Дулат Исабеков атындағы шеберхана ашылды
2025 ж. 16 сәуір
1451
0

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында қазақ әдебиетінің қара нары, қазіргі қазақ әдебиетінің классигі, ұлы жазушы, өз драматургиясымен ұлттық театр мен кино өнерінің дамуына зор үлес қосқан өнер және мемлекет қайраткері, «Қазақстанның Еңбек Ері», Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ұлттық өнер академиясының ұстаз-профессоры Дулат Исабековтің атындағы шеберхана ашылды.
«Өнертану» факультеті, «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының ұйымдастыруымен өткен бұл тағылымды шарада жазушының 20 жыл ұстаздық етіп, 4 буын шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі ерекше аталды.
Шеберхананың алдына ескерткіш тақта орнатылып, аудитория ішінен Дулат ағамыздың өз қолымен жазған лекциялары мен қолданған заттарынан арнайы бұрыш жасалды. Бұл – жас ұрпаққа аманат, ұстазға деген тағзым!
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы – төл өнеріміздің қара шаңырағы ретінде әлемге белгілі. Осы киелі өнердің бесігі саналатын шығармашылық ұжымда Дулат Исабеков атындағы шеберхананың ашылуына ұсыныс жасалғанда академия басшылығы қызу қолдады.
Дулат Исабеков осы шеберханада 2007 жылдан маңдайының тері сіңіп, иісі сіңіп, бірнеше мәрте драматургтер буынын тәрбиелеген.
Іс-шара барысында алғашқы сөз Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Жудебаев Арман Әділханұлына берілді.
Дулат Исабековтің қазақ өнеріне әдебиет ауылынан келгені баршаға аян. Жазушының артында қалған әдеби мұрасы келешек ұрпақтың алтын қорына айналатынына сенім мол. Дулат Исабековтің романдары, повестері орыс, неміс, ағылшын, т,б, тілдерге аударылған, қазір күллі әлем танитын тұлға еді. Одан кейінгі сөз кезегі Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қансейіт Әбдезұлына берілді.
Дулат Исабековтің қарымды қаламынан туған сахналық драмалары қазіргі таңда әлем театрларында қойылып жатыр. Драматургтің «Әпке», «Мұрагерлер», «Ескі үйдегі кездесу», «Аққу Жібек», «Ректордың қабылдау күндері», «Кішкентай ауыл», «Балуан Шолақ», «Бөрте» сынды пьесалары бүгінгі театрлық репертуардың ажарын кіргізген көркем шығармалар. Бірнеше буын актерлер сол пьесаларда шығармашылығын түзіп, өнерлерін шыңдап келеді.
Жиын аясында «Кішкентай ауыл» драмасында басты рольді Демесіннің бейнесін сомдап, Дулат Исабековтің кейіпкерін сахнадан сөйлеткен Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, өнертану кандидаты, профессор, қазақ өнерінің жарқын жұлдызы Тұңғышбай Жаманқұлов сөз алып, жазушының жарқын бейнесін еске алды.
Саналы ғұмырында әдебиет пен өнердің салмағын қатар арқалаған Дулат Исабековтің киносценарийст ретінде жасаған мол еңбегін атап айтқан абзал. 1975 жылы кино режиссер Шәріп Бейсамбаев түсірген «Гаухартас» фильмі қазіргі таңда қазақ киносының алтын қорында. Қайталанбас сол кино бейнелермен бірнеше буын қазақ жастары тәрбиеленіп келеді. Осы орайда Қазақстанның халық жазушы, киносценарийші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық өнер академиясының профессоры Смағұл Елубай сөз алып, Дулат Исабеков турасындағы жүрекжарды пікірін білдірді.
Осынау маңызды іс-шараға Дулат Исабековтің отбасы мүшелері де қатысты. Жазушының ұлы, асылдың сынығы Естияр Дулатұлы сөз сөйлеп, ауқымды іс-шараны өткізуге мұрындық болып отырған Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымына алғыс білдірді.
Дулат Исабеков атындағы шеберхананы ашу рәсімінің басында ескерткіш тақтасы ашылды. Салтанатты рәсімді академия ректоры Арман Жүдебаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург, профессор Сұлтанәлі Балғабаевтар атқарды.
Сондай-ақ жиынға Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аман Құлбаев, М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрдың режиссері, сахна педагогы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов, Әдебиет және мәдениет сыншысы, шебер аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз Ғайнижамал Әбілдина, театр режиссері, театр педагогы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алма Кәкішева, Өнертану докторы, профессор, театртанушы, Қазақстан Театр сыншылары бірлестігінің мүшесі Бақыт Нұрпейіс, өнертану кандидаты, профессор Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Театр және кино» бөлімінің меңгерушісі Амангелді Мұқандар қатысып. жазушы турасындағы жылы лебіздерін білдірді.Осы орайда Дулат Исабеков шеберханасын аяқтап, төл шәкірті болып жүрген жас драматургтер Мұрат Қолғанат, Ахмет Ақмоншақ, Аршын Нұрбақыт, Мырзабек Нәсіпхан, Мейіржан Жылқыбай, Хадиша Ақылбековалардың іс-шараның өтуіне зор қолдау көрсеткенін атап өткен ләзім.
Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер
академиясының Өнертану факультетінің деканы