Ғали Ормановтың 1948 жылы жарық көрген кітабының таныстырылымы өтті
2024 ж. 09 тамыз
4029
0
Ақын, жазушы, аудармашы, журналист Ғали Ормановтың «Өмір дастаны» атты кітабының таныстырылымы өтті. Көрнекті қаламгерден мұра болып қалған бұл жәдігердің ерекшелігі, кітаптың түпнұсқасы еліміздің өзге кітапханалары мен музейлерінде сақталмаған. Нағыз ұлттық дарындардың бірі – қазақ әдебиетінен өз орнын тауып, халық жүрегінен орын алған, есейген шағында қазақ поэзиясының өркендеуіне, ұлттық әдебиеттің өркендеуіне ерекше үлес қосқан Ғали Орманов. Ақынның осыдан 76 жыл бұрын араб қарпімен жарық көрген «Өмір дастаны» кітабы енді мұражайға қойылады.
Кітап араб графикасында 1948 жылы жарық көрген. Басылып шыққан орны - Қазақтың мемлекеттік баспаханасы, «Қазақ елі» журналының баспасы деп көрсетілген. Жинақта ақынның өлеңдері топтастырылып берілген. Атап айтқанда, «Ана сабағы» дастаны, «Алғашқы адым», «Жолда», «Қуаныш», «Біздің ауыл», «Темір ат», «Шеңбер», «Ана толғауы», «Қырманда», «Ұстаз», «Біздің заман» және тағы басқа өлеңдері басылған.
Ғали Ормановтың аударма саласына сіңірген еңбегі орасан. Ол қырғыздың «Манас» эпосының бірінші кітабын, Александр Пушкиннің «Медный всадник» шығармасын қазақ тіліне аударған.
Жәдігерді ақынның жиен-немересі Айдар Қырықбайұлы музейге тапсырды.
Ғали Орманов (1907-1978 жылдар аралығында өмір сүрген) – бүкіл саналы ғұмырын ұлттық әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне, қазақ поэзиясының дамуына ерекше үлес қосқан ақын. Орыстың, Шығыстың классикалық үлгілерін аударып, қазақ әдебиеті саласына өлшеусіз үлес қосқан аудармашы, аса құнды еңбектер жазған қажырлы тұлға. Оның қаламынан қазақ әдебиетіне, қазақ руханиятына айналған өлеңдер жинақтары, поэмалары, жыр кітаптары, прозалық жинақтары жарық көріп, әдебиетіміздің алтын қазынасына айналған.
ЕРБОЛ ҚАЙЫРОВ, Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы
Бұл музейіміздің қорын толықтырып отырған кітаптардың бірі. Ақын жазушы, Ғали Ормановтың кітабы. Біздің музейге табыстап отырған өзінің жиені Айдар Қырықбай. Өзінің 22 жасынан бастап жазған өлеңдері жинақталып жалпы 1948 жылы шыққан кітап.
Ғали Ормановтың аударма саласына сіңірген еңбегі орасан зор. Ол қырғыздың «Манас» эпосының бірінші кітабын, А.Пушкиннің «Мыс салт атты» туындысын қазақ тіліне аударған. Ғали Ормановтың өзі кезінде орыс, шығыс классиктерінің өлеңдерін аударған. Қазақ әдебиетіне де өз үлесін қосып, жыр әлемінде де беделі бар. Жалпы тіпті сонау Жамбыл Жабаевтың қасында жүріп иә, жазып отырған күнделігі болды ғой. Сол бұл кітаппен бергі бізге күнделіктерде келді.Бірақ күнделіктерді оқып зерттеп жатырмыз. Ол латын қарпімен жазылған, оны Жамбыл ағамыздың мерейтойына шығарамыз деп отырмыз.
Музей мұрағаттары жалпы республика бойынша көптеген асыл мұраларымызды жинап, көрме етіп ұсынуда. Ал Ғали Ормановтың бұдан басқа қолжазбалары мұрағатта жоқ. Бірақ музей қызметкерлерінің сөзінше ұрпақ сабақтастығы үшін алдағы уақыттарда басқа да жәдігерлермен толықтыру жоспарлануда.