«ЖОШЫ ХАН»: ТОЛЫМДЫ ЕҢБЕК
2024 ж. 20 шілде
788
1
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, талантты жазушы-драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» пьесасы – қазақ әдебиеті тарихындағы өзіндік орны бар тарихи драма деп айтуға толық негіз бар.
Пьесаның тақырыбы – Жошы ханның билікке келуі және әлемді дүбірлеткен «Алтынорда» мемлекетінің құрылу тарихы десек қателеспейміз.
Қазақ тарихында жүздеген хан билік құрғандығын жақсы білеміз. Бірақ, солардың ішінде халқымыз Жошы ханды ерекше атайды. Оның өзіндік мән-мағынасы бар. Жошы ұлысы кезінде ұлы даланы мекендеген түркі тайпалары бір шаңырақтың астына бірікті. Жылдар өте келе алып мемлекетке айналды. Жошының халық алдындағы қызметін қалай ұлықтасақ та лайықты. Әлем ғалымдары «Алтынорда» дәуірін зерттеуді өздерінің ғылыми еңбектерінің өзегіне айналдырса, өнер адамдары Жошы ханның даналығы мен ерлігін шығармаларына арқау етуде. Батыр бабаның ел жолындағы теңдесіз еңбегі театрларда сахналанып, жастарды отаншылдыққа баулуда. Ал драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» драмасы көрерменді тарих тереңіне тартып, сол заманның кескін-кейпімен таныстырады.
Драма дегеніміз не? Оның ішінде тарихи драма дегеніміз не? Жалпы драма дегеніміз оқиғаны, іс-әрекетті диалог арқылы бейнелеу дейтін болсақ, онда тарихи драманың жүгі екі есе ауырлай түседі. Өйткені, автор әлеуметтік деңгейдегі драма жазып отырған жоқ. Бұл жағдайда тарихи шындықтан алшақтамай, басты ұстын етіп ұстап отыруы өте маңызды. Өйткені қазіргі замандағы мәртебелі оқырман да тарихты жақсы біледі. Драмадағы әрбір оқиғаға сын көзімен қарап отыратындығы анық. Бұл мәселе драматургтен терең білімділікті, аса ыждаһаттылықты, анық бағдарды қажет ететіндігі түсінікті. Ал нысанадан ауытқи бастасаң онда теңіздегі шамшырақты бағамдай алмаған кеме секілді тарихи драманың да көздеген межеге жете алмасы кәдік. Ондай жағдайда оқырман да бір сәтте теріс айналары анық.
Міне, осы жағдаяттар тұрғысынан алғанда, драманы жазудағы автордың көздеген межесінің айқын екендігі, оған барар жолды анық білетіндігі аңғарылады. Пьесаның басты кейіпкері Жошы ханның бейнесі жан-жақты сомдалады.
Бірінші көрініс бір топ сарбаздың «Жеңіс» биін билеп жатқан жерінен басталады. Оқырман еліге түседі. Шыңғыс ханның іс-қимылына қатысты терең тарихты қазбаламай, оқиғаның Хорезм империясын бағындырған сәттен басталуы ұтымды шыққан. Тарихтан белгілі, Хорезм мемлекетіне қарсы Шыңғысхан әскерінің негізгі шабуылы 2019 жылы басталып, ол тоғыз жылға созылады. Осы соғыс кезінде Жошы өзінің әскери шеберлігімен көзге түседі. Әкесінің берген тапсырмаларын мүлтіксіз орындап, Хорезм мемлекетінің аумағына Ферғана даласы арқылы еніп, қалалардың бірін күшпен басып алса, енді бірін дипломатиялық келісім арқылы бейіт жолмен бағындырып отырады. Осылайша Шыңғыс хан империясының аумағын кеңейтеді. Әкесі оны соғыстың ең қиын да жауапты аймақтарына жұмсайтындығы тарихтан мәлім. Сондықтан да, бірінші көріністе:
«Хатшы: Ұлы мәртебелі Шыңғыс қаған! (Тұрғандардың бәрі тізерлей тағзым етеді. Шыңғыс хан жәйлап басып тақтың жанына тақап, келгендерді көзімен жағалай жасқап өтеді. Бәрі үнсіз қас қақпай тұр. Бір кезде Жошы кіріп келеді. Шыңғыс таққа отырады).
Жошы: «Айыптымын, қаған-әке!» – дейді. Жошының осы «еркелігі» тарихты білмейтін адам үшін ерсі болып көрінуі мүмкін. Әрине, ерсі! Әлем әміршісінің алдына кез-келген адам бұлай кірмесе керек-ті. Бірақ, тарихи шындық тұрғысынан сараптағанда өзін-өзі ақтап тұрған көрініс. Өйткені, «Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей, Шыңғыс қаған үшін Жошының орны бөлек. Ерекше! Әрі тұла бойы тұңғышы, әрі жеңіліс көрмеген қолбасшысы. Жошының басқосуға кешігіп келуі, әрі онысына қиналмай еркін сөйлеуін тарихи шындық ретінде қабылдауға болады. (Хорезмге дейінгі болған жорықта Жошы бастаған қолдың «орман халқын» бағындырып келгендігін де естен шығармау керек). Осы бір кішкентай ғана эпизод Жошының бұған дейінгі бүкіл келбетін, оның Шыңғыс хан империясындағы орнын нақты көрсетіп тұр. Ең бастысы оның өз-өзіне сенімді екендігін білдіретін әдемі штрих! Бұл кезең Жошының қамал бұзар қырық жасқа тақап қалған кезі. Ал Шыңғыс қағанның мұрагерлікті ойлай бастаған уақыты. Олай болса драмадағы оқиғалардың тақталас, мұрагерлік төңірегіндегі қым-қиғаш тартысқа құрылатындығы сезіле бастайды...
Драмалық шығармалардағы шиеленістің басталуын кез-келген адамның асыға күтіп отыратындығы сөзсіз. Бірінші көріністің өзінде-ақ драмалық шиеленістің алғышарттары айқындала бастайды. Әрине, шиеленістің негізгі түпқазығы тақталас екендігі белгілі. Жошы, Үгедей, Шағатай және Төле – барлығы да империя тағынан бірден-бір үміткер ханзадалар. Бірақ, тақ кімге бұйырады? Шыңғыс қаған кімді таңдайды? Міне, бүгулі саусақ секілді, бәрінің ішінде жатқан ой осы. Осы ауан кейіпкерлердің шымыр да ширыққан сөзсаптаулары арқылы жымдасып өрби бастайды. Оқырманды ынтықтыра түседі. Оған қоса әр баласының айналасында тақмұрагерлігін өздеріне қарай тартуға тырысатын мүдделі топтар да анық көрінеді. Мүдделі топтар бір-бірінің кемшіліктерін теріп әлек. Қамал бұзар жастағы Жошының да «кемшіліктері» жетерлік. Ең басты «кемшілігі» – жол-жөнекей туғандығы. Әкесі Шыңғыс па, жоқ әлде меркіттің көсемі ме? Әлі күнге дейін халық арасында талас-тартыс тудыратын мәселені автор да оңтайлы қолданады, тарихты бір жақты аттап кетпей, ондай сөздің бар екендігін оқырман талқысына қалдырады:
«Көкеш бақсы: Айт десеңдер айтайын... бір сұмырайдан естігенше өзімнің айтқаным дұрыс шығар. Осыдан қырық жыл бұрын меркіттің көсемі Шілгер айтыпты деген жел сөз мынау:
Ханым Бөртені қойныма алам деп,
Қара басыма қайғы әкелдім, мен бейбақ.
Ару Бөртенің арын аяққа басам деп,
Қалың жұртыма қан жұтқыздым, мен бейбақ, – депті. Бірақ сендер бұған сенбеңдер. Береке-бірліктен ажырамаңдар»...
Бұл енші бөлісер кез жақындағанда айтылып жатқан әңгіме. Яғни, Көкеш бақсының аузына мұндай әңгімені мүдделі топ әдейі салып отыр. Сарай төңірегіндегі шиеленістің бір жібін драматург осылайша сәтті көрсете білген. Бұдан кейінгі оқиғаның қалай болатындығын да оқырман бағамдай бастайды. Бауырлар арасына сына қағылып, оның соңы өшпес өштікке айналады. Жошыны саяқтай бастайды.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Шыңғысханның ұлдары әкелерінің көзі тірісінде-ақ бір-бірімен жиі-жиі жанжалдасып, келіспей қалатын кездері көп болған. Мұндай жағдай, әсіресе, Жошы мен Шағатайдың өзара қарым-қатынасынан анық көрінеді. Үгедей бұл жағдайда үнемі Шағатай жағында жүреді. Осы екі топқа бөлінген алауыздық Шыңғысханның немерелері кезінде де ашық орын алғандығы тарихтан белгілі.
Бірақ, драмада Шыңғыс қағанның салиқалы сөзіне тәнті боласың: «Шыңғыс хан: Тоқтатыңдар! (Ұрыс-керіс сап тиылып, бәрі Шыңғысқа тағзым етеді). Көкеш, өткенді ұмыттым деп ант ішкенің қайда? Баяғы һарам пиғылыңнан әлі арылмаған екенсің! Әйел затының асылы Бөртеге тіл тигізіп, ар-намысын қорлағаның үшін өлім жазасына кесілесің!» Осылайша драматург ел аузындағы қаңқу сөзге Шыңғыс ханның аузымен тосқауыл қойып, бұл мәселені біржақты шешіп алады. Жошыға қарсы топтың сағын сындырады. Драмалық характердің жоғары эмоцияда, тартыста ашылғандығына куә боласың!
Драмалық шығармада автор өз кейіпкерінің іс-әрекетіне араласпайды, драма қатысушылары сюжетті өздері ұйымдастырып отырғандай әсерде боласың. Сюжеттің динамикалық дамуы, бейнелі көріністері кеңейе түседі. Көп ұзамай басталған енші бөлісу мәселесі осы сөзімізге айқын дәлел. Қарсылас топтар енші бөлісу мәселесінде Жошыны тұғыртқысы келгенімен, олардың бұл пиғылдары іске аспай, оған еншінің сүбелі басы тиеді. «Оғыландарым! Ешкім де мәңгі өмір сүрмейді. Ажалдан құтылған жұмыр басты пенде жоқ. Заңғар таулардан астым, терең теңіздер кештім, таралғы созылғанша, үзеңгі қажалғанша тыным таппадым, қаншама халықты ғұзырыма қараттым, бір ұлысқа ұйыстырдым. Ұлдарым, енді сендердің кезектерің. Мына байтақ даладан әрқайсыңа енші бөліп бермекпін!» – деген Шыңғысхан енші бөлу мәселесін Жошыдан бастайды. Үлкен ұлына «Ертіс өзенінен Орал тауына, одан түстікте Каспий теңізі мен Арал теңізіне дейінгі мекен, Сырдария аймағы, Қойлық пен Сақасыннан Бұлғардың шетіне дейінгі жерлер Жошының иелігіне берілсін...» деп шешім шығарады.
Драмалық шығармалар да эпикалық туындылар сияқты, сюжетке, яғни оқиғаға құрылатындығын ескерсек, онда «Жошы хан» пьесасындағы кейіпкерлер де сырт көзге байқалмайтын терең тартысқа түсіп, уақыт пен кеңістікке араласып кетеді. Сегізінші көріністе драматург негізгі тақырыпқа ойысады. Жошы ұлысының, яғни алдағы болашақ «Алтынорда» мемлекетінің негізі қалана бастайды: Ұлы дала көрінісі. Халқымызға қасиетті тарихи орындар көз алдымыздан жылжып өтіп жатады. Сахна төрінен Жошы көрінеді. Мұнда Кетбұға жырау, Баян батыр, Сартақ батыр, Шыңқай батыр, Майқы би, Бауырты би, Мәуке би, Сунақ көсем, Қалтай батыр секілді тарихи тұлғалардың ел іргесін қалаудағы маңызды шешімдеріне разы боласың. Ұлы даланың дархан бейнесі, бауырына басқан байлығына дейін кеңінен айтылады. Жоғарыда аты аталған тұлғалармен Жошы кеңесе отырып, болашақ мемлекеттің құрылымын анықтайды. Осы тақырыпқа құрылған өткір диалогтар, кесімді ойлар да ешкімді бей-жай қалдырмайды:
«Жошы: Ел басқаруды ойлағанда түн ұйқым төрт бөлініп, санам саққа жүгірді. Тоқтам бұндай болды. Ханда қырық кісінің ақылы бар, бірақ, жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас. Қаған әкем, қандай кезде де көппен бол деп еді. Әр рудан бір би қосып, билер кеңесін құрамыз. Ішкі дау-дамай кеңесте шешіледі. Ұлыстың тағдыры талқыға түсер кезде хан құрылтай шақырып ақылдасады. Бұл ханды шалыс басудан сақтайды. Түпкі шешім құрылтайда түйінделеді...» Тарих төрінен ойып тұрып орын алған жаңа мемлекеттің қалыптасу жолдарын автор әсерлі, шынайы түрде жеткізе білген.
Драмадағы оқиғалар желісі өзара шымыр байланысып, бір-бірімен үзілмей жалғасып отырады. Нақтырақ айтқанда, бір себепке байланысты екінші бір тың оқиға өрбіп, оның өрістеуінде бір кедергіден екінші кедергі туып, тартыс барған сайын шиеленісіп, бас кейіпкердің басына кейде қауіп төніп (мұндай кезде тарихи оқиғаның қалай аяқталатындығын алдын ала біліп отырсаң да), кейде әлдеқайдан үміт сәулесі жанып, ол біресе өшіп, біресе жетелеп отырады. Осылайша «себеп», «оқиға», «кедергілер» іспетті алгоритм бойынша дамыған драма желісі көрерменді жалықтырмайды. Атақты режиссер Альфред Хичкоктың «Кинодағы ең басты нәрсе – сценарий, сценарий және тағы да сценарий» («Самое главное в кино – это сценарий, сценарий и еще раз сценарий») деген қанатты сөзі еріксіз еске түседі. Яғни, сценарий дегеніміз шынында да шын мәніндегі тарихи шындық болуы керек. Мәнді де мағыналы, тақырыбы терең зерттелген драманың көрермен жүрегіне жол табатындығы және ондай драманың ғұмыры мәңгілік болары анық. Бұған мысал ретінде театр сахналарынан ондаған жылдар бойы түспей келе жатқан қазақтың классикалық пьесаларын айтсақ та жетіп жатыр. Осы тұрғыдан келгенде қазақ халқы тұрғанда «Жошы ханды» да талай ұрпақтың тамашалайтындығы сөзсіз. Өйткені мұнда шынайы тарих бар, тарихи тұлғалар бар және бір мемлекеттің қалыптасу жолдары бар.
Бір романның жүгін көтеретін оқиғалар қысқа да нұсқа түрде айтылып, оқырманды ара-тұра тарих тереңіне тартып, сол дәуірдің тыныс-тіршілігінен хабардар етіп отырады. Мысалы, осындай оқиғаның біреуі Қолтуған ханзаданың аузымен: «Есугей әкең Шіледу атамның қалыңдығын тартып алып, қатын қылды. Бұндай қорлыққа кім шыдасын?! Қан уыстап тусаң да, қанға тояр уақытың болды ғой!» деп айтылады. Шыңғысхан тарапына қарата айтылған ащы сөз! Осы бір ауыз диалогқа қаншама тарихи шындық сиып тұр. Екі тайпаның арасындағы ұзақ жылдарға созылған бітіспес дау, қақтығыс қылаң береді. Сондай оқиғалардың болғандығын автор кейіпкердің аузымен «еске» салып өтеді. Нәтижесінде оқиғаның өн бойына қан жүгіріп, оның себеп-салдары анықтала түседі. Көрермен жүрегіне сенімділік отын ұялатады. Шашыраңқы емес, жинақы диалог. Оны естіген көрермен негізгі тақырыптан ауытқып кетпейді. Тарихи драманың бас жағында Батудың бейнесі де сәтімен көрінеді (мүмкін алдағы уақытта «Бату хан» тарихи драмасы жазылар). Мұндай «елеусіз» көріністердің өзі көрерменді сахнаға жақындатып, жылылық сыйлайды.
Драманың тіліне де тоқталып өткен орынды. Композициясы, образдар жасау жүйесі жағынан ғана емес, тілінің көркемдігі де өзіндік ерекшелігімен көзге түседі. Қайсыбір шығарма болса да тіліне баға бергенде, оның нақтылығына, яғни ойды қаншалықты дәл беріп тұрғандығына назар аударамыз. Тілі ұғынықты, мазмұнды және көркем болса онда шығарманың көрермен көңіліне қонатындығы сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде ауыз әдебиетінің байлығын осы драмадан кездестіреміз. Шешендік өнер, сирек кездесетін мақал-мәтелдер орын-орнымен қолданылады. Әр кейіпкердің өзіндік тілі бар. Мысалы, «Оғыландарым!... Ешкім де мәңгі өмір сүрмейді. Ажалдан құтылған жұмыр басты пенде жоқ. Заңғар таулардан астым, терең теңіздер кештім, таралғы созылғанша, үзеңгі қажалғанша тыным таппадым, қаншама халықты ғұзырыма қараттым, бір ұлысқа ұйыстырдым. Ұлдарым енді сендердің кезектерің», – деп өктем, кесек-кесек сөйлеу Шыңғыс ханға жарасады. Осы арқылы Шыңғыс қағанның алып бейнесі, келбеті ашылып тұрғандығы сөзсіз.
Ал Жошының тілі салмақты, салиқалы ойларға сүйеніп айтылатындығын байқаймыз: «Әділеттен тайып, бұра тартса билердің өзі жазаға тартылады. Ел басқарған көсемдер, ұлықтар мен нояндар жарғының қағидаттарын өздері сақтамаса, әділеттен тайса, кәззаптар мен ұрылар көбейеді, сөйтіп жарық күнді қараңғы түнге айналдырып, өз ұлысының жауы болып шығады. Бар қазына талауға түседі, ат арып, әскер қуатынан айырылады. Ұлыс іштен іріп-шіріп, бардан жоққа айналады». Жошының осы сөзі қай заманда да маңыздылығын жоймайтындығы шындық. Сонысымен де құнды әрі көңілге қонымды.
Тарихи драма барысында Жошы айналасындағы игі-жақсылармен барынша ашық болуға тырысады. Бұл жолда шешендік өнерді мейлінше жетік қолданады. Сонымен қатар «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген мақалды да іштей ұран етіп ұстайтындығын аңғарасыз: «Уа, жұрт! Мен де жұмыр басты пендемін. Ұйықтап кетсем оятатын, алжассам ақылға шақыратын, әділеттен тайсам бетіме басатын Кетбұға болады. Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ, әр патшаға бір сұрқылтай. Жырау ханның қасында болады. Уа, қаны бір түркі баласы, бір шаңырақтың астында бас қосып, бір қазаннан дәм татқан – қандасына қастық ойламас. Тағдырыңды байла бір қазыққа!»
Мықты мемлекеттің іргетасы осылай қаланды десе сенуге болады. Автор сол бір сәтті басты кейіпкердің тілімен жеткізіп отыр. Бытырап жүрген тайпалар Жошының бәтуалы сөзіне ден қойып, бір шаңырақтың астына жиналады.
Драмадағы махаббат тақырыбын Жошы мен Бектомыштың арасындағы терең сыйластықтан байқаймыз. Бәйбішесінің артық-ауыз сөзі жоқ, назды еркелігіне Жошының берген жауабы көрерменнің көңілінен шыққандығы сөзсіз: «Қайдағы-жайдағыны еске түсірдің ғой, Бектомыш! Оны да қойшы, бәрінен де бұрын сызылтып салған әніңе ғашық болып едім-ау! Жүзің де, әнің де, дауысың да сұлу ғой, жарқыным! Дауысыңнан қыпшақ даласының самал желі есіп тұрғандай ерекше сезімге бөленіп, көзімнен жас парлап еді-ау!»
Бұл жерде махаббат тақырыбымен қатар Жошының қыпшақ даласына деген көзқарасы мен құрметі, құштарлығы осы жерден өрбіп, драманың өне бойында көрініс тауып отырғандығын көреміз. Яғни, шағын ғана диалог екі тақырыптың жүгін арқалап тұрғандығын байқаймыз...
Драмада халқымыздың көптеген салт-дәстүрі сақталғандығын да байқауға болады. Соның бірі – Жошының салиқалы саясатына бас иген халық оны ақ киізге көтеріп, хан сайлайды...
Жалпы айтқанда «Жошы хан» тарихи драмасы өз уақытысында жазылған шығарма. Тәуелсіздігін өз қолына алған халқымыз осындай тарихи дүниелерге шөлдеп отыр. Мұндай шығармалар жастарға рух беріп, тарихымызды зерделеп, оны терең құрметтеуге тәрбиелейді.
Жалпы көрермендер Думан Рамазанды тарихи тақырыпқа қалам тартатын драматург ретінде жақсы таниды. Оның қаламынан туған «Керей-Жәнібек», «Абылай ханның арманы», «Кенесары-Күнімжан» секілді тарихи драмаларын еліміздің бірқатар театрлары сахналады. Гастрольдік сапармен шетелде де қойылды. Әр қойылым аншлагпен өткеніне де куәгерміз. Қазіргідей заманда көременнің көңілінен шығу оңай шаруа емес. Ал Думан Рамазанның қойылымдарының жоғары деңгейде өтіп жатқандығы драматургтың айтылған талап үдесіне сай болуға тырысуы, ізденімпаздығы десек артық айтқандық емес. Олай болса алдағы уақытта да кемеліне келген автордан оқырманның күтері көп.
«Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы» деп Қадыр Мырзалиев жырлағандай, қазақ тарихынан сахналайтын драмалар жетерлік. Тек оған Думан Рамазан секілді тереңінен бойлай білетін, керекті нәрін ала білетін драматургтер қажет! Сондықтан, сәтті туындыларымен көрініп жүрген драматургке алдағы уақытта да тек табыс тілейміз!
Қорыта айтқанда, талантты жазушы-драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» драматургиялық шығармалар жинағы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық!
Мұхтар Анарбекұлы,
жазушы, Б. Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты