МЫЛЖЫҢДЫҚТАН АРЫЛА АЛМАЙ ЖҮРМІЗ...
2025 ж. 12 ақпан
933
0

(Хамит Ерғалиевтың Қасым Аманжоловқа жазған хаты)
Алдымызда бірнеше хат жатыр. Көпшілігі халыққа кең танымал ақын-жазушылардың хаттары. Дені сонау сұрапыл соғыстағы Ұлы Жеңістен кейін тіршілік ағыны қалпына келіп, халық мүддесі жолындағы ұлы мұраттар қайта діттеле бастаған тұстарда жазылған. Бір байқалатыны, бұлардың бәрі дерлік көк сиямен... баяғы темір қаламұшпен орындалған. Және бір ғажабы, ақ қағаздың бетінде маржандай мөлдірете түсірілген қолтаңбалар бір-біріне өте ұқсас. Ол тұстарда, қазіргі аға буын жақсы білетіндей, зиялы қауым өкілдерін, қала берді студенттер мен мектеп оқушыларын қатты еліктірген ортақ бір жазу мәнері болатын еді.
Расында да, ол кездерде хат жазу мәдениетіне ерекше мән берілетін-ді. Себебі, каллиграфиялық таңбалардан адамның мінез-құлқы ажыратылатыны аян. Һәм құсни-хаттар арқылы кісінің парасат деңгейі, білім ауқымы, дүниетаным аясы байқалмақшы. Дегенмен, басты мәселе онда да емес. Хат мазмұнынан оны жазушының өз ісін жетік білуімен бірге таңдаған мамандығына деген адалдығы, одан соң өзі ессіз беріле сенген мұраттар алдындағы тазалығы атойлап тұрады. Әсіресе, әдебиеттің алапат майдан екені белгілі. Міне, осы сапта жүрген дарынды тұлғалардың бір-бірін шексіз құрметтейтіні де тамсандырмай қоймайды. Жазуларынан керемет ұқыптылықты, дәлдікті көресіз. Темірдей тәртіпті түйсінесіз. Әр сөзге деген асқан жауапкершілікті сезінесіз. Тіпті, сауысқандай сақтық та белгі бермей қалмайтындай. Демек, бұл жазбалардан замана ауанын да аңдауға болады.
Енді осынау тұла бойында тарихтың титтей сынығы сіңіп сарғайған хаттардың біріне кезек берейік.
***
Мына бір хаттың иесі – атақты ақын Хамит Ерғалиев. Хат сыртында: «Қырымның оңтүстік жағасы, «Сименс» демалыс орны, «Красный маяк» шипажайы, 5-ші палата, Аманжолов Қасымға деген таңба бар. Бұдан Қасым Аманжоловтың Қырымда емделіп жатқанын аңдаймыз.
Хамаң сонда Қасым Аманжолов ағасына жазған хатында былай дейді:
Құрметті ақын, ақжарқын аға Қасым!
Осы науқас тұсында күнделікті жұмыс құлы болып, төсегіңнің тұсына бара алмағаным нашарлығым болды ма деген өкініштемін. Осыным арқылы жақсылықтан өзге ойламаған жанына жара салдым ба, ренжітіп алдым ба деген кәдігім бар. Үстінен түсіп отырсам, кешірім сұраймын. Қысқасы, шыны – барлық өлең жазушының емес, барлық нағыз ақынның ұзақ жыл өмірін, тамаша жырларын, соның ішінде сіздің саулығыңыз бен уытты поэзияңызды тілеймін. Бүгін кеңсеге Сәпөн келе қалып, іздеп жүрген адресім қолыма тиеген соң осы хатты жаза бастадым. Курорттың қалай жаққанын, көңіл күйіңізді маған бес-алты сөзбен телеграмма арқылы хабарлаңыз. Өйткені, он-он бес күндер шамасында «Сталинград» каналына жүріп кетпекшімін. «Еділ келді» поэмасы үйде отырғанмен келетін емес. Бірталай жәйттерді көзбен көріп қайту үшін түйемен құм ішінде едәуір жүріп қайту керек сияқты. Оның үстіне көздеп отырғаным, жасыратыны жоқ, – біраз өрлей түсу, өлең өнері арқылы бойы да, ойы да толық адамдар жасау. Иван Петровичтің «Павлик Морозовын» аударып бердім. Жігіттер дәл, әрі қазақша шыққан деседі. Рас болса, әрине, ол жақсы. Одақ жұмысының күн санап жақсарып келе жатқанын қуанып хабарлай аламын. Қазір жеті секция жұмыс істейді. Сөзден іске көшіңкіреп келеміз. Бірақ әлі де болса жиналыс көптік етіп тұр. Аздап артық айтқанның оқасы жоқ санап, «Өмірдің тең жартысы жиналыс та, қалғаны орта жолда, үй алыста» деп қалғаным да бар. Жақсы демалып сауығып қайтыңыз.
Қаламдас інілік сәлеммен – Хамит Ерғалиев. Пролетарская 11, Жазушылар одағы. 1952 жыл, маусымның 20-сы».
***
Аталған хаттан ақынның әріптес ағасына деген шынайы құрметі мен оның денсаулығына деген алаңдауы айқын көрініп тұр. Жағдайды бес-алты сөзбен хабарла деуінен-ақ жолдасқа деген ғажайып жанашылығы байқалады.
Одан соң ақжарма қаламгер өзінің шығармашылық лабораториясы үдерісінен де бүкпесіз сыр ағытады. Қолға алған нысанын көзбен көріп, арнайы сапар шегіп барып, біраз болсын зерттеп қайтпайынша, лайықты еңбек туғыза алмайтынын ашық мәлімдеп отыр. Яғни, тақырыпты әбден қузамайынша жазуға отырмайтыны, іс машығында саусақтан сору дегеннің жоқ екені көрінеді. Көздегенім біраз өрлей түсу деуі де шеберлік шыңына ұмтылған ақынның ерен еңбекқорлығының белгісіндей.
Және бір қызықты деталь – «...бірақ әлі де болса жиналыс көптік етіп тұр» деуінен әлі күнге дейін қалмай қойған жаны сірі түйткілді жазбай танимыз. Қазір жиырма бірінші ғасырдың алтыншы жылын тәмәмдап, іс атқаруда әлемдегі ең озық технологияларға көштік десек те, көптеген мекемелердің сол баяғы жиналысқұмарлық пен көпірген бос сөзден арыла алмай келе жатқаны өтірік емес.
Міне, өткен ғасырдың орта тұсында жазылған бір хаттың сыры осы.
Құлан САҒАТҰЛЫ