АЛТЫН ОРДАНЫ АЛТЫН ҚОБЫЗЫМЕН ЖЫРЛАҒАН СОҢҒЫ ЖЫРАУ ӨМІРДЕН ӨТТІ…
2025 ж. 18 қаңтар
233
0
Қазақ әдебиетінің классигі, ұлтшыл тұлға Мұхтар Мағауин қайтыс болды деген суық хабар төбемізден жай түскендей әсер етті. Өйткені, жазушы ағамыз тың сияқты еді…
Иә, 2025 жылы 10 қаңтарда 85-ке қараған шағында аса көрнекті жазушы, әдебиет тарихын зерттеуші ғұлама ғалым, әйгілі тарихи романдардың авторы Мұхтар Мағауин мәңгілік сапарға аттанды.
Мұқтар Мағауин-Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Түркияның Халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, Улан-батордағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі.
Жазушының дүниеден өткенін оның ұлы Едіге Мағауин Facebook парақшасында хабарлады.
"Арыстан әкем фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)" деп жазды ұлы.
“Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!”-деген еді Мұқтар Мағауин.
1.Ұлы Даланың “Қобыз сарыны”
Жазушының кезінде рухани сілкініс жасаған ХV-ХVІІІ ғасырдағы қазақ жыраулары туралы “Қобыз сарыны” атты керемет зерттеу еңбегі 1968 жылы жарық көрді. Мұқтар Мағауин өзінің ұстазы, ғұлама ғалым, Алаш арыстарының жалғасы Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен ХV-ХVІІІ ғасырдағы қазақ жыраулар поэзиясына қайта ақ жол ашып, ресми әдебиет тарихына енгізген. “Бес ғасыр жырлайды” атты алтын қазына асыл руханиятымызға солай қосылды.
Одан кейін шыққан «Көкмұнар» (роман, 1972), “Тазының өлімі”, «Бір атаның балалары», «Аласапыран» (тарихи роман-дилогия, 1980-1982), «Шақан Шері» (роман), “Сары қазақ”, “Қыпшақ аруы”, “Қазақ тарихының әліппесі”, «Ұлтсыздану ұраны», “Қазақсыз Қазақстан” мақалалар жинағы, төрт томдық “Шыңғыс хан” шығармасы және «Алтын Орда» танымдық тауарих кітаптары елге белгілі.
Атақты «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілген.
2. “Ұлтсыздану ұраны” - Ұлтшылдардың құраны
Алаштың рухани көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы “Қазақ әліпбиін” жазса, Алаш арыстарының соңғы тұяғы Мұқтар Мағауин “Қазақ тарихы әліппесін” жазды. “Қазақ тарихы әліппесі” кеңестік идеологияның ойдан құрастырған тарихының тас-талқанын шығарды.
Ұлт қорғаны болған ұлық жазушы “Ұлтсыздану ұраны” жинағымен кешегі Тәуелсіздіктің 30 жылында да Ұлттық идеологиясы болмаған Қазақ билігінің Ұлтсыздану саясатына сұрапыл соққы берді. Сондықтан да “Ұлтсыздану ұраны” - Ұлтшылдардың құранына айналды.
3.Күл-Тегіндер күмбірі мен Мәңгілік әруақ
Сонау кеңес империясының қылышынан қан тамып тұрғанда, 1972 жылы “Менің бойымда Елтеріс, Естемилер, Күл-Тегіндер заманындағы көшпенділердің қаны бар!”-деп жариялаған Мұхтар Мағауин кейін өзі жазғандай, Алапат Бабалары сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналды!..
Мұқтар Мағауин - Шыңғыс ханның шын жыршысы, Алтын Орданың тарихын Алтын Қобызының сайын сарынымен жырлаған соңғы Алаш жырауы еді!..
Сондықтан да, Алтын Орда хандары, қазақ билері мен батырлары, шешендері мен ақындары, яғни қазақтың ұлылары жатқан қасиетті Түркістанға, немесе өзі мың жылдық тарихын жырлап өткен кең байтақ Ұлы Даланың қалаған жеріне жерленуге лайық нағыз нартұлға еді…
Бірақ, өзінің өсиетімен алып жазушыға алапат Атлант мұхитының арғы жағынан, алыстағы айбынды да, алып Америка Құрама Штаты жерінен топырақ бұйырды…
Бұған дейін ұлт көсемі, мұзбалақ Мұстафа Шоқай Алмания елінде, Берлин төрінде жатса, енді ұлы жазушымыз Мұхтар Мағауин Америка жерінде жатыр. Пейіште рухтары шалқи бергей!
4.Екі Мұхтар айтысы аяқталды
Бір Мұхтардың қайтысымен, екі Мұхтардың айтысы да бітті, ағайындар… Кезінде ұлы Мұхтар Әуезовтың атына лайықты екі қаламгер інісіне “Екі Мұхтар” атты күшті мақала жазып, ақ жол тілеп, ақ батасын берген қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтың екі Мұқтардың елді шаршатқан ерегесін көрмей кеткені дұрыс болған екен…
Мағауиннің дүниеден өткенін естігенде атағы да, шатағы да одан кем емес Шахановтың елге көңіл айтып: “Қазақ әдебиетінің үлкен бәйтерегі құлады. Мұхтар Мағауин – өмір бойы ұлттың тарихына еңбек етті. Осыған орай бүкіл қазақ халқына көңіл айтамын”-деген азаматтығы өте орынды болды.
Ал тағы бір тарланымыз, классик жазушы Дулат Исабеков Мұқаңның әруағынан кешірім сұрап, көңіл тебірентер қоштасу сөзін айтты. “Мұхтар Мағауиннің қазасын естігенде отырып қалдым. Ойпырым-ай, кеше ғана сау адам сияқты еді, екеуіміз айтысып жүр едік қой. Бұл қалай болғаны? Тіршілікте өлмейтіндей жүреді екенсің.
Қайтыс болады деген ойымда жоқ еді… Кейде Мұхаңды “Әй, менен кейін қайтыс болатын шығар” деп ойлайтынмын”,-деп, өзінің Мағауиннен бұрын кететінмін деген ойы болғанын да ашық жеткізді.
“Ал, айналайын, Мұха! Артық айтып қойған болсам, әруағың кешірсін. Артық айтқан ешнәрсем жоқ сияқты деп ойлаймын. Егер де солардың бірін артық деп санасаң, кешірім сұраймын! Қазақ халқы үшін үлкен олжа қалдырып кеттің. Өзің кеттің, артыңда Мұхтар деген атың, шығармаларың мәңгілік қалды”,- деді қабырғасы қайысып отырып.
Қазақ әдебиетінің үш алыбының айтысының аяғы бұлай аяқталуы - бір-бірін өкпеге қиса да, өлімге қимайтын қазақтың қасиетінің тағы бір жарқын дәлелі болды. Егер Мағауиннен бұрын Исабеков кетсе де, Шаханов кетсе де, Мұқаң да осылай кешірім сұрап, көңіл айтары анық еді… Өйткені, Қазақ қой!
5. Мәңгілік Әруаққа мәңгі тағзым!
Мұқаңның қайтыс болуына мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бастап, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Е.Қошанов пен Мемлекеттік кеңесші Е. Қарин қостап, барлығы көңіл айтып, бүкіл қазақ жоқтап жатыр…
Алла алдынан жарылқасын!
Отбасына, алпыс жылдай отасқан жан жары Бақытжамал жеңгейге, ұлдары Мағжан, Едіге бауырларымыз бастаған балаларына, туған-туыстарына көңіл айтамыз.
Қалың қазаққа көңіл айтамыз!
Пейіште рухы шалқи бергей!
Қазақ халқы Мәңгілік Әруаққа мәңгі тағзым ете береді!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні