СӨЗ СӘУЛЕСІ

СӨЗ СӘУЛЕСІ

Ой да, сөз де бейнебір сиқыр тәрізді. Келіп, кетіп жүреді. Кейде ұстайсың, кейде ұзақ уақыт жалынан сипатпай кетеді. Жұрттың бәрі «ұшып бара жатқан сөзді ұстап алатын» (М.Қаратаев) Әлімбаев емес, әрине. Дейтұрғанмен де, оңашадағы ойлардың қағазға түскен мына нұсқасы да ұзақ жылдар бойғы ой кешулердің бірде арық, бірде семіз шыққан түрі.

Бұл да бір «жалқау» не «жедел» жанр түріне жата ма, кім білсін?! Оқи отырыңыз. 

Ешкімді сағынбайтын баланы көрдім

Бала-шағаның, тобырдың сөзін сөйлеген адам биік болмайды.

***

Азамат алды-артына қарап сөйлесе керек еді. Өмірге заң көзімен ғана қарауға болмайды ғой. Одан да да биік құндылыктар бар емес пе?!

***

Адамды алжастырайын десе, Құдаймен құрдасындай ойнайды екен.

***

Біреу бір дорба алтын тауып алады. Содан күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылады. Бір уыс болып жүдейді. Алтынды тықпаған жері қалмайды. Жастанып жатады, жол жүрсе өзімен бірге алып жүреді. Содан бір күні ақыры өлуге айналған әлгі Құдайға жалбарынып: «Мен сенен алтын сұрадым ба, өзің бердің, өзің ал», – дейді.

Қазір біреулер әбден байып алып, не істерін білмей жүргені рас қой. Не өзгеге бере алмайды, не өзіне жұмсай алмайды. Сірә, сасық бай деген сол болар.

***

Қазір бір нәрсеге қиналуға да, таңқалуға да болмайды. Айтқан сөзің жерде қалмайды. Жететін жеріне жеткізетіндер бар дегенім ғой. Ол үшін газет шығарып, оған мақала жазып әуреге түсудің қажеті де жоқ. 

***

Бір ағамыз «мен өмір бойы үкіметке жұмыс істеген адам емеспін. Үкімет қашан түзеледі, сол кезде барып оған жұмыс істеймін. Әй, бірақ, ол менің бағыма қарай түзеле қоймайтын шығар» дейтін кеңес заманының өзінде.

***

Айтар сөзі, көрсетер өнегесі жоқтар өсекпен күн көріп жүр.

***

Кейбір тұлғалар туралы жаза қалсаң ұлт мүддесі, мұраты туралы үлкен сөз қатар жүреді. Мұндайда қаламың да қиналмайды, жүрдек келеді. Ал кейбір тұлға деп жүргендер жөнінде айтуға сөз таба алмай ит боласың.

***

Біздің қоғамда жақсылардың атын атай бермейтін бір иттік бар.

***

Ешкімді сағынбайтын баланы көрдім. Нағыз торсық шеке қазақы бала. Жанары жансыз, сөніп қалған. Өйткені, оның анасы да, панасы да жоқ. Тастанды. Осындай сұмдық жайлаған қоғамда өмір сүру қандай қорқынышты.

***

Өзінің ана тілін білмейтін, білейін деп талпынбайтын адамды сыйлаудың қажеті жоқ. Себебі, өз анасын құрметтемеген өзгені де құрметтеп жарытпайды.

***

Дүниені сұмдық көңілсіздік басқан кезде көңілденіп кететін адамдар болады.

***

Кейде біреу біреуге «мен саған әкең жасамаған жақсылықты жасадым» деп жатады. Бұл сөздің дұрысы былай ғой деймін: «Мен саған әкең жасай алмай кеткен жақсылықты жасадым».

Кім баласына жақсылық жасағысы келмейді? Біреу баласына жақсылық жасауға уақыты жетпей, өмірден ерте кеткен шығар, не болмаса жағдайы келмеген болар. Содан кейін жақсылық жасай алмай кетеді де.

***

Шәмшінің туған күніне арналған «дөңгелек үстелде» Көпен Әмірбектің композитордың айтқыштығы туралы айтқан бір сөзі есімде қалыпты. Бір қыз бала Шәкеңе (әрине, өсек қой): «Жұрт мені сізбен жүреді деп өсектеп жүр», –дейді. Сонда қайран Шәкең: «Ну что ж, жұрт білген екен жалғастыра берейік», – депті. 

Қайран ұлы Шәкең-ай, әндері өз алдына, айтқыштығының өзінде бір фальш жоқ қой.

Бұлар – жылы ағыс

Ешқандай мерейтойларға қарамай-ақ Шәмшіге, Шәмшілерге оралып отыру керек. Себебін айтуға талаптанып көрейін: Қоғамда нағыз таланттар тумай жатқанда немесе олар қоғамнан шеттетілгенде (себебі, талантты адам қоғамға қарсы сөз айтпай тұрмайды) орташа таланттар үстемдік ете бастайды. Бұларды әр нәрседен тиіп-қашты хабары бар дилетанттар десе де болады. Соңдықтан талантты танитын талантты ұрпақты, буынды тәрбиелеу керек. Ол үшін мерейтойларын күтіп отырмай-ақ Шәмші, Нұрғиса тәрізді тұлғаларға дүркін-дүркін оралып отыру керек. Бұлар жылы ағыс тәрізді. Талантты ұрпақты тәрбиелеудің жолы осы. Халтурамен, өзі әнші, өзі композитор, өзі ақын, т.б. күресудің жолы осы ғана.

***

Ғалым Доскен «Казақ әдебиетінде» (24.07.09) Тұрсынжан Шапай туралы толғана келіп, мақаласының соңын (қара мақала деуге қимайсың, әдемі әуенге, ағысқа құрылған эссе сыпатты дүние) былай аяқтайды: Абай атам айтады: «Көңілім әнді ұғады, жүрегім бойды жылытып».

Тағы айтады:

«Мұңмен шыққан,

Оралған тәтті күйге

Жылы жүрек қайда бар қызығарлық».

«Мұңмен шыққан...» Тек, қайғыға бастайтын үмітсіз мұң емес, әрбір дірілінен сәулелі, тәтті қуаныш тарайтын мейірлі мұң» депті.

«Жас Алашта» жүргенімде «Мөлдір мұң» деген рубрика ашып едім. Осы айдар көпшілікке ұнағанымен, біреулерге ұнамаған. Әркімнің өз мұңы бар, әрине. Мұңды қайғының, қасіреттің бір синонимі, атрибуты деп қана қарауға бола ма? Кейде кісінің мұңының өзі назға, өтінішке бергісіз болады. Бір әдемі, үкілі үміттер тәрізді көрінеді. Мәселен, жігіт қызын біреуден қызғанды делік, бұл жігіт үшін қызғаныш, қыз үшін тәтті, мөлдір мұң. Сол тәрізді кейбіреулердің тереңге батырып кететін қайғысы ғана емес, көңіліне қуаныштылау жай ұялатып жүретін өзіне ғана тән мөлдір мұңы да болады. Мен әлгі «Мөлдір мұң» рубрикасын ұнатпағандарға осындай сипатта біраз ой айттым.

Ал енді мына Ғалымның «Мейірлі мұң» деуі маған ұнады. Ол «мөлдір мұң» емес, «мейірлі мұң» деп мұңның өзіне өзгеше мәртебе беріп, қанат бітіреді.

Тазарғың келсе, театрға бар

Табиғатқа шыққан адам тазарып, тынысы кеңіп қалады. Театр да соңдай. Театр – түрлі мінездер, тағдырлар тоғысып жатқан жер. Сен театрда кейіпкерлермен бетпе-бет келесің. Өмірге жақындайсың. Актердің демін, дірілін, сезімін терең сезініп, бірге тыныстайсың. Театр – жанға дауа, рухани тазалық, тұнып тұрған мораль.

Әркім де ақыл айтады. Бірақ, соның көбі құрғақ шығып жатады. Ал ол театрда жүзеге асады. «Проповедовать мораль легко, а обосновать ее трудно» деген сөз бар. Ал, театрда осының бәрі жанды, тартысты, тартымды көрінеді. Театрға түсінігі бар, қалыптасқан адамдар барады. Театрға таңдаулылар ғана барады. Сондықтан қара халықтың бәрі театрға неге келмейді деуге болмайды. Бұл өзі біртіндеп жүзеге асатын процесс.

Қоғам үшін пайдалы адам – театрға өз еркімен, ынтығып барған адам. Мысалы, Алматыда 1,5 млн. тұрғын болса, бір жылда театрға соның 20 пайызы барса, бұл – үлкен жетістік.

***

Ел ішінде көзі ашық, көкірегі ояу адамдар көп. Олар көп сөйлей бермейді. Кейде басын тауға да, тасқа да соғып саясатты қуып кеткен, ұсақ-түйекті тақырып жасап күн көріп жүрген біздің жазармандар сондай кісілердің сөзін жалғанның жарығына шығарса, халыққа бұдан артық олжа болмас еді.

Мәселен, бірде атыраулық Ғабит Мұқанов деген кісімен дастархандас болдым. Әңгіме күй, күйшілік туралы өрбіді. Ғабекең – қарапайым ғана мұнайшы қазақ. Сауатты, білімді, ой, пікір, ұсынысы көп. Әңгіме Құрманғазыға қарай ауысқанда «Сен «Балбырауын» күйінің қалай шыққанын білесің бе?» деді. Білмейтінімді айттым. Мен бұл әңгімеге аса сенген жоқпын. Бірақ қисынды. Браун деген бір бастық болған. Сол Құрманғазыға күй тартуын сұрайды. Күйші сол заматында бір күй шығарады. Сезімтал Браун күйді аяғына дейін тыңдауға шыдай алмай «Тоқта, мынау көтеріліске шақырып тұр ғой» дейді. Кейіннен осы күй «Браунның балы», яғни, «Балбырауын» атанып кеткен екен.

Әрине, күйдің тарихы басқаша болуы мүмкін. Бірақ, маған әлгі қарапайым қазақтың бөстекі, болымсыз әңгімеден гөрі осындай елге керек әңгімені айтқаны ұнады.

Мәжбүрлік

Атағы жер жаратын бір үлкен кісіге қатты ренжідім. «Не болды сонша үлкен басыңызды кішірейтіп, сізге жұрттың қолы жете алмай жүрсе, егер басында шайнамдай ақылы болса, өзі хабарласады», – дедім. Мен бір үлкен бастықтың ұлт үшін қыруар еңбек еткен кісіге өзі-ақ хабарласатынына сенімді едім. Бірақ, олай болмады.

Көкеміз күлімсіреп отырып былай деді: «Мен өмірбақи бір нәрседен құтылсам деп армандаушы едім. Төрт құбыласы түгел кім бар дейсің. Бірақ, тек қана содан құтылсам болды, басқаның бәрі шешіледі деп ойлайтынмын. Ақыры құтылмадым». 

– Ойпырмай, ол сонша не болды екен? – деймін ғой. 

– Не болушы еді, оның аты – мәжбүрлік. Сен қанша жерден ұлы болсаң да мәжбүрсің, қанша жерден тәуелсіз болсаң да біреудің алдында тәуелдісің.

Рас. Қу тірлік кісіге не дегізбейді, қу тамақ кісіге не жегізбейді?..

Сөзімді қайтып алуға тура келді.

***

Бір жаманшылықты сезсе, мәселен, үйіңді су алып кетсе, біреу сыртыңнан сөз айтып, арыз жазды дегенді естісе көңілі көтеріліп, жұмысы жүріп кететін адамдар болады.

***

Біреулердің тірлігіне қарасаң өмірге біреуден өш алу үшін келген тәрізді. Өне бойы жанығып, жанұшырып жүреді. 

Кішкентай шындық

Кейде шақшадай басың шарадай болғанда, мынадай бір ойға табан тірейсің.

Кісіге көп ақиқаттың керегі бар ма? Керегі жоқ тәрізді. Қанша көп білсең де көп ақиқатты айта алмайсың. Көп білетін адамдар өз жанын өзі жеп қояды, өз отына өзі жанып кетеді, не болмаса өмірбақиға денсаулығынан айрылады. Мұндай тағдырды кім өз басына тілеп алады дейсіз. Ал аз білетіндерге, аз оқитындарға қай кезде де «рахат».

Кісіге кішкентай ғана мейірім де жетеді. Өнбейтін дауды қуып керегі де жоқ. Осы сөздің өзі де адам ойын қанағаттандыруға жетіп жатыр.

Кішкентай шындық, жартылай шындық қымбат қазір. Соның шарпуы болса да, соның өзі айтылып тұрса да жүректі жылытуға әбден жетеді. Уақыт өте келе үлкен ақиқаттар айтыла жатар. Қай қоғамда да, қай мемлекетте де солай болған.

***

Ол қазіргі кейбіреулер құсап той әншісі деңгейіне дейін түспеді. Ол биік, зәулім концерттік сарайларда шырқады. Ол соған ғана лайық еді. Қазір кішкентай ғана даусы барлар «жұлдыз» атанып, концерт залдарының шаңын шығарып, төбеңді тесіп жібере жаздайды. Ал ол болса соншалықты Құдай берген зор даусымен де шалқақтамай жер басып жүрді. Ал бүгінгі менің он айлығым тұратын бағамен тойларда ән салатындарға берсінші сол дауысты, не істер екен?!.

Рас, ол дүниеге сыймай кетті. Ол енді басқа әңгіме...

Қали СӘРСЕНБАЙ, 

жазушы