БІР ӨЗІ БІР ДӘУІРГЕ АЙНАЛҒАН ЖЫР ЖАСЫНЫ ЕДІ...
2014 ж. 24 қаңтар
3130
3
Өмірі өлең болып өрілген Фариза қыз да өмірден өтті!.. Ол бар ғұмырын қасиетті поэзияға арнап, қазақ жыры үшін бар дүниелік қызықтарды тәрк еткен санаулы саңлақтардың бірегейі еді...
Баяғыда Алматыда Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетінің бірінші курс студенті болып жүргенде Фариза апамызды алғаш рет көрдім. Ол басқаратын «Пионер» журналы (қазіргі «Ақ желкен») жас ақындар ат басын тірейтін бір жыр ордасы еді... Онда Мереке, Мейірхан ағаларымыз жастарды құшақ жая қарсы алып, дарындыларын Фариза апайға алып кіріп, ол кісінің батасын алған соң барып, журналға балауса жырларды жариялап жататын... Ең алғаш біз, КазПИ-дің ақындары, Нұрлан Әбдібек, Кәдірбек Құныпия үшеуміз барып, апайға сәлем беріп, соңынан өлең берген едік... Үшеуміз де ең алғаш осы «Пионер» журналында жарияландық...
Кейін Парламент Мәжілісінде отырғанда бір барғаным есімде. Біреулерге ашуланыңқырап отыр екен, қабағы онша ашыла қоймады...
Ең соңғы көргенім, 2011 жылы Қарағандыда Қасым Аманжоловтың 100 жылдығында кездесіп қалдық. Облыстық әкімдіктен шығып келе жатқанда есік алдында жолығып, сәлем бердім. «Ой, айналаайын!»-деп, жадырап, маңдайымнан сүйгенде өзім қысылып, әрі қуанып қалдым. «Сенің баяғы маған арнаған өлеңіңді көп томдығым шығып еді, соған қостым»-деді апамыз. Рахмет айтып тұрып, ішімнен: «Қандай ұқыпты жан еді !.. 15 жыл бұрынғы өлеңімді өзім таппай қалып едім, енді апамның кітабынан оқитын болдым ғой»-деп ойлап қоямын. Қасымдағыларға: «Апай қартаяйын деген ғой деймін, мейірімді болып кетіпті, маңдайымнан сүйді» - дегенім есімде...
«Астанаға келдім, енді сәлем беріп, көңілін сұраймын ғой» - деп, жүргенде, кеше түнде ғаламтордан оқыған суық хабар есеңгіретіп жіберді...
Иә, жасын жырлары жарқылдаған, қазақ поэзиясына жарқын құбылыс болып, бір өзі бір дәуірге айналған Фариза Оңғарсынова да бұл фәниден бақиға өтті... Енді біз Алашы арынды жырын айтқан, Мұқағалилар мұңын шаққан, тірісінде-ақ аңыз болған Фариза қызбен емес... фариза жырлармен қауышамыз...
Алды пейіш, арты кеніш болғай! Жатқан жері жайлы болып, пейіште нұры шалқи бергей!
Қазыбек ИСА,
"ҚАЗАҚ ҮНІ" газеті