КІТАБЫ РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШПЕН ТАРАҒАН ЖАЗУШЫ

КІТАБЫ РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШПЕН ТАРАҒАН ЖАЗУШЫ

ҚАЗАҚ ДЕТЕКТИВІНІҢ АТАСЫ 

Қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін салған атасы Кемел Тоқаевтың кітаптарын кезінде іздеп жүріп оқымаған адам жоқ шығар.

Осыдан екі жыл бұрын, 2021 жылы 9 мамырда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Жеңіс күніне арналған қалам мен қаруды қатар ұстаған майдангер қаламгерлерді еске алу, олардың даңқын асқақтату мақсатында ұйымдастырылған мерекелік шара өтті.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ жауынгерлерінің асқан ерліктерін бүгінгі жас ұрпақ мәңгілік ұмытпайды. Олардың қатарында 90-ға жуық қаламгерлер қаламын қаруға айырбастап, Отан үшін сұрапыл соғыста жанқиярлық ерлік көрсеткендіктері белгілі.

Атап айтсақ, даңқы жер жарған дарабоз қолбасшы Бауыржан Момышұлы, «Дариға сол қыз» деп жырлап, Оралдың боранын майданға алып кеткен ақиық ақын Қасым Аманжолов, Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллин, Әди Шәріпов, Хамит Ерғалиев, атақты партизан Қасым Қайсенов, Дмитрии Снегин, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов, Кемел Тоқаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тоқаш Бердияров және т.б. бар.

Осы Жеңіс күніне арналған шарада Ұлттық академиялық кітапханада жазушы, Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерінің иегері, қазақ детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың да шығармашылық залының ашылу салтанатына қатыстық. 

Елімізге белгілі ұлт зиялылары қатысқан игі шарада кезінде Кемел Тоқаевпен бірге істеген, сапарлас болған қаламгерлер Көпен Әмірбектің, Баянғали Әлімжановтардың естеліктері әсерлі болды.

Біз де өз пікірімізді білдірдік. 

– Кемел Тоқаевтың кемел шығармалары сол кездегі чекистердің, тәртіп сақшыларының тәлімді жанқиярлық ерліктері мен тапқырлық істерін тамаша суреттеген туындылар еді.  

Сондықтан да ол «Милиция қызметінің үздігі» белгісімен марапатталған тұңғыш, бәлкім жалғыз жазушы шығар. Милицияның ел сүйсінер ер образдарын күшті жасап, шебер сомдағандықтан да, сол заманда көп жастар тәртіп сақшысы болуға ұмтылды. Бізге дәл қазір құқық қорғау органы қызметкерлері туралы патриоттық тұрғыда сомдалған сондай шынайы шығармалар жетіспейді. Сондықтан да біздің қоғамда қазір полицияның образы ойдағыдай емес, қайта керісінше қалыптасу байқалады.

Біздің полициямыз қазір митингідегі шал-кемпірлерге “шабуылымен” жағымсыз бейнелерге айналуда. Патриоттық тәлім-тәрбиені күшейтіп, ел тыныштығын қорғауды жастарға үлгі-өнеге ету үшін бізге қазір Кемел Тоқаевтың жаңа ізбасарлары керек. Ол үшін қазір қазақ әдебиетінде кенжелеп қалған детектив жазушыларды қалыптастыруды жолға қоятын Кемел оқулары керек болып тұр. Детектив жазушылар үшін Кемел Тоқаев атындағы сыйлық тағайындалса, бұл оларды жақсы қолдау болар еді, – деп, ұсыныстарымызды айтқан едік.

Жазушы Кемел Тоқаев атындағы шығармашылық залдың қаламгердің «Солдат соғысқа кетті» кітабының мұқабасы бейнеленген символикалық есігін ашу құрметі бізге бұйырды.


Кешегі ер етігімен су кешкен қиын кезеңдердің көрінісін көркем бейнелеп, дизайндық сәтті шешімдермен көрсете білген оқу залы өз ерекшелігімен көз тартады.

Кемел Тоқаевтың кітаптары, әлемдік және қазақстандық детектив жанрындағы үздік туындылар, Ұлы Отан соғысы туралы жазылған шығармалар, сол кезеңдегі жарияланған мақалалар, хаттар, мерзімді басылымдар, аудио-бейне материалдар, соғыс тақырыбындағы экспонаттар әдемі үйлесім тапқан. Жазушының кабинетіндегі әр құнды жәдігер тарихтан сыр шертеді.

«Ел жатса да, енекем жатпайды» дегендей, Ұлттық кітапхананы рухани ордаға айналдырған, ізденісі мен идеясы зор Үмітхан Дәуренбекқызына Жеңіс мерекесін жемісті шараға айналдырып, майдангер жазушылардың әруағын тербегені үшін алғыс айттық.

Биыл 2023 жылы 2 қыркүйекте Жетісу облысы Қаратал ауданында Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған керемет той болып өтті. Ешқандай мемлекеттік органдардың қатысуынсыз, жерлес жазушыларын құрметтеген Жетісулықтар бастап, қалың ел қостап, Кемел Тоқаев қорының ұйытқы болуымен үлкен ас берілді. 

Жазушының әруағына арналып құран бағышталып, дұға жасалды.

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев алыс-жақыннан арнайы ат арытып келген ағайынға ақ тілегін арнап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елге рақмет айтқан құттықтау хатын оқып берді.

Қазақстан Жазушылар ода­ғының төрағасы, белгілі жазушы Мереке Құлкен құттықтау сөз сөйлеп, жазушыға арналған «Кемел Тоқаев. Тұлға. Қаламгер. Ардагер. Әке» атты көлемді де, көркем кітаптың тұсауын кесті.

Аламан бәйге, қазақша күрес, құс салу, тоғызқұмалақ, қошқар көтеру, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар дүрілдеп өтті. 

Той қаз қатар тігілген жүздеген аппақ киіз үйлерде ақ дастарханда жалғасты. Ұлт зиялылары түскен ақ ордада 

«Қазақстанның Еңбек Ері», Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Дулат Исабеков, ақындар Иранғайып, Нұрлан Оразалин, «Халық Қаһарманы» Бақытжан Ертаев, әдебиетші-академик Құлбек Ергөбектер бастаған қаламгерлер қауымы ақ тілектерін ақтарды. Бізге де сөз кезегі тигенде, өзіміздің лебізімізді білдірдік.

ҚАЛЫҢ ЕЛ ОҚЫҒАН ҚАЛАМГЕР – БАҚЫТТЫ ЖАЗУШЫ 

– Қазақ прозасындағы детектив жанрының қазығын қағып, шаңырағын көтеруші Кемел Тоқаевтың шытырман оқиғалы шығармаларын оқып өстік. Ауыл кітапханасындағы жаңа түскен жақсы кітаптарды ең бірінші алып кетуші адам – ең олжалы оқырман болатын ол кезде. Кітапханадағы көркем әдеби кітаптың бәрін оқып тауысып, жаңа кітаптар келуін асыға күтіп жүретінбіз.

Жақсы кітап келсе, бүкіл ауыл кезекке тұрып, таласып оқитын. Сондай ең көп оқылған кітаптардың бірегейі – жазушы Кемел Тоқаевтың детективті шығармалары еді. Бұны қазіргі жастардың шытырман оқиғалы фильмдерді іздеп жүріп, тауып көретін үрдісімен салыстыруға болады. Ал Кемел Тоқаевтың қалың ел қалап оқыған шытырман оқиғалы шығармаларының миллиондар көретін қызықты фильмдерден артықшылығы – өмірден алынған оқиғаларға құрылған, өмірде бар кейіпкерлер еді…

Әсіресе, «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда болған оқиға», «Көмескі із» кітаптарын біз ауыл болып, таласып-тармасып, қызыға оқыдық. Қой бағып жүргенде дорбамызда нанымызбен бірге сол кітабымыз да жүретін. Үйге келгенде де, ата-анамыздың жұмсауы көбейіп кеткенде, шөптің үстіне шығып алып оқитынбыз…



Өйткені, ол үздік шығармалар еді. Сондықтан да 1956 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен Ішкі істер министрлігі бірігіп өткізген ең алғашқы жабық конкурста бірінші бәйгені жеңіп алуы тегін емес. Осы байқауда тағы да үш рет (1972, 1977, 1980) жеңімпаз болады.

Кейін Алматыға арман қуып келгенде Жазушылар одағынан әйгілі ақын-жазушылардың ішінен өзіміз кітабын жастанып оқыған Кемел Тоқаевты да көргіміз келгені рас. Бірақ ол кісіні одақта кездестірген емеспіз. Осыдан бес жыл бұрын Жазушылар одағында өткен 95 жылдық асына қатысқанымыз бар еді.  

Мен Кемел атамыз туралы айтқанда, өзіміз көрмеген соң, өмірде көрген, бірге жұмыс істеген белгілі үш қаламгердің сөздерінен мысал келтірейін.

Қазақстан Жазушылар одағы мен Ішкі істер министрлігі бірігіп өткізген жабық конкурста байқаулардың қазылар алқасының тұрақты мүшесі болған, Кемел Тоқаев екеуі бір кабинетте отырған белгілі жазушы Қалмұқан Исабаев айтады.

«Кемел республикалық жабық конкурста бірінші бәйге алды. Байқаудың қорытындысы жарияланған соң Кемелге: «Бірге істеп жүрміз, бір кабинетте отырамыз, «Бәйгеге қатысып жатырмын, мынандай шығарма жібердім» деп, маған неге ескерте салмадың» десем, Кемел: «Жабық сайысқа қатысқан соң, олай істеуге болмайды ғой» деді. Өзі қандай таза, адал адам десеңізші» деп таңғалады Қалекең. 

Қазір күндіз шам алып іздесең табылуы қиын қандай шынайы адалдық, кіршіксіз тазалық, нағыз әділеттілік десеңізші…

Заманында әр шығармасы қоғамның үлкен ықыласына бөленгені сонша, сол кезде бүкіл баспа ісін басқарған қазақтың белгілі қаламгері Шерияздан Елеукенов Кемел Тоқаевтың 500 мың данадан – жарты миллионнан асып тараған бір кітабын тілге тиек ете отырып: «Ұлы Әуезовтің шығармалары да мұндай сұмдық көп тиражбен шықпаған еді» деп, зор бағалайды.

Яғни, Кеңес одағы кезінде мемлекеттік баспадан бір кітабы 500 мыңнан аса данамен шығу – Қазақстанның көркем әдебиет кітабы әлеміндегі тарихи рекорд! Ол рекорд әлі өзгерген жоқ. Қазір кітап оқу күрт азайып кеткен кезеңде мемлекеттік баспадан бар болғаны 2 мың, мықтағанда 5 мың дана ғана шығатынын ойласақ, бұл енді ешқашан өзгермейтін мәңгілік рекорд!

Үшінші қаламгер – қазір төрімізде алтын жұлдызы жарқырап отырған «Еңбек Ері», Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Кемерінен аспаған Кемел» атты керемет мақаласын «Қазақ үні» газетіне жариялап, бес жүз данасын осы тойға тарту етіп әкелдік, содан оқып аларсыздар. 

Қалың ел қалап оқыған қаламгер – бақытты жазушы!

Кемел Тоқаевтың 100 жылдығын халық қалап өткізіп отыр. Кеңес одағының кезінің өзінде Талдықорған облысы 60 жасын атап, той өткізген. Содан бері мерейтойлары аталып келеді. Енді ұлы Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет басшысы болғандықтан, кейбір керауыздар сөз қылады деп, ел сүйікті жазушысының 100 жылдығын тойламай қарап отыра алмайды ғой?!. Қысқасы, Кемел Тоқаев кемел жазушы болғаны үшін, ұлының президент болғаны үшін кінәлі емес қой?!. Халықтың бастамасымен өтіп жатқан бұл халықтық тойды барша жұрт қуана тамашалауда.

Айтпақшы, бүгін жазушы атындағы қор «Кемел – қаламгер» атты эссе, публицистика және проза жанрлары бойынша байқау жеңімпаздары марапатталды. Кемел Тоқаев тойына арналған шығармалар бәйгесі де мәреге жетті. Кезінде Кемел Тоқаевтың өзі жабық конкурстарда қалай бірінші орынды әділ жеңіп алса, бұл жолы да дәл солай жабық конкурс болыпты. Конкурстың әділ болғанын бұған дейін ешкім танымайтын 25 жастағы жас жазушы Абай Аймағамбет бас жүлдені (10 миллион теңге) жеңіп алғанынан-ақ айқын білуге болады. Ал атағы жер жарған мүйізі қарағайдай мемлекеттік сыйлықтың лауреаттарының өздері ынталандыру сыйлығына зорға ілініпті...

Бұл жақсы жаңалықты Кемел Тоқаевтың кезіндегі әділ, жабық байқаулардың қайта жаңғыруы деп қабылдау қажет. 

Той үстінде ұйымдастырушыларға ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» партиясы төрағасы Азат Перуашевтың құттықтау хатын тапсырдық.

Әділеттілікті ту етіп өткен жазушының тойында тағы бір әділетті іс болды!

Атақтары жер жарған аламан бәйгенің дүлдүлдері осы тойда үзеңгі қағысып қатар шапты. 31 шақырымдық мәреге қатар келіп, сызықты бірге кесіп өткен «Жоланның жүйрігі» аталып кеткен, Ұлан Омардың «Талхиз» тұлпары мен жетісулық Өмірәлі Жалайыридың «Жұмыртұяқ» сәйгүлігіне ел қатты риза болып, дүрілдеп кетті. 

Бәйгеде бірінші Өмірәлі ағамыздың 22-ші нөмірлі «Жұмыртұяғын» бірінші келді деп атады. Біз бір шатыр астында, жақын жерде отыр едік. Ағамызды құттықтап, суретке түстік. Қуанышы қойнына сыймай тұр. Мен әзілдеп: «Бірақ, бәйгені өздеріңіз алғандарыңыз дұрыс болмады, өзгелерге беру керек еді» – дедім. Өмекең күліп қалды. Біз есікке жақындап қалғанда бәйгені хабарлаушылар «Бәйге экраннан қайталап көру арқасында анықталды, бірінші ооынды 7-ші нөмірлі «Талхиз» иеленді» деп хабарлады. «Е-е, енді міне, дұрыс болды! Жолан марқұмның жүйрігі соңғы сәтте мәрені қатар қиғанда тұмсығы озық болған екен ғой! Сөзімізді той иелері естіген болды ғой» деп желпініп қалдық.

Ақырында Ұйымдастырушылар ақылдаса келіп, Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының атынан мәре сызығын қатар кесіп өткен екі тұлпарға да «Land Cruiser 300» көлігін бергенде, бұндай сәтті шешімге қатты қуандық. Аламанда қос дүлдүлдің қатар келуі бұрын-соңды бәйге тарихында болмаған шығар. 

Бұл да, өмірін бәйгемен өлшейтін қазақ тойындағы Алты Алашқа сауын айтқан аламанда арғымақтарды алаламай, Құлагерлерді құлатпау - әділдік туының желбіреуі деп білеміз.

Сонымен, аламанда алдына қара салмаған детектив жанрының дарабоз дүлдүлінің тойы осындай ғажайып сәттерімен аңызға айналып кетті. 

Кемел Тоқаевтың кемел шығармалары миллиондаған оқырман жүрегіне жол тауып, елмен бірге мәңгі жасай береді. 

Қазыбек ИСА, ақын, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» ордені иегері, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты