ЖЕР ЖҮЗІН ЖАЛТ ҚАРАТҚАН ЖЫР

ЖЕР ЖҮЗІН ЖАЛТ ҚАРАТҚАН ЖЫР

«Ленинградтық өренім» өлеңі осылай туған

Қазақ халқының рухани құндылықтары – Еркіндік, Қонақжайлық, Үлкенді сыйлау, Отбасына, ағайын-туысқа деген қамқорлық сынды көптеген асыл қасиеттер ғасырлар бойы жалғасып келе жатқаны мәлім. 

Бұлардың ішінде жекжат-жұратқа қол ұшын созып, Өзара көмек көрсету салты айрықша орын алса керек. Нақтырағы, қазақ қай кезде де қиналған бауырларының алдына мал салу немесе оған бірігіп үй тұрғызып беру сияқты жәрдемін аямаған. 

Ең ғажабы, тарихы тұңғиық тереңнен тамыр тартатын еліміз тағдыр теперішіне түскен өзге де ұлттар мен ұлыстарға осынау жақсылықты ұдайы көрсетіп отырғанын көреміз.   

Бұған мысал жетерлік. Алысқа ұзамай-ақ, қазақтың қысталаң замандарда жер ауып келген кәріс, неміс, шешен, ингуш халықтарын паналатқан меймандостығын айтсақ та талай жәйтке көз жетеді.

Осы секілді сонау Екінші жаһан соғысы жылдарында жауға атылған он оқтың тоғызы біздің республикамызда жасалғаны жайындағы жәйттерден бөлек, халқымыздың майдан өрті шарпыған бейбіт тұрғындарға материалдық та, моральдық тұрғыдан зор қамқорлық жасағаны тарих парақтарында лайықты таңбаланды. Мысалы, қарт жырау Жамбыл Жабайұлының жау қоршауында қалған ленинградтық ағайындарға бір өлең арқылы зор рухани дем беруі әлем жұртшылығын тамсантқаны аян. Біздің авторымыз өз мақаласында осы шығарма төңірегінде ой қозғайды.  

 

Сол сәтте ғалам жұртшылығын серпілткен жыр:

Ленинрадтық өренім,

Мақтанышым сен едің,

Нева өзенін сүйкімді,

Бұлағымдай көремін, –

деп басталатын еді.

О кезеңде Нева дариясы бойындағы алып шаһар әрбір совет адамы үшін аса қымбат көрінетін. Бұл қала сонау барша халыққа қандай қастерлі болса, Қазақ елі үшін де үлкен үміттің сәулесіндей болып сезілді. Ғасырлар бойы патшалық империяның езгісінен жаңа босаған жас республика енді ғана қаз тұрып келе жатқанда өзін бауырына тартып, қамқорлығына алған Ленинградқа зор сеніммен қарады. Оның жұмысшы табы мен озық ойлы ғалымдарына, мемлекет қайраткерлеріне иек артты. 

Сондағы халықтың революцияшыл дәстүрлерінен нәр алған қазақ еңбекшілері өз бақыты үшін күресіп, азаттықтың, теңдіктің туын көтерді. Ленин есімімен аталған қаланың өкілдері осы тұста алға қойылған өсиеттерді орындай отырып, ежелгі қазақ жерінің сан түрлі қазынасын игеріп, игілікке айналдыруға кірісті. 

...Міне, сол төңкеріс туы желбіреген қалаға зор қатер төнген-ді. Фашист жендеттері қанқұмар зұлымдықтың адам айтқысыз айласын тауып, Ленинградты қоршап алды. Қала тұрғындары зұлым жаумен тоғыз жүз тәулік бойы арпалысты. 

Бірақ олар жаудың қан шеңгелінде қалса да өздерін ұлы мемлекеттің бір бөлігі деп санады. Леиин қаласының әрбір тұрғыны қазақ халқының қолдауымен жігерленді. Осындай қауіп-қатері көп сын сағатта қиырдағы Алатау бөктерінен Жамбыл атамыз жалынды сәлемін арнады: 


Қайтіп ұйқы көремін,

Жетсін деймін сендерге,

Жыл құсындай өлеңім,

Қаласындағы Лениннің,

Сайыпқыран өренім...


Ыза мен кекке бөккен кәрі жүректен бұрқырап шыққан жыр бұлағы осылай адуындап ағыла берді. Жүз жасаған жыраудың әрбір сөзі туған баласына арналғандай; түрі бөлек, тілі бөлек демей тілегі бір туыстарға арналғандай... 

Кезінде Жамбыл ата өлеңі орыс тіліне аударылып, Ленинград көшелеріне листовка плакат болып таратылғанда оны оқығандардың тебіренбегені болмаған. Бұл туралы тарих айтады, бұл туралы Ленинград қоршауын басынан кешіргендер айтады.

Елдің елдігіне, ердің ерлігіне сын болған Екінші дүниежүзілік соғыстың шежіресінде аңызға бергісіз талай оқиғалар өтті. Солардың бірі –

Жамбыл ақынның «Ленинградтық өренім» атты жыр толғауының жігерлендіруші, жұмылдырушы күші туралы атадан балаға жалғасып, санадан өшпей келе жатқан әңгімелер. Суыққа тоңып, ас-судан тарыққан халықтың кәрі-жасы қолдан қолға алып оқып, жаттаған, көрнекі жерлерге ілінген листовалардағы Жамбыл сөздері бір сәт қиыншылықты ұмыттырып, қазақ халқының қамқорлығы, шынайы жанашыр көңілден шыққан асқақ жыры айбынды күш ретіне бойға әлемет қуат берген еді. 

Енді Жамбыл атамыздың осынау өлеңінің қалай жазылып, Нева бойына қалай жеткені туралы аз-кем сөз қозғасақ артық болмас.

Қоршаудағы қаланың мұқтажы үшін қазақстандықтар азық-түлік пен киім-кешек жинады. Тез арада ұзын саны жүз қырық вагон екі теміржол составы жасақталды. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті Ленинградқа республика Жоғарғы Советі Президиумының Председателі Әбдісәмет Қазақбаевтың басқаруымен делегация жіберу ұйғарылды. Республика еңбекшілерінің бауырластарға хаты дайындалды.

Ал, Қарағанды еңбекшілері тез арада жиырма вагон сәлемдеме жинады. (Әлбетте, Қазақ елінің өзге де облыстары сол тұста Ленинградқа дәл осындай жәрдем қолын созып жатты. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Ред.). Оның ішінде киім-кешек, азық-түлік және майданға қажетті басқа да заттар бар болатын. 

Сыйлықпен бірге №31 шахтаның бригадирі Түсіп Күзембаев ленинградтықтарға сәлем хат арнады. Онда: «Сіздердің майдандағы қажырлы ерлік істеріңіз біздің кеншілерді ерен еңбекке жұмылдырады. Біз көмір өндіруді бұрынғыдан екі есе молайтуға міндеттеніп отырмыз... Қарағанды көмір бассейнінің қаз тұрып қалыптасуына қосқан туысқан ленинградтықтардың үлесін біз ешқашан да ұмытпаймыз. Бүкілодақтық үшінші көмір ошағының біздің қаламызда отау тігіп, бой көтеруіне ленинградтықтардың, оның ішінде С.М.Киров жолдастың ерекше еңбегін біз мәңгі есте сақтаймыз, құрметпен атаймыз. Біздің осы сый-сияпатымызды сіздерге деген ақ ниет, берік достық көңілдің нышаны деп білерсіздер. Жауды талқандап, жеңіс күнін жақындатуларыңызға тілек білдіреміз....» деген жолдар бар еді.

Қарағанды сыйлығын алған Ленинград өкілдері алғыстарын айтты. Қазақ халқының достық ниеті ленинградтықтардың жігеріне жігер қосып, рухани күш берді. Сөйтіп, қарағандылықтар да олардың жау шеңгелін бұзып, талқандап шығуына өз үлестерін қосты.

Осы оқиға жөнінде кезінде республика басшыларының бірі болған партия ардагері Нұртас Оңдасынов мынадай әңгіме айтып еді: 

– Ленинградқа материалдық көмекпен қоса оларға дем беретін сәлем сөз арнауды жөн көрген едік. Алғаш ауызға іліккені, әрине, Жәкең болды. Орталық Комитеттің тапсыруымен 1941 жылдын күзінде жаныма ақындар Әбділда Тәжібаев, Ғали Орманов, тағы біраз адамды ертіп, ертелетіп Жәкеңнің ауылын келдік. Таңғы тыныштық құшағындағы аулдың адамдары ерте тұрған. Біз бір топ адам сау етіп жетіп келгенде елеңдесіп қалды. Ал, Жәкең ат үстінде, ауыл сыртында жүр екен. Ел қамқоры, дана атамызға барып сәлем бердік. Келген шаруамызды айттық. Жәкең аттан түспей ойланып қалды. Сол мезетте кемеңгер ақынның жан дүниесі тебіреніп, жаңа жыр шумақтары қайнап жатқан да болар. Бір мезет қаршығадай бойы көтеріліңкіреп, қызылға түсер қырандай қомданып қойды. Қарт жанары от шашады. Сол бетпен қартты аттан түсіріп алып, үйге кірдік. Жәкең төрдегі қара домбырасын алып, теңселе қозғалып, шертіп-шертіп жіберді. Дайын отырған жігіттер қалам ұстап аңысын аңдып отыр. Тегінде, Кәкеңнің ел білетін қасиеті – жырды нөсерлетіп төгіп-тегіп жіберетін де, бір айтқанын екінші қайталамайтын. Олай болса тез жазып үлгеру керек. 

Ақындар қағазға түсіріп алды. Берілген тапсырманы орындап, кіші бесінде Адматыға қайттық. Олжалы қайтқанымызға қуаныштымыз.

Келісімен Жәкеңнің «Ленинградтық өренім» өлеңін орыс ақындары аударды. Қазақстан өкілдері республиканың хатын, Жәкеңнің жырын және халықтың сәлем-сауқатын алып Ленинградқа жүріп кетті.

Жәкеңнің өлеңі көп кешікпей Бүкілодақтық радио арқылы оқылды. Сан мәрте плакат болып басылды. 

Кейінде көрнекті жазушы, публицист Всеволод Вишневский «Правда» газетіне былай деп жазған еді: «Қалаға тез тараған плакаттан Жамбыл ақынның «Ленинградтық өренім» өлеңін оқығанда барлығымыз көзімізге жас алдық. Жылап тұрып қайта-қайта оқыдық. Қазақ халқының достығы мен сүйіспеншілігіне шексіз риза болдық. Алыста жатса да арқасүйер тірегіміз барына қуандық. Ағынан жарылып айтылған осынау сөздерден Жәкеңнің үлкен жүрегінен туған жырлардың қадір-қасиетін, құдіретін таныдық».

Әдебиеттің аса ірі өкілдерінің бірі Николай Тихонов Жамбылды «Ақындар атасы» деп атағанда оның өз ұрпақтарына деген шексіз махаббатын бағалаған болуы керек. «Ленинградтық өренім» деп басталуының өзі Жамбылдай қамқор әкенің ауызынан ғана шығатын сөз. Ол Нева бойындағы балаларына сөз арнап, әкелік аманат тапсырды. Ал, ленинградтықтар бұл аманатты адал ақтап шықты. Жәкең өлеңі тоңғандарды жылытты, қажығандарға қол берді, зұлым жауға қарсы бітіспес күреске шақырды. Соғыс түнегіне көмілген алып қаланың зеңгір аспанында найзағайдай ойнап, қыспаққа алған жауға сес көрсетті.

Сол жылдардың сын сағатында сыналған, «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталған, сол кездері Октябрьдің елу жылдығы атындағы шахтаның кеншісі, тәжірибелі тәлімгер Василий Базанов: 

– Иә, мен сол кездегі адамдардың достық, ынтымақтастық көңілінің беріктігін өз көзіммен көрдім. «Өмір жолы» атанған Ладога көлінен өтетін бір ғана соқпақ арқылы кең байтақ Отанымыздың түпкір-түпкірінен сәлем-сауқат жеткізілді. Аштыққа ұшыраған қала халқы соның арқасында әскермен бірге тізе қосып жауға қарсы тұра білді.

Әсіресе, қазақ Жамбыл Жабаев жолдаған «Ленинградтық өренім» өлеңі қаланың ұл-қыздарына рухани күш-жігер, қайрат берсе, ақынның мен сияқты жерлестері үшін зор мақтаныш болды. Көшелерге плакат болып ілінген Жамбыл өлеңін жұрттың жапырлап оқып тұрғанын көргенде марқайып қалатынбыз. Көзіне жас алғандарды да көрдік. Жамбыл өлеңін жауынгерлер жатқа айтып жүрді. Дана жүректен шыққан жыр құдіреті осындай-ақ болса керек. Тар шеңгелде әркімнің жүрегіне жол тауып, жылылық нұрын құя білген Жамбылдың бұл өлеңі барлық халық үшін де қымбат, ортақ еді».

***

Еліміздің жауынгерлік, еңбек дәстүрлері, сын сәттерде бауырын жауға бермейтін мәрттік, ерлік салты ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Соның бір көрінісі – осыдан сексен жылдай бұрын Жетісуда туған осынау «Ленинградтық өренім» өлеңі еді. Бұл өлеңді күні бүгінге дейін әрбір зерделі азамат, мектен оқушысы біледі.

Гүлсім ОРАЗАЛИЕВА, 

журналист