СУРЕТКЕР

СУРЕТКЕР

Диванда кітап оқып отырған Баукең мені көріп:

    – Ә, келген сен бе? Төрлет, – деді жұмсақ тіл қатып. Мен үйреншікті орныма жайғастым. Жағдай сұрасқан соң: 

    – Сен сықақшы Жүсіп Алтайбаевты білуші ме едің? – деді.

    – Білем. «Сыпырғыш», «Ұят-ай» деген кітаптарын оқығам.

    – Ұнады ма?

    – Ұнады.

    – Жақында сол ағаң үйіне қонаққа шақырды. Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті иедеология жөніндегі бұрынғы хатшысы Мұхаметжан Әбдіхалықов бізбен бірге болды. Мұхаң сөз арасында бүгінгі жарық көріп жатқан шығармаларымыздың ерекшелігі туралы әңгімелей келіп:

    – Бауке, әдебиетіміздегі дедектив жанрының негізін салып, дамытып жүрген жазушы Кемел Тоқаевтың жазбаларымен таныссыз ба? – деді.

    – Таныспын. Оның «Солдат соғысқа кетті» романын оқып, майдан, жауынгер психологиясын терең білетініне, ұрыс барысын шынайы, дәл суреттегеніне тәнті болғаным бар.

      Қан майданның алғы шебіндегі жауынгерлер мен бейбіт өмірдегі адамдар психологиясы екі бөлек. Мұны әскери тақырыпты жазып жүрген кейбір қаламдастарымыз елеп, ескермей, негізсіз оқиғаларды ойдан қосады. Сондықтан олардың жазғандары жасық, оқырманды иландырмайды. Керісінше Кемелдің шығармалары мені шынайылығымен баурады, – деп едім, Мұхаң: «Оның шығармалары сыншылар тарапынан да жоғары баға алып жүр», – деді. Бізді Жүсіп қоштады.

     Есіме Сламқұл Мұқаметқұлов, Баубек Бұлқышев түсті. Егер олар оққа ұшпағанда көрген-білгендері туралы тамаша шығармалар жазар еді. Кемелдің соғыс тақырыбын жалғастыра түспегені, әрине, өкінішті-ақ. Әйтсе де, дедектив жанрын қалыптастырып, дамытқаны көңілге медеу. Ол нағыз суреткер. Дәлел келтір десең, келтірейін.

      Баукең үстел үстіндегі көзілдірігін киіп, орнынан баяу көтерілді де, қабырғаны тұтас жайлаған кітап сөресіне жақындады. Шыны қалқанды жайлап ысырып, қоңыр, ақшыл түсті қалың екі кітапты қолына алды. Асықпай орнына жайғасқан соң, қоңыр түсті кітап бетін ашып:

    – Мына жолдарды өзің дауыстап оқы! – деді бұйырып. Мен үнсіз бағынып, оқи жөнелдім. «Дәл төбеден құлдилап түскен отты снарядтан шошынған немістер тым-тырақай қашып, жата қалысты. Қызыл шоқтар шашырағанда қураған шыбыққа шырпы қойғандай қара жердің беті өркеш-өркеш жанып, өршіп үдей берді. Әлгінде ғана өмірді өшіріп, өлім әкеле жатқан немістер енді өздері тозақ отына түсіп, өртеніп жатыр». 

– Соғыс суреті көз алдыңа келді ме?

    – Келді.

    – Бұл сөйлемдерде бір артық, бір көпірме сөз жоқ. Енді мына жолдарды оқы, – деп Баукең ақшыл түсті кітаптың өзі белгілеген бетін ашып, алдыма қойды. «Қаудырлақ көнетоз плащ киген, шүңірек көз, жирен сақал, арық адам қылмысты іздеу бастығына келді. Есікті ашып, босағада бір сәт тұрды. Қабырғаға тақау қойылған стол басында біреу шұқшия қағаз жазып отыр. Бұл майор Кузьменко екенін жирен сақал айнымай таныды. Ақ көйлекке зерлі галстук таққан. Ол кірген кісіні өз қызметкері деп білді ме, зейін қоймады.

     Сары сақал Кузьменконың назарын өзіне аудару үшін ақырын ғана жөтелді. Кузьменко басын шұғыл көтеріп, босағада состиып тұрған адамға қадала қарады. Сары сақал кібіржіктеп, жасықтау үн қатты.

   – Жолдас начальник, ...мен, мен сізге келіп едім... Мен бір бақытсыз жанмын...

   – Отырыңыз! – деп Кузьменко орындық ұсынды. – Не боп қалды?

     Сары сақал күс басқан жалғыз қолымен тері сіңген кепкасын мыжғылап, булығып сөйлей алмай көз жасын төгіп-төгіп жіберді. Кезерген еріндері жуыспай дір-дір етеді. Бірдеме айтайын десе, қояншық ұстаған кісідей аузы көпіріп, көзі аларып, қалшылдап кетеді».

    – Қалай екен?

    – Тамаша.

    – Кемелдің барлық шығармасы осы мәнерде жазылған. Маған оның психологиялық нәзік байқампаздығы да, философиялық ой-тұжырымдары да ұнады. Тілі нағыз қазақтың құнарлы тілі. Оның шығармаларын кезінде оқып, өмір құбылысын шебер суреттейтініне сүйсінгем.

P.S.

Баукеңнің осынау көзқарасын қағазға түсіріп отырған сәтте оның тағы бір әңгімесі еске түсті. Оқырманға ой салу мақсатында соны да іркіп қалмайын.  

Батыр Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып тағайындалған Саттар Имашевтың қабылдауына барады. Сол жөнінде айтқан әңгімесі:

     – Иә, бауырым Саттар, жеке бас бұйымтайым жоқ. Лауазымың құтты болсын. Бұл орынға келген екенсің, енді осы жерден қалай кетуіңді ойлан, – дедім. 

Саттар қипақтап, жақтырмай қалды.  

     – Қипақтама, қазір түсіндірем. Әдебиет, өнер – адамтану ғылымы. Жазушылар, өнер адамдары әлемін басқарамын десең, олардың бір-бір негізгі шығармасын оқып шық. Жай, атүсті емес, назар салып, зерттеп отырып, ыждағатты түрде оқы. Содан кейін ғана әр жазушы, өнер иесінің құпия дүниесіне енесің.

      Олардың көру, есту, ұғу сезімі әр қилы. Біреуі қараны ақ, екіншісі ақты қара, үшіншісі көкті қызыл, қоңырды жасыл деп көруі мүмкін. Қысқасы, олардың шығармашылық құпия дүниесіне енгеннен кейін әрқайсысымен өз тілінде сөйлесіп, өмір құбылыстарын әрқайсысының көзімен көре бастайсың. «Соқырдың тілін шешесі біледі» дегендей әр жазушымен, әр өнер иесімен тіл табысып, сын айтып, кеңес беріп, бағыт-бағдар ұстана аласың. Егер де бұл жолмен бармай, екі жерде екі төрт дейтін жаттанды үгіт-насихат бойынша барсаң, онда жазушы, не өнер иесі сені іштей мазақтап күледі. Күліп ғана қоймайды, атыңды, лауазымыңды өзгертіп, «осындай ессіз адам екен» деп жазып, не күлкілі кейіпкерге айналдырып, жұртқа таратып жібереді. Әр жазушы, әр өнер иесі өзінше Орталық Комитеттің хатшысы сенен артықпын деп сезінбесе, кеммін деп сезінбейді.

      Енді бұл орыннан кете білуіңді ойла дегенімді түсіндірейін. Бұл лауазымға сен келдің. Мына жұмсақ, жайлы орында сенен бұрын да талай адам отырған, кейін де отырады. Біз ертең келмеске кетеміз. Кейінгі толқын – ұрпақ келеді. Олар мұрағат құжаттарын аударыстырып, төңкерістіріп зерттейді. Пәлен кезден пәлен кезге дейін Имашев деген хатшы болған екен. Сол кісі басшылық еткенде өнер мен ғылым өсіп-өркендеп, гүлдеп, дүниеге өлмес комедия, драма, трагедия, симфония, оратория, эпопея, роман-повестер, әңгіме-дастандар келген екен. Ғылымда бұрын ашылмаған сырлар ашылып, ғұламалар көбейіп, халыққа нұр жауған, құт-береке дарыған екен дей ме? Әлде сол кезде құлағын кесіп құнтитып, мұрнын кесіп шұнтитқандай рухани-байлықтан, ар-ұжданнан айырылып, қуаң тартып, қурап, көлдер шалшыққа айналып, ел есеңгіреп, адамшылықтан айырылған екен дей ме? Міне, сен осының бәрі үшін болашақ ұрпақ алдында жауаптысың. Бұл орыннан кете білуіңді ойла дегенімнің мәнісі осы... 

       Аудиенция окончена. Разрешите отклониться, – дедім де орнымнан тұрып, шығып кеттім.   

Мамытбек Қалдыбайұлы,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, бауыржантанушы.