БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ: АЛҒАШҚЫ ЭПИКАЛЫҚ ҮЛГІЛЕР

БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ: АЛҒАШҚЫ ЭПИКАЛЫҚ ҮЛГІЛЕР

Зерттеушілердің айтуына қарағанда, дүниежүзіндегі жазба балалар әдебиетінің тарихы ертедегі грек мысалшысы Эзоптың мысалдарынан басталады екен. Антикалық бұл тұлға б.д.д. 6 ғасырда өмір сүріп, бүгінгі заманға жеткен аз ғана есімдердің бірі. Жалпы оның өмірде болу, болмауының өзі екіталай деген пікірлер де бар. Бірақ көптеген мысалдар осы Эзоптың есімімен тығыз байланысты екенін де атап өтуіміз керек. Сол замандағы талантты комедиограф болып есептелетін Аристофан «Егер сен Эзоптың шығармаларын білмесең, надансың» деген сөздерді айтыпты-мыс.

Одан кейінгі Жан Лафонтеннен Иван Крыловқа дейінгі аралықтағы мысалшылардың қатарының өзі бірсыпыра көрінеді. Жалпы, мысал ертегілер жанрындағы сюжеттердің едәуір бөлігі көшпелі. Мәселен, Эзоптың «Түлкі мен жүзім» деп аталатын мысалының мазмұны аш түлкінің жүзімдіктің арасына кіріп, салбырап тұрған жүзімдерді бойы жетпегендіктен жей алмай кетуіне байланысты. Сонан кейін ол өзін өзі «Әлі көк екен ғой» деп алдарқатыпты. Міне, осы ситуация Крыловтың мысалдарында, оның қазақша аудармаларында да басқа сипатта кездесіп отырады. Орыс мысалшысы жүзімнің орнына ілулі тұрған етті қолданады.

Балаларға арналған алғашқы суретті кітапшаларды шығару шығармашылығы атақты чех педагогі Ян Амос Коменскийдің есімімен тығыз байланысты көрінеді. Бұл кісі өз заманында кіші жастағы балаларға арнап «Суретті әлем» деп аталатын кітапшаларды шығарумен даңқы жайылыпты.

Жалпы, балалар мен жасөспірімдер әдебиетінің дүниежүзілік тарихы жайында көптеген мағлұматтар келтіруге болады. Бұлардың ішінде әсіресе басым орын алатыны – шытырман оқиғалы және авантюралық романдар. Олардың қатарында француз Франсуа Рабленің «Гарган гюа мен Пантагрюэль», Мигель Сервантестің «Дон Кихот», Даниэль Дефоның «Робинзон Крузо», Джонатан Свифттің «Гулливердің саяхаттары», Рудольф Эрих Распенің «Барон Мюнхаузенге байланысты» немесе «Барон Мюнхаузеннің басынан кешкендері» деп аталатын шығармасы. Бұлар дүниежүзіне кең тараған барлық халықтардың балалары білетін классикалық туындылар болып саналады.

Одан өзге жазбаша ертегілердің де көптеп дамығанын ескермесе болмайды. Ертегі жанрын жазбаша дамытушылардың арасында ерекше аталатындар – Шарль Перро, ағайынды Гриммдер, Эрнст Гофман, Вильгельм Гауф, Ганс Христиан Андерсен және баска да Европалык қаламгерлер. Романтикалық прозаның дамуына көбірек үлес қосқандар американдық жазушылар екен. Зерттеушілер Вашингтон Ирвинг, Фенимор Купер, Марк Твен және басқаларын есімдерін жиірек атайды екен.

Осылардың арасына әсіресе кең тараған ертегілер француз жазушысы Шарль Перронікі болып табылады. Оның «Ұйқыдағы ару», «Қызыл телпек», «Көк сақал», «Етік киген мысық», «Феялар», «Күл қыз», «Тырнақтай бала» және тағы баскаларының халық арасына кең тарағаны сондай – олардың сюжеттерінің негізінде түрлі мультфильмдер мен көркемсуретті фильмдер түсірілген. Және де көп жерде бұл шығармалардың авторына да назар аудармай, жалпы халықтікі болып кеткен сияқты әсер етеді.

Сондықтан да ауыз әдебиетінің дәстүрі біздің жазба әдебиетіміз дамыған бертінгі кезеңдерде де көш соңында қалып қойған жоқ. Жазба әдебиетіміз Кеңес дәуірінде де биік асуларға шыққан жылдарда да дәстүр сабақтастығы өзінің жалғасын тауып отырды. Көптеген қаламгерлеріміз өз тараптарынан естіп-білген ауыз әдебиетінің үлгілері бойынша жеңіл тақпақтар мен жырларды, ертегілер мен аңыз мысалдарды құрастырып, ұсынып жатты.

Көрнекті ақынымыз, атының өзі аңызға айналған Шәкәрім Құдайбердіұлы қаламынан туған жекелеген прозалық үлгілер, ертегілер де бар екенін біреу білсе, біреу білмеуі ықтимал. Басқасын айтпағанда, ол кісінің «Үш сауал» атты ертегісі назар аударып, талдауға тұрарлық дүние деп білгеніміз абзал.

Мұнда бір патша ел-жұртына шарт қойып: «Үш түрлі нәрсені күнібұрын білген адам бақытты болар еді, соны тауып берген адамға көп сый беремін» деп жариялайды. Ол үшеуі «Қайсысын қандай уақытта істеген жақсы?», екіншісі – «Ең керекті кісі кім?» және үшіншісі – «Ең керекті іс не?» деген сұрақтар. Бұны естіген патшаның маңайындағы қызметіне жарап жүрген еті тірі пысықтар осы сұрақтарына байланысты өз жауаптарын жарыса ұсынып жатады. Бірақ, дәл соға алмай, айтатындары – айналсоқтаған жауаптар. Олардың ешқайсысы көңілінен шықпағаннан кейін, патша ешкімге сыйлық бермей, қойған сұрағының тиянақты жауаптарын өзі тауып алмақ болады.

Сөйтіп арнайы барып жолыққаны бір тақуа адам екен. Алғашында ол өзінің кім екендігін білдірмей, құбатөбе болып киінді дейді автор. Тақуа күрекпен жер қазып жатыр екен. Патша болысып, жер қазады. Бірақ, оның қойған сұрақтарына тақуа адам бірден жауап бермейді. Ақыры ештеңе шығара алмағаннан кейін патша дереу қайтуға жиналады. Сол кезде бұлардың қасына жаралы бір жаяу келеді. Жарасын таңып берген патшаға жаңағы жаралы «Кешіріңіз» дейді. Сөйтсе, әке-шешесі осы патшадан зәбір көріп, мына баласы соның кегін алмақ болып жүрген екен.

Кейін қарай қайтатын болып, патша алғашқы сұрағын қайта қояды. Сонда тақуа: «Бұл үш сөзіңізге де жауап берілді ғой» депті. «Ол қалай?» дегенге бұл мәселенің мәнісін тақуа былайша таратып берген екен дейді: «Егер менің шаршағанымды біліп, маған болыспасаң, үйге ерте қайтар едің. Сол кезде мына кек алғысы келіп жүрген жігіт сені өлтірер еді. Сонда ең жақсы мезгіл – маған болысқан уақытың. Ең керек кісі мен болдым сонда. Ең керекті ісің мына жарасын байлап, қанын тыйған сәтің болды. Ал ол кезде ең керекті кісі осы жаралы болды дейді. Ертегіде айтылатын ойдың тұжырымы – әрбір керекті істің, керекті адамның өзінің орны, уақыты болатындығы.

Шығарманың осындайша философиялық қорытындымен аяқталуы, әлбетте, жас тыңдарманды ойландырғанымен, мағынасын толық түсініп алуы қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан бұл ергегіні тым кішкентай балаларға емес, есейіп саналары жетіліп қалған жеткіншектерге лайықталған деп білуіміз керек. Автордың батырлар жырларында кездесетін детальдарды да пайдаланғаны байқалады.

Жүсіпбек Аймауытовтың «Көк өгіз» ертегісі бір жағынан халық аузына кең тараған «Қырық өтіріктің» сюжетін еске түсіреді. Бірақ, бұл арада сюжеттің негізігі арқауын пайдаланғанымен, автордың көркемдік қорытындысы, жасайтын психологиялық түйіні басқашалау. Мәселен, аса абайсыз семірген көк өгізді бүркіттің көтеріп кетуі. Ол бүркіт көк өгізді көтеріп апарып, бір серкенің мүйізіне қонды дейді автор. Сол арада серкенің қандай үлкен екендігін шамалауға болатын сияқты. Осы кезде өгізді жеп отырса, жаңбыр жауып кеткеннен кейін малшы да серкенің омырауына тығылған екен. Сол кезде көзіне әлдеқандай бір нәрсе түсіп кетеді. Шаруа иек бұрмай жүре береді де, кешкісін үйге келіп әйеліне көзін көрсетеді. Сонда әйелінің көзден суырып алғаны – бағанағы бүркіт жеген өгіздің жауырыны болып шығады. Сонда осындағы жан-жануарлар бірі бірінен үлкен болып көрінеді де, мифологиялық шығармаларда қолданылатын гипербола, дамыту тәсілдерін автор прозалық шығармасында да пайдаланыпты.

Ертегінің соңында қайталанып еске салынған «ұзын сирақ, жарғақ құлақ» жануардың не екені ашық айтылмайды. Бірақ осы суреттеуіне қарап-ақ өмірде жақсы білетін оқырман оның аңшылардың айнымас серігі тазы ит екенін анық аңғарар еді. Әрине, бүгінгі 21-ғасырдың жас оқырманы үшін бұл бір жағы бұлыңғырлау болып қалуы да ықтимал. Оның не екендігіне көз жеткізуге септігін тигізетін – тақырыптық энциклопедия мен анықтамалықтар. Бұл бір жағы оқырманның өзінің ізденуіне мүмкіндік беретін стимул.

Осындай лингвистикалық ұстанымдармен оқырман назарын аудару басқа да прозашы ертегішілердің шығармаларында да кездесіп жатады. Бұл да ауыз әдебиетіміздегі ертегі дәстүрін сабақтастықты сақтай отырып, ертегі жанрының табиғатына ішінара жаңаша сипат берудің бір тәсілі деп білгеніміз жөн.

Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Көк өгіз» ертегісінің соңында «Енді мұны, оқушылар, ойларыңа жүгірт: көк өгізді көтеріп жатқан бүркіт күшті ме? Немесе көк өгіздің жауырыны көзге түскенде шөп құрлы көрмеген қара шаруа күшті ме? Жоқ, үш жүз кісіні ер-тоқымымен, қару-жарағымен сүйреп кеткен түлкі мықты ма? ...» деген сияқты сұрақтарды қояды. Сөйтеді де, жауабын өзі береді.

Осы тұрғыдан алғанда бұл шығармаға «жұмбақ-ертегі» деп жанрлық анықтама беруге болар еді. Бұның өзі жазушының бір жағы тапқырлығы болса, екінші жағынан халық ауыз әдебиетін жете білгендігінің, содан үйренгендігінің нақты көрінісі деп айта аламыз.

Сәкен Сейфуллиннің «Хан мен өтірікші Тазша бала» деп аталатын ертегісі кезінде түрлі кітаптарға шығып, тіпті оқулықтарға да енген екен. Бірақ бұл шығарманы қарап отырсақ, оны толығымен жазушының авторлығына бере салуға болмайтындығы байқалады. Өйткені бұл шығармада халық аузында кең тараған «Қырық өтірік» ертегісінің желісі менмұндалап тұр. Соған қарағанда, С.Сейфуллин бұны халық аузынан жинап жазып алып, өзінің шығармаларының қатарына қосқан болуы әбден ықтимал. Таза авторлық шығарма деп айтуға болмас.

Өйткені ол осы «Қырық өтірік» ертегісін С.Сейфуллинға дейін-ақ Ы.Алтынсарин, А.Алекторов және басқалары халық аузынан жазып алып, оқырман жұртшылыққа аз ғана айырмашылықтарымен ұсынып жүрген екен. Бұлардың ішінде ең тәуірі – кейін «Қазақ ертегілері» деп аталатын кітаптарға еніп, бүгінгі күнге дейін жеткен нұсқасы. Сондықтан да «Ең керемет дәм» атты жинаққа С.Сейфуллиндікі деп енген ертегіні біз халықтікі деп пайымдауға мәжбүрміз.

Төмендегі тізімдегілер – 20-ғасыр басындағы балалар әдебиетіне үлес болып қосылған прозалық туындылардың елеулілері ретінде аталатындар. Бұлардың ішінде ертегі мысалдар да, шағын әңгімелер де, қазақи түсінікке жақындатылған аудармалар да бар. Бас-басына атап айтар болсақ, олар –Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қарға мен лашын», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Бәйшешек бақшасы» атты шағын әңгімелер топтамасы, Ахмет Байтұрсынұлының «Мен қалай оқуға бардым?», «Екі балықшы», «Ата насихаты», «Қарға мен құмырша», «Талас», «Жібек құрты мен өрмекші», «Балықшы мен балық», «Серке мен түлкі», «Торғай мен қарлығаш», «Үлеске ұсталық», «Енші үлесу», «Бақсы», «Ақылды соқыр», «Көртышқан мен кірпі», Спандияр Көбеевтің «Жарлы мен бай», «Екі соқа», «Құмырсқа мен көгершін», «Ат пен есек», «Қоян мен көлбақалар», «Түскі тамақ пен кешкі тамақ», «Қайырымды бала», «Атасы мен немересі», «Балалар мен мұғалім», «Құстың ұясы», «Өсиет», «Шал мен балалар», «Айтыс», «Қаз», «Қасқыр мен қойшылар», «Арыстан, есек және түлкі», «Құйрықсыз түлкі», «Кедей мен қоян», «Түлкі мен қырғауыл», «Көгершін мен таған», «Қасқыр мен кемпір», «Қарға мен көлбақа», Міржақып Дулатовтың «Бөрік», «Жаз», «Жазғы кеш», «Байлық», «Үй хайуандары», «Қасқыр қысты қалай өткізеді», «Қоян», «Оқымысты бала», Жүсіпбек Аймауытовтың «Шұбар тайым табылды», «Ұмытшақ Ұлбосын», «Ит пен бала», «Қара торғай», «Торғай мен қарлығаш», «Жаңа талап», «Боранды болжағыш әулие», «Әркімдікі өз қамы» және т.б.

Нұрдәулет АҚЫШ,

жазушы, философия ғылымдарының докторы.