Белгілі ақын Әбілда Аймақ дүниеден өтті...
2014 ж. 14 маусым
7441
0
Бүгін қазақтың белгілі ақыны Әбілдә Аймақ дүниеден өтті...
Әбілда Аймақ 1954 жылы 13-сәуірде қазіргі Ордабасы ауданы, Темірлан кентінің жанындағы «Ынталы» ауылында туған.
Әбілда Аймақтың «Қарлығаш», «Мерейлі мекен», «Ләйла», «Жүрегімде махаббат», «Алтын бесік – І», «Алтын бесік – ІІ», «Түркістан», «Жақсығұл мерген», «Билік биігінде», «Ақжол», «Домалақ ана кесенесі», “Парасат биігі» сондай-ақ 2003 жылы екі томдық таңдамалылар жинағы жарыққа шыққан. 2009 жылы «Жазушы» баспасынан «Назқоңыр» атты өлеңдер жинағы шықты. 2011 жылы ОҚО Ж. Шанин атындағы қазақ драма театрында Ә. Аймақтың «Шәмшінің сағынышы» атты драмасы сахналанған.
1993 жылы Республика ақындары қатысқан, поэзия жанры бойынша Алматыда өткен жабық конкурста бас жүлдені иеленді. 2003 жылы Францияда өткен Бүкіл Түркі дүниесі әдебиетінің форумына қатысты. 2004 жылы Түркияда өткен Түркі халықтары ақындарының жабық конкурсында Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. 2013 жылы републикалық «Айғақ» газеті жариялаған жазушы Оралхан Бөкей атындағы әдеби байқаудың бас жүлдесін алды.
Әбілда Аймақ Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен наградталған. Ордабасы ауданының Құрметті азаматы. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері. ТМД елдері бойынша интернационалист жауынгерлер комитетінің арнайы медалімен марапатталған.
"Қазақ Үні" ЖШС-нің ұжымы марқұмның отбасына, туған-туыстарына, достарына қайғырып көңіл айтады.
Әбілда Аймақ
Бұл фәнидің түңіліп көжесінен
Бұл фәнидің түңіліп көжесінен,
Шарап іштім әкеліп көзесімен.
Өлең де мас, мен де мас би биледік,
Жарық дүние айрылып өз есінен.
Сырдың суы келмеді сирағымнан,
Басыртқы жеп жырымның құймағынан,
Естен шықты бәрі де, бәрі, бәрі,
Өлтіруге ақынды қимады лаң.
Лапылдадым іштегі шерді төгіп,
Ата-баба әруағы келді көріп.
Жүрегімді үстелге қойып тұрып,
Жан-жағынан аямай пергіледік.
Ой салды ма жасаған лаңы көп,
Бізге қояр жүректің сұрағы жоқ.
Жуып-шайып сол күні бар күнәсін,
Қаны ағып, солқылдап жылады кеп...
Мен фәнидің түңіліп көжесінен,
Алып келдім шарапты көзесімен.
Ет жүрек те мас болды бір кездері,
Тайып кеткен жаңылып өз есінен.
Дәл қазір аса қиын шақта жүрмін
Дәл қазір аса қиын шақта жүрмін,
Я құдай, ақ тілеуін ақта жырдың.
Менің бір титтей сөзім сенде болса
Кейінгі ұрпақ үшін сақта, құрбым!
Жан емен бәз біреуді қайталаған,
Толқыған өрт сезімді шайқап ағам.
Жоқ екен мені ешкім керек етер,
Кіреді көңіліме шайтан арам.
Оралмас көктемдерім қайта маған,
Өлеңді кейінгі де айтар адам.
Тірлікте жалғыз қалып, дір-дір етіп
Шашыма ақ кіргенде ой талаған.
Дәл қазір алай-дүлей кезімдемін,
Ойлап-ақ өлеңімді көз ілмедім.
Кімге дәрі осы күн дәуіт, қалам,
Кімге керек өлмейтін сезімдерің!?
Дәл қазір аса қиын кезде тұрмын,
Өлеңнің жоғалмауын қөзде, құрбым!
Мен деген әр адамның көңіліне
Көшіп-қонып жүретін кезбе гүлмін...
Ізде менi
Өзіңді көрмегелі, шырағым-ау,
Көзімді боталатып жыладым-ау.
Қарадым қара қошқыл бұлттарға
Нанбасаң, көк аспаннан сұра мынау.
Сұрашы зікір салған кептерлерден,
Оларға шағынып ем жеткен желден.
Артыма жаутаңдадым амалым жоқ.
Өзіңе қош айтысып кеткенде елден.
Тоғайдың сырға таққан шеңгелдері,
Көгеріп қалып еді сен келгелі.
Телмірдім соларға да сырымды айтып
Белгісіз жек көргені, жөн көргені.
Осы ма жылуы жоқ күз дегені,
Тентек жел жапырағын үзген еді.
Сағынсаң ысып-жанып, есің кетіп
Арыстың толқынынан ізде мені.
Р.S. Ақын дүниеден өтсе де, Арыстың ақ көбік атқан толқындарындай өлеңдері оқырманның жадында сақталады...