ХАНБИБІ АҚЫН МҮШӘЙРАСЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

ХАНБИБІ АҚЫН МҮШӘЙРАСЫ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ

Қазақтың әйгілі ақыны Ханбибі Есенқарақызының 75 жасқа толуына орай ұйымдастырылған «Ханбибінің биігі» атты республикалық жыр мүшәйрасы өз мәресіне жетті.

Атаулы мүшәйра үш ай бұрын жарияланып, өлеңдер онлайн жүйеде қабылданды. Еліміздің түкпір-түкпірінен елуге жуық ақын қатысты.

«Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ұйымдастыруымен өткен республикалық мүшайрасының жүлдегерлерді анықтау үшін елге есімі мәлім ақындар: 

1. Қазылар алқасының төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай;

2. Ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері, ҚР Парламент Мәжілісінің депуаты Қазыбек Иса;

3. Ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлығының иегері Бауыржан Жақып;

4. Ақын, Филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржан;

5. Ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Алдияр қазылық етті. 

Жүлдегер жеңімпаздарымызды марапаттау жиынын Хан-апамыздың өзі ашып берді.     

Сонымен, еліміздің барлық аймағынан қатысқан ақындардың ішінен іріктеліп, он ақын жүлдеге ие болды.

Атап айтқанда, сыйы 150 мың теңге көлеміндегі арнайы жүлде үш ақынға, Асылбекова Жаңылхан (Алматы облысы), Жұмағазина Әсем (ШҚО) және Айманбетов Дәуренге (Шымкент қаласы) бұйырды. 

Жүлделі 3-ші орынмен, 300 мың теңге қаржылай сыйымен үш ақын –

Маржан Ершу (Атырау облысы), Тілеубергенов Достық (Қызылорда облысы) және Төлбасы Балауса (Шымкент қаласы) марапатталды. 

2-ші орын және 500 мың теңгелік қаржылай жүлдеге Тәбаракқызы Айжан (Астана қаласы), 

Мағиза Құнапияқызы (Алматы облысы) ие болды. 

Жүлделі Бірінші орын, әрі 700 мың теңге жүлденің иегері Түркістан облысының ақыны Ахан Сабыржан болды. 

Бірінші жүлдені ақын, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ҚР Парламент Мәжілісінің депуаты Қазыбек Иса тапсырып, жас ақын Сабыржан Аханды поэзиядағы жарқыраған жаңа есім деп атап, Ақ жол тіледі.

Ал елу ақынның ең үздігі болып, жазған жыры халықтың да, қазының да көңілінен шыққан өлең Иран-Ғайып ақынның өлеңі болды. Бас жүлде және 1 000 000 теңгелік сыйақыны той иесі Ханбибі Есенқарақызы мен Қазылар алқасының төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай тапсырды.

***

Ханбибі Есенқарақызы

Желтоқсан

Маған тиер таяқты саған тиер деймін-ау,

Өзімді емес, сені аяп, содан қайғы жеймін-ау!

Тыныштықты тілейтін, көңіл құсы – көгершін,

Көз алдыңда таусылып бара жаттым, не дерсің?!

Арал-анам тартылып, мұң болғанда маңайым,

Жүрегіме жүк салды Семейдегі ағайын...

«Ана» деген, «нан» деген – тілім менің үсіген,

Жұбататын қайсың бар, жұбатпайсың – түсінем!..

Сауаты жоқ, салты көп, тымақ киген, кеш, бабам! –

Елін-жерін сақтаған – ерлігіңді еске алам!

Тауын, суын даланың улап, - құрақ-қамысын,

Тақымдарда тартылған – тулақ болды намысым!

Әлпештеген үкілеп, болашақ деп қараған,

Қызын соғып жатқанда – болыспады-ау, жан адам!

«Өзім»...деген, өзекке құрт боп түсті жаласы,

Көз ілмедім... елестеп, бауырлардың моласы!

Желден басқа сыйпамас, қолда қалып бұрымы,

Зұлым, қорқау, кірменің ұзын болды құрығы!

Өтер ме екен бұл күндер, өтпес пе екен, кім білсін,

Кінәлінің ошағы – ойран болып, күйдірсін!!!

Тәуелсіздік туралы

Сен де арманда едің-ау, мен де арманда,

Сол арманға қол жетті, арман бар ма!

Өзімізді өзіміз таба алмастан,

Адасқанбыз, сан тарап ормандарда.

Аспан түсті туымыз желбіреді,

Шықты және теңгеміз ел біледі.

Әнұран да,Елтаңба – өзімдікі,

Қара аспанды қай саяқ төндіреді?!

Тәуелсіздік болмаса ұғар ма едік,

Тоқтар менен Талғаттар шығар ма еді?

Абай әнін ғарыштан қазақ айтып,

Әлем шырқап, қосылып тұрар ма еді!

Тәуелсіз ел қанатын жая алар ма ед,

Бұратана бұтамды саялар ма ед?

Тұрарлары тіріліп, Сұлтанбектей,

Ардақтылар архивтен оянар ма ед?

Тарихтың белгілі енді алдамасы,

Оңтүстік – достық, бірлік жалғамасы.

Үш жүздің басын бұрын қосқан болса,

Тұранды қосты бүгін – Ордабасы!

Енді кімнің қаламыз жүлдесінен,

Тандырмады таңдантып кімді есінен-

Кең маңдайы жарқырап – Назарбаев,

Сөйлегенде жержүзі – мінбесінен!

Қантөгіссіз дербестік алған едік,

Тәуелсіздік жемісін сау көрелік.

Ауыр боп тұр, мұнан да қиын болған,

Қынжылмайық, халайық, тәубе дейік!

Өлең жайлы

Мүсіндедім, теңедім...

Қалжырадым, қажыдым!

Ішімде өлді өлеңім,

Бар-ды қандай жазығым?!

Шашырады, ой кетті,

Шабыт тақтан құлады.

Сиқыр сезім сөйлетті,

Соқыр көзім – жылады.

Жуаспын ба, затымнан,

Жұрт дегенін істеді...

Мен аунадым атымнан,

Өлең ерден түспеді!

Бұйырмаған жалындау,

Болмаған соң «ардақты».

Өмір мұңы қалыңдау,

Өлең жүгі – салмақты!

Ажалым да ғажабым –

Өлең,сені аңсадым!

Тартасың-ау азабын,

Кімді сүйсең – дәл соның!

Өлең – таққа мінбеді,

Өлең – Орден тақпады!

Өмірде осы күрделі –

Сүйді мені! Сақтады!