ЖАҒА ІЗДЕП ЖҮРМІН
2023 ж. 15 ақпан
1703
0
немесе зиялылармен шайқас
Саябақта серуендеп жүрген топтың ішіндегі осы бір шибұттау сылыңғыр еркек жаңа таныс маған ә дегеннен тиісе сөйледі.
– Сақалыңды алып тастамайсың ба?
Үлкен басын сыйлап, үндемедім.
Жас шамасын сұрастырып едім, сегізінші ондықтың тура алтауында екен. Ат арбасы әрі кеткен, бірақ жүрген жолында шаң жоқ, бет-аузы тап-таза, тікірейген қылтанақ көзге көрінбейді.
Келесі жүздескенде тағы да бұрынғы сарынына салды.
– Бәріміз жинап, осыған бір сақал қырғыш алып берейік те.
– Сақал қырғыштың өзімде жеті атасы бар, – дедім оның өмірге бұрын
келгендігін араға көпір ғып тартып.
Үшінші күні, тіпті, еркінсіп кетті.
– Бәріміз жинасақ, бір сақал қырғышқа жетеді ғой...
Әкем айтушы еді, «біреуге тиіспе, тиіссе аяма» деп. Бұл – менің өмірдегі бағдарым.
– Әй, көке, – дедім «сен»-ге көшіп, бетіне шұқшия үңіліп. Жіпсік көзі ішіне кіріп, кердемси қалды. – Бір айттың, үндемедім, екі айттың, үндемедім. Менен аттай екі мүшел үлкен екенсің. «Ер кезегі үшке дейін», мен сенен сақал қырғыш сұрадым ба? Бетіңде неге бір тал қыл жоқ? – деп көзіне көзімді тақадым.
Қатар жүргендерден қатты сөз естіп көрмеген ол түксиіп қалды.
– «Мұсылманның көркі – «сақал-мұрт». Ең болмаса, мұрт қоймайсың ба? Бетің Ленин даңғылы секілді тап-таза.
– Тамақ ішкенде мешает, – деді күбірлеп.
– Ішуді білесің...
– Орталық Комитетте сектор меңгеруші болған шығарсың. Мынау үйде үш обкомда бірінші болған білікті басшы, отыз жылдан бері ЦК-ның мүшесі, Жоғарғы Кеңестің депутаты болған кісі тұрады. Күні кеше, төрт жарым жыл тергеу изоляторында отырып, үйіне келді. Сол кісі түрмеге түсем деп ойлады ма? Сен де ештеңе ойлап тұрған жоқсың.
– Сен кімсің?
– Жазушымын.
– Өзің жазушысың, үлкенге байқап сөйлеу керек.
– Кішіге де байқап сөйлеу керек. «Аға болсаң, жаға бол», көрдің бе, көзді ашып-жұмғанша бейшара боп қалдың, – деп бұрылып кеттім.
Жақын жерден жау тауып алдым. Саябақта қарасын көрсем, бұрылып кетем. Орталықтың жүгенін жасқағандардың бет-бейнесіне қарап, Чеховтың «Шенеуніктің өлімін» қайта оқығандай боламын. Зәре-құты қалмай көлеңкесінен қорыққан біреулер Брежневтен бастап, басқа да ірілердің туған-өлген жылдарын жатқа айтады, кім қай қабатта тұрады, кімде балкон бар, кімде лифт жоқ, бір жаңылыспайды-ау, шіркіндер. Қымбатшылық пен нарықты айтсаң, шошып кетеді. Әдебиет пен өнер, мәдениетті сөз қылсаң, олар үшін қылмыспен тең нәрсе. Желтоқсан мен Қаңтар қырғынын сөз қылсаң ауыздарын ашпай бұғып қалады.
– Бәріңіз Қонаевтың кезінде үлкен үйде қызмет жасадыңыздар. Сол кісі қандай адам өзі? – деп бірде жүгенді жасқадым.
Бәрі үнсіз. Тек тоқсанның бүйіріндегі біреуі ғана батылдық танытты.
– Ол өткен шақ қой...
– Өткенге топырақ шашпаймыз. Сіздер де өткен шақтың өкілі емессіздер ме? Бірге өмір сүрген тату жолдасты ұмытуға бола ма?
Менің сақалымды сөз еткен сидам кісі сүріне-қабына сытылып кетті. «Осыдан-ақ бәлеге қалдық қой» дегендей, бәрі үйді-үйіне тарай бастады. Үлкендерден үлкен сөз ести алмай мен де кеттім.
Бір күні сол топтың ортан беліндегі бір тұлға оңаша шығарып ап, сыбырлап сөз бастады.
– Осы, інім, сен жазушысың ғой. Ағаң бір адамдай қызмет істеді. Келесі жылы сексенге толам. Өзім туралы кітап шығарсам деп едім. Өмірбаянымды айтып берейін, соны сен жазсайшы. Еңбегіңді жемеймін, – деді әлгілердің біреуі естіп қала ма дегендей әбігерге түсіп.
– Қолымнан келмейді.
– Сен жазушы емессің бе?
– Ондай емеспін.
– Енді қандайсың?
– Жалдамалы жазушы емеспін.
– Онда бір жазушы тауып берсең. Күнін көре алмай жүрген жазушылар көп емес пе?
– Тауып бере алмаймын.
– Өзің бір кері сиіп қалған бала екенсің. Ініміз бар деп жүрсек...
– Мен де дұрыс сөйлейтін аға таба алмай жүрмін...
Шалың шамданып тұр. Оған Әуезовтен бастап, Кекілбаевқа дейінгілердің есімін атасаң да, «тауып берші, телефонын айтшы» деуден тайынар емес.
«Қызықтың көкесін түйе сойғанда көресің». Дәл осы саябаққа Шәмші сазгердің аяғын айқастырып отырған ескерткіші қойылды. Сол күні кешке саябақтағылар сайысқа түсті.
– Бұл өзіміздің дулат қой, – деді тоқсандағы кісі тоқмейілсіп.
– Жоқ, ол өзіміздің Шаянның жағалбайлысы.
– Онда жағалбайлы неғып жүр?
– Қазақ көшпенді емес пе, Шаян толы тама мен жағалбайлы.
– Сен де бір... тәуірдің бәрін өзіңнен шығарасың. Мен кеттім, уақытым боп қалды, – деп белінде зәр бөтелкесі салақтаған кісі даудың түйінін шеше алмай, аяқ ұшымен кібіртіктей басып, үйіне қайтып бара жатты.
Шәмші болса, мұртынан күліп отыр. «Айтыңдар, айта түсіңдер, мен бәріңе жетемін» деп «Бақыт құшағында» балқып отырған тәрізді.
Осы топты көрсем, тұра қашқым келеді. Тек жер мен жүзді, қызметті ғана айтып, әркімнің кандидатурасын талдаған «кадрлар бөлімін» көргендей болам. 37-жылғы «халық жауларын» іздеп тапқандар да осындайлар шығар.
Күн қаққан жалаңаш денесіне шапанын желбегей жамылған әулие қарт – Әлкей Марғұланның тұрпатын іздеймін. Ол немересіндей балаға қарап сөз бастарда: «Қарағым, сен де жас емессің» деуші еді.
Аға көп, жаға жоқ. Жаға іздеп жүрмін. Осының бәрі қаңтар қырғынынан кейінгі көріністер еді.
***
– "Қаңтар қырғынындағы" қару қолдануға қалай қарайсыздар? – дедім төбелері көрініп қалған ағаларымның қасына ентігіп кеп.
Бәрі үнсіз, бәрі мылқау. Бұлардан Мәскеуді тастап бара жатып Муму деген итін ешкімге қимай суға батырып кеткен Тургеневтің мылқауы жақсы шығар.
Қаңтар қырғынынан кейін солардың қарасы көрінбеді.
Кей-кейде ұшыраса қалсақ, аждаһа көргендей менен тұра қашатын болды.
Бір әннің тарихы
ӘНІМ СЕН ЕДІҢ...
Ақын Тұманбай Молдағалиевтың естелігінен
...Құрманғазы көшесі мен бұрынғы Коммунист даңғылы көшесіндегі біздің үйге келдік. Шәмші әнін пианинода ойнай бастады. Ән бойды билеп алып барады. Әсем сазды, мұңды ән. Сәулесі мол дүние.
– Шәке, бұл ән не жайлы деп? – деп сұрадым Шәкеңнен.
– Осы күні де, бұрын да бір-бірін сүйіп тұрып қосыла алмағандар аз емес қой. Бұл бір мұңлық жігіттің басқа жігітке күйеуге шығып кеткен сүйген қызына айтқан өкініш жыры болуы керек шамасы, – деді.
Мен қағаз-қаламымды сайлап алдым да, әннің сөзін өзіме тән тездікпен жазып шықтым. Кәдімгі он буынды өлең. Шәкең мен жазған қағазға қарап, әлгі әнді пианиноға қосылып орындай бастады. Біраздан соң Шәкеңе мен қосылып айттым әлгі әнді. Енді біраздан соң Күлтай қосылды бізге. Сөйтіп арманына жете алмай өкініш күйін кешкен жігіттің ішкі зарын сыртқа шығардық.
Әнім сен едің кеште салатын,
Содан жас жаным бақыт табатын.
Шамын басқа үйдің жақтың, аяулым,
Сендей бақытты қайдан табармын?! –
деп шырқадық біз. Әлі күнге дейін осы әнді де қазақ жастары қосылып айтады, қосылып шырқайды.
– Мына «Шамын басқа үйдің жақтың, аяулым» деген сөзде керемет сыр жатыр, Тұманбай, – деп Шәкем қолымды қысты.
(Молдағалиев Т. Таңдамалы туындыларының көп томдығы. Алматы: – Қазығұрт, 2002. Т.13. 448-449 б.б.).
Қуандық Түменбай