ЕРЛІК ДАСТАНЫ
2024 ж. 13 шілде
964
0
ШАЛҚАР СЕЗІМНЕН ТУҒАН РУХТЫ ЖЫРЛАР
Поэзия – ешбір мамандық иесі егжей-тегжейлі түсіндіріп бере алмас санадан тыс құдірет. Борхестің пікірінше, алғашқы поэтикалық туындылар соғыс тақырыбында туған. «Одиссея», «Иллиада», «Энеида» секілді іргелі эпостар пікірімізге тұздық. Ал лириканың атасы саналатын Катуллдың қаһармандық жырлары әлем поэзиясының алғашқы баспалдағына айналды. Ақындық – ұлтты сүюдің барометірі секілді көрінеді. Ал Отаншылдық, шынайы ұлтшылдық жүре келе қалыптасатын кәсіби ақылдың ісі емес. Ұлтшылдық – ана сүтімен бойға сіңетін, талантқа ғана қонатын құбылыс.
Ұлтының ар-ожданы бола білген Пабло Неруда, Рубен Дарио, Хосе Марти, Расул Ғамзатов, Рабиндрант Тагор сынды күрескер ақындар өз ұлтын сүю арқылы адамзат тамырымен жалғасқалы қашан. Ұлтын сүйген адам ғана барша адамзатты бауырына басып, махаббатқа бөлей алмақ. Солайша Отан анасын шексіз жақсы көріп, бір жүректен барлық жүрекке жол табады. Туған халқының тағдырын ойлай-ойлай, сол ұлттың өзіне айналады.
Қазыбек Иса поэзиясының негізгі культы – ұлтшылдық, елге махаббат. Осы бір сүйіспеншілік шоғы әр жырдың өзегінен байқалып тұрады. Бұл жалаң сезім емес, сүйекке біткен шалқар сезім. Мұны қолдан жасау мүмкін емес. Біз танысқан рухты жырлар, баба сарынымен үндес «Сыртолғау» кітабы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр.
Теңдiк сұрап ақырған аталардың,
Жаңғырыққан үнiнен от алармын.
Уызданған ұландар ұрандаса,
Рухыңды жаныштап жата алар кiм?..
Садағаң деп...Алаңға барған әркiм,
Сақтағаны атадан қалған антын...
Ақиқаттың дауысын айқайлаған,
Жүрегiңнен жоғалтып алма, Халқым!
Рух пешіне қорытылған жырдан әділет, ар сұрап аһ ұрған тегеурінді күш мұнартады. Не болса да «ұлтқа болсын!» деген ақжарма ниет қылаң береді. Сірә, адам асаси, кіршіксіз сезімін ғана қорғаштап, кемшіліктен пәк болуын қалайды. «Құдайдай болам деме, Құдайға ұқса» деп Шәкәрімше қайырсақ, тіршіліктің ең үлкен мәні кемелдікке ұмтылу арқылы адамдық борышқа қол арту. Ал адамдық борыштың айдарлысы – ұлтқа қызмет қылу. Міне, осы ниетке бекіген ақын елдің хал-жайына жүрегі езіліп, жаны ауырады. Оның ешбір ішкі қозғалысына бей-жай қарай алмайды.
Тілің болса –
Тірісің сен, естір мың,
Оян, қазақ!
Қалма астында көшкіннің!
Есінеумен есіл өткен уақыт,
Ежелгі жау ел болмасын кеш білдің!..
Тәуелсіздік! –
Алла сыйын ешқашан,
Саудалауға хақысы жоқ ешкімнің!
Отан болу – арман болып әлі де,
Отар болсаң, бұл өмірдің мәні не?!.
Азаттығым қыл үстінде тұрса егер,
Ат үстінде аттанамыз бәріне!
Түрік ақыны Мехмет Акиф Ерсой хақында «қалай өмір сүрсе солай жазады, қалай жазса, солай өмір сүреді» деген пікір бар-тын. Осы бір пайымды пікір Қазыбек Исаның болмысына шақ тұр. Ақын қай мінберде, қай қызметте болмасын елдік жайының, ұлт мұратының жоқшысы. «Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген, не тындырдың «басымды иемменен?» деп Мұқағали жырлағандай, ісі өзге, сөзі басқа ақынның қылған өнері жүрекке жетуі екіталай. Ал кеудеден гейзер суындай жарып шыққан бұла жыр қайбір оқырманды да бей-жай қалдырмаса керек. Ақынның соңғы жылдары жоғары мінбеден ұлт үшін, ана тілі үшін «ақырып теңдік сұраған», шындық шырағданын жаққан кесек сөздері ел назарында. «Қарағайға қарсы біткен бұтақпын, балталасаң да айрылман, сыртым құрыш жүзім болат, тасқа да салсаң майрылман!» дейтін жыраулар рухындай осы бір отаншыл жүрек халық махаббатына ұласып отыр.
Ақын Қазыбек Исаның «Сыртолғау» жыр жинағы атажұрттың қою түтін көмкерілген тұма қыратынан бастау алып, жас жүрек саусағын жайған жас өмір, ел ағасы болған етжеңді ойлар айдынымен ұштасқан. Ақын не айтса да, жанын жеп, соңғы бақайшағына дейін езіліп айтады. Нені жыр етсе де, түпсананы бойлай сүңгіп, жан-жақты мән береді. Біздіңше, ақын ерте күннен-ақ болашақ тұтқасын, өз мақсатын айқын білген. Өмір бойы сол ізге түсіп, асқақ мақсатқа құлаш ұрған.
Жүрдім, жүрдім, жүрдім де,
Кетіп қалдым бір күнде...
Немкеттілеу ағайын,
Неге кеттім, білдің бе?..
Өсуіне бауырдың,
Шешіміне қауымның
Қарайлаумен күн кешіп,
Өз дертіммен ауырдым.
Осы бір жырдан біз айтқан байламның негізсіз емесі аңғарылады. Неге кеткенін анық түсінген адам ғана, жұртқа «неге кеттім, білдің бе?» деп көкірегін ашып сұрау сала алса керек. Әйтпегенде, өзі білмегеннің өңі сынық, жүзі салқын. Суретшілердің заңы бойынша, ойға алғаш келген дүние – ақиқат. Ал, қалғаны қоспа араласқан қойыртпақ. Меніңше, Қазыбек ақын сонау алғашқы самал шалмаған тұнық мұратына жеткен тұлға. Ұлт ұранын тік ұстап мұзартқа алып шыққан Данкодай, ел аманатын арқалап төрге озған қалам иесінің түпкі арманы қазіргі биігімен шектесіп жатқаны айдан анық.
Елді ел, халықты халық ететін екі ұстын болса, соның біріншісі – ана тілі. Тіл арқылы мәдениет сіңеді, рух түзіледі. Бір ұлттың тілін білу арқылы сол ұлттың жүрек ішімен танысуға мүмкіндік туады. Махатма Ганди айтқандай, «кісінің өз тілінде сөйлесу, оның жүрегімен тілдесу». Ғамзатовтың «Егер тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деген салмақты жолдары толағай аманат жүгінің табын сездірсе керек. Тілімізде ұлттың қоңыр жаны, асқақ сөзі, бағзыдан тамыр тартқан айбынды арманы бар.
Қайран ел қалайша қалғиды?
Жау іштен шыққаны – зор қайғы.
Қазақша есітпей әлдиді,
Өскен ұл ел қорғай алмайды.
Жат тілде жалтақтап жаһанға,
Жат тілде сөйлейміз Отанға.
Бір іліп тастайтын қажетсіз,
Тіліміз тойдағы шапан ба?
Осы шумақтар түбінде толғаулы зар, тілім деп тілінген жүректің ащы дауысы жатыр. Тірліктің тас тұтқасын ғана көксеген, елдік мұратпен шаруасы жоқ жалаң тәрбиеге қарсы ызалы ой ұшқыны бар. «Тілі жоғалған жұрттың өзі жоғалатынын» байыптай білмес басыр санаға ашылған майдан оты аңғарылады. Расында, Отанымыз сан ғасыр мойнына бұршақ салып тілеген азат таңға жеткен аз жылда біздің рухымызға жаңа серпіліс қажет. Серпілістің ең басы, тәуелсіз таңды, баба тілді терең сезіне білуден тұрса керек-ті. Ол үшін әрбір жас өткен мен бүгінді шұңғыма еңбекпен таразылау шарт. Аузы дуалы ағалар тәуелсіздік алған тұста ендігі өрістер тақырып, азаттық туралы болуға керек деп күткен. Бірақ еркіндік тақырыбының үддесінен шығып жүрген қаламгерлер саусақпен санарлық қана.
Ақын Қазыбек Исаның «Сыртолғау» кітабы – ерлік жыры, батырлық рәмізі, ұлтқа адал махаббат кітабы. Дәл қазір бізге ауадай қажет тақырып, осы елдік тақырып. Бабалар арманы Алланың алқауымен алдымыздан айпарадай ашылған тұста, рухымыз аспанға атылып, мұртымыз көкке шаншылып Отанымызды дәріптей жырламағанда, қашан жырлаймыз?! Міне, ақын кітабының ұстыны, осы алып негізге, ерлік дастанына, мәңгілік ұғымға табан тіреген. Алпамса бабалардан жеткен аманат жүгін көтеріп тұрған рухты жырлар көне сарынмен сабақтас, аталар ділімен туыстас. Жаһанды қайқы қылышымен үрейге бөлеп, әділет орнатпаққа аузын айға білеген Түркі халқының өзіне ғана тән негізгі белгісі де – жаужүректік, қаһармандық. «Сыртолғау» кітабы – Түркінің қара шаңырағына берік орныққан, сеңгір рухын бұзбай сақтаған қазақ ақынының шамырқанған дауысы. Кешегі мен бүгіннің көзге көрінбес, көңілге ғана сезілер шемен жібін тоқыған сардар жырлар жинағы ұсынылып отырған Мемлекеттік сыйлыққа лайықты деп білемін.
Батырхан СӘРСЕНХАН,
Қазақ үні