Әшірбек Сығай қалай Мұхтар Әуезовке айналды?..

Әшірбек Сығай қалай Мұхтар Әуезовке айналды?..

...Асанәлі Әшімов, Әшірбек Сығай және шымкенттік кәсіпкер Құрал Ержанов үшеуі бұдан біраз жыл бұрын Кентаудан Шымкентке келе жатып, күре жолдың Арыс-Түркістан каналын кесіп өтер жердегі қауын-қарбыз, сусын сататын аялдамаға (кәзір ол жоқ) тоқтайды. Бұлар шөлін баса бергенде бір автобус келіп, одан түскен оқушылар сол сәтте Асекеңді қоршап алады: "Ассалаумалейкум, Бекежан аға, суретке түсейікші! Аға, автограф беріңізші!" Қазақы қалжың, әзіл-оспаққа жаны құмар Асекеңе сол сәтте "бұлардың білімін байқап көрейін" деген ой келе қалады.

            -Сендер қызықсыңдар-ей! "Түйенің танығаны жапырақ" деп, бәрің тек мені айналдыра бересіңдер. Тұр ғой алдарыңда мына іздесең таптырмайтын космонавт Тоқтар Әубәкіров ағаларың! - деп Құрал Ержановты нұсқайды.

             Құрекең, шынында да, алып денелі, қараторы, батыр келбетті адам болатын. Оқушылар жапа-тармағай "Тоқтар ағалап!" оның қасына келеді. Олардың шын космонавттың түрін білмейтіндеріне жыны келген, әрі Асекеңнің әзіл ойынын одан әрі жалғастырғанды жөн көрген, кәсіпкер болса да ой-білім көкжиегі кең Құрекең іліп әкетеді:

            -Балалар, алдымен Мұхтар Әуезов аталарыңа сәлем бермейсіңдер ме? - деп, Әшірбек Сығайға мойын бұрады.

              Оқушылар енді "Мұхтар" аталарын қоршап тұра қалады ғой...

              Аңызға бергісіз бұл оқиғаны неге еске алып отырмын? Кеше жексенбі күні кешке сәті түсіп, теледидардан студенттердің "Дара" білім бәйгесін бірінші рет көрдім. Ресейдің "Что? Где? Когда?" хабарының өзгертілген түрі екен. Бастамашылардың ниетіне нұр жаусын! Төрт команда ойнады. Қиын сұрақтар да, қарапайым сұрақтар да кездесіп жатты. Соның ішінде француз жазушысы Сент-Экзюперидің "Кішкентай ханзада" шығармасын қазақшаға алғаш аударған кім?" деген сұрақ берілді. Бір команданың жауабы ...Олжас Сүлейменов болса, қарсыластарының, 6 баланың ақылдасып барып берген жауабы тіпті сорақы шықты - Абай Құнанбаев деді олар.

      Бұл нені білдіреді? Бұл - ол 6 студенттің де Абайдың өлеңдерін, М.Әуезовтің "Абай жолын" оқымағандығын ғана емес, жалпы Абайдың қай ғасырда өмір сүргендігінен де мақұрым екендігін көрсетеді.

       Орыстар "Пушкин - наше все!" деп аспандата әспеттейді. Ал, енді, сол Пушкиніңіз Абайдың қолына су құюға жарамайды! "Талғамға талас жоқ" дейді, артық кетсем айыпқа бұйырмассыздар, бірақ, бұл менің Пушкиннің үш томдығын Абайдың бір томдығымен асықпай салыстыра оқып шыққандағы ойым. Пушкиннің ақындық шеберлігіне дауым жоқ, ал, бірақ ой, философиялық тереңдік жағынан тек ол ғана емес, Шығыстың жеті жұлдызының да Абаймен теңесетіні аз.

       Ал, біз сондай данышпан ақынды бағалап жүрміз бе? Тіпті, бәріміз оқимыз ба өзі әуелі? Жоғарыдағы фактілер оқымайтындығымызды көрсетіп тұр. Германияда Гете институты, Ресейде Пушкин институты неше ғасырдан бері жұмыс істейді, ал, біз әлі ашқан да жоқпыз. Өзіміздей кырғыздардың әлемнің бүгінгі күнгі бейресми астанасы Лондонда "Айтматов үйі" бар.

       Біз бәріміз, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін маңдайымызға Абайдай дананың бұйырғанына Жаратқанға күн сайын мың мәртебе алғыс айтып, мектепте де, университетте де, барлық жерде оны оқуды, насихаттауды, таратуды қолға алудың орнына бір марқұм сыншының "Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді" деген сөзін құран сөзіндей көреміз. Абайдың мәңгілік екенін түсінуге өреміз жетпейді. Жетпеген соң төмендетіп, Абайды реакционер, қазақты орысқа жығып берген, өз ұлтын жамандағаннан басқа түк бітірмеген адам етіп көрсетуді сәнге айналдырдық. Жап-жас жігіттердің Абайды кемсіткен, жерге ұрған сөздерін келтіруге бетің шыдамайды.

Бұл бетімізбен қайда барамыз?!..

Өмірзақ Ақжігіт, 

Қазақ үні