ЖЕЛ ТЕРБЕГЕН ҚАҒАЗ
2025 ж. 17 сәуір
1404
0

Әкем, ағам және өзім туралы
Көрнекті жазушы, сатирик, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғаббас Қабышұлы тоқсан жасқа толды. Осынау мерейлі сәтке орай Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов қаламгердің шаңырағына арнайы келіп, мерейтой иесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады. Президент хатында қаламгер ретінде даралығын ертеден-ақ айқындай білген айтулы азамат, белсенді қоғам қайраткеріне зор денсаулық, шалқар шабыт тілеген.
Біз бұл ретте Ғаббас ағаның өз өмірінен қысқаша ой бөлісуін өтіндік.
– Болашағы ұрандатылған жаңа заманнан, социализмнен, коммунизмнің елесінен ертеңін іздеген, кеңестік жүйеге жүгінген, партияға шүбәсіз сенген буынның бір өкілі әкеммен өзімше маңызды деп білген мәселелер туралы әңгімелесіп жүретінмін. Жас жорналшымын, білмекке құмартқан жәйт көп. Солардың бірі – анау колхоздастыру.
– Әке, сол науқан, сол тәртіп қазаққа қажет пе еді? – дегенімде ол біраз ойланып отырды. Өзі бісмілдә деп басы-қасында болған, бүкіл қажыр-қайратын берген ұзақ-қиыр істің тігісі мен әдібін көңіл көзінен жеделдетіп және бір өткізген болар.
– Балам, мен көсем болған жоқпын, көп көсеудің бірі болдым. 1917 жылғы Қазан төңкерісі болмағанда, заман өзгермегенде орыс та, қазақ та, басқалар да колхоз-совхоздың не екенін қайдан білсін. Коллективтендіру – лениндік жаңа жолдардың бірі делінді. Ал патша тақтан құлатылмаса, біз Ресейге бодан болып, орыс болып та кететін едік. Біздің жерімізге переселен орыстар қаптап келіп жатты, село-село болып орнығып жатты, өйтуге жер иесінен рұхсат сұраған да жоқ. Мысалы, біздің Үранхай ауылынан Өскеменге дейінгі алпыс шақырым жолда: Солдатское, Скалистое, Аблакетка, Васильевка, Самсоновка деген бес село айналасы бес-алты жылда пайда болды. Олар қазақтың: Дөңесауыл, Еңісауыл, Кеңжазық, Қызылдала, Бұйық деген сулы-нулы мекендері еді. Переселендердің жерімізге баяғыда қойылған аттарды өзгертуге рұхсат сұрағаны сол, қазақтарды жан-жаққа, құмдауыт тақырға қуып тастады. Бейғам отырған қамшылы бір қазақ мылтықты бес переселенге төтеп бере алсын ба? Біздің Байшы ауылының да ұйқы-тұйқысы шықты, себебі: он үй қазақты келімсек екі үй переселен баса-көктеп бағындырып алды, ол екі үйдің біреуі күшті орыстікі екен, ә деп келгенде-ақ найза-мылтықты он атты әскермен жетіп, айғайды салып, ауыл үстін атқылап, ойына келгендерін істеді. Ол тұрыпты, қазағың, тіпті, бертінге дейін әлгі бес село арқылы өтетін күрежолмен Өскеменнің базарына бара алмай жүрген. Жаңа қожайындар оларды сабап, атына дейін тартып алатын болған. Сонсоң қазекең сақтанып, бірлі-жарым жүргенді қойып, он-он бестен кілең қамшыгер, сойылгер, балуан жігіттер ұйымдасып жолаушылайтын болған. Соның өзінде қып-қызыл төбелессіз өте алмаған. «Барлық ұлт тең праволы болады, бірін бірі жәбірлеу, кемсіту болмайды» деген Октябрь революциясының ұраны біздің жаққа кеш жетті, бірақ, ақырында игілігі болды...
Ал коллективтендіру дегеніңе келсек, оны «шаш алудың орнына бас алмай» түзу өткізгенде, қазақтың малын ашық барымталамай, айталық: «колхозға ерте ме, кеш пе өз еріктеріңмен кіріп, малдарыңа өздерің бұрынғыша ие болып өсіріп, мемлекетке жылына, мысалы, қораңдағы малыңның бесеуінен біреуін тегін беріп отыр; мемлекет тұқымдық бидай береді, соны ек, өндір, сонсоң өзіңнің еңбегіңе, колхоздың келесі жылғы тұқымына керекті алып қалып, басқасын мемлекетке өткізіп отыр» десе, ол дұп-дұрыс, пайдалы болар еді. Байларды қудаламай, мүлкін кәмпескелемей, колхозға бойларын үйрете білу керек еді. Өйткен күнде олардың байлығы қайда кететін еді, шет ел дегенді білмейтін қазақ емес пе едік? Сендердің кейбіреулерің жазғандай, қазақ байлары шетінен ақымақ, дүниеқоңыз болған жоқ, ауылын да, алыс-жақын қазақты да жарылқап жүрген байлар аз емес еді. Басқа жақты білмеймін, бізде колхоздастыру ұр да жық жүргізілді, қисық-қыңыр басталып, жүн сабағандай, жын ұрғандай болды, қорлық-зорлық өршіп, қырғын-сүргін етек алды, аштық жайлады... е-е-е, балам, біз не көрмедік?. «Орысша сауатың бар, соғыста болып, ысылып келдің, жас кадрымызсың» деп мені аупартком мен ауатком қоярда-қоймай партияға өткізіп, колхозға бастық етті... Ақырында Маркстерің айтқан коммунизм елесі ауылды титықтатты...
– Әке, Маркс сіздердікі ғой? – деп әзіл қыстырдым. Әкем мырс етіп:
– Біздікі болған, енді сендердікі. Бәрін сендерге қалдырып кетерміз, арғы жағын бір құдай білер, – деді...
1931 жылдан коммунист әкемнің қалайда іштей діндар адам болып өткеніне мен қайранмын. Атеизм деп аталған жасанды саяси «ілімнің» құрығы құдайға сенгендердің ешқайсысын құтқармай, қылқындыра буып, молда біткенді райынан күштеп қайтарып, өкімет өктемдігі шексіз асқынып тұрған сол уақыттың өзінде әкем дінге қарсы бір ауыз сөз айтқан емес.
Шешесі бес уақыт намазын қаза етпейтін, ораза тұтатын, құран оқитын. Әкем қаршадай кезімде-ақ мені ораза күндері оятып: «Балам, тұра ғой, апаңмен бірге сәресі іш. Апаңның қойнына жатасың, ал шәйін жасап бермейсің, бұның қалай?» дейтін. Оразадан кейін ауыз аштыру, айтшылау колхоздың кемпір-шалдары мен балақайларына кәдімгідей мереке болатын. Оң аяғы тартылып қалған, сыңар таяқпен шойнаңдап жүретін Шайқы деген молда болды, «Қызыл ту» колхозында тұрғанымызда, ол сүндет жасайтын, өлім-жітімді мұсылман ғұрпымен өткеретін. Ол келе қалғанда әкем үйде отырса: «Ә, молдеке, төрлетіңіз!» деп төрге шығарып, есен-саулық сұрасқан соң: «Молдеке, аруақтарға бір лебіз білдіріп жіберіңіз!» деп дұға оқытатын. Бірде ауданнан келген өкіл жігіттің көзінше құран оқытқаны бар. Өкіл бетінің аздаған секпілі анық байқалатын аққұбаша сұлу жігіт еді, ол батаға қолын жаймай тымырайып отырды да, молда шығып кеткен соң: «Қабеке, бас атеист өзіңіз ғой десек, мұныңыз қалай болды?» деді. Шыны керек: шырт етпеді, сыпайы сөйледі. Әкем оған әнтек аңтарыла қарап: «Ай, інім, Нұрман! Сен менің тұңғыш баламнан бес-алты жас қана үлкен сияқтысың, маған сыншы болмай-ақ қой. Біздің өкімет, партияның өзі дінге бостандық демеді ме? Ендеше атеизмді тым әспеттемейік. Колхоздың жұмысы ақсап жатса, менің кінәм – сол. Осыны өзің де ойла, басқаларға да айта бар, жарай ма?» – деді. Өкіл жігіт қызарақтап қалды...
Әкем жетпіс бірінде, әкесінің жасы шектелген межеден аспай, дүниеден өтті. Жетпіске шыға сырқат іліккен-ді. Қара шаңырақ иесі кенженің – менің қолымда, Алматыда еді. 1971 жылдың наурыз айы орталана бере, аурудың бетін ешбір ем қайтара алмасын андаған соң, Өскеменге, үлкен ұлы Қадестің қолына баруды жөн көрген әкем мені оңашалап алып: «Балам, мен енді көп жүрмеспін, иемізден шақырту келе жатқан сияқты, – деп сәл күлімсіреді де: –Құдайдың бергеніне шүкір, бәріне, бәріне ризамын. Бес балам, сендерге ризамын. Қаде-жанның қолына барайын, әке-шешем жатқан жердің топырағы бұйырсын маған. Атым коммунист болса да, затым мұсылман еді, мені ата-бабамыздың ғұрпымен аттандырыңдар, Өскеменде Ақмолда бар, соның айтқанын істеңдер. Қаде-жанға да ескертермін» – деді...
«Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілерсің». Тақуа апамның бауырында болғандығымнан шығар, мен діндарлау өстім. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөз көкірегіме қонын қалған-ды. Ешқашан ешбіреуге жамандық, кесірлік, қысастық жасамадым. Атақ-дақпыртқа, сыйлық-награда дейтіндерге қызықпадым, бұлардың өзіме бұйыруы қолымнан келіп, өзіме байланысты болып тұрған тұстарда да пендешілдікке бой алдырмадым. Оған өкінбеймін.
Дос-жолдастарымның, қоластымда қызметтес болғандардың алдында арым таза. Ал апамша айтқанда, «жаратушы иенің» ренішіне бір рет тап болдым. Ол – құдай жоқ деп үйреткен партияның қатарына 1963 жылдың мамырында ойда жоқта қабылданғаным. Мен онда Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» гәзетінің редакциясында жауапты хатшының орынбасары едім. Редакторымыз Бейсенғали Тәйкіманов бір күні шақырып алды да: «Партияға өтуге әзірлен. Қалалық партия комитетімен келістім, рекомендация беретіндерді белгіледім» – деді. Мен тосын тасқынға тап болғандай күй кештім. Жандәрмен қарсылық жасадым: «Менде ондай ой жоқ!» – дедім. «Неге?!» – дейді Бейсекең, алтынжағал көз әйнегінің үстінен түйіле қарап. Сөйтіп, не керек, екеуіміз біраз тәжікелестік. Бейсекең нығыздап қатқыл сөйлейтін кісі еді. Қарағандыдан бізге келгеніне үшінші жыл-ды. Бұрынан үйсіз-күйсіз жүргендерімізге осы уақыт ішінде-ақ пәтер алып беріп, гәзеттің қаламақы қорын қалайда молайтып, жағдайымызды жақсартып жіберген. Бұрынғы редактордың (Бейсек Исабековтің) тұсында қалалық партия комитетіндегілер, облыстық партия, атқару комитетіндегілер редактордың өзінен бастап бәрімізді қолбалаша жұмсайтын, тыныштық бермейтін. Келісімен соны аңғарған жаңа басшымыз бірде партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдарының ашық жиналысын шақыртты да, әңгіменің ақырында: «Бұл редакция қолында қамшысы бар анау жоғарыдағы шолақ белсенділердің атқосшысы болып кеткен екен. Бүгіннен бастап олай болмайды, менің рұхсатымсыз тырп етпейсіңдер!» – деді де, төте телефонының тұтқасын көтеріп, табағын айналдыра бастады. Арғы жақтан жауап естілген сәтте сақалсыз иегін уыстай бір сауып қойып (сондай қызық әдеті бар-ды): «Товарищ Неклюдов, здравствуйте! Вас беспокоит Тайкыманов; как Ваше здоровье? Настроение?.. – деп сәлемдесіп алды да: – У меня, товарищ Неклюдов, большая просьба к вам, вот какого характера: работники горкома партии, обкома партии, облисполкома – заведущие отделами, их заместители, заведующие секторами, даже инструкторы, оказывается, превратили журналистов нашей редакции в мальчики на побегушках, вызывают их когда хотят, посылают куда хотят, понимаете? Что это такое? По-моему, это – безобразие. Вот вчера ваш работник, понимаете, завпартотделом товарищ Белявский через своего помощника вызывает меня к себе. Я, конечно, не пошел. Потом он звонит мне сам и говорит: «Товарищ Тайкыманов, почему вы не приходите, когда вызывает обком партии?». А я ответил ему... товарищ Неклюдов, вы меня слушаете?.. Да?.. Хорошо! Вот я ему ответил: «Уважаемый товарищ Белявский, вы – не обком партии, а только его завотделом. Редактор областной газеты тоже член бюро обкома партии, его тоже утверждает и освобождает ЦК партии, то есть он на равных правах с завотделами обкома партии. Поэтому вы не имеете права вызывать меня к себе. Если будут какие-то вопросы, проблемы, тогда, пожалуйста, позвоните мне сами, переговорим, решим. Вот так. До свидания!» – сказал я ему. Вы меня поняли, товарищ Неклюдов?.. Да?.. Спасибо вам! А?.. Мы, журналисты, умеем уважать всех, пусть они тоже уважают нас. А?.. Спасибо! Всего вам доброго!» – деп тұтқаны орнына қойып, иегін және бір сауып, басын шайқады (А.И.Неклюдов облыстық партия комитетінің бірінші секретары еді). Сол күннен бастап арқа-басымыз кеңіді, көзіміз ашылды, жұмысымызды орнығып, алаңсыз атқаратын болдық. Ал екеуіміздің тәжікеміз редактордың: «Партияға мүше болмасаң, есіңде жүрсін, мына бүгінгі қызметіңнен жоғары аса алмайсың, өспейсің, ертең менің орныма редактор болу былай тұрсын, бөлім меңгерушісі де бола алмайсың, обком бекітпейді. Так что, ойлан. Әкең қарт коммунист қой, менің ұсынысымды айт, ақылдас» – деуімен тәмәмдалды.
Кеште әкеммен пікірлесіп едім, ол ойланыңқырап отырып: «Заманың қалай болса, бөркіңді солай ки» деген, қызыл билетсізге жол қалмай бара жатқан жоқ па, балам! Тәуекел де, арғы жағын көрерсің, тек құдай ғұмыр берсін!» – деді...
Осы тұста өзімнен төрт жас үлкен ағам Қадестің бір қылығын еске ала отырайын. Қадес Өскеменнің Жамбыл атындағы орта мектебін күміс медальмен бітірді де, Мәскеуге барып, С.Орджоникидзе атындағы геологиялық барлау институтына оқуға түсіп, оны тәмәмдағаннан кейін Өскеменге оралды, Шығыс Қазақстан облыстық геологиялық барлау басқармасына қызметке тұрды. Бұл басқарманың құзырында 1990 жылға дейін істеп, зейнетке шықты. Облыстың кен аймақтарын зерттеуге, небір қажет: алтын, күміс, қорғасын, мыс, жез, тағы басқасын өндіруге көп еңбек сіңіргені ақиқат. Бірақ соны бағалау бола бермеді, басқарма өз дәрежесіндегі грамота, ақшалай сыйлық дегенді беріп тұруға мәжбүр, иә, мәжбүр болса да, республика, одақ деңгейіндегі наградаға ұсынған емес. Мен білгендегі бір себеп: басқарманың бас инженері өркөкіректеу, менмендеу орыс жігіт Қадеспен сырттай кәдімгі бақталас екен. Ал оның пиғылын үнемі алыс аудандарда иен далада жұмыс істейтін кен-барлау партиясының бастығы Қадес білмеген, өйткені, ол Өскеменге айына бір рет қана – жұмыстарының нәтижесінен есеп беруге, жұмысшы-қызметшілеріне айлық еңбекақы алып қайтуға ғана келетін. Облыстық басқарманың бастығы (ғылым докторы) Қадестің еңбегін біледі, бірақ оны бағалауда бас инженерінен асып ештеңе істей алмайды, қолынан бір келгені Қадесті партияға өтуге көндіргені болыпты. Өткісі жоқ геофизик-инженеріне: «Қашанғы далада жүре бересің, сен мұнда да керексің, өсуің керек, қазақтан жалғыз кадрымызсың» деген. Кепілдік (рекомендация) беретіндерді белгілеген. Бірақ Қадес партияға өте алмады, жиналыста коммунистер екіге жарылып, қызылкеңірдек айтыс болған: бас инженер ұйымдастырып қойған топ қарсы шығып, ырық бермеген, бас инженер: Қабышев әлі жеткілікті еңбек сіңірген жоқ! – деп сыңарезуленген. Әкеміз мінездес Қадес шыдамапты, бас инженерге: «Адамның адал еңбегін бағалауда сен сияқты кеңсе тышқанын (орыстарда «конторская крыса» деген сөзтіркесі бар ғой, – автор) тойтаңдатып қойған партияға мүше болуға арым шыдамайды!» – деген де, жиналысты тастап кете берген. Ұлының ол қылығын менен естігенде әкем: «Мейлі. Партиясыз да күн көрер, дені сау болса екен!» – деген-ді.
Жеңгем – Роза Ахметқызы (ол Ленинградтың Тоңазытқыш өнеркәсібі институтын тәмәмдаған инженер еді) екеуі үш ұл, бір қыз сүйді, немерлерін өсіріп-тәрбиеледі.
(Қосымша. Әйтеуір, алар ажалдың күні бұрын айтпай, тосыннан әкеткені жөн екен. Қарттардың сырқаттана қалғанда: «Е, алла! Асатынан ала гөр! Көп бейнет тартқызба!» деп күбірлеп жалбарынғандарына куә едім. Онысы шын тілек екен, жарық дүние қаншалықты қымбат болса да, аурудың азабын тарту бұ жарық дүниеден безінуге мәжбүр етеді екен... Қадес 2001 жылдың жазында ауруға шалдықты. Емін-еркін жүріп-тұрудан, тыныш ұйқыдан қалды. Бұрын дәрігердің алдын көрмеген адам дәрігерге көрінуге асықпаған... Ақырында аурухана мен үйі арасынан басқа жаққа ұзап шыға алмас хал кешті. Жеңгем Роза телефон шалып, жабырқай сөйлескені жаныма батты да, апайымыз Асылмен ақыл қосып, екеуіміз қазан айының 14-і күні пойызға мініп, Өскеменге аттандық. Қадестің ауруханадан шыққанына екі апта болған еді... Әлсіреп қалғанын көрдік. Үйінде бір апта болып, ауруханаға тағы жатқызып (22.10.2002 ж.), Алматыға қайттық.
Қазанның 30-ы күні таңертең телефоным шылдырлап, суық хабар жанымды шырылдатты... Қадестен айырылып қалыппыз)...
...Содан бір ай шамасында коммунист боп шыға келдім. (Ол жылдары қызметкерлерді партияға алу шектеулі екен, «жұмысшы мен шаруа көбірек қабылдансын» деген нұсқау бар екен, ал мені редактордың күшімен тез өткізіпті. Бұл «құпияны» кейін білдім). Неге екенін түсіндіріп бере алмаймын, дәл сол күні кеште қатты қобалжыдым. Үйдің іші ысып, пысынап кеткендей ме, бүкіл денем ауырлай бастағандай ма, біртүрлі жайсызданып, далаға шықтым. Үйіміз Үлбі өзенінің жағасында болатын, аяңдап өзенге бардым.
Бір ескі қайықтың қаңқасы төңкерулі жататын, соның үстіне төселген гәзеттің жырымдалған бір пұшпағын желемік сыбдырлатып тұр екен, сол сыбдыр маған жағымсыз әсер етті – еңкейіп жұлып тастадым. Құдайдың құдіреті: сол әредікте маған «мынау жел – заман, ал мына жырым қағаз – мен емеспін бе?..» деген тосын ой келгені ғой. Дереу құбылаға бұрылдым да, екі алақанымды жайып: «Тәңір, менің бүгінгі қадамым оң ба, теріс пе? Апамның: «Алла тағала айтыпты, аяғындағы киімің өкшеңді қажаса, оған өзің кінәлісің, ал басқаның бәрі менен депті» дейтіні рас па?.. Қателескен болсам, кешіре гөр!» – деп бет сипадым.
Міне, одан беріде аузымнан: «Құдай жоқ!» деген сөз шыққан емес. Барына, жоғына көзім жетпеген соң қыңырайып бір жағын ашық ұстанып қайтемін, апамның: «Е, балапаным, жаратқан бір иенің бары хақ!» деген тұжырымын естіп, сеніп өстім де, кейінде түйсік көшіме жолортада қосылған атеизмге ішім жылымады, сол қалпымды сақтадым. Қаза сәтінде бата жасау, құран оқу болмай қалғанда ішкен асым адал еместей, ілтифат күткен аруақ теріс қарап кеткендей іштей ыңғайсызданамын. Сондай-ақ қашан, кімнің алдында, нендей мәселеде болсын жалған сөйлеу, көлгірсу, жақсыаттану әдетім жоқ, бұл жаратылысыма қоса әкемнің: «Балам, әділ бол, адал бол, адам екеніңді ұмытпа!» деген сонау шәкірт шағымда қатқыл айтқан бір өктем өсиетінің санама өшпеске сіңгенінен шығар. Ол өсиетті естуіме балалық бір қылығым себепші болған. 2-ші класта оқитынмын. Сабақ жылының тәмәмдалуына бір аптадай ғана қалған. Мектептен келе жатқанымызда Науан деген бала (ол 3-ші класта оқитын): «Әй, жүріңдер, жоғарғы иірімге барайық, одан кеше Дайыр нән шортан ұстап алыпты, бір кішкентай шабақты қармағына шаншып салған екен, шортан зулап кеп жұтып жіберіпті!» деп, сол шортанды өзі ұстағандай-ақ қызына сөйлегені. «Соқ өтірікті» деді оған сенбеген Мүкеш. «Өтірік десең, Дайырдың өзінен сұра» деп Науан бұртиды. «Дайыр бүгін мектепке келмеген ғой, көрінбейді, сірә, тағы шортан аулап жүрген шығар» – деп Мұхтар мырс етті. Ішіміздегі ересектеуіміз Нұртас: «Қазір балықтардың аш кезі ғой, көктем емес пе, шортанның да қармақ қабуы мүмкін, тіпті, он шақты шермейді бірден шаншып қойсаң, шынында шабақ екен деп бассалар» деді айтыса кетпекші екі жақтың арасына бітімші болып.
Қысқасы: кіші бесін мезетінде ауылдың жоғарғы жағындағы үлкен иірімге барып қармақ салдық. Төрт баламыз. «Аш балық» аңғарыла қоймады, қалтқымыз қимылсыз. Шермейді қабаттап та шаныштық, қармақты иірімнің орта тұсына барып та салдық, ал балықтардан «сәлем» жоқ. Сөйтіп жүйкеміз жұқарыңқырап, «сен келтірдің!», «жоқ, барайықты сен бастағансың!» десіп, бір-бірімізге сөз шабуылын әзірлеуге кіріскен кезімізде бір топ қаз «ғы-ғы-ғылап» иірімге келіп түсіп, бірін бірі шоқып қуып, суды құлашқа жуық қанаттарымен күмпілдетіп сабалап, бізге «концерт» қоя бастады. Мен балықтарға «өкпелеп», жағаға шығып отырғанмын. «Мына қаңқылдақтардың ызасын-ай, балықты үркітіп жүргендерін!» деді суда тұрған Мұхтар қырылдай сөйлеп, құдды «қаңқылдақтар» келгенше балықты қырып ұстағандай қатты кейіп. Өзім де қитығып отыр емес пе едім, лақтың асығындай бес-алты тасты тере түрегелдім де, қаздарды атқыладым. Соңғы тасым тиген бір қаз сылқ етіп, далиып жата кетті. «Ойбай, өлтірдің! Қашайық! Боговиннің бәдік қатыны көріп қойса, бәрімізді өлтіреді!» – деп Мұхтар баж ете қалды.
Үдере жөнелдік. Ауылда жалғыз үй орыс Боговин деген ұста бар еді, оның қатынынан бүкіл кәрі-жас сескенетін, өйткені ол кімге болсын ашуланғанда боқтық сөзді қарша борататын және бірер сағатқа жеткізіп бір-ақ тоқтайтын. Орыс тілінде боқтауда біздің талайымыздың «сауатымызды» ашқан – сол. «Боговиннің бәдік қатыны» деген сөз «әзірейіл қатын» деген ұғымға ие болған да, ешкім оған жуымауға тырысатын. Оның шын атын ешқашан естіген емеспін, «Боговиннің бәдік қатыны» дейді бәрі – бітті!..
Төрт «қашқын» ұста дүкенін маңайлап, темір-терсекпен ойнап жүр едік, менімен кластас Мәйке келіп:
– Ғаббас, сені әкең шақырады, – деді.
– Қайда?
– Жағыпар ағаның кеңсесінде.
Жағыпар – қойма кілтшісі болатын.
– Әй, жүріңдер! – деп жолдастарымды бастай жөнелдім.
– Кәне, кім бұрын барар екен?! – деп желаяқ Рауан зымырап берді.
Колхоз қоймасына бәйгеден келгендей-ақ ентігіп жетіп бардық. Танаулаған күйі кеңсеге кірдік. Ішкі есікті аша бере шаңқылдаған бір таныс дауысты естігенмін, бірақ кімнің дауысы екенін бажайлау ойда жоқ, іркілмей ендік.
Ал керек болса! Төрде, Жағыпар ағаның үстелі басында әкем отыр да, қиыстау қойылған орындықтардың бірінде өлі қазын құшақтап Боговиннің қатыны отыр! Шаңқыл соның «әні» екен. Жүрегім су-у етті. Дізем бүгіліп бара жатқандай болды.
– Хватит! Молчи! Дай сюда! – деп әкем кенет ақырып қалып, түрегеп, Боговиннің қатынына қолын созды. Анау атқып тұрып, қазын әкеме ұстата салды. Әкем екінші қолымен төс қалтасынан ақша алды да:
– Вот, бери, на это три гуся можно купить, все, уходи! – деді.
Боговиннің қатынын көзімен шығарып салды да, енді маған суық қарап:
– Бері кел! – деп зекіді. Табаным еденге жабысып қалғандай-ақ әрең жақындадым. Әкем сирағынан серейтіп ұстап тұрған қазды көтеріңкірей бере:
– Мә, мынаны үйге апарып пісіріп же! – деді де, қас қағымда мені қазбен періп кеп қалды. Мен тырапай астым.
– Жоғал! Әкет! – деді әкем булыға бұйырып.
Ілесе кірген жолдастарым опыр-топыр зыта жөнелді де, мен орнымнан сиырша сүйретіле тұрып, «олжамды» алып, соңдарынан ілбіп шықтым.
Кішігірім марқадай қазды бір қолыммен сирағынан, бір қолыммен ұп-ұзын мойынынан ұстап көтеріп, «жердің астымен» үйге жеттім-ау. Апам есік алдында жүр екен, қазды тастай салып, апамды құшақтай алып, жазықсыз жапа шеккендей-ақ жылап қоя бердім. Әкемнің алғаш рет қолы тиген «қорлығы» оңашада емес, жолдастарымның көзінше болғаны жаныма батқанын көз жасыммен ұқтырғым келген шығар, үнсіз жыламай, тіпті, бақырып-бақырып жібергенім. Апам шошып кетсе керек:
– Балапаным-ау, не болды?! Кім тиісті?! – деп бауырына басып, аймалап, көзімнің жасын алақанымен сүрткілеп әуре. Сол әредікте өзім осы уақытқа дейін таңқалатын бір жәйт болды. Апам: «балапаным-ау» деген сәтте менің ойыма: «мына өлген қаздың балапаны бар ма екен?» деген сұрақ сап етті де, мен апамның бауырынан шалт тартынып, әлгі жатқан қазға жалт қарадым – денем бір түрлі мұздап кетті, өксігім пышақ кескен жіптей үзілді.
Қаз «хикаясын» апама дереу айтып бердім. Апам бет-ауызымды енді көйлегінің етегімен мұқият сүртіп, төбемнен үш қайтара иіскеді де:
– Әкеңе өкпелеме, Боговиннің бәдік қатыны шаптығып жеткен соң қайтсін, соған ширыққан ғой, ол да пенде емес пе. Жарайды, мынаның жүнін жұлып алайын да, жастығыма мамық етейін, ал етін итке тастайын, бұйырған шығар. Сен үйге бар, сабағыңды қара, – деді.
Іңірде дастарқан басына ошарылғанымызда әкем Боговиннің қатыны бастаған «концерттің» жайын айтып күлді де, мені басымнан сипап:
– Балам, адамға ғана емес, аң-құсқа да, жануар-жәндікке де ешқашан обал-қиянат жасама, жанашыр, әділ, адал бол, адам екеніңді ұмытпа! – деді.
Ол сөзінің мән-мағынасын мен, әрине, сол естіген сәтімде емес, кейін, есейе ұқтым. Ұқтым да ұстандым. Бірақ өмір шіркіннің өзегі үнемі ашық па, жолы үнемі жазық па?! Солай болуға тиістің өзін де олай болдырмаймыз, оны біз – жұмырбасты пенделер, өзіміз бұрмалаймыз. Білмей, сезбей, түсінбей, ұғынбай бұрмаласақ бір сәрі, әдейі істейтініміз, «қолдан келіп тұрғанда қоныштан басатынымыз» бар, сол жиіркенішті. Мен мына көңіл күйімді жазғанда соны айтыңқырауды ойладым. Әлбетте, мұнда кімді болсын бірыңғай мақтау да, даттау да, жоқ, өзім азды-көпті қарекеттес болған кейбір үлкен-кіші кісілердің әрекет-мінездеріндегі жақсылықты, бейкүнә әзіл-күлкілі нышандарды және адам, азамат атына кереғар қылықтарын айту бар.
Мен де ел қатарлы тіршілік жасадым: Өскеменде, Шығыс Қазақстан облыстық гәзетінің редакциясында он жыл, Алматыда: республикалық «Қазақ әдебиеті» гәзеті редакциясында тоғыз жыл, кешегі СССР Жазушылар одағы Әдеби қорының Қазақ бөлімшесінде директор болып жеті жарым жыл, республиканың сатиралық «Ара-Шмель» журналының бас редакторы болып бес жыл, одан беріде, жасым алпысқа толғанға дейін Қазақстан Жазушылар одағы Көркем аударма және әдеби байланыс Бас редакция алқасында бөлім меңгерушісі, төраға, Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы болып істедім. Қырық жылғы ресми қызмет жолымда көргенім де, көңілге түйгенім де жетерлік.
Әңгімені әзірлеген
Құлан САҒА
ТҰЛЫ
Алматы