ӨЛДІ ДЕУГЕ СЫЯ МА...

ӨЛДІ ДЕУГЕ СЫЯ МА...

Зейнолла Қабдолов пен Оралхан Бөкей туралы сыр

1. Академик айтқан хикая

Біз оқыған қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұрын да еліміздегі ең үздік жоғары оқу орны болатын. Ал ондағы журналистика факультеті Қазақстандағы жалғыз факультет еді. Бұл бөлімдегі студенттерге сабақ беруге өз саласын жетік білетін, еліміздегі ең озық ойлы, аса талантты, кемеңгер кісілерді тарту байқалып тұратын. Біз дәрісін алу бұйырған Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеевтен бастап, Қадыр Мырза Әли, Сұлтанғали Садырбаев, Алма Қыраубаева сияқты кіл мықтылардың әрқайсысы айтары бар, берері бар бір-бір тау еді. 

Сонда да болса, іштей бәсекеге түсіп жүретін қатарластарымыз – филология факультетінде оқитын достарымызға көз қиығымен ұрлана қарап, қатты қызығатынбыз. Оларға жоғарыда айтылған кісілермен қатар, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев сынды басқа да белгілі тұлғалар дәріс оқып жүрді. Өз басым, әсіресе, алып кеудесі алтын сандыққа айналған, әрі қарапайым, әрі заңғар биік Зейнолла ағамызға қатты қызығушы едім...   

Бағыма қарай, маған еліміздегі өте беделді басылымдарда, біршама жылдар бойы телеарнада да қызмет ету бұйырыпты. Бұған мақтануға да болады. Себебі, мұндай бұқаралық ақпарат құралдары еліміздегі ең танымал зиялы қауым өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұрын-соңды көріп, тілдесудің сәті түспеген аға буынның қайсысымен болсын хабарласып, жүздесіп тұруға мүмкіндік болады. Тілшісін танымаса да, басылымды сыйлағандықтан, ол кісілердің бәрі хабарласқан журналисті жассынбай, терезесі тең адамдай қабылдап, ашық-жарқын әңгімеге көшеді. 

Студент кезімізден сырттай қызықтап, кездесуге құмартып жүретін асыл ағаларымыздың бірі Халық жазушысы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстан және Қырғызстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Зейнолла Қабдолов болатын. 

Асқар таудай көретін ағаларға майда-шүйде мәселелерге бола хабарласуға болмайды. Тақырыбың тиянақты, білгің келер дүниеңнің басы ашық және ауқымды болып, маңызды әңгімелер қозғалуы тиіс. Осыған алдымен өзің дайын болмасаң, үлкен кісілердің уақытын алып босқа мазалаған орынсыз. Біз осылай өстік, осы күнге дейін сол үрдіспен өмір сүріп келеміз. 

Менің бір байқағаным, Зейнолла ағамыз өзі туралы көп айта бермейді, қашан көрсеңіз де өзгелер туралы әңгімелеп жатады. Ең қызығы, белгілі бір тұлға жайында әңгіме айта бастаса, кейде бір ауыз сөзбен-ақ сол кісінің бар бейнесін ашып көрсете салатыны бар. Мысалға, елді ұйқыдан оятып «Аттандап!» жүретін Амантай қажы туралы: «Амантай қажы бірде – үрей, бірде – мерей!» деген бір ауыз сөзі ойыма түсіп тұрғаны. Бұл жай ғана, сөз реті келіп қалған соң айтқаным ғой, тумысынан суреткер адам не жайында айтса да, әдіптеп, әдемілеп тұрып, көзіңізбен көріп отырғандай етіп жеткізуші еді.  

Бірде, «Хабар» телеарнасында жүрген кезімде белгілі қаламгер, сайыпқыран журналист Қайнар Олжайдың тапсырмасы бойынша ұлы Мұхтар Әуезов жайында деректі дүние әзірлеу қажет болып, «Менің Әуезовімнің» авторына – осы Зейнолла ағамызға хабарластым. «Бұл қай бала?» деп сұрайтын ағаларымызға алдымен білікті деген курстастарымызды айта жөнелетін дағдымыз бар еді, бірден: «Мен Бауыржан Омаровпен бірге оқыдым, курстаспыз, менің досым», – дедім мақтаныш тұтып, курсымыздағы мықтылардың бірі де бірегейі болған соң әрі филология ғылымының докторы, профессор Бауыржанның ғылыми жетекшісі екенін де жақсы білемін. «О, Баукеңнің досы болсаң, жаман жігіт болмадың!» деп, мені бір көтеріп тастады.        

Келісім бойынша ол кісімен Жазушылар одағының фойесінде кездестік. Сонда Зейнолла ағамыздың ұқыптылығына тағы бір тәнті болдым. Не ерте емес, не кеш емес, тұп-тура келіскен уақытта келіп, түсіру тобының әзірлеп қойған орнына жайғасты да, әдемі әңгімесін әріден бастап кеп жіберді. Айтпақшы, сөзін бастамас бұрын бір ауыз сөз айтып, бәрімізді ду күлдіріп алды, бізді еркіндеу болсын деген болар. 

– Аға, Әуезовтің басынан өткен, біреу біліп, біреу біле бермейтін қызықты оқиғаның бірі туралы айтып берсеңіз, дұрыс болар еді, – дедім, тағы да бір рет керегімді есіне салып қойғым келіп. 

– Е, Мұхаңның басынан не өтпеді. Мен көп айтыла бермеген оқиғаның біріне тоқталайын, Мұхаңның кім екендігі осы кішкентай эпизодтан-ақ аңғарылады, – деп, Зейнолла ағамыз толғақты бір әңгімесін бастап кетті.   

Қазақстанда 1954 жылы басталған тың және тыңайған жерлердi игеру мәреге жетіп, 1956 жылы елімізде ұлан-асыр той болды. Бұл үлкен оқиға деп танылып, оны сол уақыттағы он бес республикадан тұратын бүкiл Кеңестер Одағы бiрге атап өткен. Оның ауқымды болғаны соншалық, Тың игерудің осылай нәтижелі біткенін, тіпті, Ұлы Отан соғысынан кейiнгi Ұлы Жеңiс деп бағалайды. Алайда, бұл қуанышқа әркiм әрқалай қуанған еді.  

Баз бiреулер «нан болса, ән де болатынын айтты». Айтып қана қойған жоқ, кеуделерiне сол үшін орден-медаль қадады. Ал, Кеңес Одағы бойынша дегені жүріп тұрған Никита Сергеевич Хрушев бастаған зымиян саясаткерлердiң қуанышы олардікiнен маңыздырақ болды. Бiр бармағын iшiне бүккен олар отаршыл патшалы Ресейдiң 300 жыл бойы қан төгіспен жүріп орындай алмаған iсiн екі жылда бейбіт түрде жүзеге асырғанына қуанған. Қазақстанда бұл оқиғаның түпкі мәніне назар аудара, қатты күйзелiп, жаны ауырғандар да болды. Солардың бiрi Мұхтар Әуезов едi.  

Байыпты әңгімесін айта отырып, ашыла түскен Зейнолла аға сол замандағы хал-ахуалдың жағдайын сипаттап кетуді де ұмыт қалдырмады. Қай нәрсеге де сол уақыттағы көзбен қарап, сол мезгілдегі оқиғалармен сабақтастырып отырмаса, кейінгілерді үлкен қателіктерге ұрындыруы мүмкін. Өткен тарихқа тек бүгінгі көзбен қарап қана баға беру кейінгі ұрпақтың таным-түсінігін басқа бағытқа біржақты бұрып әкетеді. Ол үлкен күнә, өткен тарихымызға, тұлғаларымызға обал жасауға болмайды. Сол кездегі саяси жағдайларды ескере отырып, ішкі, сыртқы жағдайларға көңіл бөліп, жан-жақты саралай білген жөн. Зейнолла ағамыздың айтып отырған әңгімесінен осыны ұққандай болдым.      

Қазақстанда дүркiн-дүркiн жүргiзiлген саяси қуғын-сүргiн зиялыларымызды абайлап сөйлеуге мәжбүр еттi. Ол кезде жеке басқа табынушылықтың шiдерi үзiлгенмен, коммунистiк идеологияның тоқпағы ересен болғаны аян. Әуезовтiң басына да қайта-қайта қара бұлт үйiрiлiп жүрген шақ. Партия қатарынан шығарылды. Абақтыға жабылды. Тiптi, өзi мақсат еткен ұлттық идеологиямыздан бас тартуға мәжбүр болған едi.  

Негізі, тың игеру бiткен соң, Қазақстан басшылығында біраз ауыс-түйiс болады. Сол жылдары елiмiздi басқарып келген Леонид Ильич Брежнев Мәскеуге кеттi. Оның орнына бiрiншi хатшылыққа Иван Дмитриевич Яковлев тағайындалады. Мамандығы мұғалiм едi. Түсi игi, жүзi жылы жан бiр күнi бiр топ қазақ қаламгерлерiн қабылдайды.   

– Ол кезде қабылдауына кіретін кiсiлердiң алдын-ала тiзiмiн жасайды. Мұхтар Әуезовтi, Сәбит Мұқановты, Ғабит Мүсiреповтi, Ғабиден Мұстафиндi, сосын Орталық Комитетке барғыштап жүретiн кезiм едi, менi тiзiмге қосыпты, барлығы сегiз адамның тiзiмiн жасап қабылдады. Қандай ойлары бар, не айтқысы келедi, соны бiлгiсi келген болар. Өзi мына ұстаз болу, сабақ беру адамның мiнезiн соншама жiбектей етіп жұмсартып жiбередi. Бiрiншi хатшы да бұрын мұғалiм болған екен ғой, қаламгерлердi өте жылы қабылдады, – дедi, сөз арасында Әуезовтiң шәкiртi, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов.  

Бұл кез Кеңес Одағының коммунизм iргетасын қалап жатқан уақыты еді. Оның қарышты қадамы Қазақстанды да таптады. Әкелгенiнен әкеткенi көп. Тапқанынан батқаны мол. Екi ортада сорлаған қазақ халқы болды. Бұрын жерiмiзге қару асынып келген басқыншы қолына гүл ұстап, күлiп келiп қоныстанып жатты. Шұрайлы жерінен айырылған қазақ мал қамын ойлап, амалсыз, шөл аймақтарға ығысты. Ол кезде талай қуғын-сүргін көрген халқымыздың үштен бiр бөлiгi шет елдерде тұратын.  

Жалпы, бiз айтқалы отырған бұл оқиға былай басталған едi. Әуезовтiң шәкiртi Зейнолла Қабдолов ол уақытта «Жұлдыз» журналының Бас редакторы болатын. «Әдебиет және искусство» деген атын «Жұлдызға» ендi алмастырып жүрген кез. Осының құжаттарын реттеу үшін қызмет бабымен Орталық Комитетке жиi барып тұрды. Соның орайын пайдаланып қалғысы келген Қазақстан Жазушылар одағының бiрiншi хатшысы Ғабит Мүсiрепов өзiне шақырып, Қабдоловқа ұсыныс айтады. «Анау, Яковлев деген жақсы кiсi көрiнедi, соған айт бiздi қабылдасын. Бiз тiлегiмiздi айтайық, iште жүрген ойымызды айтайық» деген соң, Зейнолла ағамыз Жандiлдинмен бірге барып өтiнiш жасайды. Яковлев сөзге келместен, белгiлi бiр уақытта қабылдайтын болып уәде береді.    

Бiрiншi хатшының қабылдауында болу оңай нәрсе емес. Iстiң көзiн бiлетiн жас Қабдоловтың осы тұста кәдімгідей септiгi тиген. Ал бiрiншi хатшыға қазақ қаламгерлерiнiң айтары көп едi. Уақыт ыңғайына қарай әрқайсысы өз көңiлiндегiн айтқан. Бiрiншi хатшы әбден зәбiр-жапа шеккен, партия қатарында жоқ Әуезовтiң сөзiн бар ықыласымен тыңдайды. Зиялы қауымның қайта-қайта қуғынға ұшырай беруi оны да қызықтырған болар. 

Шынында да, Әуезовтiң басынан талай зобалаң өткен едi. Бұл жайында арнайы әңгіме қозғаған сәттің бірінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің:   

  – Бiрде ашық, бiрде жасырын, құпия, әйтеуiр қуғын-сүргiн саясаты ХХ ғасырда ылғи да жүрiп отырды. Бұны ғылыми тiлмен айтсақ, қуғын-сүргiннiң пермагенттiк сипаты деп есептеймiз. Үзiлiссiз жүрiп отырған. Алғашқы қуғын-сүргiн 20-жылдары басталған. Алаш зиялыларын қуғындаудың соңы ату жазасына тiрелiп отырды. 1932 жылғы Ермеков пен Әуезовтiң хаты осындайдан, амалсыз жазылған нәрсе едi. Олар Алаш идеологиясынан бас тартуға мәжбүр болды. Бұл зиялылар үшiн үлкен соққы едi. 40-50-жылдарға келсек, бұл кездегi қуғын-сүргiннiң де өз ерекшелiгi болды. Бұл кездегi саясат қазақ зиялыларын бiржолата тұқырту, рухани еркiндiгiнен айыру, езiп-жаншуды көздеген құйтырқы саясат болды, – деп ашына айтқаны бар еді. Қанша дегенмен, билік басында жүрген кісі ғой, Яковлевтің де осы жәйттерден хабардар болғысы келді ме, кім білсін... Мұхаңды жақсы біледі, қанша соққы жесе де, ұлтын сүйген жанның қарап жата алмайтынын жанымен түсінетіндей. Әуезов қаламынан туған көркем дүниелерi мен ғылыми зерттеулерi өз алдына, ол сонымен бірге жүрген жерiнде ел болашағын ойлап, ылғи да келелi мәселелер көтеретін болған. Ол дүние астаң-кестең болып жатқанда, Қазақстан Компартиясының бiрiншi хатшысы Яковлевке де осы мақсатта барған еді.   

  – Мұхаң ойын керемет шебер айтып жеткiзетiн. «Менiң бiр жаныма бататыны – тың көтеруге екi жылда келген 3 миллион келушi 70 пайыз қазақты 7 пайызға түсiрiп тастады. Бұл бiр жағынан жақсы, бiр жағынан халқымызға қиын болды ғой. Ал, бiздiң халқымыздың үштен бiр бөлiгi шетте жүр. Әр жылдары қуғын-сүргiн көрiп кеткен осы қазақты туған Отанына қайтару тек қана Хрушевтiң қолынан келедi (әрине, көпшiк қойып айтып отыр). Сол қазақты туған Отанына қайтарып, бiздiң бiр елдiгiмiздi ойласа қайтедi» дедi ғой, шiркiн Мұхаң.   

Академик Зейнолла Қабдолов сол қабылдауда Әуезовтiң сөзiне ерекше риза болғанын мақтанышпен еске алды. 

М.Әуезов, сонымен бiрге, бiрiншi хатшыға таяуда Тәжiкстанға барғандығын айтқан. Бадахшанның басында тұрып жатқан қазақтардың хал-жайы мәз емес болатын. Балаларын мектепке бере алмай, мал соңында жүрген қандастарымыздың тұрмысы оны қатты күйзелтедi. Барлық ұлтқа теңдiк әперетiн Компартияның осыған көңiл бөлуiн жөн санаған.  

  – Олардың туған Отаны, атамекенi осында, елiмiзге алып келiп мәдениетiн көтеруге болады ғой. Анау Астраханьда, Сарытауда да бiздiң қазақ жүр, мал бағудан басқаны бiлмейдi. Оларда қайдағы еркiндiк, соларды әкелiп үлкен адамдар қатарына қосуға болады. Ал, одан қала бердi, әрiге баруымыз керек, мына Қытайда 2 миллионға жақын қазақ тұрады, ана Монғолия мен Түркияда да солай. Солардың бәрiн елiмiзге әкелiп басын қосу осы Хрушевтiң қолынан келетiндiгiн қайта-қайта ескертiп, жоғары жаққа жеткiзе барсын деген ниетпен өз ойын айтып шықты, – дедi академик-жазушы З.Қабдолов.    

Шынында, Компартияның мақсаты тың игеру ғана болса, оны шетте тұратын қазақтарды әкелiп те атқаруға болар едi. Әуезов бiрiншi хатшыға осыны ашық айтқан. Хрущевтi мақтай отырып, өзiнiң осы сәлемдемесiн жеткiзуiн сұраған. Басқалар үй-жай, көлiк, қаламақы сұрайтын кез едi, Мұхаң арадан суырылып шығып, қашанғыдай өзiнiң мықтылығын көрсетедi. Соның бәрін байқап, көріп отырған Зейнолла ағамыздың көңілінде көп ой қалады. Оны Әуезовке бұрынғыдан да жақындата түскен, бәлкім, осындай себептер шығар, кім білсін. Әйтеуір, Әуезов десе, ішкен асын жерге қойып тұрып әңгімелей кететінін талай байқағанбыз.

Өзі ұлы Мұхаңнан дәріс алған, талай рет оның ыстық ықыласы мен аялы алақанының жылуын көрген Қабдолов бар саналы ғұмырында Әуезовке адалдығын танытып өтті. Бүгінде, туғанына 96 жыл толып отырған тұста Зейнолла ағамен болған осы сұхбат қайта ойға түспесі бар ма. Шындығында, бұл өзі айта жүретін әңгіме.    

2. Орамы бөлек Орағаң


Атақты жзушы Оралхан аға: 

– 99 процент өтіп тұрсың, енді бір проценті қалды, күте тұр, – деді де, Бас редактордың бөлмесіне кіріп кетті. Ол уақытта еліміздің бүкіл зиялы қауымының бас басылымына айналып, тұтас елді ұйыстырып отырған «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке тұру деген нәрсе қамал алғанмен бірдей еді. Орағаңа сенсем де, алабұртқан көңілімде күдік те бар болатын. 

– Бүгіннен бастап «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі болдың. Құттықтаймын! – деді Орағаң шыққан соң. 

Ертіп апарып, белгілі публицист-журналист Қайыммұнар Тәбеев отырған бұрыштағы бөлмеге кіргізді. Алдында «Біздің газетімізге келсеңші», деп хабарласып жүрген Қайыммұнар ағамның бөлімінде істейтін болдым. «Лениншіл жас» газетінде бірге істеген ағамызды көріп таныс ортаға тап болғандай күй кешкенім рас. Мен келген жаңа ортада бұрыннан білетін Жаңабек Шағатай, Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрғали Ораз, Дос Қапасов бар еді. Дәл мен келген күні белгілі сатирик Еркін Жаппас та газетке қызметке тұрды. Бұл 1990 жылғы көктемнің қарсаңы болатын. 

Түсініксіздеу заман еді. Өтпелі кезең. Мәскеудегі орталық билік әлсірей бастады, жаңа билік келе қойған жоқ. Қиын кездер басталып кетті...        

Кезінде байқала қоймаған сияқты, дегенмен, шынында да, өтпелі кезеңде өшіміз кетті. Әдебиет әлеміне әдемі өрнегін салатын уақытта жастық жалынын қарабастың қарбаласы мен тіршілік атты тауқыметтің түтіні жұтып, беймаза арпалысқа түскен буын бойдағы бары мен нарын көрсете алмай қалды. 1990-жылдардың басында басталған баянсыз беталыстар бағдары белгісіздеу бағыттардың жемтігіне айналғандай болды. Жастар жағы улап-шулап көшеде қалды. Шарасыздық шымылдығы ашылып, шайпау тірлік шегін көрсете бастағанда, Алматыдағы құрылысы бітіп, бос тұрған үйлердің пәтерлеріне рұхсатсыз баса-көктеп кіре бастаған жастар тіпті заңдылық пен заңсыздықтың екі арасын айыра алмай қалып еді.  

Енді ғана есін жиып, етегін жинап үлгерген, әлкі-тәлкі әлемде әділдіктің ақ туын көтерген, бозбалалық босағасынан енді шыға бастаған, осы күнге дейін біреудің ала жібін аттап көрмеген жастардың бір легі қаланың жоғары жағындағы Әл-Фараби даңғылының аржағына киіз үй тігіп, жер басып аламыз деп жоғарыға талап қоя бастады. Ала жазғы үргін-сүргін әдемі күздегі жер бөлу жұмыстарына ұласып, ақыр-аяғында қаланың шет жағында «Шаңырақ» елді мекендері пайда бола бастады.      

Ер бағыты түзу болғанмен ел бағыты бұлыңғырлау болып тұрған осындай оралымсыз ойлары орға жығар күндердің өзінде «Қазақ әдебиеті» газетінде рухы мұқалып сағы сынбаған бірталай жас журналистер мен ақын-жазушылар жүріп жаттық. Бас редакторымыз бекзат болмысты белгілі қаламгер Төлен Әбдік, бас редактордың орынбасары кермаралдай керілген аспанкөктің адамы Оралхан Бөкей, жауапты хатшы адам баласын алалап көрмеген ақкөңіл де аңғал Тұтқабай Иманбеков – бәрі жастарға үлкен үміт артқан алдымыздағы арқасүйер ағаларымыз болды. Ордабұзар отыздың о жақ-бұ жағындағы қатар жүрген қаламдас әріптестерім – Нұрғали Ораз, Жүсіпбек Қорғасбек, Жаңабек Шағатай, Талаптан Ахметжан, Дос Қапас, Гүлзат Шойбек, суретші-ретушер Несіпхан Есеев бәріміз бір рулы елдей болып ортамыз толып жүруші едік.

Алдымыздағы аға буыннан ертелеу-кештеу газетте істеп кеткен сатирик-жазушы Сайымжан Еркебаев, фототілші Сайлау Пернебаев, публицист-жазушы Шакизада Құттаяқов, ақындар – Иранбек Оразбаев, Несіпбек Айтұлы, жазушы Дидахмет Әшімхан, театр сыншысы Әлия Бөпежанова, сыншы Құлбек Ергөбек, ақын Исрайыл Сапарбай, жазушы Қуаныш Жиенбай, ақын Қайырбек Асанов, сатирик Еркін Жаппасұлы, публицист-жазушылар – Қайыммұнар Табеев, Зейнолла Абажан мен Әмірхан Меңдеке бар, арқасүйер адамдарымыз, шүкір жеткілікті еді. Сырттай ештеңе байқала қоймағанмен, Әдебиетшілер үйінің үшінші қабатының қара қазаны өз қызығы өзінде қыз-қыз қайнап жататын. 

Жанымызда іргелес жайғасқан «Жұлдыз» журналының шаңырағында болып жатқан қызықтар біздікінен де ерекшелеу көрініп тұратыны тағы бар. Онда бірі ерте, бірі кеш қызмет еткен жазушылар – Рамазан Тоқтаров, Адам Мекебаев, ақындар – Рафаэль Ниязбеков, Мырзан Кенжебаев үшінші қабаттың залын толтырып, баяғыдан келген арыстардай болып маң-маң басып жүруші еді.

Арқа-жарқа болып, алаңымыз қалмай ақтарыла сөйлеп, күліп-ойнап тұрғанда мысы басым Мұхтар Мағауин екінші қабаттан ойлы жүзбен көтеріліп келе жататын. Ондайда бір сәт шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнай қалады. Бәріміз жапатармағай сәлемдесіп, «Жұлдыздың» Бас редакторын бөлмесіне дейін көзбен ұзатып саламыз. 

– Әй, Асқар, бері келіп кетші, – деп, кейде ортамызды ойып алып сөз тізгінін бермей тұратын жазушы Асқар Алтайды «Жұлдыздың» жауапты хатшысы, жазушы Ахат Жақсыбаев ағамыз шақырып алады. 

Түс қайта болып жататын осындай қызықтарымызға екінші қабаттан екпіндей келіп араласа кететін ақын Нұрлан Мәукенұлының орны тіпті бөлек еді.

Жалпы, біз осы Әдебиетшілер үйінде орналасқан газет-журналдарда, тіпті Одақтың өзінде қызмет етіп жүрген қыз-жігіттерді ешқашан бөле-жарып көрмеппіз, бәріміз бір ұжымның мүшелеріндей етене араласып-құраласып тұратынбыз. Достық сезім, бауырластық көңіл-күй басым түсіп, бір-біріміздің жанымызды жақындастыра түсуші еді. 

Әдебиетшілер үйінің сыртындағы тауқыметті тірлік, көшеден бастала кететін сұрқай өмір, тіпті сол уақыттарда Алматы аспанын да есеңгіретіп тұрғандай көрінетін «шашылып» жатқан шаруалар басқа дүние де, іштегі аура соның бәрін шайып кететін ғаламат бір бөлек әлем болатын. Көңіліңді бөлмейін десең де кіріптар қылатын кірпияз күнкөрістің қамыты одақтың табалдырығын аттаған сәттен-ақ мойыныңнан сыпырылып түскендей бойымыз жеңілдеп сала беретін. Шынымды айтсам, өз басым үйден жұмысқа жеткенше асығып тұрушы едім. Жалпақ әлемде жетім күй кешкен қараша үйдің қарадомалақтарындай болып бірімізден кейін біріміз ішке кіріп келе жататынбыз. Күні кеше сенім артып келген үкіметіңнің қалпағы қайырылып, қайда барарын өзі білмей есеңгіреп қалғанда, жалғыз құтқарушымыз осы Жазушылар одағы мен «Қазақ әдебиетінің» редакциясы сияқты көрінетін. Не үйде, не түзде айта алмайтын іштегі сыр-мұңыңды тарқататын да, мойныңа қос аяғымен артылып, тынысыңды тарылтқан тауқыметтің тізгінін босататын да, шынын айтқанда, осы қара шаңырағымыз еді.

Осы жастардың ішінде пәтер жалдап тұрып жатқан Талаптан Ахметжан екеуміздің жағдайымыз ұқсас болатын. Отыз төртке келгенде жеті баланың әкесі атанып, құдайдың бергеніне шүкіршілік етіп, соған мәз болып жүрген шағым. Үй қайда, күй қайда, редакцияға келсем болды бәрін ұмытып, Сырдың суы сирағымнан келмей, байдың ерке баласы құсап еркелеп, кеудеме нан піскендей болып қаламын. Мұндағы ағаларымның арқамнан қағып, төбесіне көтергеніне қарным тойып, өзімнен-өзім марқайып қалушы едім. Көңіл шіркін ғажайып дүние екен ғой, редакциямыздағы ағаларымыз бар-жоқты білдірмей, асып-тасып, атжарысқа айналған аламанның арасында қасқайып тұратын.

Талаптан екеуміз келсең жете алмайтын, барсаң қайта алмайтын «Шаңырақтан» жер телімін алып, «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» дегендей болып, бір қиырға қияндап кеттік. Сол уақыттарда біздің редакцияда бар-жағымызды білдірмей, жұмыстан шашау шығармай «артымызды жауып» жүрген әріптестеріме әлі күнге дейін риза боламын. Тіпті, Орағаңның өзі: 

– Сендер Талаптан мен Әнібарбекті іздеуші болмаңдар, олар үй салып жүр, – деп, оқта-текте жігіттерге ескертіп те қоятын. Ол кісі мені еркелетіп солай айтушы еді. 

Орағаңды айтсам, еске түсер әңгіме көп қой. Бір күні лездемеде газетке берілетін суреттердің сапасы, жанры туралы сөз болып жатты. Әңгімеге араласар сәт туып қалды да: 

– Біздің «Шаңырақтың» аспанын құстардың қиқуы әнге бөлеп, әдемі бір көрініске айналдырып жатыр. Газеттің бірінші бетіне сондай көріністерді үлкен етіп тастап келіп жіберсе, керемет шығар еді ғой, – дедім. 

– Ой, шіркін-ай десейші! Әнуар ауылды көз алдыма елестетіп жіберді ғой, – деп, бұл сөзіме Құлбек ағам риза болып қалды. Кейіндері де сөз арасында: 

– Ауылдың шетінен ағып өтетін өзеннің айналасы тұмса табиғаты бұзылмаған тоғай, түгін тартсаң майы шығатын көк шалғын. Ит тұмсығы батпайтын қалың жыныс жаныңды жадыратады, – деп, Талаптан екеуміздің ауылымызға одан сайын қызықтырып қоятыным бар. Осындай сөздеріміз көңілінде жүретін болу керек, Орағаң бір күні:

-Талаптан мен Әнібарбектің ауылына ұжым болып «маевкаға» барып, бір күні көгалда демалып қайтайық, – деді. 

-Ол тіпті керемет болар еді. Көгалдың үстіне киіз төсеп жіберіп, салқын судың жағасында аяқ-қолды жазып жатқанның өзі неге тұрады, - деп, жігіттер қыздыра түскенмен, кейін бұл әңгімеміз аяқсыз қалып қойды. Арасында ойыма түскен сайын «Орағаңдарды үйімізге бір шақырып жіберуіміз керек еді» деп, Талаптанға айтып қоятынмын. Алайда, әзер тапқан бір ағашымызды не терезенің үстіне қоярымызды, не есіктің үстіне қағарымызды білмей, анаған бір, мынаған бір жеткізе алмай, «там салғанның тамтығы қалмайды» болып жүрген кездеріміз ғой, бұл ойымыз орындала қоймаған еді.

Оралхан Бөкеев бұрыннан сүйіп оқитын жазушымыз болатын. Ол кісіні ең алғаш 80-жылдары ҚазМУ-дің дайындық бөлімінде оқып жүргенімде көрген едім. Балалар мен жасөспірімдер театрында Орағаңның «Қар қызы» спектаклі қойылып, бәріміз қызыға қатысқанымыз есімде. Қойылым біткен соң, жабыла қолтаңба алдық. 

Екінші рет Орағаңды ақын Жүрсін Ерман екеуі біздің курстың студенттерімен кездесуге келгенде көрдім. Онда да келелі әңгіме қозғалды. Жастардың сұрақтарына жауап берді. Сөйлеп тұрғанда бір орнында тыныш тұра алмай, әңгімесінің ырғағына сай билеп тұратындай көрінген. Енді, міне, газетке қарамағына келіп, өзім іштей риза болып жүрдім.

Ол кісіден көп тәлім алдық. Жазу машығы бөлек еді ғой. 

Адамгершілігінің өзі тәнті қылатын. Бір күні Талаптан екеумізге редакцияның жиһаздарын ауыстырғанда, бір-бірден кітап қоятын үлкен шкаф бергіздірген еді. «Әй, Талаптан, сендерде не бар дейсіңдер, мыналарға кітаптарыңды, киімдеріңді салып қоярсыңдар. Біздің қолдан келетіні әзірге осы ғана» деп қоятын. Редакцияның ескі мүлкі біз үшін үлкен қазына еді, шынында. Екеуміз сол күні-ақ көлік жалдап, желкеміз кәдімгідей күжірейіп, үйге испан жиһазын апарғандай қуандық.  

Қазір мен басқа басылымда жүрген соң ба, «Қазақ әдебиетінің» редакциясында осы ағаларымыз бен қатарластарымның бәрі әлі сол күйінде жүргендей болып тұрады. Әркімнің өз ізі, өз жолы қалған соң, солай көрінуі заңды да шығар.

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,

ҚР Мәдениет қайраткері, 

Ақпарат саласының үздігі,

Қазақстанның Құрметті журналисі, 

ақын.