Өлеңі де – өнеге, өмірі де – өнеге!
2024 ж. 31 шілде
2779
0
Биылғы жылы әдебиет саласы бойынша мемлекеттік сыйлыққа он үш ақын-жазушының шығармасы ұсынылып отыр екен. Бәрінің де есімі елге жақсы таныс тұлғалар. Дей тұрғанмен, бұрынғы қазақтың, сөзінде – бәтуә, сақалында – кие болған, орыс пен өзбектің жаман қасиетін жұқтырып, бұзылып үлгермеген қазақтың «бәйгемді шаппай бер!» деген дәстүрін жаңғыртуға тырысып көрсек (оған бүгінгі қазақтың өре түрегелетінін біліп тұрсақ та...), онда «сыйлыққа лайық екі адам болса – біреуі, біреу болса – соның өзі» деп «Эсселер» жинағымен түскен Ханбибі Есенқарақызын атаумыз керек.
Бірақ, неге эсселер жинағы?.. «Астанада емес – елдемін» дейтін ақын, қайбір жылы елдегілерге ешқашан сыйлық бұйырмайтын бұрыс жүйені бұзбақ болып өзінің өлең кітабын ұсынған. Онысы бәйгеден құр қалғанда, атаққұмарлықтан ада ақын «атымның немесе бабымның шаппағанынан емес, бағымның шаппағанынан ғой» деп қоя салған. Туғанда «іңгәлап» жыламай, көзін ашып туған, күй атасы Құрманғазыдай жонындағы бір қарыс жалымен туған, тоғызыншы класта оқитын Ханбибіге Төлеген Айбергенов: «Сен шыққан биік жоқ әлі. Сен шығар биік жоғары!» деп бата берген болатын.
Ханбибінің «Эсселер» жинағын ұсынған себебі ол өзінің ақын екенін оған дейін алыс-жақынның бәріне мойындатып үлгерген болатын. Қалай мойындамайды, бұдан жиырма жыл бұрын мерейтойында «бүгінгінің Махамбеті» атанған Фариза ақын сөзін: «Ханбибі мен жайлы эссе жазыпты, онда менің кілең нашар жағымды теріп жазыпты» деп бастап, жұрт сілтідей тұнғанда: «Бәрі шын еді. Шындықты жазбаған ақын – ақын емес. Ханбибі – нағыз ақын» деп жалғастырып, қалың қол шапалақтың астында «ол менен озды» деп аяқтаса...
Қазақта ақын көп, қайсар ақын – аз. Қайсарлық – Ханбибінің бірінші өнегесі.
«Шындықты жазамын» деп айту – оңай, жазу – қиын. Жазу үшін адам батыр да әділ болуы керек. Ал, Еділдің ар жағындағы қалмақтарға жорық жасағанда олжаға жаудың малын емес, елдегі кедей жігіттерге жас қыздарын әкеліп беретін атыраулық Жылкелді батырдың немересі, жалақы алған күні мектептегі үш жесір әйелді дүкенге апарып, балаларына керектісін әперіп тұратын мұғалым Есенқара мен өзі шабандоз, өзі болыс, кәмпеске кезінде жалшы ағайындары «малы көп болса Құдайдың берген несібесі, біз бұл кісіден зәредей қорлық-зорлық көрген жоқпыз» деп, кеңес өкіметі тартып әперген малды алмай қойған қаратаулық Батырша байдың айтыста жеңіліп көрмеген ақын қызы Гүлзиядан туған Ханбибі өзбекстандық, батырлығын бөтен ұлттың өкілдері көтере алмай, қырық бес жасында қыршын кеткен ғажайып ақын Өмірзақ Қожамұратовтың: «Батыр ақын болмаса,батырлыққа мін емес. Ақын батыр болмаса, көрген күні күн емес!» деген өлеңін өмірлік қағидасы етіп алып, одан қылдай тайып көрген жоқ...
Қазақта ақын көп, батыр ақын – аз. Батырлық – Ханбибі ақынның екінші өнегесі.
ЛИРИКА ЕСКЕН ПРОЗА...
«Сөз патшасының» өзі өмірдің кейбір, әсіресе, психологиялық иірімі мол тұсында прозаға жол беретінін ескерген классиктер ізіменен Ханбибі де сол салаға құлаш ұрғанда өзінің өмірдегі өнегесі, өлеңдегі пірі Фариза: «Прозада нең бар?» деп ұрсып тастайды. Ертесіне таңғы алтыда өзі телефон соғып оятып: «Кеше кешкі шайдан соң «не жазды екен?» деп сенің кітабыңды қолыма алып едім, жаңа бітіріп отырмын. Қазанға ет салып қойдым, екі сағаттан соң машина жіберем, мына кітапты жуу керек – прозаңда лирика есіп тұр екен» дейді...
Жүз пайыз әділ баға! Проза емес, қара сөөзбен жазылған поэма бұл. «Талайлармен тағдырлас болыппын. Біріне бала болып барсам, дана болып қайтыппын. Біріне дана болып барып, нала болып қайтыппын». «Не мен көп жасап кеттім, не олар ерте өліп қалды». «Өмірім жас болғанымен, көңілім қарт». Абайдың қаламынан шыққандай нақылдар.
«Қазақ әйелінің ең үлкен мерекесі қонақ күту ғой». «Бір терінің ішінде ісіп, сол терінің ішінде пісіп, күйгелектенген мінез-ай». «Өз үйіне өзі тұл. Өз жерінде өзі құл». «Қысыр жыландай жүйрік уақыт мырза». «Бос белбеу, боз өкпе елу еркектен артық әйел». Осындай тосын теңеулер.
«Күле қараған адамнан көйлегіне жамау сұрайды». «Дос сыйласады, ұры сыбайласады». «Сәждеге басы тиіп көрмеген тасмаңдай». Осындай небір көне де көркем мақал-мәтелдер. Тізбектеліп кете береді, кете береді...
Кейіпкерінің келбетін бір ғана штрихпен аша білетін шеберлік.
Ақынның «Эсселер» жинағы осындай қазынаға лық толы... Жалпы, бұл кітап жайлы жазғаннан пайда жоқ, оны оқу керек. Біз де бір-екі жеріне ғана тоқталмақпыз.
...Бауыржан атамыз жайлы эсседе екі эпизодта ғана сөз болады. Біреуінде «Алматыда не бар саған? Аулыңа қайт. Өмір де, өлең де сонда» деп, сынаптай толқып тұрған жас көңілді дұрыс жолға салып жібереді. «Осы жерде өз жоспарымның орынсыз екендігіне көзімді жеткіздім. Шіркін-ай, қысылғанда қол ұшын беретін, шалыс бассаң жол сілтейтін, адасқанға ақыл қосатын осындай адамдар неге көбірек болмайды екен деп ойладым».
...Аяғы ауырып, Жаңақорғанға емделуге бара жатқан Қасым Қайсенов ертелеп Ханбибіге соғады. «Атыңа сыртыңнан қанықпын. Мықты ақынсың. Азаматсың. Есен-сау екенсің, көрдім, көңілім тоғайды. Енді жүре берейін, үшінші қабаттағы үйіңе шыға алмаймын» дейді. «Оңтүстіктегі қаншама қасқа мен жайсаңның ішінен бөле-жарып мені іздеп келгенде, дастарқанымнан дәм татқызбай қалай жіберем?!..» деп жол таппай, жаны қиналған Ханбибі:
-Түсіңіз машинадан, өзім көтеріп апарам! – деп, бұйыра сөйлейді.
-Ау, не дедің?!
Баяғының шайқасқа шығардағы батырларындай арқаланып, рухы көтеріліп тұрған Ханбибінің өзін шынымен де көтеріп кетуге дайын екенін көрген Халық Қаһарманы намысқа шабады. «Я, әруақ!» деген бойда асқақ басып, үшінші қабатқа көтеріліп бір-ақ тоқтайды.
...1992 жылы ақпанда су жаңа облыс әкімі Марс Үркімбаев Ханбибіні мәдениет басқармасына басшы етіп тағайындайды. Сол жылдың қарашасында астанадағы алқа мәжілісінде министр Еркеғали Рахмадиевке: «Соңғы бес жылда сексен ұжым шет елдерде өнер көрсетіп қайтты дедіңіз. Неге сол сексеннің ішінде бір де бір шымкенттік ұжым жоқ?» деп сұрақ қояды. Жауап таппаған министр «ұялған тек тұрмастың» керімен: «Қарағандының әкімі мәдениетке жеті жүз елу мың теңге бөлді, сенің әкімің қанша бөлді?» дейді. Ханбибі білмейді. Сосын жақсыдан да, жаманнан бірінші орынды бермейтін шымкенттік психологиямен «миллион бөлді!» деп соғып жібереді. Ол сөзі ертесіне «Қазақ әдебиетінің» бірінші бетінде айқайлап тұрады: «Оңтүстік ерледі!» Пойыздан түскен бойда жұмысына барып, бас бухгалтерінен сұраса төрт жыл алпыс мың екен... Күллі елге масқара болмай тұрғанда кетейін деп тіке әкімге тартады. Арызын оқыған әкім «жұмысыңызға мен ырзамын» деп түсінбеген соң: «Марс Фазылұлы, мен министрге «Әкім мәдениетке миллион бөлді» деп едім, ал бөлінгені жартысына да жетпейді екен» деп, кетпекке орнынан тұрады. Әкім де орнынан тұрады:
– Раз вы обещали миллион – миллион будет! До свидания!
Сосын арызын қолына ұстатады.
– Мұны не істеймін?
– Архивіңізге салып қойыңыз. Бір кезде қажет болады.
«Раз вы обещали миллион – миллион будет!» «Ердің құнын екі ауыз сөзбен» шешетін байырғы қазақтың сарқыттары ғана айта алатын сөз...
ҚАЗАҚТЫҢ КӨЗ ЖАСЫ
...Осылай мәдениет саласын ұршықша үйіріп жүрген Ханбибі әкім ауысқанда аяқ астынан жұмыссыздар легін көбейтіп шыға келеді. Күндердің бір күнінде барып филармония тізгінін ұстайды. Бұның орнына барған Табанды Әжібековтің орынбасары болып қайдан екені белгісіз, «менмұндалап!» тұратын аршын төсінен басқа көзге ұрар артықшылығы да жоқ бір орыс келіншек жайғаса кетеді. Жайғасқан күннен бастап кіл европалықтардан құралған, кім жоқ дейсің, бәрі бар филармония болады көздегені. Оған көне қоятын Ханбибі ме? «Сауып ішетін болсақ та, мына әйел бізге жоламасын!» деп шарт қояды досына, бастығына. Ақкөңіл, кеңпейіл Табанды көнеді, көне тұра өтініш етеді:
– Осы бір әйелмен тіл табыса салсаң қайтеді?
– Жоқ, табыса алмаймын!
– Неге?
– Ол орыстың ұлы шовинисті, ал, мен қазақтың ұлы ұлтшылымын! Ол екеуінің тіл табысуы мүмкін емес!
...«Көз жасы» деген эсседе орда бұзар отызында «түндігі жабулы, желбауы желкілдемеген, керегесімен кеңесуге мүмкіндігі жоқ қоңырқай қара үйді мекендегеннің бәрі шаңыраққа қараса екен, менің ұлы Ана тілімде сөйлесе екен, менің мұңымды мұңдаса екен» деген ұлы арманмен» «Қазақ тілі» қоғамына басшылыққа келген Ханбибі «тәкаппар, сырт көзге қатаңдау көрінетін», жетпіске жетіп қалған ақын Нәмет Сүлейменовті жұмысқа жеккені айтылады. Бір күні Нәкеңді шақыртып: «Мен сіз жаныма жалау болады деп сенген едім, ал, сіздің асығатын түріңіз» жоқ деп қатты-қатты сөйлеп, ашуға булығып қалады. Сосын күтіп отырады. Нені? Дәл өзінің айқайындай айқайды... Жауап жоқ. Басын көтеріп қараса... «О, Алла! Кабинеттің қақ ортасында, жалғыз түп, тіп-тік қарағай, үнсіз жылап тұр. Жанұшыра ұмтылдым: «Ағатай, кешіріңіз! Кешіре алсаңыз...
Қазақ тілі үшін айқасқан, шайқасқан қос мұңлық бірауық құшақтасып, жылап тұрдық... Дәл солай жыламасақ, дәл солай шырылдамасақ, облыс басшысы орнынан тұрып сөйлесердей, бізбен санасып тірлік қылардай беделді кім бізге әкеліп бермек?
Ұлы арманның көбінің маңдайы тасқа соғыларын, небір ауқымды іс-шара тарих шаңына көміліп қала берерін ол кезде кім ұқты дейсіз?...»
Асыл әпке-ау, одан бері өткен 33 жылда да ана тіліміз жетім балаша есіктен сығалаған күйінен ұзап кете алған жоқ, «баяғы жартас – сол жартас, қаңқ етер, түкті байқамас», әлі іс жүзінде мемлекеттік тіл бола алған жоқ.
Екі үлкен қызын екі автобусқа ауысып жүріп, үйінің дәл алдында орыс мектебі тұрса да, қаланың ортасындағы қазақ мектебін тасып оқытқан Ханбибінің ерлігін Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Нұртас Оңдасынов бастаған қазақтың бір де бір алыбы жасаған жоқ. Тіпті, бейресми түрде «Ұлттық Батырымыз» атанған Бауыржан Момышұлы да жасай алмады. Соның салдарынан баласы Бақытжан 1987 жылы қаңтарда Колбинмен өткен кездесуде «Тірі болғанда сізді әкем қуанышпен қарсы алар еді» деп сөйлеген көрінеді. Жалпы, соғыс кезіне қарағанда бейбіт күнде ерлік жасау әлдеқайда қиын. Оны майдангерлер жақсы біледі.
Қазақта ақын көп, ұлтшылы – аз. Ханбибінің үшінші өнегесі – ұлтшылдығы.
Ханбибі «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейіне келгеннен кейін біраз жыл өткенде 1922-23 жылдары Ташкент қаласында шыққан «Шолпан» журналын кәзіргі әріппен қайта бастырсам деген ойға келеді. Ойлады – істеді: 45 баспа табақтық журналдық форматымен бір кітап болып шықты.
Оны «тірілтіп» болған соң бастауында Алаш алыптары тұрған «Ақ жол» газетін қолға алуды бастайды. Тағы да «алаш танушымыз» дейтіндердің ешқайсысы қолға алмаған шаруға кіріседі. Өз еркімен, жоғарыдан ешқандай нұсқау-тапсырма түспесе де. Қаржы бөлінбесе де. Ташкенттің архивтеріне кіруге мүмкіндік жоқ бүгінгі заманда өз тарихымызды жасырын, заңсыз жолмен тірілтуге мәжбүр болса да. Оның 1920-25 жылдары жарық көрген 613 нөмірі 25 томды құрады.
Осылайша 3-4 адаммен бір институттың жұмысын бітіріп шықты.
Қазақта ақын көп, қайраткер – аз. Ханбибінің төртінші өнегесі – қайраткерлігі.
Эйнштейннен: «Мен өз миссиямды орындадым» деген сөз қалған. Ханбибі Есенқарақызы да сол асылдар қатарынан. Уәде де тұру – ерге сын. Ердің ісін бағалай білу – елге сын. Біз бағалай білер ме екенбіз?..
Өмірзақ Ақжігіт