ШАЛҚАР СЕЗІМДІ, ТЕРЕҢ ОЙЛЫ АҚЫҚ ЖЫРЛАР

ШАЛҚАР СЕЗІМДІ, ТЕРЕҢ ОЙЛЫ АҚЫҚ ЖЫРЛАР

Ақын Қазыбек Исаның «Сыртолғау» жыр кітабы Мемлекеттік сыйлыққа лайықты дүние

Аспан мен Жердің арасында бірде шілденің аптабындай ысып, бірде қаңтардың қаһарындай мұздап, дамылсыз аласұрған ақынның бейкүнә жанындай беймаза болмыс бар ма екен? Бірде кернеусіз тәтті қиялдың қанатына жармасып шыңға, құс жолынан биікке өрлесе, енді бірде батпандай ауыр, ащы мұңның салмағынан шыңыруға құлап, парша-парша болып жылап жататын ақынның жаны – жарық дүниенің бір тылсым құбылысы. Осынау ғаламдық урбанизация дәуірінде сақиналы ойдың, сақи сөздің сәулесін ұстаған қиялилау пақырдың дала кезген дәруіштей даналық қалпын, нақлиқаты әулиелікке барабар жанкешті мұңын ұғатын жұмырбасты пенделер де сиреп бар жатқандай ма, қалай? Қалай десек те, өзге адамдардың көрмейтінін көріп, сезбейтінін сезе алатын, космогониялық гипотезаларды қиялмен шешуге тырысатын, жаратылыстың эволюциялық қозғалысын ерекше түйсікпен түйсінетін, Жер бетіндегі биосфераның бедерлерін өзіндік таныммен талдап, аңмен де, құспен де, жапырақпен де, шөппен де, қайыңмен де, қарағаймен де сөйлесе алатын ақынның Құдай берген арда қасиеті қастерлеуге тұрарлық. Қазақ халқының шынайы ақындарды ерекше құрметтейтіндігі де сондықтан. 

Нағыз ақын – елдің құрметтісі, нағыз ақынның жауһар туындылары – елдің алтын қазынасы. Бүгінде мұқым қазаққа танымал талантты ақын Қазыбек Исаның Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан «Сыртолғау» атты өлеңдер жинағын оқығанда бергені де мол, берері де көп қаламдоз досымның жүрегіне шындап үңіліп, жан сырына терең бойлағандай болдым. Сағыныштан басталып, шалқар сезіммен өріліп, салиқалы терең ойлармен түйінделетін ақық жырлар кітаптың өне бойында маржандай тізіліпті. Әр өлеңнің тереңіне бойлаған сайын ғажайып күй кешесің. Ақынның тәтті мұңына ілесіп, тамаша музыка тыңдағандай көңілің толқиды. Жүрегің шымырлап, терең ойға батасың. Тебіренесің. 

        Мен бұл мақаламда Қазыбек ақынның туған жер, өскен ауыл туралы жазылған бірнеше өлеңі туралы ғана сөз етпекпін.

Шаңыраққа баладық Күндi биiк,

Бiр Құдайға ден қойдық бiрлiк ұйып.

Топырағыңды басқанда жалаңаяқ,

Тұла бойға туған жер нұрды құйып,

Алтын жұққан табаным тұрды күйiп...–

деп толғанады ақын туған жер жайында. Төбеңде Күн – шаңырақ. Жүрегіңде Ұлы Алла. Туған жердің төсі – алтын. Көкірегіңе алтын нұр құйылады. Өзің өскен өңірдің әр тасы, әр шағылы ыстық. Қызылқұм – алтын аймақ. Сағындырады. Табындырады. Тоқсан тарау тірліктің бар қайғысын ұмытып, сенің де Қазыбек өскен Шардара маңайына тартып кеткің келеді. 

Тек туған жер жазады жүрек емін,

Текті ақынның қадірін біледі елім.

Төрт бұрышын дүниенің шарлап келіп,

Төрт қақпаңа мен сенің тірелемін!.. 

Немесе:

Тірлікті айтып бітпейтін нетейін тек,

Ауыл-анам,

Кінәмді өтейін көп...

Шаршаған соң, сағынып келіп тұрмын,

Басымнан бір сипатып кетейін деп... 

       Бәріміз де туған жерден қуат аламыз. Италиялықтардың: «Барлық жол Римге апарады» дейтініндей біздің Риміміз – туған ауыл. Дүниенің қай бұрышында жүрсек те ауылды сағынамыз. Ауылды аңсаймыз. Ауыл біз үшін Қағбадан да қастерлі. Дей тұрсақ та ауылды әр ақын әртүрлі жырлайды. Ол әр ақынның парасат деңгейі мен қалам қарымына, сағыныш мөлшеріне байланысты болса керек. Қазыбектің ауыл жайлы жырлары тым ерекше. Осы өлеңді ол:

Қой баққанмен қиялы астанада,

Қызықтым сол бейкүнә жас балаға…

Құмды ауылда қалдырып балалығын,

Тартады ол да күні ертең тас қалаға.

Тастап елді кетеді,

Мен де кеткем…

Әлінше әркім шаруасын дөңгелеткен…

Қазына іздеп қалаға ұмтыламыз,

Құм ішінде жатса да көмбе көптен…-

деп түйіндейді. Тас қаладан қандай қазына тапсаң да туған жердің қасиетіне жетпейді дегенге меңзейді. Бұл ақиқатты ауылда өскен әрбір қазақ мойындайды. Жанымызға жақын шындық. 

Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек Қазыбек Исаның поэзиясы туралы кезінде көркем де, көлемді мақала жазғанын жақсы білеміз.

«Қазыбек Иса Қызылқұмда туып-өскен ақын. Оның өлеңдерінің жыңғылдай тарамыс, сексеуілдей сіңірлі, құмдай ыстық болып келетіні содан болса керек. Ол өзінің кітаптарының аттарын “Керімсал”, “Қызыл жыңғыл”, “Тәтті шөл” деп атауы да сол табиғи болмыстан. Ми қайнатып аңқа кептіріп жіберердей аптап астында өскен, ылғи да тұла бойын шөл буып тұратын ақынның туған жерге деген махаббаты да соншалықты ыстық. ...Ал оның махаббат тақырыбындағы өлеңдеріндегі аласұрып тұрған сезім арпалыстарының жалынына шарпылып қалғандай болдым десем, тіпті де артық айтқандық емес. Ол жырларды бүгінгі заманның ғашықтық ғазалдары десе де болғандай.»-деп туған жер мен махаббат жырларының айрықша ажарын атап өтті.

      Ауыл – ұлттық салт-дәстүрдің алтын ұясы. Салт-дәстүр – қазақы қасиеттер мен ұғымдарды қанға сіңдіріп тәрбиелейтін халықтық педагогиканың қайнар көзі. Ауыл баласының елсүйгіш, ұлтшыл болып өсетіні, елім деп, жерім деп еміреніп тұратындығы сол мөлдір бастаулардың арқасы. Ауылда өскен бала ешқашан космополит болмайды. Өз халқынан, өз салтынан безбейді. Қай кезде де ұлттық мүдде тұрғысынан ойлай алатын азамат болып қалыптасады. Данышпан ақын Қадыр Мырза Әлінің: «Нағыз қазақтың баласы ауылда өсуі керек» дейтіні бекер емес. Асфальтта өскен ұрпақтың қандай болатынына мысал тізіп қажеті жоқ. Күнде көріп жүрміз. Олардың басым көпшілігінің танымы да, психологиясы да, өмірге көзқарасы да бөлек. Орыстанып, мәңгүрттеніп болған көп қазақтың баласы сәлем-сауқатты да ұқпайтын халге жеткен. Жаһандану деген жалған теорияның жетегіне еріп, ұлттық болмысынан безіп, қара басының қамын ойлаудан арыға бармайтын бозөкпелер ертең елдің сөзін сөйлей ала ма? Бірдеңе деу қиын. 

     Қазақ жұрты тіл жанашыры деп танитын Қазыбек Иса қайраткерлік деңгейге көтеріліп, Парламент төрінде отырса да, осы өзекті мәселені бір сәтке ұмытқан емес. Ол ауылды махаббатпен жырлау арқылы талай адамның көзқарасы мен пікірін өзгертті. Әлі де өзгерте алады. Сол жолда жан аямай тер төгіп келеді. 

     Ақынның жүрегіндегі ұлы сағыныш ең әуелі қимастық сезімнен басталады. Қай кезде, қай тарапқа жол тартса да туған жер, өскен ауылды қимай, артына қарайлай-қарайлай аттанатын талант иесі мұңдана отырып мөлдір өлең өреді. 

Шабыт алып шаңыңнан,шағылыңнан,

Дауа таптым дамылсыз дауылыңнан.

Ұлы дүбiр ұлыңа ұйқы бермей,

Ұзап кетiп барамын ауылымнан ...

...Сағымымен қоштастым сар даланың,

Сағынумен сан өлең арнағамын.

Көз жетпейтiн көкжиек көңiл тартып,

Шағаласы шарқ ұрды Шардараның... –

деп толғанады «Аттанарда» атты жырында

«Ұйқы бермес ұлы дүбір». «Көз жетпейтін көкжиек...». Алыстан қол бұлғаған ұлы мақсаттар. Бала көңілде ерте бүр жарған асқақ армандар. Қарын тойдырудың қамын ғана ойламай, елдік мақсаттарға қызмет ететін, елдің сөзін айта білетін шайыр деңгейіне көтерілу миссиясы ақынның жанына тыным бермейді. Оның ұлы мұраты – елдің сөзін сөйлеу. Ол бар ғұмырын сол жолда сарп етуге дайын. 

   Қазыбек Исаның «Сыртолғау» өлеңдер жинағы мемлекеттік сыйлыққа лайықты дүние деп толық сеніммен айтуға болады.

Темірғали КӨПБАЙ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби  сыйлығының лауреаты