СӘБЕҢНІҢ ПОРТФЕЛІ

СӘБЕҢНІҢ ПОРТФЕЛІ

Қазақтың жолы кең жазушысы Сәбит Мұқановтың Алматыдағы музей-үйі оның 1965-1973 жылдар аралығында тұрған қара шаңырағында ұйымдастырылған. Үстіміздегі жылы қаламгердің рухани бай мұрасы сақталған бұл мәдени ошақтың ашылғанына 45 жыл толады. Соған орай биыл қала әкімдігінің, Мәдениет басқармасының және Музейлер бірлестігінің қолдауымен күрделі жөндеуден өткізіліп, экспозициясы жаңа мазмұнмен толықтырылып, заманауи технологиямен жабдықталды. 


Жаңа экспозициядан, әдеби бөлімнің екінші залының тура ортасынан ойып тұрып орын алған құнды жәдігердің бірі – Сәбеңнің портфелі. 1950 жылы сатып алған. Материалы – былғары. Түсі – қара. Өлшемі: биіктігі – 30 см., ені – 43 см. Қатты тозған. Былғарысы сырылған. С.Мұқанов 1951 жылдан өмірінің соңына дейін еркін шығармашылықпен айналысқан. Сәбеңнің бұл қолсөмкесі – ұзақ жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағындағы, Ұлттық Ғылым Академиясындағы, кітапханалардағы, жоғары оқу орындарындағы, Мәскеу, Ташкент, Фрунзе, Ашхабад, Пекин, Улан-Батор, т.б. жақын шет елдерге іс-сапарларға, жиналыстарға, құрылтайларға, конференцияларға, кездесулерге барғанда қолынан тастамай ұстап жүрген ең қымбат мүлкі. Қолсөмкесінде «Өмір мектебі», «Аққан жұлдыз» романдарының, «Сәкен Сейфуллин», «Ботагөз», «Шоқан Уәлиханов», «Қашғар қызы» пьесаларының, «Алыптың адымдары» жолжазбасының, «Өсу жолдарымыз» және «Жарқын жұлдыздар» монографиясының, «Қазақ қауымы» («Халық мұрасы») этнографиялық зерттеу еңбектерінің қолжазбаларын, т.б. көптеген жеке құжаттарын, хаттарын, қаламы мен қаламақысын алып жүрген. Бұл қөлсөмкені Музей кешені қорына жазушының қызы Жанна Сәбитқызы Мұқанова тапсырған. Қаламгердің қолынан түспей, өзіне ұзақ жылдар бойы серік болған бұл портфель көзге оттай басылады.

Назгүл АЛТАЕВА,

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми бөлім жетекшісі