Қуандық ТҮМЕНБАЙ. ЕСЕК ТЕПКЕН

Қуандық ТҮМЕНБАЙ. ЕСЕК ТЕПКЕН

(әңгіме) 

- Аху-у, аху-у, аху-у! 

Кәден есік алдында есек боп ақырып жүр. Осы әдетін қашан қояр екен? Бұл – есекті жақсы көргендіктен емес, жек көргендіктен пайда болған қылық. Шешесі: «Тәйт әрі, ол да жаны бар жануар, киесі ұрады», - деп тиым сөз айтып еді, қайта үдетіп жіберді. Он бес жасар жалғызына көңілі жарым жесір әйел кең көкірекпен күлімсірей бір қарап: «Жетер енді, жүгермек!» - деді де қойды. 

Кәден есекті жек көреді. Қой бағып жүрген әкесі өліп, үлкен әкесі осы ауылға көшіріп әкеп, үйінің артындағы топырлап төрт аяқ тығылысқан есекханаға кіргізді. Жұрт жапырайған тапал тамды «есекхана» дейді екен. Екі бөлме толы құйрықтары салбырап, құлақтары қалқайып, басын төмен салып, көзімен алыстағыны аңдып тұрған ауылдың сұр есегі. Енесінің бауырына тығылған қодықтары да бар. Қос бөлменің әлемтапырық иісі қолқаны қабады, есіктен кіріп-шыққанша мұрныңды басып әрең демаласың, бұдан гөрі есік алдынан әудем жердегі сырты сары қамыспен қоршалған тыштымхананың желдің өтіне желпінген ауасы тәуір шығар.

Екі бөлмені шешесі екеуі екі күн тазалап, қабырғасын әктеп, еденіне қара қағаз төседі. Бірақ, мүңкіген иіс әлі кетер емес. Кең далада қой бағып, жусан иісін иіскеп өскен шеше мен балаға мына әлемтапырақ қаңсықтан арылу азапқа айналды.

- От жағыңдар,- деді қайнағасы келініне. – Сонда иісті ыстық ауа жұтып жібереді.

Шілденің шіліңгірінде темір пешті маздатып от жақты. Сырдың сірі сексеуілі маздап жанып, темір пеш гүрілдеп тұрып тартсын кеп. Отыз градус аптапта шешелі-балалы екеуі сыртқы есікті ашып қойып, қара шайды терлеп-тепшіп отырып сораптады. Тер дегенің онан да, мұнан да шылқыды. Тер жесір шешесіне жаққанмен түбіт мұрты тебіндей қоймаған балаға жиіркеніш сезімін тудырды, шайдан кейін ауызғы бөлмедегі шелекке тұмсығын батырып, мұздай суды қайта-қайта сімірді. Тұлабойы бусанған шешесі де терлеп-тепшіп шай ішкенмен мұрнын қайта-қайта тартып, қаңсық иісті бірде ішке тартып, бірде сыртқа шығарды. Кәденнің аузы-басын ұшық қаптап кетті.

Ә дегенде төргі бөлмеде қаз-қатар тізіліп, мүлгіп тұрған оншақты есекті айдап шығып, ауылдан асыра қуып тастаған. Бірақ, бір сұр есектің қодығы өскен жерін қимай қайта-қайта аулаға бас сұғып, келгіштеп жүр. Шешесі: «Бір үйге бір көлік керек қой, жүре берсін», - деп еді, Кәден көнбеді. «Апа, сіз де қызық екенсіз, есектің иісінен құтыла алмай жүргенде...» - деп сұр қодықты қызыл жыңғылмен төмпештеп-төмпештеп, ауыл асырып жіберді. Өздерін көшіріп әкелген әкесінің ағасы да үйге бір кіріп, танауын қайта-қайта тартып, тыжырынып тұрып ақыл айтты. Сосын қалтасынан үш сомдық шығарып, келініне ұсынды.

- Мәгазиннен екі бөтелке «Одеколон» деген әтір әкеліп себіңдер. Сонда иіс сен көр, мен көр кетеді, - деді.

«Одеколон» сепкенмен иіс кетпеді, қайта екі түрлі иіс пайда болды, не тәтті емес, не ащы емес, қышқылтым иіс қолқаны қапты.

- Мұнан да есектің үстінен аңқыған иіс тәуір еді, мынау адамды мас қып тастайтын бір бәле ғой, - деп жесір әйелдің көңіл жабуы желп ете қалды. – Не де болса, болары болды. Енді қыс түссе иіс те кететін шығар. Суық бәрін сорып алады дейді ғой. Әйтеуір елге жетіп қалдық...

- Апа, осы қай бағып, жайлауда отыра бергенде неғылар еді? Есекханаға кіріп, ел-жұртқа күлкі боп... 

- Қойға қарайтын әкең жоқ. Қой дейтін қой да қалмады ғой, колхоз тарағалы. Ағайынның арасы жақсы ғой. Сен де оқып, адам болуың керек.

- Ағайын... неғылған ағайын. Көшіп келгелі бір ағайын бас сұқты ма? Дәу көкемнің өзі тыжырынып, бір-ақ рет келді. Маған балдар «есекхана» деп ат қойып алды. Мазақтағандардың ішінде Дәу көкемнің баласы да бар.

- Мазақтаса, бастарына көрінсін. Басқа не деймін.

Сол сәт қос құлағы салбырап, тебіндеп келе жатқан жалы тікірейіп, көзі үйренген қорасына қарай сұр қодық мимырт басып келе жатты.

- Аху-у, аху-у, - деп Кәден есектің даусын сап ақырып қоя берді. Шешесі баласына қарап, сықылықтай күлді.

- Е-е, ескі танысыңды көрген екенсің ғой, - деп ызадан жарылардай боп тұрған баласы мен тұлабойы жұп-жұмыр қодыққа жалт етіп бір қарады да қойды. Сол сәт өзімен құрдас әрі сыныптас Біләл жылт етіп жетіп келді. Оң қолының бас бармағы мен балаң үйрегі, сол қолының ортан терегі жоқ молақ, еңбектеп жүргенде қолын ошақтағы қып-қызыл шоққа басып алыпты. Бірақ, сабаққа келгенде алғыр, есепке жүйрік, осы есекханаға көшіп келгелі өзіне дос боп көңілін аулап жүр. Ары-бері өткенде бір соқпай кетпейді. Қазір де есек боп ақырып тұрған Кәденді көріп, езуіне күлкі үйіріліп, ақыл айта бастады.

- Мына қодық жүре берсін. Жазда шөп тасуға керек болады. Шөп жемейді, күтім тілемейді, қайтесің, - деп үлкендерше сөзіне салмақ сала сөйледі. Оның сөзін тыңдап тұрған Кәден аузын жиырып ап ішінен қатты бір демалып, тағы да ақырды.

- Аху-у, аху-у, аху-у!

Біләл еңкілдеп күліп жіберді.

Сұр қодықты өскен жері өзіне тартып, тапал тамға кіргісі кеп түгі жыбырлап тұр. Аузын ашып, күрек тісі ақсиып, тілі салақтап айқайлап тұрған адамға қарап екі көзінен мөлт-мөлт етіп сорасы аға бастады.

- Тірі жан ғой, тұрағын қимай жүр, - деп Біләл тағы да ақыл айтты.

- Әкемнің аты бар еді, мен атқа мініп үйренгем. Есек дегенді білмеймін. Осы жаққа көшіп келгенде апам сатып жіберді, күнкөріс керек деп...- Кәден көзін ашып-жұмып тұрған есектің қодығына ызалана қарады.

- Есек деген көнбіс, әлі көресің, есектің қандай екенін. – Біләл бастырмалата сөйлеп кетті. – Кәден, мына үйдің алды бос тұр, осыған ағаш екпейсіңдер ме?

- Алма ағашын ексем, өсе ме?

- Неге өспейді?

- Онда ертең базардан сатып аламыз.

- Жүр, «қалған каналға» барайық, - деді Біләл – есектің көкесін сонда көресің.

Кәден сөзге келмей соңынан ере берді. Тартылып қалған ескі арнадағы шалшық суды қаз-қатар тізіліп, сіміріп тұрған шүпірлеген көп есекті көріп, қатты таңқалды.

- Мыналар, сірә, біздің үйден шыққан есектер ғой. Бұл ауылда жылқы жоқ, тек есек бар екен ғой.

- Жылқы да бар, бірақ аз. Жылқыға бап керек, оны күтіп-баптайтын жағдай қайда? Қарашы, әне, - деп Біләл көк аспанды шиырлап сызып бара жатқан бір сызыққа қарады. – Бұл Байқоңырдан ұшқан ракета. Оның ұшқан жеріне шөп шықпайды.

- Байқоңыр деген не? – деді Кәден таңқалып.

- Соны да білмейсің бе? Ол Гагарин ұшқан жер. Біздің ауылдан бес-ақ киләметр жерде... - Біләл сасық суға тұмсығын малған үш-төрт есекті «шу-шулеп» айдап, ескі арнаның жағасына шығарып, үшеуін қатар тізіп, қалт тұрғызды. Үстіне ырғып мініп, шалқасынан түсіп жатып ап, «Ықа!» дегенде, үшеуі де аяқтарын бірдей басып, сап түзеп жүре берді. Соңынан салпаңдап еріп келе жатқан Кәден «мыналар кинодағы солдаттардай аяқтарын бірдей алады ғой» деп таңқалды. Сол сәт ең шеткі әңгі есек анадай жерде шөп жұлып жеген мәшіні көріп қап, сапты бұзып, атылып барып арқасына асыла кетті. Біләл болса қос тізесін бүгіп, екі есектің үстінде шалқасынан түсіп жайбарақат жатыр. Әңгі есек қас пен көздің арасында қайтып кеп қатарға қосылды, Біләл қос тізесін қайта созды. Кәден аң-таң. Бір кезде Біләл есектен ырғып түсіп, селпеңдеп еріп келе жатқан Кәденді тоқтатып, бетіне қарап шұқшия сөйледі.

- Көрдің бе, есектің тіл алғыштығын. Сен жайлаудағы жылқыдан басқа не көрдің. Есек деген әрі кесір, әрі көргенсіз хайуан. Әйелдер жыны келгенде «есектей кесір бол!» деп қарғайды. Есек суға симей өтпейді, сен не білесің, ауылға аспаннан түскен баласың, - деп бүгінгі әңгіменің басын қайырды.


***

Шешелі-балалы екеуі есекхананы баспана ғып жаз бен қысты өткізді. Көктем келіп, жер-дүние құлпырып, ел егістің қамына кірісті. Жаз күндері ауылда жан баласы қалмайды екен, бәрі егіс басына ерте кетіп, кеш қайтады. Көк майса пісіп, жұрт қозы-лаққа жақын жерден шөп баулап, есекке теңдеп, таси бастады. Кәденнің қорасынан шықпай қойған сұр қодық та күш жинап, дене бітімі сом тартып, тайқарға айналды, беліне жүк артсаң қайыспай көтерер кәдімгі Сырдың салпаң құлақ сұр есегінің өзі болды. Ең алғаш ер салып, шөпке барғанда көргені – арықтан өткенде талтайып тұрып ап шорылдатып, ағын суды былғамай кетпейді екен. Сонда Біләлдің айтқаны есіне түсіп, «осының бәрі қайдан шыға береді?» деп таңқалды. «Ықы, ықа!» деп қос бүйірден тепсінсе де былқ етпеді, қаздиып тұрып ап, соңғы тамшысына дейін тамызып, ағын суды арамдап, орнынан қозғалды. «Құрдас болса да Бәліл көп біледі екен. Ол - ауылда, мен - жайлауда, малдың арасында өстім. Әкем «үш күн қой баққаннан ақыл сұрама» дейтін, рас екен». Ол молақ қол досын ойлап кетті. «Белесебедті де, матасекілді де жөндей береді, темір-терсекке сондай әуес. Молақ болса да епті. Ал, мен болсам түк білмеймін. Үйіміздің түбінде космонавттар ұшатын Байқоңыр бар екенін де содан естідім. Оны «жер кіндігі» дейді екен, Жердің тартылыс күші осы жерде болғандықтан космодром ғып таңдапты. Біләлдің белесебеді бар, әкесінің «Коворовец» деген парылдақ матасекілі бар, менде матасекіл түгілі әке де жоқ. Енді тек шешемнің тілін алайын, шешем «есек боп ақырма, тірі жануарды кемсітуге болмайды» дейді. Рас екен, қарашы, өзім үстіндемін, екі бау құрақты теңдеп алып жайбарақат келе жатырмын. Бұның кінәсі не?» Алдында жылқы мінген осы ауылдың бригадирі желдіртіп бара жатыр еді, тайқары тепең-тепең етіп аттың алдына түсе берді. Ол кісі озып кетер деп ойлап еді, ат тарпаң басып есектің артында қалды. «Неге жылқы есектің артына түсті?» деп өзіне-өзі сауал қойды... Ауылға жеткенше сұр есек тепеңдеп жылқыға жол бермеді. Әнеукүні Біләл айтқан жоқ па, «жылқыны есекпен жетекке алса еріп жүре береді, есек жылқыға ермейді» деп. Апасына айтып еді, «Есектің кесапатынан сақта» деген, ол басын кегжитіп тұрып алар кесапаттың нағыз өзі ғой. Жылқы жарықтық маңғаз ғой, - деді де, - Не де болса бір үйге бір есек керек» деп сөзін қайырып, әйелдік көңілін алға сап, бәрін де жуып-шайды. «Білмейтінім көп екен. Есекхананы үй қылдық. Енді есік алдына ағаш ексем» деп қиялға шомып, қос бау құрақ артқан тайқардың үстінде тепең-тепең етіп келеді. 


***


 - Ертең апама базардан екі түп алма сатып ал, деймін. – Күн бата «қалған каналдың» жағасында отырып Кәден Біләлге келесі күннің жоспарын айтты. Досы сөзді төтесінен бір-ақ қайырды.

- Апаң бір түп алса да жетеді, қайтесіңдер босқа шығынданып... жағдайларың да онша емес. Біреуін өзім табам.

Күн кешкіріп ұясына батқанша шалшық су кенересінде жиналып қалған арнаға қарап, әрнені сөз қып көп отырды. Бір кезде Біләл қалтасынан домаланған насыбай шақша шығарды.

- Сен де атып үйрен. Мен бір айдан бері атып жүрмін. Тамаша! Атқасын біраздан кейін кино көргендей боласың. – Ол дөңгелек шақшаны еңкейтіп, көк бұйра насыбайды тырбиған үш саусақ алақанына салды. –Мә, ат! Ертең өзің-ақ іздеп тұрасың.

Алақанын аузына апарып еді, сасық иіс мүңк ете қалды.

- Мен есекхананың иісінен енді ғана құтылдым ба деп жүргенде...

- Сол иістен сен әлі жиіркеніп жүрсің. Осыны атсаң, сол иістен сен көр, мен көр құтыласың. Міне, былай, - деді де, астыңғы ернін шүйіріп тұрып, домалақ бүртіктерді тастап жіберді. Сосын ернін шүйірген күйі сақаулана сөйледі.

- Тез ат! Енді бір жылда мектеп бітіреміз. Сен әскерге барасың, әлі шылым шегуді үйренесің.

- Сен ше? – деді насыбайды алақанына салып тұрып.

- Мені әскер неғылсын. Шолақты әскер ала ма?! 

Осы сәт қаракөлеңкеде оның бүрісіп қалған оң қолының бас бармағы мен балаң үйрегіне көзі түсіп, көңілі жарым досын аяп кетті де, көк бұйраны ерніне тастап жіберді. Әп-сәтте қаракөлеңке дүние шыр айналып қоя берді. Бір сәт асқазанына қарай ащы су тамшылап кеткенде қасындағы Біләл екеу боп, шалшық су жиналған ескі арна теңіз боп толқып бара жатты.

- Сен әскерден келгесін үйленесің, - деді Біләл ақпай қалған арнаға қарап тұрып. - Маған да бір шолақ табылар. Кеттік! – деп ауылды бетке алғанда қою түн көз тұмшалап қалған еді. – Маған ере бер. Аузыңнан сөз шықпасын.

Ол өздеріне көрші үйдің шомбал қорасының сыртына кеп, айналасына алақтай қарап біраз тұрды. Көршісі – бағбан кісі, жеміс-жидегі ерте піседі, гүлдің де неше түрін өсіреді. Қора есігін жәймен ашты да, бүршік жара бастаған жас шыбықтың түбіндегі бос топырақты молақ қолымен түрткілеп, кесірткедей көз ілеспес шалттықпен қопара бастады. Сөйтіп, шалқайып тұрып, күшке сап тарам-тарам тамырды жерден суырып алды. Шашылған топырақты етік табанымен шұңқырға итеріп тегістеді де, «Кеттік!»деді. – Шолақ қолдың осындай да шаруасы бар». Насыбай уыты өнбойын босатқан Кәден басын изеді.

Есекхана болған үйдің есігі алдына келді де, Кәден іштен кетпен алып кеп, ай сәулесінің астында жер шұқып, шұңқыр қаза бастады. «Енді бір шелек су әкел! – деді Біләл. Сар еткізіп су құйғаннан кейін кешегі есекхананың алдында екінші рет түбі көмілген сидам жас шыбық ай сәулесінің астында күңгірт тартып қала берді.

- Енді апаң базардан бір түбін сатып әкелсін, екеуі қатар тұрсын. Мен сені, сен мені көрген жоқпыз, - деді де, үш саусағын қалтасына сұғып, шақшасын шығарды. – Алақаныңды тос! – қою түнде Біләл сөйлеп тұр. – Сенің алма ағашың үшін, менің шолақ қолым үшін! – деп бір атымды ерніне тастай салды. Кәден де көргенін істеді. Насыбай иісі әуелі жүрегін айнытқанмен суы сорғалап ішке кеткенде маужырап ұйқысы келді.  

 - Ертеңге дейін,- деп Біләл молақ қолын ұсынды. 

Кәден бармағын батырып, көзін уқалады. 

Ұйқылы-ояу жатып ерніндегі насыбай қалдығын текеметті көтеріп, шырт түкіріп тастады.

- Менің бір алма ағашым бар, - деді ұйқысырап жатып. – Енді екіншісін егеміз...


***


Таңертең ерте тұрған шешесі: «Бір алмаңды отырғызып қойыпсың ғой» деп жеңіл көкіректігіне салып күлімсіреп, базарға кетті. Түске таман бір түп алма ағашын алып келді. Бұны да Біләл екеуі отырғызды. Жер қазып, тарам-тарам тамырды топырақпен көмкеріп, су құйып жатқанда осы үйдің сұр есегі кең танауымен қайта-қайта пысқырынып, қастарынан шықпай қойды. Ері алынып, талға байламай бас жіпсіз жайдақ жібере салған есек көзін ашып-жұмып, Кәденге қарап сояудай тісін ақситып, артқы оң аяғымен жер тарпып тұр.

- Осы есегіңнің саған деген бір ызасы бар. Қарашы тұрысын, - деді Біләл ағаштың түбін көміп, айналасын табанымен таптап тұрып. – Кілең мазақтайсың да жүресің, бұл да тірі жан, тек тілі жоқ, - дегенде, есік алдында қос түп алма ағашының қатар тұрғанына көңілі тасып, қуанышын ірке алмаған Кәден әңгі есекке қарап «Аху-у, аху-у, аху-у!» деп ақырып қоя берді. Есек артқы аяғымен жер тарпып, сіңір сирағын бүлкілдетті. Біләл ішек-сілесі қатып тұр.

- Айнытпайсың-ау, айнытпайсың, тағы бір ақыршы, - дегенде, тосын қуаныш пен бос мақтанға арқасы қозған Кәден тамағы бүлкілдеп, аузын барынша ашып, тағы да есектің даусын салды.

- «Жылқы жалын, есек тұяғын төсейді». Бұл сенің жайлаудағы жылқың емес. Есесін қайтарар. Апай сені хорға жазып қойды, даусың сондай жақсы деп. Хорға қатысып, өнеріңді сонда көрсетесің, - деді.

- Қодық кезінен қасымда өсті ғой. Есектің даусын сал десе де салып берем. Адамның қолынан бәрі келетінін жұртқа көрсетем. Сен темір-терсек жөндеп, майда-шүйдемен айналысасың, мен ән айтам, - деп досына қарымта қайырды.

Есік алдына қадалған екі шыбық күн сәулесіне малынып, бүршік ашып, жапырақ жаюға шақ қалған.

Өткен-кеткен ауылдас «Есекхананың көркі кіріп қалыпты ғой» деп сөзге ілді.


***


Екеуі сабақтан бірге қайтты. 

Кеше 10-сыныптың еркек кіндіктілерін әскері комиссариатта дәрігерлік тексеруден өткізді. Екі бала болашақ солдат болуға жарамай қалды. Бірі – Біләл, оның қолын екінші топтағы мүгедекке жатқызса, екіншісі – «бөдене» Серікбай, оның таразыға түскенде салмағы жетпей қалып, қолына «салмақ қосу керек» деген тілдей қағаз ұстатты. Біләл «Шолақ болсам да темір-терсекті түрткілеп күнімді көрермін, тым болмаса, ұрлық істермін, тек қыздар күлетін болды» деп көңілдегі бейдауа кемістігін айтып келе жатқанда, Кәден есік алдында жапырақ жайып, тұлабойы жасылға малынған алма ағашын тісімен тартқылап тұрған есекті көріп қап тұра жүгірді. Келді де, үйіліп жатқан жыңғылдың бір талын қолына ап, шыпқыртып сабай бастады. Белі жуандап, жамбасы қатқан тұлабойы сіңір әңгі есек дүре жедім-ау деп ауырсынып тұрған жоқ, сыптай боп өскен ағаштың жасыл жапырағын бір талдап жұлып жеп, күрек тісі ақсиып, шайнаң-шайнаң етеді. Біләл ұрлап әкелген ағаш әп-сәтте көркінен айырылып, тұттай жалаңаш қалды. Әңгі есектің жамбасына шып-шып етіп жіңішке жыңғыл тигенмен хайуан мәнзүр қылар емес. Кәден еңкейіп барды да, отын бұтар томардың үстінде томпайып жатқан жүзі өткір балтаны алып, қақ жамбастан салып жіберді. Сол сәтте ғана денесіне тиген темірді ауырсынған сұр есек аузын ағаштан тартып ап, қара жерге қарап сілейіп тұрып қалды. Оң аяғын сәл көтеріп, желке жүні күдірейіп, жыбыр-жыбыр етті. Кәден балтаны тағы бір көтере беріп еді, оң аяғын серпіп қалғанда шалқасынан түсіп, аузы-мұрнынан қара қан бұрқ етті. Сол-ақ екен, есек жерде ес-түссіз жатқан балаға қарап, бар даусымен ақырып қоя берді. Зәре-құты қалмаған Біләл төрт аяқты айналып өтіп, қорқасоқтап қаша жөнелді. Есіктен жүгіріп шыққан Кәденнің шешесі аузы-басы қанға малынған баласын жетектеп үйіне әкетті. Сұр есек болса, жалаңаш қалған сидам ағашқа қарап бір пысқырып, тоқал тамды айналып кетті. Ыржиған жамбасынан балтаның ізі көрініп, қара қан жылт-жылт етеді, ащы қанға екі-үш қара шыбын қонжиып алыпты.

Шешесі баласын ұшықтап далаға шыққанда майысып тұрған ағаштың қасында өзі сатып әкелген тұлабойы түп-түзу көшетті көріп, көкірегінен бір ағын зу етті. «Есектің тісі тимепті, бұған да шүкір!»

- Әй, Біләл, доғдыр шақыр, аузының қаны тиылмай жатыр, - деп әудем жерде артына жалтақтап қарап тұрған балаға айқайлады. 

Іле парылдақ тайқар «Коворовец» матасекілдің жүгенін молақ қолымен жасқаған Біләл жер –дүниені «ойбайға» бөлеп, құстай ұшып бара жатты.


***

 Кәденнің күрек тісі опырылып түсіпті. Тіліне де зақым келіп, тілім-тілім боп шайналып қалыпты. Оташы бет-аузын тігіп бергенмен айтқан сөзі түсініксіз, «р»-ды «л» деп, «а»-ны «ә» деп, «ң»-ды «н» деп бұзып сөйлеп, сабақта қыздарға күлкі боп жүр. Ең жаманы, мінезінде өзгеріс бар, өз-өзінен ыржалақтап күліп, «әлма, әлма, бір әлма қайда, қайда?» деп қайталай береді. Түнде төсекте жатқанда есектің даусын сап, ақырып-ақырып алады. Шешесі тәуіпке апарып еді, «Балаға еті харам хайуанның ызасы өткен, не істеп қойып еді?» - деді. – Адам өз тілімен сөйлеп, хайуан өз үнімен дыбыс шығарса, бұл – жаратқанның сыйы, оған ешкімнің залал келтіруге қақысы жоқ, - деп қосып қойды.

Шешесі есек тепкенін жасырмай айтты.

- Киелі ақбөкенді атқан қол оңалмайды. «Есектің күші адал, еті харам», «жылқы жалын, есек тұяғын төсейді» - деп тәуіп шал сөзді шұбырта бергенде, қарсы алдында кірпік қақпай қадалып отырған бала «Аху-у-у!» деп ақырғанда селк етіп, түсі бозарып, тілін кәлимаға келтірді. Тағы бір қайтара дем салып, «Жүре келе дұрысталып кетуі кәдік. Қазір өзі есек тепкен де, теппеген де тілден қалып тұр ғой. Соқырдан да, ақсақ-тоқсақ пен шолақтан да гөрі тілі жоқ мұңлықтың күні қараң. Әсіресе, біз сияқты мұсылман пендесіне... – деп, өзіне алара қараған баладан тезірек құтылсам дегендей дәсбісін салбыратып, тізесін жазды. Есіктен шығып бара жатқан шешелі-балалы екеудің арқасына қарап тұрып, «Хайуан да адал мен арамның айырмасын біледі ғой» деп кәрі тәуіп күбір етті.


***

 Бұл мектептің ән хоры ауданда оза шауып, ауызға ілікті, бірақ жеке дауыста әжептәуір ән шырқап жүрген Кәденді соңғы кездері топқа қоспай қойды. Сөзі түсініксіз, ең жаманы, кейде дауысы оғаш шығып, бөлекше әуенге салып жібереді. Әйтеуір мектеп бітіріп кетсін деп, қалған екі-үш айда жаманын жасырып, сыныпта ұстап жүрген жайы бар. Әнеукүні сабақ үстінде институт бітіріп келген жас мұғалім қызға кірпік қақпай қадалып отырып, ақырып жібергенде тәжірибесі жоқ ұстаз шәкірттерін тастап, сыртқа қарай тұра қашыпты. Парталас Біләл күйік шалған алақанымен арқасынан қағып, сөзге айналдырып, даусын тежеп, тоқтатыпты.

Бүгін осы мектепке Президенттің өзі келмекші. Мектептің кіре берісіне қызыл кілем төселіп, үлкен мен кіші әрең демалып, аяқ ұшымен жүр. Аудандағы ең үлгілі оқу ордасы деген аты бар және ән хоры облыстық көркемөнерпаздар байқауында оза шауып, ауызға ілікті. Ауданға ат басын бұрған ел басшысы оқушылармен жүздесіп, хордың орындауында ұлы Абайдың туған күніне арналған бір әнді тыңдап кетпекші. Хор жетекшісі – ән-күйден сабақ беретін тырық апайда зәре жоқ, хордан шеттетілгелі Кәден көңілсіз жүр, кеше түсініксіздеу тілімен, «Мен неге хорға қатыспаймын, әжептәуір даусым бар ғой» дегенде, «Сен, кейін, мектеп бітіру кешінде қатысасың», - деп жылдам жауап беріп, қасынан сытылып кетті. Мектеп директоры сынып жетекшісін шақырып ап: «Ананы бірдеме ғып үйіне қайтарыңдар, Елбасымызға қарап ақырып, абыройымызды айрандай төгіп жүрер», - деді. Сынып жетекшісі Біләлға: «Сенің тіліңді алады ғой, досыңды алдап-сулап үйіне апарып таста», - деді. Кәден Біләлдің сөзіне иланып, екеуі жалғыз аяқ соқпақпен сабақтан ерте қайтып келе жатқанда Кәден кекештеніп сөз бастады.

- Ек-екеумізді не-неге ер-ерте қай-кайтарды. Бі-білем, сен шо-шолақсың. Мен... сә-сәқаумын. Оларға тап-таза, жы-жылан жа-жалағандай ад-амдар ке-керек. О-олар, бі-бізден қо-қорқады, біз е-екінші сортпыз.

Шолақ деген сөз есейіп қалған Біләлдің өңменінен өтіп кетті.

- Тілі жоқтан гөрі шолақ жақсы ғой, өз тілінде сөйлей алмағанның несі жақсы, - деп шақша басының кемістігін жуып-шая бастады.

- Ен-енді ек-екеумізді де әскерге әл-әлмайды. Қыздар кү-күлетін болды, жа-жарамай қалған деп... – Осы сәт Кәден тамағына тығылған өксік дауыспен көзі аларып тұрып ақырып жібергенде кәнігі досы селк етіп, ыршып алға түсті. Мектеп айналасын қоршап тұрған ала киімділердің рация-телефоны шыр-р етіп, «Қауіпті тұлғалар! 150 метр шаршыда!» деген саңқ-саңқ еткен дауыс естілді. Үш-төрт ала киімді «қара нүктеге» қарай лап қойды. Қауіпті аймақта бірі – алда, бірі – артта, екі қара бала әңгіме айтып, емпеңдеп кетіп барады. Спутник-телефондағы қауіпті тұлғаларды көрсеткен қызыл тілдің үп-үшкір ұшы соларға қарап шошаңдап, шартты шеңбер үрей шақырып аударылып-төңкеріліп тұр. Әп-сәтте лап қойған алабажақ киімділерден сескенген Кәден не істерін білмей ақырып жібергенде мұндай тосын «сигналды» естімеген сақшылар сасып қап, «ЧП» боп жанған қып-қызыл екі әріпті түрткілей берді. Шені үлкені қалта телефонды құлағына тақап, «Біртүрлі дауыс, білмей тұрмыз, бұрын естімеген біртүрлі дауыс» деп, жоғары жаққа жөпелдеме хабар беріп, баяндай бастады. Рацияның шыңылдаған миды тесер жағымсыз үні мен «ЧП» деген жазуды шыр айналған қызыл сызық бәрін әбігерге салды. Қорқасоқтап қалған Кәден өзіне жақындай берген алабажақ киінген зіңгіттей жігітке көзі шарасынан шыға қарап, есектің даусын сап ақырып жібергенде зілдей резеңке таяқ аузына кеп сарт етті. «Мы-мынадан гөрі е-есектің тепкені жә-жәқсы еді» деп күбірлеген қара бала есеңгіреп, талықси берді.

Мектеп ауласынан қалықтап шыққан ән әуені рацияның ызың-қиқу даусына қосылып, талықсып жатқан Кәденнің құлағына еміс-еміс естілді.

Қуандық Түменбай, 

Қазақ үні