың ортамызда сау-саламат жүргендерінде де көрсету парызымыз. Бүгінгі қазақ жырындағы ең талантты деген Ерлан Жүніс пен Мақпал Мысаның шығармашылығына тоқталып өтейік. Ерлан Жүністің «Хауас» атты жыр кітабында: «Жаңа жырым бар еді оған оқымақ, Жаңа сыйым бар еді оған керемет. Сағатыңыз қанша болды, жапырақ, Сағатыңыз неше болды көбелек?» – деп еріксіз оқырманның жан-жүрегін баурап алатын керемет өлеңдері көп. Ерлан жастығына қарамастан қалыптасқан ақын. Ақын болғанда қатардағы можантопай қойторылардан емес, бітім-болмысы бөлек, өзінің соны соқпағы бар, шымырлап ағатын өзендей сырлы, шуақты ақын. Жалпы, ақындардың жеткен жетістіктерін, шыққан биіктерін ешкім тартып ала алмайды, сондықтан ақынның көз сүріндірген, кейбір орынсыз қолданған сөздеріне тоқталып өтуді парыз санадым. Ерлан Жүніс: «Өзегімнен шымырлап шықты мұңым, Айтшы соны қай кісі ұқты, күнім? Саған мәлім, қалқатай, мен мұңайсам, Айға ұлыған арманға күптілігім?». (131-бет). Осы шумақтағы екінші жолдың арқауы бостау. Ұйқас үшін ғана жазылғандай әсер қалдырады. Төртінші жолы да мінсіз, сәтті шыққан деп айта алмаймыз. «Саған мәлім, қалқатай, мен мұңайсам, Айға ұлыған арманға күптілігім?». Өзі айға ұлыған арман болса, кейіпкер ғайыптан-тайып мұңая қалса, онысы қалқатайына бұрыннан мәлім екендігі белгілі емес пе? Тағы бір поэзиямыздың үкілі үмітіндей талантты ақын қарындасымыз Мақпал Мыса соңғы жылдары ойлы жырларымен жиі көрініп жүр. Оның кітабының аты «Мен керекпін» деп аталады екен. Бірден айтайын, маған Мақпалдың кітабының аты мүлде ұнаған жоқ. Поэзиялық кітапқа осындай ат қоюға бола ма екен? Әрине, бұл менің жеке пікірім. Мүмкін бұған дау айтатындар да табылар. Аты ұнамағанмен, бұл жыр кітабының заты ұнады. Мұнда тамаша мінсіз өлеңдер аз емес. Себебі, Мақпал Мыса сөз жоқ, дарынды ақын. «Бұл мекенде бары да рас бір тылсым, Көздерінде көздерім бар бүлдіршін. Өлең деген өмір құсым көз ашты, Оятты ма баба әруағы кім білсін?! Туған жерім, тұнығым да қуатым, Ақ бұлағым ақ бетімді жуатын. Топырағында жалаңаяқ жүгіріп, Сәттерім-ай ақ көбелек қуатын». (9-бет). Қандай тамаша өлең! Алқынбайды. Еркін. Ерке қыздың мөлдір мұңы жаныңды баурайды. Сендіреді. Толқытады. Алайда, Мақпалдың кейбір өлеңдері көңілден шыға бермейді. Уақытты үнемдеу үшін қысқартып оқиық. «...Ақбастаудың етегінен ақ өлең, Адалдықпен кілкіп? ағып түседі». «...Үкіленем? үмітімді үзбеумен... ...Сарсаң кездер сандыратып? тұр еді. ...Бұл сары күз... селдіреген? сыр еді... ...Алыстады қыр асып жорғалай күн?». Ақынның «адалдықпен кілкіп», «үкіленем», «сандыратып», «жорғалай күн» тәрізді қазақ үшін бұлыңғыр, түсініксіз «сөздерді» қолдануы болашақта әдетке айналып кетпегені жөн. Селдіреген сыр еді дегеніне оқырманды сендіру қиын. Өзі сыр болса, сыр қалай селдіремек. Ал, «күннің қыр асқанына» келіссек те, «жорғалай күн» деген теңеуді түсінбедік. Себебі, жорғалап бара жатқан күнді көз алдымызға елестете алмадық. Батып бара жатқан күнді жорғаға теңеу өте сәтсіз, сендірмейді. Айтуға, талдауға тұрмайтын, уақыт шығындап жатуды артық санайтын қаптап, сіресіп тұрған өлеңшілердің өлеңдеріне көңіл аударуды артық көрдім. Біздің ұлтта дарынды ақындар аз емес. Ал дарынды ақындардың әрбір сөзге мән берулері қажет. Сөзге салақ қарауға болмайды. Біреудің кемшілігін айту керек болғандықтан емес, ұлттық поэзиямыздың үкілі үмітіндей таланттардың болашақта әрбір сөзге сергек қарау керек екендігін айту парызымыз саналғандықтан тоқталдық. Біздің пайымдауымызша, әлемдегі ең бір таңғажайып тілдердің бірегейі – біздің ана тіліміз. Қазақ тілі – сөздік қоры ең бай тіл. Бұл – мойындалған пікір. Сондықтан жас ақындарымызға жаңадан сөз ойлап табудың қажеті жоқ. Ондай сөздерді бәрібір қазақ қабылдамайды. Жас ақындар, тек қана олар ғана емес, біз бәріміз де осыны ұмытпауымыз, естен шығармауымыз керек. Арам етті сылып тастағандай, болашақта шығатын кітаптарынан ақындар осындай әлсіз, дау тудыратын шумақтарды, тіпті кейбір өлеңді тұтас ап тастау керек. Іштен шыққан шұбар жыланның ыстық екенін біз де білеміз. Алысқа бармай-ақ, өз классиктеріміздің өлеңнен өлеңге, кітаптан кітапқа қалай өскені сергек оқырманға анық аңғарылып тұрған жоқ па? Мәселен, Төлеген Айбергеновтің бозбала кездегі алғашқы балаң өлеңдерімен, кейінгі төселген, қалыптасқан кезіндегі таңғажайып өлеңдерін салыстыруға болмайды ғой. Біз бұдан Айбергеновтей алыптың өзіне-өзі өте қатал талап қойғандығын аңғарамыз. Қалың қазақ үміт етіп отырған жас дарындарымызға кезең-кезеңдерде ептеп ескерту айтып отыру артық болмайды. Жаппай мақтап, бата бере беруден арылатын уақыт жетті. Әрбір ақынға терең-терең сараптамалар жасалып, тәуелсіз елдің таланттарын баптайтын, сақтайтын мезгіл қашан келер екен? Жас дарындарымызды біз аяғанмен, уақыт аямайды. Осындай қатал жолдан мен өткен жоқпын дейтін арамызда бірде-бір ақын, жазушы жоқ. Елуді еңсеріп, алпысты алқымдағандардың барлығы ақындықтың, екінің бірі төзе алмайтын тағдырдың өте қатал сындарынан өткендері анық. Шыдай алмай, шарт сынып кеткендері қаншама? Уақыт барлығын өз орындарына қояды деген сөз бекер айтылмаған. Біз осыған сенуіміз керек. «Қазақ әдебиеті бізден басталады, өткеннің бәрін сызып тастау керек», – деген сұмдық сөзді айтқандар да бүгін біздің арамызда жүр. Біздің айтып отырғанымыз, ондай бейәдеп сөз емес, ағалық, достық сын-ескертпелер ғана екендігін сіздердің естеріңізге салып өткім келеді. Осы арада ерекше айта кететін бір мәселе – соңғы жылдары қазақтың таңғажайып лирикалық жырына деген көзқарастың күннен-күнге халық арасында өзгеріп бара жатқаны жанымды ауыртады. Кейбіреулер жүрегіңді баурайтын лирикалық өлеңді «жылауық өлең», әнді «жылауық ән», оны жазған ақынды «жылауық ақын» деген жаңсақ көзқарастың қалыптасып бара жатқаны анық. Олар бұндай пікірді өлеңдердің көркемдік деңгейіне қатысты айтса сөз басқа, бізде мүлде басқа мақсатта пікір қалыптастырғысы келетін пиғыл байқалады. Ащы болса да айтайын, біз жалпы барымызды мойындай қоймайтын халықпыз ғой. Сондықтан бүгінгі лирикалық бағытта тамаша жыр жазып жүрген ақындарымызды былай қойғанда, кешегі ақындардың, ар жағын айтпағанда, Мұқағали, Төлеген, Сағи, Тұманбай, Жұматайлардың кез келген өлеңдері төгіліп тұрған лирика емес пе? Меніңше, бұндай пікір қалыптастыруға тырысушылар өздері лирикалық өлең жазу қолдарынан келмейтіндер болса керек. Жалпы, мақтай бергеннен шыққан мүйізді ешкім көрген жоқ. Өткен ғасырдағы ресми тізімдерден түспей, жаппай мақталған кейбір ақындардың есімдері бүгін неге аталмайды? Кітаптары неге оқылмайды? Ал, керісінше, тірісінде ресми тізімге кірмеген Жұмекен, Қуандық, Бекен, Сабырхан, Жарасқан, Кеңшілік, Тынышбай, Дәуітәлі, Нұрлан Мәукенұлын неге халық іздейді? Себебі, олардың поэзиясы халықтың сүйіп оқитын мұрасына, сап алтындай қазынасына айналған жоқ па? Қадыр Мырза-Әлидің алғысөзімен шыққан белгілі ақын Болат Шарахымбайдың «Сұңқартас пен Ақынтас» атты жыр кітабы назар аударады. «Ақбөкендер, Ағылып құба белден, Ұмыр-жұмыр алдымнан шыға келген. Әуел баста сендермен бірге туып, Бірге ойнаған даланың лағы ем мен. ...Тұяғынан келеді ғасыр ағып, Қонатындай болады басына бұлт. Жанарынан үзілген боз тамшыны, Көз жасыма тұрмын мен қосып алып», – деген ақынның шынайы сырына сенбеске шараң жоқ. Бауыржан Жақыптың «Еліккөрген» атты жыр кітабына өлеңдері, балладалары, поэмалары еніпті. «Өзендерім желең төсі ашылып, Тереңіне ағады сыр жасырып», – деп жырлаған талантты ақынның өлеңдері ойлы оқырманды тәнті етеді. Ол нені жырласа да жан жүрегімен жырлайтын, бүкіл табиғи болмысымен тереңіне оңайлықпен бойлаттыра қоймайтын арынды, сесті өзендей қабырғалы, арқалы ақын. Ол дәстүршіл, ойдың терең иіріміне үйіріп ала жөнелетін, қаршадайынан қара өлең өн бойына дерт боп сіңген суреткер ақын. «...Мәукенұлы болатын Берғазиев, Оның жырын тыңдайтын Серғазы ұйып», – деп жырлайтын Бауыржан Жақыптың «Еліккөрген» атты жыр жинағы дарынды ақынның жаңа асуы екендігіне күмәніміз жоқ. Белгілі ақындар Кәдірбек Құныпияұлының «Үркер ауған», Сәрсенбек Бекмұратұлының «Мизамшуақ» атты жыр кітаптарының атына, заты сай екен. Сыршыл ақындардың соны жырлары көңілге шуақ құйғандай әсер етті. Ал, кейбір ақындар кітаптарының аттарын қоярда терең мән бере бермейтіні байқалады. Олар жыр кітабының атын қоярда әбден ойланғандары жөн сияқты. Мысалы, ақын Маркиза Базарбайқызының жыр кітабы «Ұялшақ махаббат» деп аталады екен. Біздіңше, бұл жыр кітабынан гөрі прозалық кітапқа көбірек келеді. Жинақтың жетпісінші бетінде «Бақыт Қабылтаевичке» деген өлең бар. Кітапта дәл осылай Қабылтайұлына емес, Қабылтаевичке деп тұр. Жеті шумақтан тұратын өлеңнен Бақыт Қабылтаевтың дәрігер екендігін аңғардық. Мысал келтірейік: «Сол ауыр түс қалсын артта дедіңіз бе? Бақытты маған қайта бердіңіздер. Омыртқаны ашып ап көрдіңіздер, Жамбастан сүйек салып бердіңіздер. Кәрі-жас кеңеседі өзіңізбен, Үлгі етіп қызметіңді, сөзіңізді. Жаныңа жақын тарттың туысыңдай, Алғашқы дидарласқан кезіңізден». Біресе сіз, біресе сен деп келетін бұл дүниені талдап жатуды артық көрдік. Бағасын беруді оқырманның өзіне қалдырамыз. Маркизада ақындық жоқ деп кесіп айтуға болмайды. Оның кейбір өлеңдерінен шынайы ақындықтың белгілері аңғарылады. Алайда, өз бойындағы ақындыққа үлкен жауапкершілікпен қарау керектігін сезіне алмайтындығы өкінішті. Кейбір ақындардың жыр кітаптарынан жасандылық пен қарадүрсін, тіпті өлең деуге келмейтін қарабайыр, ұйқасы нашар өлеңсымақтарды оқығанда көңілің құлазиды. Баспа қызметкерлері қайда қарап отырған, осындай орны толмас оқылықтарға қалай жол беріліп кеткеніне қайран қаласың. Міне, бұл бүгінгідей алқалы жиында көп болып ойласатын ең басты мәселенің бірі. Қазір қаптап кеткен кейбір жеке сайдтар мен интернет беттерінен бірін-бірі жөнсіз ұлыға теңеп мақтаған немесе орынсыз қаралаған, даттаған мақалаларды көргенде еріксіз налисың. Осыны реттейтін, тәртіпке шақыратын ресми орындардың қызметтерін жандандыру керек тәрізді. Апыр-ау, өзіңнің жаратылысыңа, табиғи бітім-болмысыңа, ұлттық таным-түсініктеріңе мүлде жат, қалай да өзгеден өзгеше көрінуім керек деп қолдан өлең жасап, аласұрудың қажеті бар ма өзі? Рас, жер бетінде дүние ақындарынан қалған үлгі көп, бірақ өлеңді былай жаз деген заңды еш жерден оқыған жоқпын. Сондықтан да өлеңді қалай жазғың келсе солай жаз, бірақ ол өлең болу керек екендігін естен шығармаған жөн. Шыға шабатын қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулеттің «Ғұмыр жас» атты жыр кітабы оқырманға жылы әсер етті. Бұл дарынды ақынның әбден кемеліне келген, толысқан, қалыптасқан, даналыққа бет бұрған шағындағы шығарған жыр кітабы қазақ үшін қасиетті сан – жеті бөлімнен тұрады. «...Сұлумен тұңғыш сүйіскен жерім, Бал татып қалдың тілімде. Боз жусаныңнан иіскер ме едім, Ат тұсап, айлы түніңде?». Немесе: «...Шапқан атың келсе де, атқан жезің оралмас, Батқан күнің келсе де, айтқан сөзің оралмас. Отыз тістен шыққан сөз өз отауын көре алмас, Тілге тиым болса да жүйелі сөз жоғалмас...». Иә, ғасырлардың қойнауына кеткен қазақ жырының жез қоңыраулы көші алдағы келер ғасырларда да талайлардың таңдайларын қақтыра беретініне дау жоқ. Ұлықбек Есдәулеттің бұл жинағына енген жырлары ғасырлар қойнауынан оралған сырлы көштей әсер қалдырды. Соңғы айлардағы баспасөз беттерінде ақынның «Ғұмыр жас» атты жыр кітабы талдап жазылған көлемді мақалалар сериясы жарық көрді. Әсіресе, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Темірхан Медетбектің «Жас Алаштағы» мақаласын сүйсініп оқыдық. Айтса айтқандай, соны метафоралар арқылы өлмейтін өлеңге айналған философиялық түйіндер, он сегіз мың ғаламды санамен сараптап, жан-жүрегімен беріле жырлаған жырлары ақынның жаңа жинағының арқауына айналған. Көрнекті ақын, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбектің «Армысың, ару дүние» жыр кітабынан ақынның асау мінезін, өзіне ғана тән бояу нақыштарын, елге, жерге, туған халқына деген шынайы сезімдері өлең боп өріліп, өзгелерден ерекшелендіріп тұр. «...Өзені Ақан болып жырлап аққан, Тұманы көк шымылдық қырға жапқан. Көкшетау Ақтоқтының өзі ме әлде, Алтындап сексен көлден сырға таққан». Немесе: «Қатер бұлт төнген кезде өз басына, Кім кепіл бұл өмірдің озбасына. Көкшенің мөлдіреген таңғы шығы, Жоқ әлде, Біржан салдың көз жасы ма?!». Рафқаңның ақын көкірегінен құйылып түскен осынау сұлу жыр жолдарын толқымай оқу мүмкін емес. Бауырын жазып шапқан тұлпар ақынның толымды терең ойлы жырлары ерекше сүйсіндіреді. Қазаққа кеңінен танымал ақын Әділғазы Қайырбековтің «Жандауа» атты жыр кітабы оқырмандарды бей-жәй қалдырмайды. Ол сонау студент, бозбала кезінде-ақ жыр сүйер қауымды «Қаңбақтар қашып барады» деген өлеңімен жалт қаратқанын, інілерімізді қайдам, біздің үзеңгілестер мен ағаларымыз өте жақсы біледі. Неге екенін білмеймін, мен Әділғазы ақынның өзімен кездессем де, өлеңдерін оқысам да есіме кешегі ақиық ақын Сағи Жиенбаев түседі. Осы тұста бүгінгі Әділғазы ақынмен кешегі Сағи ақынның арасында не байланыс барына назар аудардым. Зерделей қараған адам осынау екі ақынды байланыстырып тұрған тылсым күштің не екендігін аңғарулары онша қиын емес тәрізді. Көзін көргендер жақсы біледі, Сағи Жиенбаевтың адами табиғи жаратылысы, бүкіл бітім-болмысы, биязылығы, тазалығы, әрбір өлеңінің сырлы өзендей сұлулығы, тереңдігі бүгінгі ақын Әділғазы Қайырбековке де тән екендігін ешкім жоққа шығара алмасы анық. «Бір үмітім – сынық қанат көбелек, Көбелегім көркем еді керемет. Айтып-айтпай не керек! Гүлден-гүлге қонып ұшқан бейбағым, Гүл-көбелек – үмітім деп ойладым...». Немесе: «Қоңыр кеште қоңыр әуен қоздады, Жетім жүрек бота болып боздады. Тірлік сырын түсінгендер кемде-кем, Қоңыр әуен қашып шықты бөлмеден...». Осы арада Сағи Жиенбаевтай дара дарынның бүгінгі күндері өте сирек айтылатынын үлкен өкінішпен атап айтқым келеді. Мүмкін мен Сағи ағамды қатты сағынғандықтан өзімнің ақын досыма ұқсатқан шығармын. Әрине, екі ақынның өз стильдері, өз қолтаңбалары бар екендігі баршаға мәлім. Үзеңгілес ақын Әбубәкір Қайранның «Ерасыл» атты жыр жинағына жас ұрпақты тәрбиелейтін толғаулары, дастандары, балладалары мен өлеңдері енгізіліпті. Халқымыздың тарихын, әлеуметтік тұрмыс-салтын тереңінен толғап, жырлап жүрген дарынды ақынның осы жыр кітабындағы «Ерасыл», «Кенесары» атты тарихи дастандарына он бес минуттай уақыт берілген бұл баяндамамда тоқтала алмадым. «Сыймайсың шағын көлемге, сыймайсың шағын өлеңге!» – деп ұлттық поэзиямыздағы өзіндік үні айқын қалыптасқан айтулы ақын жайлы жуырда «Қазақ әдебиеті» газетінде Ертай Ашықбаевтың «Ғаламға ғашық Әбубәкір» атты тамаша мақаласы жарық көрді. Мен де Әбубәкір Қайран жайлы ақын Ашықбаевтың айтқандарына толық қосыламын. Сондай-ақ, көрнекті қаламгерлеріміз Софы Сматайдың «Ағаларым-жағаларым, інілерім-ірілерім», Тұрсынәлі Рыскелдиевтің көптомдық кітабының он бірінші томы белгілі ақын Жәркен Бөдеш пен сыншы, әдебиеттанушы Рахым Айыпұлының алғысөздерімен жарыққа шығыпты. Қара сөзде дес бермеген барша қазаққа белгілі қос қаламгердің де өлең кітаптары үлкен ойларға жетелейді. Ойларын көсіліп, еркін жазатындықтары оқырманды баурайды. Белгілі ақын Оразақын Асқардың «Берекелі бейбіт күн», Болат Үсенбаевтың «Таңғы шық», Ырысбек Дәбейдің «Шық тұнған жолдар», Бақытбек Бәмішұлының «Айторығұмыр», Мағиза Құнапияқызының «Ай жүзіне көп қарап...», Ғалым Әріптің «Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясымен шыққан жыр кітабы, сонау Моңғолияда дүниеге келіп, Баянауылда өмірден озған арқалы ақын Арғынбай Жұмажанұлының «Балапан қаз», Оразбай Байбақтың «Түйін», «Көңіл көзі», «Тіршілік тынысы», Бауыржан Халиолланың «Жұлдыз жауған жарық түн», Гүлнар Өмірзақованың «Жандауа», Шаяхмет Оразымбекұлының «Белжайлау», Қайырбек Шағырдың «Домбыраға шаң қонбаса», Серік Қалиевтің «Уақыт керуені», Шаяхмет Құсайынұлының «Ғасырлар ағыны», белгілі жазушы Жанат Ахмадидің алғысөзімен жарық көрген Сейіт Қамбасовтың «Өріс», Ислам-Ғали Үркімбайұлының «Ойтолғақ» секілді жыр кітаптары жылы әсер қалдырады. Бұл аталған кітаптар өз оқырмандарын тапқан, қалыптасқан, бояу өрнектері ерекшеленген белгілі ақындарымыздың жаңа белестері екендігі анық. Баспасөзде жарияланған шығармалардан белгілі ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» дастаны шоқтығы биік көркем дүние. Бұл қатардағы көп дастандардың бірі емес, ұлтымыздың тарихындағы қаралы жылдарды, аласапыран уақыттағы трагедияны жан-жүрегімен тебірене жырлаған жаназа жырындай, Адамзаттың азасындай әсер етеді. Ақындар Мұхтар Шахановтың, Нұрлан Оразалиннің, Марфуға Айтхожинаның, Исраил Сапарбайдың, Иран-Ғайыптың, Сейфолла Оспановтың, Сәбит Дүйсенбиевтің, Тұрсынзада Есімжановтың, Зейнолла Тілеужановтың, Несіпбек Айтовтың, Жүрсін Ерманның, Есенғали Раушановтың, Өтеген Оралбайдың, Серік Тұрғынбекұлының, Серік Ақсұңқарұлының, Байбота Серікбайдың, Аманхан Әлімнің, Мейірхан Ақдәулетовтің, Тыныштықбек Әбдікәкімовтің, Қазыбек Исаның, Шәмшия Жұбатованың, Гүлнәр Шәмшиеваның, Жұмабай Құлиевтің, Нәзікен Алпамысқызының, Серікжан Қажидың, Темірғали Көпбаевтың, Мұратбек Оспановтың, Гүлнәр Салықбайдың, Маралтай Райымбекұлының, Жарас Сәрсектің, Жанарбек Әшімжанның, Бақытжан Алдиярдың, Бақыт Беделханның, Ғалым Қалибектің, Тоқтарәлі Таңжарықтың, Әлібек Шегебайдың, Саят Қамшыгердің, Танакөз Толқынқызының, Ұларбек Дәлейдің, Азамат Тасқараның, т.б. ақындардың баспасөз беттерінде жарияланған жырлары өлең сүйер оқырманға жақсы әсер қалдырғаны анық.
Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын