ЕРДІҢ КӨЗ ЖАСЫ

ЕРДІҢ КӨЗ ЖАСЫ

Бүгін (17.04.2025 ) ВДНХ дағы Қазақстан павильонында сағат 11-00 "Мараль", "Сизо" кітаптарының авторы Бигелді Ғабдуллинмен кездесу болды. Автор орыс тілінде жазған бұл шығармаларында өмірдің ащы шындығын ашып көрсеткен. Кітаптарды толық оқып шықпағандықтан талдау жасай алмаймын. Автордың өз шығармасынан оқып берген үзіндісі және кітап редакторымен, баспаға дайындаған орыстың кешке қатысқан, белгілі жазушыларының пікірлерінен түйген ойымды сіздермен бөлісіп отырмын. 

Саясат деген сайқал алдында жеке адам, жай ғана адам емес, жеке тұлғаның, елім деген азаматтың мына заманда құны бір тиын екенін ұқтым. Олай болса, жай шаруа қарапайым адамдардың қоғамда мүлде құны жоқ деген сөз. Шындық кімге ұнаған? Шындықты айтатын осындай азаматтарды бір-бірлеп зынданға салып отырғандардың әлі де, жер басып жүргенінен шошисың. Автор өз басынан өткен жайды әңгімелей отырып, бүгінгі қоғамның шын бағасын берген. Бағасы, "Жарымаған, жартылай шындық "деп аталады. Кітап бағасын берер ұрпақ келері сөзсіз. Кітапта тек қазақ халқының қайғысы, мұңы ғана емес. Әлемдік әділетсіздік, әлемдік саяси ауру жайлы жазылған. Яғни, бұл кітап Әлемдік кітап. Сизодағы өмірі мен төрт жыл қуғында Америкада болған күндерін айтып тұрған автордың тамағына өксік тығылып, көзінен жас шыққанда, менің жүрегім қысылып кетті. Бұл көз жасы, азаматтың жасығанын шыққан жоқ. Әділетсіздік туралы бірнеше кітап жаза отырып, осы ащы шындықты халыққа жеткізгеннен шыққан жас деп есептедім. Жасымай, жоғалмай, сынбай айтарын қорықпастан жазып шыққан Батырдың көз жасы деп ұқтым. Жүрегім жылады. Ер - азамат көзіне жас алмасын, ағайын... Елміз бе, жұртпыз ба?! Әрқайсымыз ойланайық. Ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлейік. Осындай ұлттық рухы жоғары жігіттерді тәриелейік. Мораль кітабы сатылымда бар. 

"Сизо" кітабын сатқызбайды, таратылмайды. Осының өзі кітап бағасын айтып тұр. Жалпы әркім жақсы өмір сүргісі келсе, ұрпағы үшін қам жесе кітаптарды тауып оқып, өз пікірлерін қалыптастырады деп, ойлаймын. Шындықты айтар азаматтар бар екен-ау, деген қуаныш сәулесі көкіректе көлбеңдегенімен, бір мұң, бір кем дүние жүректі езіп, далаға шықтық. Москваның желі ағыл-тегіл жылап алған бұлттарын, батысқа қарай қуып барады екен. Ел-сел болып асфальтта ағып жатқан жаңбыр суы, азаматтың мұңын, көңілімнің кірін алып кеткендей болды. ВДНХ ға жақын тұратын, Айшат ханымның үйіне кіріп, соғымнан қалған сүрді жеп, сорпа ішіп, күш жинап алып, МДН ға қарай жүріп кеттік. 

Мәншүк рөлін сомдаған Наталья Аринбасаровамен кездесу

Бүгін Мәскеу Ұлттар Үйінде, "Песень о Маншук" фильмін көрсетеді. Және осы фильмде, Мәншүк ролін ойнаған, Наталья Аринбасаровамен кездесу болады. Фильм алдында Н. Аринбасароваың әсерлі әңгімесін, мәнерлеп оқыған өлеңдерін тыңдадық. Фильмдегі қарапайым қазақ қызының ұлттық тәрбиені аттамаған тәртібіне сүйсіндік. Қырғын соғыстағы жұдырықтай қыздың ерлігі мен ел-жерге деген сағынышын көрдік. Алматының апорт алмасын қолында аялап ұстаған көріністің әсері ерекше. Қаршадай қыз, қыршын жасын қиып, өлімге қорықпай қарап, ел-жерді қорғап, бейбіт өмір сыйлады. Фильм аяқталғанда, соғыс даласында өзім болғандай әсерде отырып, түске дейін, болған кітап тұсаукесерін ойладым. Ол саясат майданы, мынау соғыс майданы. Қанмен келген бейбіт өмірді саясат сайқалдың шайқауына беріп қойғанымыз-ай, деп ішім удай ашыды. Сахнаға қайта шыққан Натальяның фильмді түсірген кездегі әңгімелері ойымды басқа арнаға бұрғандай. Сонда да, толқындай толқыған көңіл сабасына түсер емес, тербелген жүрегіміз де, ұясында тыпырлап басыла алар емес. Мәскеудегі бір күнді осылай батырып, үйімізге қайттық. Бейбіт өмір болсын! Аман болайық! 

ЖАРҚЫН УТЕШОВА