Таңжарықтың тағдыры
2013 ж. 30 мамыр
4298
3
24 мамыр күні Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Таңжарық Жолдыұлының дүниеге келгеніне 110 жыл толуына орай «Алаш идеясы және Таңжарық Жолдыұлы мұрасы» атты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция және «Шын тілек» атты әдеби сазды кеш болып өтті. Конференцияда белгілі зерттеуші ғалымдар Дүкен Мәсімханұлы, Бауыржан Омарұлы, Тұрлыбек Мәмесейіт, Темірхан Тебегенов, Құныпия Алпысбаев, Омар Жәлелұлы және басқарып отырған Амантай Шәріп баяндама жасады. Еркін Шүкіман бастаған әншілер, Мейірбек Сұлтанхан секілді айтыскер ақындар қатысты.
Таңжарықтың тағдыры қорлық пен жауыздықтың, небір ирелең, бұралаң сойқанды жолдарынан өткен жанкешті халқының күрделі тағдыры деуге болады. Ұлтының көкейтесті ізгі арманы, асқақ мұраты жолында жастық дәуренінің қызықтарын, жарқыраған жазын құрбан еткен, басын бәйгеге тіккен, қабыландай қайратты ер азамат. Ұлтжанды күрескер ақынның шығармашылық мұрасында кеңестік қиын-қыстау кезеңнің зобалаң бұрқаныстары, жан түршігерлік азаптаулары шоқтай күйдірер шынайы шыншылдықпен, кемел көркемдікпен кестеленеді. Ақын Таңжарық, Үрімжі ақтысында қамауда отырса да;
Өлсек те өлмес біздің атағымыз,
Белгілі істеп жүрген шатағымыз.
Алыстан алтын сәуле бір күлімдер,
Болғанмен қазір түнек жатағымыз—деді.
Күндердің бір күні ісінің ардақталатынына сенімі мол. Жібектей тоқылған алтын сөз, алтын іс еш уақытта із-төзсіз кетпейтініне толық сенген.
Таңжарық халқына лирика, толғау, мысал өлеңдер, дастан, қисса, айтыс өлеңдерден тұратын 30-дай мұра қалдырған ақын, ағартушы, сазгер. Халқын теңдікке, азаттыққа жеткізу үшін жан аямай күрескен қоғам қайраткері. Сонымен бірге Қытай қазақтарындағы тұңғыш баспасөз ұйымдастырушысы. Жазушы Қалдарбек Найманбаевтың сөзімен айтқанда, «Абайдың, Ахмет, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандардың Қытайдағы қазақ бауырлардың жазба әдебиетінің негізін қаласып, көш бастаған аймүйіз серкесі».
1903 жылы наурыз айының 15 жұлдызында Іле алқабындағы Күнес ауданы Қамысты топырағында дүниеге келген. Ол алғашқы білімді ауылдағы шығыс мәдениеті мен ислам құндылықтарының білгірі және қазақтың ескі әдебиет үлгілеріне жетік Мыңбай молдадан алады. Таңжарықтың азаматтық көзқарасының қалыптасуына бүкіл Қытай қазақтарына беделді Сасан ауылына үзбей келіп тұрған «Қазақ», «Айқап» басылымдарын оқып ержетуі де үлкен ықпал жасады. Жолдыұлының араб, парсы мәдениетімен қоса қытай тілі мен әдебиетін де меңгеріп, білім көкжиегінің кеңейе түсуіне «Күре шу таңы» аталатын сол тұста Іледегі ең жоғары оқу орнына тәлім алуы да айтарлықтай әсерін тигізді. Ат жалын тартып мінген ол 1922 жылы Қазақ топырағына табан тірейді. Байға егескен албырт жас оның «Сетіккөк» деген жүйрік атын мініп, Кеңес жеріне өтіп кетеді. Мұнда, ол қазіргі Алматы облысы Нарынқол ауданында тұратын нағашыларына келіп паналайды. Орыс-қазақ мектебінде білім алып, елдің жағдайымен танысып, Таңжарықтың азаматтық болмысының қалыптасуына айрықша әсер етті.
Осы сапарында Қарқара өңірінің Қойдым атты әйгілі ақын қызымен айтысып, қазақ әдебиетіндегі айтыстың тамаша үлгілерінің бірін көрсетіп үлгерді. Алаш арыстарының істерімен жақыннан араласады. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының шығармаларымен танысады.
1925 жылы туған жеріне қайтуға тура келеді. Бұл туралы да Б.Тышқанбаев былай дейді «Көкірек көзі ашылып, қоғамға, халыққа қызмет етуді мақсат тұтқан Таңжарықтың мұнда біржола қалуына мүмкіндік болмайды. Жат жерде, артында қалған үй-ішіне өктем бай тыныштық бермейді. «Сетіккөгінің» көзі келмесе, Таңжарықтың әкесін жерге тірілей көмемін» деп қаһар төгеді. Осы бір суық хабарды естіп, көкірегі қарс айрылған бала жігіт амалсыз Күнеске қайтып оралады. Әбден өшіккен бай жылқысы қолына аман тисе де, Таңжарықтан аямай өш алуды ойлайды. Оны қытай үкімет орындарына «шет елге барып келді» деп, шағым беріп, қаматып жібереді деп жазды.
Алайда, абақты өмірі қайсар мінезді, арынды ақынды бұрынғыдан да ширақтыра түседі. Алғаш рет түрменің дәмін татып, көз көріп, құлақ естімеген сұмдық азапты өз басынан кешірген Таңжарық ақталып еліне оралған кезде Қытайдағы қазақтардың мекені Шыңжаң өлкесінде де аласапыран заман орын алып, әлеуметтік-саяси оқиғалар өрістеп тұрған шақ еді. Таңжарық елге келген соң көп ұзамай, өлке халықтарының билеп-төстеушілеріне қарсы ұлт-азаттық күресін бастап кетеді.
Қазақ жерінен ілім-білімге сусындап еліне қайтқан ол Қытай қазақтарындағы кенже қалған мәдени-ағарту ісіне белсене кіріседі. Газет шығарып, театр ісін жолға қояды. Мектептер ашылуына ұйтқы болып, оқытушылық ісіне де жігерін жұмсайды. Бүкіл іс-қимылды оқу-ағарту, мәдениет ошақтарын көбейтіп, ұлттың рухын көтеруге бағыттады. Сол кездегі басты талап сауатсыздықты жоюға, ұлт санасын қараңғылықтан арылтуға күш салды.
1934 жылы Іле аймағында алғаш рет қазақ тілінде «Іле өзені» деген газет шығарады. Газеттің бас редакторы бағамы ретінде, қалың оқырманға қанат жаюына ұйытқы бола отырып, ол;
Қалың ел, қазақ енді аш көзіңді,
Оқып көр газетіңді-өз сөзіңді.
Әділет, шындық жолын үйретеді,
Ашады ащы шайдай аң-сезімді.
Айнадай жарқыратып көрсетеді,
Мін бар ма, қолыңа алып көр өзіңді!
деп, халықты газетпен тығыз байланыста болуға шақырды. 1935 жылы наурыз айында Іле аймағының орталығы Құлжа қаласында Іле аймақтық қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымы құрылып, Таңжарық Жолдыұлы осы ұйымның басшысы болып тағайындалады. Орынбасарлары Жабықпай, Кенжебек қатарлы кісілер болады. «Қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымдастырушысы» белді мүшелері Алашорда қайраткері Райымжан Мәрсеков, Ыбырайым Жайнақовтармен тізе қосып, Қытай отаршылдығына қарсы құпия күрестер жүргізді. Алаш идеясын ел жүрегіне терең ұялатуға қайрат-күшін сарп етті. Елшілдік, ұлтшылдық күрескерлігіне сескенген отаршыл Қытай үкіметі 1940 жылы оны екінші мәрте тұтқынға алады. Ақын түрмедегі жан төзгісіз қорлық пен жүйкесін шабақтаған қоқайға сағын сындырмай, рухы тасқындаған мәңгі өлмес туындыларының басым бөлігін түрмеде жазды.
Бар-жоғы 44 жыл ғана өмір сүрген Таңжарық Жолдыұлы Шығыс Түркістан ұлттық үкіметі мен Қытай билігі арасындағы 11 тармақты келісімге сай түрмеден босап шыққанымен, бір жылға жетпей 1947 жылы бақилық болды. Осындай қиын тағдыр Таңжарықтың көзі тірісінде бір де бір кітабы жарық көрмеді. Алғашқы кітабы ақын көз жұмғаннан кейін, бір жылдан соң көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Құрманәлі Оспанұлының құрастыруымен «Алғашқы жинақ» деген атпен ақынның жылын беру тұсында 1948 жылы ғана шықты. Алайда Қытайдағы «мәдениет төңкерісі» кезеңінде халық сүйіспеншілігіне бөленген ақынның кітабын шығару былай тұрсын, есімі естен шығарылып, шығармалары қараңғы бөлмелерге жасырылды. Ал кеңестік дәуірде қалың көпшілік оның шығармаларынан бейхабар еді. Дей тұрғанмен Таңжарық өлеңдерін аз көлемде болса да шағын әдеби орта білді. Ақын есімі қазақ оқырмандарына алғаш рет классик жазушы Сәбит Мұқановтың 1956 жылы Қытайға барған сапарының негізінде жазылған «Алыптың адымдары» кітабы арқылы танылды.
Одан кейін там-тұмдап болса да, Таңжарық туралы мәліметтің таралуына кезінде Сталиндік-Голещекиндік зұлматтың әсерінен Қытай асып кеткен отандастарымыздың елге қайтып орала бастауына ықпал етті. Іс-шараның мақсаты Алашорда қайраткерлерінен ұрпаққа аманат болып жеткен елшілдік, ұлтшылдық өнегенің жарқын үлгісі Таңжарық Жолдыұлының рухани мұраларын зерттеп, саяси күрескерлігін жас ұрпақ зердесіне ұялату болып табылады.
Жұмамұрат ШӘМШІ