АЛЫПТАРДЫҢ АЙТАЙЫН ЕЛГЕ СЫРЫН...
2022 ж. 11 желтоқсан
5315
2
«Асқақтата салғаным жайлау әні» деп басталатын әнді білмейтін қазақ кем де кем болар? Ән сөзіндегі іңкәрлік пен ойнақылық, сарытап сағынышпен сыңарлас әсем наз... Батылдығы мен өктемдігін өтімді әзілмен жанастыра жеткізу.
■ Қазақ топырағындағы қаныңды тасытар қат-қабат қайшылықтарды сықақтың содырсыз соқпағымен алып шығатын Садықбектің стилі – бұл. Сәкеңнің көкірек көрігі уытты. Жаны – от. Тіршілікте көрген қандай қиыншылықтары болсын «көрікті ойдан бас кұрап, еркелей шығып» жатады. Бір кездескенде Садықбек Адамбеков өз қаламдастарына сәлем сөзін былай бастады.
– Менің бір досыма ашуланып айтқан бір ауыз өлеңімде:
Сен мендей бақытты болсаң,
Халыққа қатер боп төнер ең!
Сен мендей бақытсыз болсаң,
Бір түнде асылып өлер ең,
– дегенім бар. Ал, менің өмірім – қызық. Азапқа мінсем – бақытты жетектеп жүрем, бақытты бола қалсам – азап шылауымнан ұстап, қатарымнан қалмайды. Өзі, ес білгелі осы екеуі маған серік болып алған. Бірі кетсе, бірі келіп, кезектесіп жүреді. Десек те, өмір сондай қызық, өмір сондай тамаша!
Әнеки, Сәкең осылай тебіренді. Өйткені бұл кісінің түсінік оралымы өзгеше еді. Өзгенің көзін шарасынан шығарардай ойпаң-тойпаң оқиғалар Садықбек аға үшін өмірдің, кәдімгі өмірдің өз сыйы, адамды адам етіп көрсетер биіктігі секілді көрінеді. Өйткені, Сәкеңнің рухы күшті, көкірегі – шежіре, тұлғасы мығым. Мұндай, кісі таңқаларлық күш-қуат бір жапырақ сары шалдың бойында қайдан жүр? Оның үлгі-өнеге алған ұстаздары кім? Сәкеңнің жүрегін нұрландырып, жиырма бестегі жігіттей жарқылдатып тұратын қандай құдірет еді?!
Сірә, соны Сәкеңнің өзінен тыңдайық:
– Келіссеңіздер де, келіспесеңіздер де, менің қанатымды қатайтқан космодромым – Арыстың аудандық газеті мен «Оңтүстік Қазақстан» болды ғой. Алғашқы жақсылық көрген жерім. Қай жерде жүрсем де осы газеттердің тілшісі болғандығымды мақтанышпен еске аламын. Әлі күнге арқамды тіреп, ішіме жиналған мұң-шерімді тарқатып тұрамын. Сол үшін де Алла тағалаға мың шүкірлік. Ал, үлкен әдебиетке баулығандар – қазақтың анау төрт қара шалы. Олар өсуіме, өнуіме, қаламгерліктің қадір-қасиетін тануыма, сөз тұғырына табан тіреуіме себеп болды. Ұлылықтың қайнар көзі, даналықтың қайнар бұлағы осы төрт алыпқа – Мұхаңа, (Мұхтар Әуезовке), қос Ғабеңе (Ғабиден Мұстафин мен Ғабит Мүсіреповті айтып отырмын), Сәбеңе (Сәбит Мұқановқа) мен өмір-бақи қарыздармын. Маған шын ниетін беріп, туған әкемдей баулып, ұшып-қонғанымды бақылап, топшымның қатаюына себепкер болған осы кісілер.
Менің ендігі парызым – жағым жаңылмай тұрғанда, көкейімде күмбірлеп тұрған естелік сырымды халыққа жеткізу. Әсіресе, Мұхаңның аруағын тербеп, оның маған бекер көңіл аудармағанын айтсам деймін. Көпшіліктің аузына мәтелдей тарап кеткен «Садықбектің әр сақалының түбіңде – бір сайтан» деген Мұхаңның ризалығына қалай ие болғанымды айту...
Сәкеңнің үнінде әлі де сол қасиетті төрт шалдың алдында отырғандай еркелік басым еді. Бірде Мұхаң болып, мұрнын ұстаңқырап, бірде Сәбит, Ғабиден, енді бірде Ғабит болып салмақтана қалатын. Сырбай секілді құрдастарьш айтып отырып, ыстық жасқа шашалып та қалады. Көңіл күйдің төбеге көтерер күнгейі мен табанға тастар тарпаңдығы арасында отырып естелік шертудің өзі қандай қиын, әрі қандай бақыт екенін ұғынғандай болушы едім.
– Сондай қызық! – деп жалғастырады Сәкең. – Сол 1944 жылдың аяғында республикадағы жас ақын-жазушылардың семинары Алматыда өтетін болды. Оңтүстік Кдзақстанның қаламгерлері жастардьщ ішінен таңдап, саралап жүріп: «Бір барса, осы Адамбеков барады» деп мені жіберді. Алматыға барып түстім. Мұхаң, Сәбең, Ғабең ушеуі бізді қарсы алып, мәре-сәре болып жатыр. Оларды көру бізге сондай бір ертегі сияқты. Талай-талай кітаптарын сатып аламыз деп аяғымыздан тозғанбыз. Алдымызда әр қырқадан, ақыл-ой биігінен ұшып келіп қосылған қырандар жүрген секілді. Сол ірілердің нұрына мас болған әр елдің тентегі, еркесі, қырып-жойып жіберердей, кеудесіне нан піскен «серілері» есіктен әрең кіріп, әрең шығып жүрміз. Сол кездегі Жастар одағының ғимаратында, оның бірінші хатшысы Қайнекей Жармағанбетовтің бөлмесінде Мұхаңмен тұңғыш рет жүзбе-жүз жолықтық. Келесі күні Мұхаң бірінші семинар сабағын өткізді. Көзіміз жаутаңдап, ұлы жазушының шын өзі немесе өзі емесіңе сене алмай қиял қалықтайды. Осыдан бір күн бұрын барын да, жоғын да жайып салатын аңқылдақ көңіл Сәбит Мұқанов үйіне шақырған. Сол үйдегі әсеріміз бар, Мұхаңның байсалды да сабырлы, ұстамды, бізге деген мейірімді көзқарасынан сәуле еміп отырғанбыз. Арамыздағы «жындылығы» басымдау Қабыкен Мұқышев деген ақынды топ басшысы етіп қойғанбыз. Кілең «классик», таланты «бұрқыраған», аузымен құс ұстаған «дарындар». Осының буы ұрды ма, Қабыкен сабақ бастала бере:
– Біз кеше Сәбеңнің үйін көрдік. Қазы-қартаны қарнымыз жарылғанша жеп, содан қазір кекірігіміз айнып отыр. Ендігі «лабораторияны» сізден бастаймыз, Мұха, – деп қалды. Мұхаң қысылып, абдырап барып:
– Сөз жоқ, бірінші дастарқан жаятын адамым – сендерсіңдер. Бірақ үйден тамшы ағып, берекеміз кетіп... – деп түсіндіре бастап еді, Қабыкеннің басы қалтаңдап:
– Сіз Совет үкіметіне деген қарсылығыңызды қоймайды екенсіз. Совет үкіметін, оның үйін жамандап отырсыз, – дегені.
Мұхаңның ерні көгеріп, діріл қағып, кең мандайынан тер бұрқ етіп, бір сәт тыныстай алмай қалғандай болды. Тым-тырыспыз. Осындай үзіліс біразға дейін созылды да, кенет Мұхаң ал кеп ағылып бір сөйледі:
– Па, шіркін! Қарашы, мұны, тағы да бізден жау тапқышын. Қарашы, мынаның әлі менің соңымда жүргенін. Сен жалғыз емессің, сенің алдыңда біреулер бар ғой. Менің сорым да сол ғой, – деп төгіліп-төгіліп алды да. – Ал, онда мен кетейін, – деп есікке беттей берді.
Қалай жүгіріп барғанымды білмеймін. Есікті қос қолыммен керіп тұра қалдым да:
– Мұха! Бір ақымақ үшін осынша ақылды адамдарды қалай тастап кетпексіз! – дедім.
Аузыма осы сөзді қай құдайдың салғанына осы кезге дейін таңмын. Мұхаң күліп жіберді. Көңілінің төріне күн көтеріліп, ағыл-тегіл сабағын өткізді. Ал, Мұхаң кеткеннен кейін, Сырбай мен Ғабиден бар – бәріміз Қабыкеннің астан-кестеңін шығарып: «Келесі сабақта Мұхаңның аяғына жығылып, кешірім сұрап өліп-талып жылайсың. Бүгінгі ресторан сенің мойнында», – деп төмпештеп алдық.
Соның арасында Мұхаңның ашуын қайтарған менің сөзімді ризалықпен біраз ортада айтқанын есітіп, олардың арқамнан қаққанын көріп, көңілім өсіп қалған. Көңіл шіркін – көз күші ғой. Ертесіне – Мұхаң маған өте көрікті, жайдары болып көрінді. Тағы да: «Кешегі менің ашуымды таратқан кішкентай сары Оңтүстіктен екен ғой» деп мені көкке көтере кірді есіктен. Мен үшін тамылжыған сәтті Қабыкеннің жарықшақтанған даусы дал-далын шығарды.
– Мұха, мені құдай ұрып, қара басыпты. Кешіріңіз! Мені мыналардың тоқпағынан құтқарыңыз! – деп аяғын құша құласын.
Мұхаң қысылып қалды. Сосын Қабыкеннің иығынан ұстап, көтеріп алды: «Болды, болды, Қабыкен, болды, айналайын. Мен сені сонда-ақ кешіріп кеттім ғой. Сонда-ақ айттым ғой. Пәлі, осы жетеді», – деп иығынан сипағанда бәріміздің де арқамыз кеңіп, үлкен бір күнәдан арылғандай, еңсемізді көтерген едік.
Сол семинар аяқталардың алдында «Жәкең ауырып, емханаға түсіп қалыпты» деген хабар келді. Сырбай: «Жүр, Жамбылды көріп кетейік», –деген соң, бәріміз ұйымдасып, сонда бардық. Аурухананың бірінші қабатында екен. Қасында – Балайым, Шолпан деген сылаңдаған арулар. Олардың Жәкеңнің қасына барып отырғандағы, қызмет жасағандағы қимылдарының әсемдігі сондай, дәрі-дәрмектен артық әсер беретіндей еді. Сондай әсемдіктен күш алып, жадыраңқы сергек қалыпта отырған Жәкеңнің бәрімізді көзімен түгелдеп болып:
Ақын болсаң – маған жет,
Жаман болсаң – әрмен кет.
Бар, қызталақ ақындар, –
Құдайдан соңғы жақындар, –
деп қалжың тастауы – мына жарасымдылықтың шыны еді. Нағыз сұлулықтың бойға қуат, ойға шуақ беретінін аңғарған біздің талайымыз, кейіннен Жәкеңнің сол қалпын басымыздан талай кештік қой.
Ал, осынау біріміздің – бір, екіншіміздің екі жинағымыз енді ғана жарық көрген, кейбіріміздің кітабымыз да жоқ кезде «шалдардың» ортасына осылай ендік...
■ Әдебиет алыптарының ішіне естеліктің елесімен еніп алған Сәкең енді Мұхаң тақырыбына біржола көшті. Менің көз алдымнан Мұхтар Әуезовтің әдебиет еліне келгендегі басынан кешкен мұнарлы күндері тізбектеліп өте бастады. Соның ішінде, 1930 жылы түңғыш жала жабылып, оның соңы атақты 58-баптың 7,1-ші тармақтарына тірелгенде Мұхаңның ВКП Крайкоміне, Голощекин жолдасқа тұтқында отырып жазған арызы. Бүгінгі зерттеушілер өмірге қайта әкелген бұл құжатқа тең қағазда: «...1928 жылдан тұтқындалғанға дейін Ташкентте ғылыми қызметкер болдым. Соңғы екі жылдағы қатар істеген педагогтік қызметте (оқу-ағарту институты және орман шаруашылығы техникумы) қазақ әдебиетінің тарихынан сабақ бере жүріп оқу-ағарту ісіндегі үкімет құқын әлсіретуге емес, керісінше, қазақ әдебиетін оқып-үйренуді жұмысшылардың әлеуметтік мүдделеріне сәйкестендіре жүргіздім, бұлай етуім Қазақстан орта мектебінің әлеуметтік жоспарына көпке танымал пайдалы үн болып қосылды.
Ашығын айтқанда, әдеби шығармаларымда ешқашан төңкерісшіл әсірешілдікке барған емеспін, ал алғашқы кезеңде көзқарасымда түсініспестік болса, оның қоғамға қаншалықты пайда, залал екенін тергеу орындары емес, өлкелік партия комитеті анықтағаны жөн шығар», – дейді. Себепсіз сотты болып, қараңғы қапаста отырғанда да Мұхаңның ұлттық әдебиетке деген адалдығында шек болмаған. Түрме түнегінде жазылған қолжазбаға қарасаңыз (Қолжазба 3 том, 831 бет): «Әдебиеттегі тарихи көне сарын қоғамдағы адам ойын айтуға әлі қызмет ете бермек» деген бекем тұжырым бар. Осындай бұлжымас берік ойлылардың бейнесін алдымызға жайып салып отырған Сәкең сөзін әрі қарай жалғады:
– Отызыншы жылдардың сұмдығынан кейін де Мұхаңа жабылушылар көп болды. Өзім куәсі болған 51-дің қындығы енді өзгеше. Осы кездегі Мұхаңның жарқыраған маңдайы бөгесін білмес ақсұңқарды елестететін еді. Соның орнына таласқан күншіл күйкентайлардың күңкілі таусылар болмады. «Азулылар әзірлейтін баяндамалар, Мұхаңсыз өтпейтін кеңестер оны «әшкерелейтін» қаулылар... – бәрі-бәрі бас салып кеп талайды. Әр жиналыстан соң Мұхаң теңселіп шығатын. Соны көріп, Сәкеңдердің арқасында «ойнақ салған» таяқтар көзіме елестеп, жаным түршігетін.
...Кезекті жиналыс өтіп жатты. Сол 51-ші жылдың жағымсыз күзі болатын. Төрде Орталық Комитеттің хатшысы Сужиков отыр. Және осы жиналыстың қарсаңында ұлтшылдардың тізімі «ұлғайтылып», сол баяғы Мұхаң, Ғабең, Сәбеңдердің қатарына Шаңғытбаев пен Адамбеков аты-жөні тіркелді. Мен туралы «Казахстанская правда» газетінде «Жат дауысты ақын» («Поэт чужого голоса») деген етектей мақала жарияланып, мойныма тас байланып қалған.
Сосын бұл жиналыстың бір ерекшелігі – «Оны қазақша өткіземіз, Орталық Комитеттің хатшысы келіп отырғанда бар арманымызды айтып қалайық» деген ұсыныс түсті. Ол ұсыныс дауысқа салынып барып, әрең дегенде өз ортамызда өтетін жиналыстың өз тілімізде жүргізілуіне қол жеткіздік-ау.
«Әр таудың өз аңшысы болатыны» секілді, сол кезде арамызда Нығмет Сәбитов деген ғылым кандидаты болды. Енді оның қатыспайтын жиналысы болмайтын және оған сөз берілмей қалмайтын. Сол осы жиынға да келді. Сойқан салым жүріп жатқан. Құдай салмасын, ондай талдауды бұрын-соңды көрген емеспін. Ел сөйлеп жатқанда жаңағы «шешен» жұлқынып шықты да:
– Сіздердің, жолдас Сужиков, Орталық Комитеттегілер, Жазушылар одағының басшылары ұлтшылдарды тазалаудағы жұмыстарыңыз бізді қанағаттандырмай отыр. Сіздер айналып келіп, көкжалдың қасындағы бөлтіріктерін ғана ұстап жатырсыздар. Нағыз көкжал Әуезовті қамауға алмай, Әуезовтің көзін жоймай, ұлтшылдар таусылмайды, – деп соқтырып келе жатыр еді, Сәбең, қайран Сәбит Мұқанов, орнынан ұшып тұрды да:
– Подлец! – деп санқ ете қалды. Содан зал тым-тырыс болды да, Сәбитовті Сәбең ой, сөзбен сойды дейсіз. Айтып жатыр, айтып жатыр. «Үркіншілік 37 жылы басталды», – деді.
– Біздер өз алдына... енді қалғанымызды жинап алып, қоян жүрек жасқаншақ етіп жатқан саяси науқан бұл, – деді Сәбең. – Бүгін Мұхтарды қамаса, ертең осы отырғандардың жартысы қамалады. Бұл науқанның ақыры – осылай, қазақ ғылымы мен әдебиетін қуаңшылыққа ұшыратумен бітеді, – деп өршелене сөйлеген Сәбең енді бірде хас қыранша «шешенге» шүйлікті. –Мына Нығмет жалған ғалым, зиялылардың ортасында жүрген арандатушы! – Осылайша төгілді Сәбең: – Қазір біздің арамызда Мұхтардан таза адам жоқ. Мен кейде, бастық болған соң амалсыз оған өзім үшін бір тиісем, сендер үшін бір тиісем, сөйтіп «алысып-жұлысып» жатамыз. Сен, Нығмет, осыны айтып отырсың ғой...
Сәбеңнің осы сөзінен кейін жиналыс өзгеше рең алды. Жиналыс соңындағы қаулы да өзгеше болды. Сонда Сәбең Мұхаңның арын, азаматтығын қорғап шыққан еді.
Ел арасындағы «екі дәудің басы бірікпейді» деген алып-қашпа сөздің негізі өте ерте кезеңде жатыр. Сонау тап тартысы кезінде Мұхаң мен Сәбең жастықтың буына елітіп жүріп, ағайындардың сөзінен желік тауып, қарама-қайшы көзқараста болса керек. Кейіннен, тіпті өмірінің соңына дейін осы қателіктеріне өте өкінетін жағдайларын, іштей күйзеліс кешкендіктерін талай байқадық.
■ Садықбек ағаның осы тебіренісінен соң қаншама адамға ой келер. Бірін-бірі газет, журнал беттерінде бостан-босқа жерден алып, жерге салып жүргендер сабыр шақырар. Дүние-ай, осылай бір ой-сезімі сарқылып бітпеген жандар бас біріктірер. Төс түйістіріп, кұшақ айқастырмаса да сырттай тілектес болып жүргенінің өзі қандай ғанибет!
– Сәбең айтқан саяси науқанның қандай құпия дайындықтармен жүргізілгенін жеті жылдан соң, 1957-ші жылы бір-ақ көрдік қой, – деп жалғастырды Сәкең, – Қазақ зиялыларының ордасына түскен «бомбадан» сескенген Сақтаған Бәйішев пен Нұрымбек Жанділдин сойқанның басы болды. Бұл туралы «Буырқанған бюро» деген естелігімде біршама тоқталып өткенмін. Мінеки, сол бюро, қазақ зиялыларының әрі азабы мен соры, өрі сондай қарқынды науқанға қойылған соңғы тосқауыл еді. Ол тосқауылдың басында Мұхаң, Сәбең, Жұмекең – құрметті Жұмабек Тәшеневтер болды. Сол кезде Иванов деген түймесіне дейін тиісерге қара таппай, селкілдеп тұратын, нағыз шовинист Орталық Комитеттің бөлім бастығы болушы еді. Сол Иванов «патефонын бұрып қойған», «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Қасым Шәріпов:
– Я рад, я буду счастлив и судовольствием буду подписываться как зам. редактора «Каз. правды», – деп жалаң ете қалды.
Осы кезде Жүсіп Алтайбаевтың ащы айқайы отырғанның бәрін селк еткізді:
– Ты – дурак! – деді ол бар ашуын бір ауыз сөзге сыйғызып.
Сырттан келген ешкім жоқ. Жабық бюро. Елдің бәрі аң-таң. Жұмабек Тәшеневтің сол кездегі кейпін көрсеңіз. Ағып келе жатқан арба жеккен аттың тізгінін өте сақ басқарып отырған адамға ұқсар еді. Оның адам таңырқар шеберлігі сонда: арба да аман, ат та жазым болмады.
...Он бес минуттік үзіліс жарияланды да бәріміз далаға шықтық. Сыртта күреске дайындалған екі топ сияқты үдірейіп-күдірейіп түрмыз. Сақтаған Бәйішев, Нұрымбек Жанділдин, Қасым Шәріповтер тобы бізге қоқырая қарап қояды. Осы кез баспалдақпен Ғабит Мүсірепов көтеріліп келе жатты. Сәбең жаңағы жан ашуын содан алардай:
– Ылғи сен Мұхтар екеуің осындай жерде жасырынып қаласыңдар, –дегені. Сонда Ғабең өте сабырлы қалпын бұзбай:
– Қойсаңшы, Сәбит, қойсаңшы. Жалғыз сен бе? Мен Мәскеумен сөйлесіп келе жатырмын, – деді.
Осыны Ғабең айтып тұрғанда анау қоқиланған топ селк ете қалды. Содан бюроға қайта кірдік. Онда да редакторлар мен депутат болғандықтан Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтер ішке өтіп, басқамыз жиналыс біткенше далада күтіп тұрдық. Бюроға қойылған «Қазақ әдебиеті» газетін біржола жауып тастау мәселесі жойылып, ақ жарылып, күн шықты. Яковлев түк өндіре алмай «төркініне» қайтты. Сондағы Сәбеңнің өз қуанышын сыйдырған бір ауыз сөзі әлі есімде. Еңсесі түскен, үлкен жақтың өкіліне қарап тұрып:
– Антұрған, мен сонда-ақ сезіп едім оның телефоннан өлейін деп келгенін, – деген еді жарықтық.
Осы жолы қазақ зиялыларына жасалған зобалаңның үшінші кезеңі аяқталғанын біз енді айтып отырмыз. Иван Дмитриевич Яковлевтің сол келісінде қазақтың қос газеті жабылғанда, өзгелер тұрғай, алдарыңызда отырған мына сары шалдың моласын да таба алмай жүретін едіңдер қазір. Ғабеңнің манағы сөзіне келсек, Мәскеуде Мұхаң Леонид Ильичке жолығып, ұлттық басылымдардың болашағына жол ашыпты. Қайран Мұхаң мұнда да айбарлы Алатаудай алыста жүріп-ақ қолтығымыздан сүйеп қалған екен.
■ Сәкеңнің естелігіне ілесе отырып. Жұмамұрат Тұяқбаевтың «Парызын өтеген перзент» атты кітабын асығыс парақтай бастадым. Кітаптың 18-бетінен Садықбек Адамбековке сөз беріліп, 20-бетінен бастап «Бұрқанған бюросы» толық жарияланыпты. «Тарих дегеніміз – сол-ау» деп ойладым. Халықтың біртуар перзенті Жұмабек Тәшенов жайында сыр шертетін бұл кітаптың ең жарқын беттерінен орын алған рухани байлығымыздың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдер әлі талай шығармаларға арқау болар. Соны ұмытпайтын, әрдайым қаламына іліп отыратын ардақтыларымыз аман болсын. Бүгінгі мына әңгіме де соның бір жалғасы ғой. Сондықтан да оның әр сөзін сол күйі түсіріп, әңгімеге катысқан белгілі адамдардың аты-жөндерін толық көрсетуге ниеттендім.
– Мұхаңның қызыл астанада жүріп-ақ Алматыдағы Яковлевтің сағын сындырғанын айттым. Бұдан да басқа Мәскеудің зиялыларын дүрліктірген бір-екі уақиғасына тоқтала кетейін, – деп даусын көтере сөйлеген Сәкең арқалана түсті.
Жоғарғы Кеңестің кезекті бір сессиясында қазақ өміріндегі қалыңмал жайында үлкен әңгіме қозғалды.
Райлары сол, біздің халықтың ең «жұмсақ жерін» енді тауып, сүңгісін бойлата салмақ қой. Сессия жұмысының осы ниетін кері бұруда алдымен Сәбит Мұқанов сөз алды. Кең ұғым, тегеурінді пікірмен Мұхтар Әуезов бір көсілді дейсіз. Екі алып қалыңмалдың қазақ дәстүрінің түпкілікті сипатына жатпайтындығын дәлелдеп, ел салтында тұрақты қолданылмайтындығын көптеген айғақтармен таң қалдыра айтып шықты. Не керек, қос шешенге тамсанған сессияның «серілері» де айтьлған тұжырымды жақтап «қол көтерген». Мұхаң өңшең осындай қиын кездерде маңдайы жарқырап алдымыздан шығатын.
...Тағы бір әңгіме, Мұхаңа біз түтілі, қайсы-бір өркөкірек орыстардың да таң қала табынатынын айтайын. 1958 жылы ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің Мәскеудегі он күндігі басталған күндер еді. Арамызда Твардовский, Светлов секілді және басқа да елге танымал болып қалған орыс каламгерлері бар, Лев Толстойдың мүсінінің алдында тұрмыз. Қардың қалыңдығы соншалық, ескерткіштің тас тұғырын жауып тастаған. Кенет, Мұхаң мінген мәшиненің көрінуі мұң екен, топталғандар бірін-бірі қаға-соға солай қарай ұмтылды. Орыс әдебиетінің үлкен-кішілі тұлғалары қарды омбылай мандайлы қазаққа қарай жүгіргенде, шаттықтан басымыз айналды. Мәшинеден шыққан Мұхаңның айнала қоршап тұрғандарды көріп, өзі де олармен құшақтасып, құшырлана сүйісіп жүргенін көрген Сәбең, қалың топтан шетке шығып тұрып:
– Дұрыс-с! Бұл – Мұхтар бүкіл Шығыстың үлкен бақыты ғой, – деді жан-жағына масаттана қарап.
Қауышу, ыстық сәлемдесу жарты сағаттан аса уақытқа созылған еді сонда. Менің көз алдымда бүкіл орыс әдебиеті мен мәдениеті Мұхаңның мәшинесіне сыйып кеткендей болды...
Тағы да бір сұмдықты айтайын, қаламдас достар!
...Алпысыншы жылдардың ішінде-ақ: «37-нің құрбандары қатарында кетпей Мұхтар мен Сәбит қалай аман қалған? Себебі, өзгелер туралы осы екеуі жабық пікір айтады екен. Тиісті жерлерге жазып береді екен» деген қауесет қаулап кеткен. Мұндай «өртті» өшіру үшін Жазушылар одағында жабық партия жиналысы болды. Оған бүкіл жау оғына байланып, арманда кеткен ағалар мен Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің, Гүлбахрам, Фатима, Гүлжамал сынды асыл жарлары, ағайын, туыстары шақырылды.
Сонда кімдердің бет пердесі ашылмады. Азалы жесірлер кімдердің бетіне түкіріп, кімдердің жағасын жыртпады. Денең түршігетін небір сұмдықтар айтылды.
Ал, түсіңе енсе шошып оянатын сол жиналыста, небір өзегіне от кеткен жесір, небір шерлі көкірек жетім Мұхаңның, Сәбеңнің атына бір ауыз жаманат сөз айтты ма? Үкім оқыған, тергеуді тексерген, архивті ақтарған бір ғалым бұл екі адам туралы жаманат қағаз тапты ма? Жоқ, жоқ...
...Қазақтың мандайына біткен марқасқалары туралы сыр шертіп отырғанда Садықбек аға арагідік-арагідік: «Осыларды ішімде жұтып кетпей, мына қалың жұртшылыққа жария еткім келді. Сондықтан да қауымның көз-құлағы ғой деп газеттерді іздеп келдім» деп ескертумен болды. Әңгіме желісіне қарап отырсаңыз, Сәкең «Қазақтың төрт қара шалы» деп пір тұтқан Мұхаң, Сәбең, Ғабит, Ғабидендердің сол кездің өзінде-ақ, өздерін әдебиетте де, өмірде де қазақ зиялыларының жетекші тобы болып қалуға дайындағандықтары байқалады.
– Мұхаңның бізді сыйлайтындығы соншалық, егер олар бас қосатын жиналыста жиырмашақты адам қатысарлықтай кең әңгіме болса Сырбай, Жұбан, Тахауиларды және мені шақыртатын. Ал, адам саны он-он бестен төмен болса, амал жоқ өзіміз-ақ қалатынбыз. Сәбең жарықтық құрдасымыздай бізбен «асық ойнайтын». Мені «Сен антұрғанның сыртың –жеңіл, ішің – ауыр» деп еркелетіп қоятын. «Біз сендермен баймыз, – деуші еді Мұхаң. – Соңымыздан ергендердің таланттыларын санай келе «Жеті жұлдыз» деп ат қойып, іштей қуанамыз соған. Сендердің кейбір шектен тыс еркеліктеріңді кешіретініміз де сондықтан».
■ Естелік шертіп отырған Сәкеңнің жанарын сағыныш шығы тұмшаласа, көңілін: «Осы отырғандардан ақ жарылған ақеділ сырымды көркемдемей, сол күйі, бүкпесіз ұғып, саралайтын қайсың бар?» деген сауал мазалайтындай. Онысын, әлдеқайдан сырқат сарт етіп, төсек тартып қалған ауыр жағдайында Алатаудың баурайына Арыс қаласынан іздеп барып, асылындай ардақтап, киелісіндей құрметтеп туған жеріне алып келіп, ауруханадан жәннаттай жай беріп, бағып-қаққан Арыс қаласының сол кездегі әкімі Әлімжан Құртаевқа деген алғысқа толы риясыз көңілі арқылы танытты.
– Қараспанның құтты қойнауында қартаюға хақым жоқ, – деп еді Сәкең кіндік қаны тамған жеріне тағзым ете, – Аяқты аспанға іліп қойып жататын мен емеспін. Алда қыруар шаруа бар. Соның бірі – «Біздің үйдің жұлдыздары» деген туындым бойынша бір фильм түсірілген еді. Енді соның жалғасы дайындалып жатыр. Оны жасаушылар: «Сәке, енді өз прототипіңіздің ролінде өзіңіз ойнайсыз» деген еді. Ұятты болып қалмаймын деп, солардың тапсыруымен сақал өсіріп жатқан жай бар. Әйтеуір, уақыт жазушы етсе де, әртіс қылса да еткен күннің ғибратын келер ұрпаққа қалдырудан артық бақыт бар ма, жігіттер?!
***
Сәкеңнің бұл тұжырымына не алып-қосуға болады?..
Атанбек НАУРЫЗ,
жазушы