САҢЛАҚ

САҢЛАҚ

Ол әп-сәтте ой-сезім әлемі дүр сілкініп, буырқанып-бұрсанып, қауға түскен өрттей лапылдап жанып, найзағайдай жарқылдаған ұшқыр ойлары соншалықты шапшаң жайнаған жанды суреттерге айналатын көк мұхиттай күмпілдеп тебіренген, ақпа-төкпе телегей айтыс ақыны. 

Екіншіден, шар болаттай шамырқанған шабытты Иса топ алдында тоты құстай сайрайтын, әрі өлең сөзге жанын салатын, ән шығаратын әнші-композитор. 

Үшіншіден, сан замандар мен ғасырлар бойы мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан туған халқының жауһар мұраларын: әпсана-хикаяларын, аңыздарын, ертегілерін, тәмсілдерін, ән-жырларын, айтыс өлеңдерін жүйрік білген жыршы-әңгімеші. Оның үстіне Көтеш, Құдайберген, Құлтума, Әздембай, Сейітжан сал, Естай сияқты өлең десе өршеленген дүлдүлдердің асыл дүниелерін көкірегіне тоқыған өрелі өнерпаз. 

Төртіншіден, Әміре, Ғаббас, Қали, Майра, Қалибек, Елубай, Қапан, Серке, Құрманбек секілді ұлттық өнеріміздің ұлы шоғыры ішіндегі шоқтығы биік сахна шебері. 

Бесіншіден, арқалы ақындар Кемпірбай, Шашубай іспеттес ат үстінде нешеме алуан қызық көрсететін ойыншы.

Иса Байзақұлы Түркістан-Сібір темір жолының төселуін, өнеркәсіп орындарын, зауыт, фабрика, шахта тынысын, кеңес жастарының ерлік өмірін, өз сөзімен айтқанда, «жер мен көктің қымбатын», «күннің асыл сымбатын», «көңілдің күйлі жырымен, нақ-нағымен тізілтіп», асқақ шабытпен бейнелейді.

Иса түрлендіріп, безендіріп, үзілдіріп, құйқылжытып, қалықтатып, сорғалатып, ырғалтып, тамылжытып, толқытып, құбылтып, тоқсан толғап айтатын елуден астам халық әніне көркем текст жазған. Сырлы сезімге, ыстық лебізге толы ғашықтық және отаншылдық рухқа құрылған әндер сұлулықты, көркемдікті терең түсінетін, сезім тілін сөзбен сипаттайтын саңлақтың шарапаты арқасында қанат қақты.

Сондай-ақ, пәктікті, нәзіктікті, тазалықты мәлімдейтін «Назқоңыр», «Асылзат», «Ақерке» әндері тыңдаушысын әлдилеп, әуелетіп әкетеді.

Исаның «Заман-ай» әнімен шығарған «Қызыл флот» әнінің сөзі қандай әсерлі, мәнерлі, кестелі:

Теңбіл аспан төгіліп дарияға,

Сәуле шашып, көк жібек қонды ұяға.

Көк теңіздің көсілген қиыры жоқ,

Жатыр шалқып көз жетпес бір қияда.


Дархан дарын халық әндерінің өлшемі мен өрнегін, сарыны мен екпінін, сазы мен әуенін шебер пайдаланған. Оның әндері «Ер Тарғын», «Айман – Шолпан», «Қыз Жібек» операларында асқақ үнмен шырқалған. Ол «Гәкку» әнін барша болмыс-бітімінің күйлі, қуатты сырларын жарқырата ашып, шебер орындаған. 1926 жылы қаңтар айының 13-і күні Қызылордада Қазақтың ұлт театрының тұңғыш шымылдығы ашылғанда, ол әртістік өнерін көрсетті. «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-Тоқал», «Біржан-Сара» спектакльдерінде өзіне тиісті бейнелерді үздік шеберлікпен орындайды.

Музыка зерттеушісі А.В.Затаевич 1923-1924 жылдары Орынбор шаһарында Исамен дидарласып, одан «Бике», «Маныш ханша», «Жар-жар», «Танысу» тәрізді ән өлеңдерін хатқа түсіріп, жинағына енгізді.

Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, өнертану ғылымының докторы Б.Г.Ерзакович әнші-композитордан «Алтай», «Кең сарай», «Бір бидай», «Қалқа», «Үридай», «Кербез сұлу» әндерін де жазып алған.

Ал Исаның желдірмелері жөнінде баяндасақ, бұл ақынның көзіндей мәңгілік өмірінің белгісіндей сұлу күмбезді көркем ескерткіш. «Домбырасын қолға алып, қыран құстай қомданып, көз алдымызда да, өлеңнің өткел бермес теңізін екпінді желдей «Желдірмемен» сапырып жібергенде де, сол Исаның бойындағы мәңгі сөнбес жалын, мәңгі тозбас өмір бар сияқты емес пе еді?» – деп толқып тебіренеді құдіретті Қасым Аманжолов.

Иса Байзақұлының халық әндеріне лайықтап шығарған текстерінің мәні мен сәні, кербездігі мен кемелдігі қиялыңды қозғап, ой дүниесін тербейді. Осынау жарасымдылық, түр мен мазмұнның тұтастығы – өміршеңдіктің кепілі. Мысалы:

«Ақерке, ақ күмістей сенің жүзің,

Ақылың айдын шалқар көл секілді».

Немесе:

«Аққудай аппақ шырай біткен көрік,

Керілген кер маралдай, кербезім-ай»


Яки:

«Сарыағаш сазға біткен секілденіп,

Қай жерде отыр екен бұраң белім»...


Мұның бәрі де сәуле-жарығы мол сәулетгі, сымбатты сөздер ғой. Сондықтан да жұлдыздай жарқырап туған бұл өлеңдер Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Манарбек Ержанов, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Қосымжан Бабақов, Зәбира Жұбатова, Рәбиға Есімжанова, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков сынды әйгілі әншілердің орындауында шырқалған.

Иса Байзақұлының желдірмелері өмір шындығын аса күшті екпінмен, поэзиялық тілмен кестеледі. Асқақ үн, шабытты, шаттық күй, лепті сөз, жалынды лебіз, дарынды, қуатты сөз, сыңғыр қаққан әуезді, әсем ұйқасым, өлең сөздерінің шоқтай қызулығы мен әнге бейімділігі, қанаттылық пен жігерлілік – Иса Байзақұлының желдірмелеріне тән қасиет-сипаттар.

Жазушы Сапарғали Бегалин «Ақын өмірінен» деген естелігінде Исаның мынадай ойларын ортаға салады:

– Мен желдірмені бес-алты түрлі етіп айтам. Оның өзі – өлеңді бастау, тынымдау, желпіндіру, аяқтау сияқты түрлендіру. Бірақ осы желдірмелердің бәрінің арғы түбі бір. Алғашқыда мен желдірменің өзім айтып жүрген үшінші түрін Құдайбергеннің сарынынан алдым.

Қазақ Республикасы халық әртісі, СССР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қапан Бадыров: «Иса үкілі домбырасын қолға алып, желдірмемен желіп кетіп, қыза келе домбырасын тастай салып, ақындығымен ағып кетіп, неше алуан асыл сөздерді төгіп жіберіп, жұртты театрдан кірсе шыққысыз етіп, тәтті ән мен інжу-маржандай сөздерге көміп-көміп алатын» – деп жазады.

«Осынау желдірмелер жаңа заманның тойбастар өлеңі секілді». (Рахманқұл Бердібаев).

Негізінде, Иса Байзақұлы әншілік өнерді дамытуда, байытуда салмақты үлес қосты.

Исаның табиғи ақындық қабілеті тоғыз жасында бұрқ ете түскен. 

Бірде туған әпкесі Зылиха інісінің қытығына тиерлік мына шумақты шығарады:

Басыңда жалма-жұлма ескі бөрік,

Ағаш ат астыңдағы жансыз көлік,

Өнбойың құс түткендей түрің мынау,

Қақсадың тумай жатып шешең өліп.

Сонда Иса:


Кекілін кер бестінің түймедім бе,

Тал шыбық бұрайын деп имедім бе?

Несіне бөркімді айтып мазақтайсың,

Бөркіңді істеп берген кимедім бе? –


деп, оқыста тапқырлық танытады.

Иса алғаш рет 1918 жылы Сағит деген сақа ақынмен айтысады. «Бір шақырымды қанша ине құрайды» деп сұрақ қойып, оны дағдарысты күйге түсіреді. Сонан соң «240000 иненің бойы бір шақырым болады» деп жауабын айтып, сүріндіреді. Бұдан кейін Құдайберген, Нұрғожа, Нұрлыбек сынды ақындармен сөз жарыстырады.

Тұтқиылдан жұрт тосын тақырып ұсынғанда, табалдырықтан аттап, шаңыраққа бас сұққан бетте аттың жалы, түйенің қомында, бір сөзбен айтқанда, жөппелдемеде жосылта жыр толғаған, дария суындай құйылған тұйғын ақын екендігіне мынадай табан астында бұрқырап туған түйдектер куә.

а) Өлеңді айтып-айтып қоятұғын,

Ат емес, атан емес соятұғын.

Өлеңді таң атқанша айтқанменен,

Өлеңнің қарыны жоқ тоятұғын.

ә) Қарашы домбыраның еркесіне,

Исаның шығып алды желкесіне.

Домбыра екі шекті, тоғыз перне,

Арқаның кез болдың ғой серкесіне.

Толқынды топшыменен қақ айырып,

Өлеңнің мен жүзейін өлкесіне.

Самғайын қанатымды жел үйіріп,

Қонғандай Оқжетпестің өркешіне.

Бірде Иса «Рүстем-Дастан» қиссасын екі күн бойы жырлайды да, аяғына әлі жеткен жоқпын дейді. Сонда оның жыршылық өнерін тамашалап отырған қауым: «Білмеймін дейтін нәрсең бола ма?» – деп сұрағанда:

Мен айтсам, тау да, тас та, орман да өлең,

Бәрін де, ой толғанса, айтып берем.

Дүниеде мен білмейтін бір нәрсе бар, –

Соны ғана білмеймін – қай күні өлем? –

деп, имандай сырын ұрпағына жеткізген.

Заманымыздың заңғар суреткері Мұхтар Әуезов: «Иса желпініп, үзілмей соққан сар даланың желі сияқты, сол даладай кең, мол ақындықтың иесі. Бүгінгі Еуропа Исаның ақындығындай суырыпсалма желермен, тұтқиыл ақындығын – ақындық теңізі деп түсінер еді... Бүгінгі қазақ сахнасында Иса әлденеше ғасырларды жинағандай, мәдениет тарихының әлденеше дәуірлерін бітімдестіргендей... Жақсының сарынындай құбылтып, бүктетіліп толқынған желдірменің әніне қосылғанда, шалқыған ақындық сөзін ту ғып ұстап, заманды қазып келе жатқан өнер желмаясының шабысы елестегендей болады» – деп жазады.

Сапарғали Бегалин «Ақын өмірінен» дейтін естелігінде Иса Байзақовтың мына бір көкейтесті сырын мәлімдейді: «Қалқа» деген әнді халық ақыны Қалқа айтты дейді. Бұл сөз – қате. Оның өлеңін мен жазғанмын. Әні халықтікі, оның ішінде, тіпті, Жетісудікі емес, мен естігенде Арқадан естідім. Бұл тексті жазуда үлкен сыр бар еді, енді айтайын. Мен алғашқы әйелім Шәрбануды 1924 жылы алдым. ...Алғашқыда қыз үй ішінен батып менімен еріп кете алмады. Бір жыл ермей үйінде қалып қойды. Бұл өлең сол кезде айтылған еді. (Иса Байзақов. Шығармалары. Алматы, ҚМКӘБ, 1956. 435-бет)».

Осы пікірді ән дүлдүлі Манарбек Ержанов та қолдайды. Және 1927 жылдан бастап келістіре шырқап, кең байтақ қазақ еліне таратқан. «Қалқа» әнінің Иса жазған сөзі мынау:

Бұл әннің кім біледі аты Қалқа,

Қалқаны сағындым ғой айта-айта.

Қолға алып домбыраны шырқағанда,

Тырнақтан сау қалған жоқ тарта-тарта.

Қалқаның сағынғанда салған әні,

Үзілтіп, елжіретіп толғағаны.

Сүйгенін, сүйенгенін есіне алып,

Жай таппас әнге салса кімнің жаны.

(Сонда, 110-бет).

Осы ойымызды әрі қарай сабақтап, ширатайық. 1990 жылдың 18-ші желтоқсанында ғұлама ғалым Ақжан Машани ақсақалмен дидарласып, біраз әңгіме дүкенін қыздырған жайымыз бар еді. Ол кісі былайша сыр шертті:

– Бірде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, Алматыға келе жатқанда, Қалқаның үйінде қондым. Сонда Қалқа өзінің әнші-композитор, ақын, ойыншы Қошқарбайдың Шашубайымен дос болып, Арқа жерінде, Коянды елінде сегіз жыл бойы сауық-сайран құрғанын, атақты Ажармен айтысқанын және «Қалқа» әнін үйренгенін айтқан-ды.

***

Иса Байзақұлы – кең тынысты, тұлпар шабысты, көсілмелі эпик ақын. Ол көркемдік сапасы жоғары көптеген поэмалар туындатты.

Оның тарихи танымының тереңдігіне, өмір, жаратылыстың күрделі құбылыстарын жіті аңғарып, түйінді, өрнекті ойлар қорытып, мәнді, қанатты, ғибрат сөздер өрбітетіндігіне «Құралай сұлу» поэмасы жарқын дәлел. Шығарманың бастамасы – пәлсапалық толғамға құрылған. Поэмада Есімханның тұсында өмір сүрген қара қылды қақ жарған халқының ардақтысы Монтай бидің, ел қорғаған Келден батырдың, үріп ауызға салғандай Құралай сұлудың бейнелері шебер мүсінделіп жырланған. Құралай сұлудың сымбатына зер салайықшы:

Екі бет уылжып тұр қаны тамып,

Ақ жүзінде өмірдің шамы жанып.

    Жас баланың аузындай кішкене аузын

Қызыл ерні сүйіп тұр құмарланып.

Жұп-жұмыр үлбіреген алма мойын,

Ақылдан орнатқандай өлшеу алып.

Білегі аппақ арай, ақ жамбыдай,

Сұлудың есі кетіп, тұр таңғалып.

Шынайы сұлулық деген осы да. Сұлу, көркем дидарына шыныдай мөлдір жан тазалығы қосыла суреттелген.

«Ақбөпе» – жыр тұйғынының пәни жалғанның күрделі қайшылықтарына, «Жанына махаббаттың уын құйып», «Қиянат саусағының шеңгеліне іліккен» ғашықтардың қиын тағдырына, ой-сезім толқындарына құрылған сұлу бітімді бірегей туындысы.

Поэмада ел ішіндегі бүліншіліктер, азаматтыққа жатпайтын іс-әрекеттер, Әмірхан мен Ақбөпенің таза махаббат жолындағы көрген тауқыметтері, ең соңында, «жарық күндей жас боздақ» Әмірханның озбырлардың қолынан мерт болуы шынайы суреттеледі.

Шығарманың тілі мейлінше ажарлы, шырайлы. Жаратылыс суреттері, лирикалық қаһармандардың ішкі дүниесінің иірімдері, «тотыдай боп тұлғалы туған сабаз» Ақбөпенің сипаты, жігіттің сұлтаны Әмірхан мінген Ақтарланның шабысы соншалықты поэзиялық бейнелілікпен келісті сипатталады.

Ақын қолданған «Шаңқанның ақ құсындай», «керілген кер маралдай кербез сұлу», «Жанары екі көздің жанған шамдай», «Үстіне ақ мамықтың қан тамғандай уылжыған беті», «бақ айнасындай болмысы», «айдынның аққуындай» келбеті, «ақ мақтадай тәні», «төгіліп жерге тиген құндыз шашы», «айдай ашық мінезі» сияқты поэзиялық суреттеулер Ақбөпедей аяулы арудың сүйкімді бейнесін елестетеді.

Немесе жұлдыздай аққан Ақтарлан аттың шабысын былайша толғайды:

Өрленіп от боп жанып екі көзі,

Жапанды жара жаздап жалғыз өзі,

Жал-құйрық жел көсілткен ту секілді,

Біткендей бір күн шажа жердің жүзі.

Я болмаса, кестесі төгілген табиғат:

Кеш еді жаздың сұлу нұр төгілген,

Жібектей жерге жасыл гүл себілген.

Көк шатыр, қызыл-теңбіл тақталанып,

Жерге кеп алыс аспан төңкерілген, – деп жырланады.

Асылы, «Ақбөпе» поэмасында жан тебірентерлік алуан сырлы поэзиялық ауыстырулар, теңеулер, әсіреулер, айқындаулар, фразеологиялық оралымдар, сөз-образдар, сөз-символдар қыруар. 

Халқының асыл қасиеттері бойына өлшеусіз дарыған дария ақынның өнерпаздық болмысында ауыз әдебиетінің дәстүрі мен жазба поэзия дәстүрі жарыса өмір сүрген. Біріншісін айтқанда, өлеңді ауызша толғайтындығы, ауыз әдебиеті қазынасын еркін, әрі дамыта қолдану қабілетінің ересен қуаты ойға оралады. 

Енді жазба дәстүрдің жемісіне келер болсақ, ақындық алғырлықтан туатын шығармаларының образдық-метафоралық жүйесі. 

Бұл салада Иса Байзақұлының тапқан бояуы қанық, кестесі бай, поэзиялық құпиясы зерделілікті тілейтін бейнелеу, мәнерлеу құралдары аз емес.

Дауылды ақынның өмірі мен шығармашылығы жөнінде еңбектенген филология ғылымының докторы Манап Хасенов пен Махпуза Исақызы Байзақованың жазған кітаптарын ілтипатпен атап өтеміз.

Қорыта айтқанда, Иса Байзақұлының ақындык мұрасы, суырыпсалмалық өнердегі өшпес өнегесі толқын-толқын ұрпақтардың санасында сәуле шашып тұрады.

Серік НЕГИМОВ,

филология ғылымының докторы, профессор.

Сөзсырға

ИСА АҚЫНМЕН СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ 

1945 жылдың жазында Ұлы Отан соғысынан Алматыға қайттым. Майданнан қайтқан солдаттың сағынышын, қуанышын, бұрын бір жүріп, бірге өскен жолдастарын көруге қаншалық ынтық болатынын майдандас жолдастар ғана біледі.

Сол жазда ұлы Абайдың туғанына жүз жыл толғаны бүкіл қазақстандық мереке болды. Осы мереке үстінде өзімнің қаламдас жолдастарымның көпшілігімен кездесіп, шексіз бір қуаныштың айдынында жүзіп жүрдім. Сол жылдың, жеңіс жылының жазындай жарқын, аспанындай ашық көңіліме күтпеген жерден бір ой орнай қалды. Ол мынау: Абай тойында ақын, жазушылардың бәрі бар; елдің кәрі тарлан, жүйрік жыраулары да топ жара суырылып шығып жатыр. Осындай думанның ортасында дуылдап жанған оттай шалқитын Иса қайда? Онсыз думан өтуші ме еді? Ол әрдайым ортамызда болушы еді ғой. Осынысы қалай? Исаның орны бос тұрған сияқты. Ол неге келіп отырмайды орнына... Қанатын желпіген бүркіттей өткір қара көздері төңкеріліп «желдірмемен» желпіп-желпіп өтпес пе? Ол қатты науқас дейді. Алматыда жоқ дейді. Келе алмапты бұл тойға. Неткен арсыз хабар! Домбырасын қолға алып, қыран құстай қомданып көз алдымызда да өлеңнің өткел бермес теңізін екпінді желдей «желдірмемен» сапырып-сапырып жібергенде де сол Исаның бойында мәңгі сөнбес жалын, мәңгі тозбас өмір бар сияқты емес пе еді? Япырмай, сондай қуатты өмірді сүмелек ауру басынғаны не сұмдық? 

***

«Иса келіпті» деді бір жолдас. Қуанғанымнан «Иса, Иса! Иса!» дей бердім ішімнен. Түскен жерін біліп алдым да, дереу сонда тарттым. Көз алдымда баяғы Иса сол қалпында елестейді. Жеттім. Кірдім үйіне, сәлем бердім. Төрдегі бір төсекте маңдайы ұқсас, бір құр сүйек адам жатыр екен. Жаныма мұз төгіліп кеткендей болдым.

Даусы ақырын ғана шығып: «Қарағым, Қасымым» деді де, қалт-құлт еткен қолын соза берді. Менің ыстық шеңгелім мен оның салқын тартқан шеңгелі достықтың бір түйініндей жазылмай біраз тұрды.

– Отыр, қарағым, – деп төрді ұсынды. Отырдым. Жайлап басын көтеріп, ол да төсек үстіне отырды.

– Аман-есен қайтқаныңды естігенмін. Қайырлы болсын, үй болыпсың.

Ол менен қандай өлең жазғанымды, ағайын-туысқандарымнан кім барлығын сұрады. Осыдан кейін төсектің бас жағында тұрған, алғашқыда Исаның қойнындағы баласындай жастықтаса жатқан домбырасын алды да, бас пернеден сағаға дейін бір-екі рет сыдыртып өтті. Байқаймын, саусақтары бұрынғыдай құйғытпайды, тек жай ғана желеді...

– Сәбитке сәлем айт. Осында Сапарғалиды жіберіпті, менің өмірбаянымды жазып алсын деп. Тегі, мені өледі деп ойлаған екен. Мен өлмеймін. Туберкулезім жоқ, тек бойымды суық алған. Өлмеймін! – деді. 

***

Бұл кез 1946 жылдың көктемі еді. Сол жылдың жазында Исаға Алматыдағы туберкулез институтының ауруханасында жолықтым. Бірнеше адаммен бірге жатыр екен. Сәлемімді алды. Қуанып қалғаны бірден сезілді. Өзімен қатарлас жатқан домбырасын алды да, «желдірмені» тартып, бірден қосылып кетті. Амал не, даусы сәл-пәл ғана естіледі. Кеуденің әбден қажығандығы сезіліп-ақ тұр.

Бұдан соң Жазушылар одағында не жаңалықтар болып жатқанын сұрады. Өзіне кім келді, кім келмегенін айтты. Әсіресе, Мұхтар мен Кәрімнің келгеніне қатты риза екен. Ақыр соңында:

– Мен осы қаншама өлмеймін десем де, өлермін-ау деймін. Тегі, енді ұзаққа бармаспын. Жолдастарға сәлем айт. Сәбитке сәлем айт, – деді де көзін жұмып біраз жатты. Мен шаршап жатқанын сездім де: 

– Иса аға, мен енді кетейін, – дедім. Қолын созды. Қолын алдым да, шығып кеттім. 

***

Осыдан біраз күн өткенде Шахмет Құсайынов, Ғабдол Сланов, тағы бірнеше жолдас болып сол институтқа барып Исаның сүйегін алдық.  

Қасым Аманжоловтың естелігінен.