КІТАП АЗАЙДЫ МА, КІТАП ОҚУ АЗАЙДЫ МА?!.

КІТАП АЗАЙДЫ МА, КІТАП ОҚУ АЗАЙДЫ МА?!.

Тәуелсіздік алғалы бері еліміздің әдеби-мәдени өмірі бірқатар серпіліс пен тоқырауды бастан өткергенін көкірек көзі ашық оқырман қауым жақсы біледі. Экономикалық күрделі ахуал кезеңінде, яғни, тоқсаныншы жылдардың бас-аяғында әдеби үрдістер кенжелеп, кітап шығару, оқырманмен байланыс аясы тарыла бастады. Оған талай жылдан бері қалыптасып қалған кеңестік кітап шығару үлгісінің күйреуі ғана емес, тәуелсіздіктің бастапқы кезеңдеріндегі аумалы-төкпелі жағдайлар, нарық заманының ентелеп енуі үлкен әсер етті.

Жазушы қауым бұрынғыдай мемлекеттің қамқорлығымен толағай тиражбен кітаптарын шығара алмай қалды. Жеке баспалар көптеп ашылып, кітап кәсіптің көзіне айналды. Бұрынғыдай көркемдік кеңестер көркем шығарманы талқыға салмайтын болды. Демеуші тапқан, не өз мүмкіндігі жеткендер өз қалауынша кітаптарын шығарды. Әрине, мұның артықшылығы да, кемшілігі де бар.

Аталмыш сараптамалық мақаламызда тәуелсіз қазақ әдебиетінің жай-күйі туралы толғанып көрмекпіз.

КЕҢЕС ДӘУІРІНДЕГІ ӘДЕБИ ҮРДІСТЕР

Жалпы, әдебиет зерттеушілерінің дерегінше, адамзат тарихында 130 миллионнан астам әртүрлі кітаптар жазылған екен. Әрине, әр зерттеушінің өз есебі бар десек те, көбінің ортақ санауы осы санның ар жақ, бергі жағына тоқтасады. Бұл кітаптардың ішінде құнды тарихи жәдігерлер де, әдеби бестселлер де, проза мен поэзияның әр ғасырдағы озық үлгілері де, жарыққа шыққанымен оқырманын таппай, не көптің көңілінен шықпай ұмыт болған қалың томдар да бар.

1980 жылдардың ортасында Кеңес Одағы бойынша барлық кітаптардың (брошюралар мен ведомстволық, оның ішінде зауыттық басылымдарды қоса алғанда) жалпы жылдық таралымы 2,2 миллиард данадан асты. Соның ішінде, көркем әдебиеттің үлесі шамамен жартысын құрады.

1974 жылы Кеңес Одағында макулатураны кітапқа айырбастау эксперименті болғанын бүгінде сол заман қаламгерлерінің естелігінен ғана оқып біле аламыз. Макулатура қабылдау пунктіне тапсырылған әрбір 20 келі қағаз «қоқыс» үшін клиентке арнайы талон беріліп, кейін соған кітап сатып ала алатын. Мәселен, классикалық екі томдық кітап үшін 40 келі қағаз тапсыратын.

Қабылдау пункттері әртүрлі кесте бойынша жұмыс істеді: Ленинградта - сағат 13-тен 21-ге дейін, Ашхабадта - 9-дан 19-ға дейін. «Макулатура» сериясы аясында КСРО-да 117 кітап атауы шығарылды. Олардың ішінде Дюма, Верн, Сабатини, Тыньянов, Купер, Киплинг, Экзюпери, Родари, Штильмарк, Драйзер, Фехтвангер, Сиенкевич шығармалары бар.


Детектив, шытырман оқиғалы және тарихи романдар үлкен сұранысқа ие болды. Киевтің бір тұрғыны Морис Дрюонның француз корольдері туралы барлық кітаптарын сатып алу үшін Ленин мен Горькийдің толық шығармалар жинағын макулатура ретінде өткізіп жібергені туралы әңгімелер айтылады.

Көп томдық басылымдарға жазылу да халық арасында танымалдылыққа ие болды. 1967-1977 жылдар аралығында КСРО-да 200 томды қамтитын «Әлем әдебиетінің кітапханасы» жарық көрді. 300 мың дана таралымы бар басылым қолдан қолға дереу тарап кететін, тіпті, кітапқұмарлар арасында біреулер екі жүз томды «Москвичке» айырбастапты деген аңыздар да бар.

Кеңес дәуірінде Толстой, Достоевский, Гоголь, Чехов, Тургенев сияқты орыс әдебиетінің алыптарының шығармалары әрдайым сұраныста еді, ауыл тақырыбына қалам тартқан Шукшин, Распутин, Белов сияқты классиктердің туындылары оқырман жүрегін жаулағаны белгілі. Алайда, дәл сол кеңес кезеңінде ортаңқол шығармалар да көптеп жазылып, көптеп басылғаны жасырын емес. Дегенмен, жазушы тек жазушылықпен айналысып, алған қаламақысына жан баға алатындай жағдайда болғанын сол заманның ауанын көрген қаламгерлер әлі де айтып жүр.

КІТАП ІСІНІҢ БҮГІНІ

Бүгінде қоғамда "жастар кітап оқымайды" деген пікір қалыптасқан. Ал, жазушылар қауымы болса, өз кітаптарының аз данамен шығатынын, соның ішінде, мемлекеттік тапсырысқа екінің бірінің қолы жетпей жататынын айтады. Жасыратыны жоқ, бүгінде қаламгердердің кітаптары 1000, ары кетсе 2000 данадан асып шықпайтыны шындық. 

Мәселен, былтыр "Айқын" газетінде жарияланған Қоғамдық саясат институтының мәліметі бойынша оқылған кітаптардың саны туралы сұраққа әрбір 4-ші респондент (26,5%) соңғы бір жылда кемінде 1 кітап оқығанын айтқан. Қалғандары оқымайды, өйткені оқуға уақыттары жоқ (52%) немесе мүлде оқуды ұнатпайды (21,4%).

Оқыған респонденттер (26,5%) соңғы бір жылда орта есеппен 5 кітап оқыған. Ең көп кітап оқитын өңірлер қатарына Шығыс Қазақстан (орта есеппен 10,6 кітап), Солтүстік Қазақстан (6,95) және Ақмола (6,34) облыстары кіреді; Ең аз кітап оқығандар Шымкент (3,8 кітап), Ұлытау (3,7 кітап) және Жетісу (3,59) облыстарында болды.


Ғаламтордағы ашық дереккөздерге сүйенсек, елімізде 11 мыңға жуық кітапхана бар. Оларда 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Жалпы кітап қоры 328 миллион дана. Әр Қазақстандыққа 16 кітаптан келеді. Соңғы 5 жылда мемлекеттік тапсырыспен 4,5 миллион кітап шығарылған екен.

Мысалы, көрші елмен салыстырып көру үшін, "Литмаркет" платформасының мәліметіне сүйенсек. Ресейде 2022 жылы оқырмандар 250 миллион кітап сатып алған. Ресейдегі кітаптың жалпы таралымы ғана өткен бір жылда 10,3 пайызға өсіп, 369,5 миллион данаға жеткен екен.

Қалай десек те, қазақ жазушылары кітаптарының таралымы аз ба, әлде, оқырман қарасы сиреп, сұраныс жоғалды ма деген сұрақ бүгінгі әдеби кеңістіктегі ең өзекті тақырып. 

Дегенмен, қазақ авторларын, әсіресе, жас буын қаламгерлерін ынталандыру мақсатында көптеген конкурстар, гранттар ұйымдастырылып, қомақты жүлделер тігілуде. Жалпы, мемлекет әдебиет ісіне селқос қарайды деуге болмайды.

Осыдан ек іжыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновті қабылдағанда Жазушылар одағы ұлттық интеллигенцияның басын қосып отырған қара шаңырақ екенін айта келіп, ақын-жазушылардың халық әдебиетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, қоғамның бірлігін нығайтудағы еңбегі зор екеніне назар аударды.

Сол кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ әдебиетінде қазіргі оқырман талғамына сай, іздеп жүріп оқитын қызық туындылар жазылуы керек екеніне айрықша тоқталды. Сонымен қатар жас ақын-жазушылардың шығармашылығына ерекше назар аудару қажет екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан қаламгерлерді қолдау шаралары жалғаса беретінін айтқан болатын. 

ӘЛЕМДЕ КІМ КӨП ОҚЫЛАДЫ?

Жалпы, әлем әдебиетін алатын болсақ, соңғы он жылдың көлемінде ең көп оқылатын авторлар мен туындылардың тізімі айтарлықтай өзгермеген. Қазақ оқырмандары әлем әдебиетімен көбінесе орыс тіліндегі тәржімалар арқылы танысатыны да жасырын емес. 


Ресей кітап палатасының дерегінше, кітабы ең көп шыққан авторлардың тізімін әйгілі америкалық жазушы Стивен Кинг бастап тұр. Тізімнің өзі келесідегідей:

Стивен Кинг — 1,3 миллион дана;

Федор Достоевский — 916,2 мың дана;

Агата Кристи — 848 мың дана;

Эрих Мария Ремарк — 718 мың дана;

Джордж Оруэлл — 693,5 мың дана;

Дарья Донцова — 543,5 мың дана;

Джейн Остен — 509 мың дана;

Михаил Булгаков — 505,2 мың дана;

Нора Сакавич — 500 мың дана;

Луиза Мэй Олкотт — 468,5 мың дана;

Лев Толстой — 448,3 мың дана;

Татьяна Устинова — 433 мың дана;

Джек Лондон — 426,8 мың дана;

Рэй Брэдбери — 409 мың дана;

Катерина Сильванова — 387 мың дана;

Оскар Уайльд — 375,7 мың дана;

Александр Пушкин — 358,6 мың дана;

Виктор Пелевин — 356 мың дана;

Николай Гоголь — 344,2 мың дана;

Лия Арден — 318 тмың дана.

ҚОРЫТЫНДЫ

Қысқаша, кітап ісінің бүгінгі ахуалы осындай. Еліміздің демографиялық ахуалы жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанын, қазақ тілді оқырмандардың саны артып келе жатқанын ескерсек, отандық қаламгерлер туындыларының тиражын арттыру мәселесін де назарға алған жөн сияқты. Әсіресе, шалғай елді мекендерге кітаптардың жеткізілуін қамтамасыз ету үшін. Әбіш Кекілбаевтың "Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана" деген ұлағатты сөзі бар. Біз саналы, сапалы ұлт бол,ымыз келсе, шығарылып жатқан кітаптардың көп болуына да, олардың сапалы, жоғары деңгейдегі көркем шығарма болуына да бірдей назар аударуымыз керек. 

А. Тасқараұлы,

"Қазақ үні" ақпарат агенттігінің бас редакторы

Авторлық құқықтар қорғалған. Мақаланы редакцияның жазбаша рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынған!