ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ ҚАСЫМХАНЫ

ҚАРА ӨЛЕҢНІҢ ҚАСЫМХАНЫ

Біз, Қасымхан екеуіміз көктемде, сонау 1976 жылы, сәуірдің 16-шы жұлдызында алғаш танысқанда он сегіз жастағы бозбала мен бойжеткен едік... 

Алматыда арман қуған студенттер едік... 

"... Болғанмен өзi көрiксiз,

Арманы асқақ, арынды.

Сезбедiң сонда, елiк қыз,

Қасымхан болып танысқан,

Қасыммен қоштасқаныңды" немесе,

"КазГУ-дің қалашығы, 

Көзімнің қарашығы", - деп студенттер бас қосқан кештерде жалынды жырларын оқитын жас ақынның осы өлеңдерін сол жылдары ЖенПИ-дің қыздары, менің құрбыларым таласып, жатқа оқитынбыз. 

       Иә, бүгін, тамыздың 

4-ші жұлдызы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, "Дәстүр" ұлттық-этнографиялық журналының бас редакторы, көрнекті ақын Қасымхан Бегмановтың дүниеге келген күні. 

       Политехникалық институттың машина жасау факультетінің студенті кезінде Жұмекен Нәжімеденовтың рецензиясымен, Өтежан Нұрғалиевтің редакторлығымен алғашқы "БАСТАУ" деген атпен жыр кітабы жарық көрген Қасымхан Бегманов бүгін 65 жасқа толды. 

          Міне, мен Қасымханды танып-білгелі бері аттай 47 жыл өтіпті...

         Ұзақ жылдардан бері баспасөзге шыққан өлеңдерін оқып, шығармашылығын құрметтеген ақын бүгінде азаматтық бейнесі қалыптасқан ел ағасы атанды.

       Ол өмір бойы ұлтқа қызмет етті. Жасы кішіге қамқор болып, алдындағы ағаларын сыйлау - ақынның бойындағы ең ізгі қасиеті. Қазақты жанымен сүйген Қасымханның алыс-жақын шетелдегі қаламгер қазақ бауырларына деген ықыласы да ерекше.   

       Қасымханмен алғаш танысқан 1976 жылдың көктемінен бастап оның тұрақты оқырманына айналып, оның жазған дүниесін жинақтап, тілеулесі болдым. 

        Қасымхан Мұстафа Шоқайдың кіндік қаны тамған "Наршоқы" мен мәңгілік дамылдаған Берлиннің арасындағы "тағдырлы" жолымен толық жүріп өткен жалғыз адам. Иә, ол Мұстафа Шоқайдың жолын толық жүріп өтті. Сол қасиетті де қасіретті жолдың бойында қаншама дүниелер жазды. Жазғандары кітаптарға айналды. 

       Ол Мұстафа Шоқай үшін соттасып, Мұстафа Шоқай үшін қасарысқан шовинистерге айыппұл төлеткен жалғыз қазақ. Өскемендегі ұзаққа созылған сот процесі кезінде бүкіл қазақ тақымын қысып, Қасымхан Бегмановқа тілектес болғанын сол кезде БАҚ беттерінен оқып, тыңдап отырдық.

         Зерделеп отырсам, Қасымхан Бегмановтың Мұстафа Шоқай тақырыбы бойынша қалам тербемеген жанры жоқ екен.

       "ШЕРЛІ ТҮРКІСТАН" поэмасы, "МҰСТАФА ШОҚАЙ ЖОЛЫМЕН" атты тарихи-деректі, танымдық сапарнама кітабы мен "ЭКСПЕДИЦИЯДАН КЕЙІНГІ ӨМІР" атты 2020 жылы кітабы жарық көрді.

        Ақынның М.Шоқай жайлы түсірген 4 сериялы деректі фильмі кезінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің Қазақстан тарихы пәні бойынша электрондық оқулық болып мектеп бағдарламасына енді.

        Ақынның Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында екі күн аншлагпен өткен "МЕНІҢ МҰСТАФАМ!" атты монодрамасы туралы баспасөз жан-жақты жазды, оқырмандары оқып, көрермендер көзайым болды. Көңілі бос, мен секілділеріміз жылап отырып көрдік.        

         Балаларға арнап жазған "ЕР ТӨСТІК", "ҰРТОҚПАҚ,!" атты пьесалары Алматы мемлекеттік Қуыршақ театры мен Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры және Шымкент қалалық қуыршақ театр сахналарында үлкен табыспен өтіп жатыр.

        Қасымхан Бегманов өзінің шынайы болмысымен қазақты қалай сүюдің үздік үлгісін көрсеткен ақын. Оны сөзбен емес, нақты істерімен дәлелдеген азамат. 

        Ақынның жүрегі үнемі қазағымен бірге, қиын кезеңдерде жанымен егіліп, халқын қайрай отырып жазған "АЛАШОРДА АМАНАТЫ" атты рухты дастанында былай деп толғанады: 

... О, туған жер!

Аспанда анау қаңқылдай ұшқан қаздарың,

Даусында оның аз ба мұң. 

Арқырай соққан, дүркірей шапқан 

                                        құлақта қалған саздарың,

Жерошақтарда қып-қызыл шоқ боп маздадым.

Шарт етіп түскен сол шоқтан,

                                               өртеніп кете жаздадым,

Жазған жоқ мұны сәл көңіл бөлсең аз дарын.

Бәрі де дұрыс болғанмен, 

                            уақытты қайтем зырлаған,

Алашорданы алдымда менің жырлаған,

Сұлтанмахмұт пен Мағжаның!    

Көздерді көрдім кірпіктеріне ыстық жастарын сулаған,

Күз келмей жатып ағаштар менен гүлдерді көрдім қураған.

Сатқын деп кеше елімді көрдім шулаған,

Сананы солай империялар улаған,

Ұрпақты қайтем Әлихан менен Мұстафа болып тумаған. 

Жыр жаза алмадық, әріпін ойып тасына,

Ел бара алмады,

                 кебінделмеген, жаназасы жоқ асына.

Бейіттері жоқ барайын десем Құран бағыштап басына,

Кім көңіл бөлсін көзіңнің аққан жасына.

Жүрекке қаяу түскенде,

       барам деп қайда,

                                 жас ұрпақ, жылап жасыма,

Ормандай оймен жетеміз ұшып рухтарының қасына,  

Жас ұрпақ, жаным, жасыма! 

немесе, 

... Кекілінен сипап қойып кекті ұлдың,

Қара қайғы алқымнан ап жеп тындың. 

Қара желге қара жасты кептірдім,

"Оян қазақ!"

                     оянасың қашан" деп,

Дулатұлы Міржақып боп кеп тұрмын.      

       Иә, көңіл бөліп оқыған адамға "АЛАШОРДА АМАНАТЫ" қандай мұңлы дастан еді?! 

        Қасымхан Бегманов Ілияс, Қасым, Сырбай, Ғафу, Тоқаш, Төлеген, Мұқағали, Бекен, Қадыр, Тұманбай, Сағи мен Жұматай, Кеңшілік, Жарасхандар салған ақындар жолына адал болды. Жағда Бабалықұлын ерекше құрметтеді. Ақынның "ЭТНОГРАФПЕН ӘҢГІМЕ" кітабы бестселлер (best seller) ретінде үлкен сұранысқа ие болып, бірнеше рет жарыққа шықты.     

       Қасымхан ешқашан қазақты бөлген жоқ. Оның бүкіл қазақ даласын, тіпті шекараның ар жағындағы қазақтарды бірнеше рет іздеп барып, жырға қосқан, жан-жүрегімен жырлаған ақын екендігін осы ел біле ме екен?        

        Қаншама ақын-жазушылардың кітаптарын жарыққа шығарды. Бүкіл жүріп өткен өмір жолымен, атқарған нақты істерімен елге үлгі-өнеге көрсетті. 

       Ол 15 жылдан бері "ДӘСТҮР" атты ұлттық-этнографиялық журнал шығарып, қазақ этнографиясына ұшан-теңіз еңбек сіңіріп жүрген қаламгер. Ақынның "ДӘСТҮР: КЕШЕ, БҮГІН, ЕРТЕҢ" атты ғылыми-көпшілік жобасы аясында халқымыздың салт-дәстүрі жайындағы еңбегі-әр қазақтың төрінде тұратын төрт томдық сүбелі кітапқа айналды.       

       Қазақстанның Еңбек Ері, композитор, жазушы Илья Жақанов Қасымхан екеуінің бірігіп жазған әндерінің тарихын "СЫРЛЫ ЖҮРЕК ПЕРНЕСІ" деген атпен жеке кітап етіп шығарса, ақынның өлеңдері әдемі әнге айналып, бүгінде қазақ даласына тарап, тыңдаған миллиондаған адамдарға қуаныш сыйлауда. 

        "... Көңілім сол көңіл ғой баяғыдай,

Адалға құшағымды жаям ұдай.

Қаршадайдан жыр жазған "қазағым" деп,

Қасымдардың бірі едім, ая, Құдай!"- деп жырлаған шынайы ақынды біз құрметтеуіміз керек. 

       "Роза, біле білсең мен Мұқағали мен Төлеген, Кеңшілік пен Жұматай ағаларымның жасынан баяғыда "өтіп" те кеттім-ау... "- деген мұңлы да, астарлы әзілін естігенде жаным жабырқайды... 

       Меніңше, ерекше таланттарымызды ортамызда жүргенде құрметтеуіміз керек-ау...

        Ол Қазақстан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбайдың өтінішімен Жазушылар Одағының ғимаратындағы қабырғаға соғыстан оралмаған ақын-жазушыларға ескерткіш-белгі орнатты. Сондай-ақ кезінде Сәбит Мұқанов Қалаубек Тұрсынқұловқа аманаттаған, ал Қалаубек аға Қасымхан Бегмановқа аманат еткен Райымбек даңғылындағы автостанцияның астында қалған Саттар Ерубаевтың бейітін қайта жерлеуді ұйымдастырды. Мал сойып, құран оқытты.        

        Кезінде Жұмекен Нәжімеденов Қасымханның алғашқы жыр кітабына тамаша рецензия жазып, жас ақынның кітабының жарық көруіне ағалық қамқорлық жасағанын білеміз.

        Ал, Қасымхан Бегманов 50 жасқа толғанда Қадыр Мырза-Әлі: "Ташкентпен қоштасу - поэтикалық құбылыс" деп, Тұманбай Молдағалиев: "Қасымхан Бегманов-махаббат ақыны" - деген көлемді мақалалар жазып, сол тұста газеттерде жарқ еткізді. Өтежан ағасы жас ақынға ұзақ толғау жыр арнап жазды. Мен осылардың бәрі кездейсоқтық деп ойламаймын. Жас ақынның шығармашылығын ұлтымыздың ұлы ақындары сол кезде жоғары бағалағаны емес пе?

       Бүгінде азаматтық бейнесі қалыптасып, ел ағасы атанған ардақты ақынның бергеніңнен еліңе, берерің әлі көп болсын деген тілек айтамын!

Есенбаева Роза, 

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ардагер-ұстаз, Астана қаласы

        Құрметті достар, өздеріңізбен ақынның ертеректе жазылған "Өмірбаян орнына жазылған" атты өлеңін бірге оқиық!

* * *

Өмірбаян орнына жазылған өлең

Тамыздың туылыппын төртінде мен,

Сырым көп сендерге әлі шертілмеген.

Қолды сілтеп кетіп ем барлығына,

Қайтадан Алматыға келтірді өлең.

Иттей талап,

шеттетті,

қақпайлады,

Жан дос деген жақыным сатты айлалы.

«Ішкіш,

жүргіш,

жазғаны түк емес", - деп,

Жоғарыға жалалы хатты айдады.

Эфирлерден ән болып естілмедім,

Тым кеш сездім есімнің кеш кіргенін.

Шынымды айтып,

шырылдап,

шырқырап ем,

Сырларыма сенбеді ешкім менің.

Қатты батты,

жаныма сенбегені,

...Шыр айналды уақыттың дөңгелегі.

Бақытсыз көп ақынға қоса салдың,

Айырбастап біреуге сен де мені.

«Ешкім жаза

алмайтын»,-

жырың бар деп,

Шылауыма оралып,

шырылдар кеп.

«Ғайыперен,

қырық шілтен» алдамайды,

Өзімді-өзім алдаймын шыңым бар деп.

Боратқан етектегі есектілер,

Күн сайын жүрегімді өсек тілер.

Жетімдерге қайырым жасап едім,

Күліп жатты сыртымнан есептілер.

Итпен жылдас,

айлас боп арыстанмен,

Дүние екі келмейді алысқанмен.

Алматының аяулы кештерінде

Талай-талай бір жүрдім данышпанмен.

Күншілдіктің,

апыр-ау,

сыры неде,

Топ-топ қазақ...

бастары біріге ме?

Алыс ауыл,

мен сенің үмітің ем,

«Ақтадың», - деп айтпайды бірі неге.

Бірі айтпады-ау,

жылы сөз шіркіндердің,

Жылап тұрып...

тұлпардай сілкінгенмін.

Ей, пенделер,

сендерден жеріген соң,

Жалғыз барып бейітке күрсінгенмін.

Сезгем нұрлы жанымның тазарғанын,

Бізден кейін шыққандар...

жазар бәрін.

Қарайлама артыңа,

қайран, менің,

Ақ сапарға аттанған ғазалдарым.

            Қасымхан Бегманов