АЗАМАТТЫҚ ТУЫН ЖЫҚПАҒАН
2022 ж. 28 қараша
2859
0
Әубәкір РАХИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
режиссер, профессор
«Жазушы – шындықтың шырақшысы,
ақиқаттың апостолы» Томас Манн
Жазушының мерейі өз кезеңінің рухын көрсететін әлеуметтік мәселелерді көтеруімен, бейнелеуімен тығыз байланысты. Қабдеш ағаның өз сөзімен айтар болсақ: «Нағыз жазушы – әр ұлттың ақиқатты айтар деп аузына қараған әулиесі, бүкіл адамзаттың ақыл-ой жарысына жаратып қосқан жүйрігі... Өз ұлтының мұң-шерін айтпай тұра алмайды». Суреткерлік әлемінде «Ұстазды шәкірт таңдайды» - деген ұғым бар. Қабдеш аға Мұхтар Әуезовті «Ұстазым!» деуден еш айнымады. Қандай ауыртпалық, қиындықтарға мойымай, жазушы, ұлы суреткер ретінде ақиқат үшін алысты. Империялық саясаттың кесірінен екіге жарылған арғы-бергі беттегі ұлт тағдыры үшін күресіп, өзінің адамгаршілік биігінде азаматтық туын қисайтпай өмірден өтті.
Ұстазға ұқсастық
1966 жылы оқуға түскен «Театр студиясының» шәкірттері, аттары аңызға айналған әдебиет пен өнер қайраткерлерімен кездесулерді қалт жібермей, сұхбаттасуға құмар едік. 1967 жылы М.Әуезовтың мұражайында өтетін Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Б.Момышұлы, Ш.Аймановтармен кездесуге курсымызбен бара қалдық. Ертерек барсақ керек әлі жұрт жинала қоймапты. Тек, шашы бұйралау, маңдайы ашық Мұхтар Әуезовтың жас күніндегі суретінен аумай қалған бір жігіт қабырғаларға ілінген Е.Сидоркиннің «Абай жолы» романына жасаған суреттеріне қарап жүр екен. Біздер Мұхтардың өзін көргендей таңданыста болдық. Арамыздағы «білгіштер»: «Мұхтардың ұлы Мұрат осы!»-десіп жатты. Бізді бастап алып барған ұстазымыз Қажықұмар Қуандықов ағай: «А-а, Қабдеш, халың қалай?»- деп, амандасты да, біздерге таныстыра бастады: «Бұл «Жас дәурен» атты өлең жинағының авторы Қабдеш Жұмаділов деген ағаларың» - деп, таныстырды да, екеуі әңгімелесіп кетті. Біз көпке дейін ағаның Әуезовке ұқсастығын айтумен болдық. Қай жерден екеніне де дауласатын болдық. Қажықұмар ағадан Шәуешектік екенін білгеннен кейін: «Арғы беттен, бергі бетке қарғып өткен менің ағам!»-деп, мен мақтана бастадым. Енді бәріміз сол «Жас Дәуренді» тауып алып, оқуға кірістік:
Сарыла күтіп ертеңін
Үмітпен көңілін аулауда.
Құштар ол осы өлкенің
Топырағына аунауға.
Аралап көрсең нанасың,
Әлемде талай қызық бар.
Бақ пен сордың арасын
Бөліп тұр қызыл сызықтар.
Осынау шумақтарда жылқы мінез қазақтың қилы тағдыры, сағынышы мен зар-мұңы жатқан жоқ па?! Империялық саясаттың қырғынынан ұрпағын аман алып қалу үшін туған жер, өскен өлкесін тастап шекара асқан елдің тағдыры туралы Мұхтар Әуезов 1928-жылы «Қилы заманды» жазып еді. Енді араға 46 жыл салып, алпауыт елдердің қазақ халқына ұстанған саясатының бет-пердесін аяусыз әшкерелейтін «Соңғы көш», «Тағдыр» романдарын Қабдеш аға жазды. Бұл туралы Асқар Сүлейменов маған: « Қазіргі қазақ жазушыларының бойындағы «Үрей жайлаған» құлшылықтан оятқан екі шығарма бар. Бірі менің ағамның «Қилы заманы», екіншісі «Соңғы көш», сенің ағаңның романы»-деп, отырған сәттерінде романындағы халықтық характерлердің бай үлгілерімен жазылғандығы, әрбір кейіпкердің өзінің даралық болмысымен, ұлттық мінез-құлықтарымен бірден баурап алатындығын талдайтынбыз. Стильдік ерекшілігі, тілдік бояуларының анықтығы мен қанықтығы, оқиғаларды суреттеуі жағынан Әуезовке жақындығын айтатынбыз. Тіпті, арғы беттегі қазақ тілінің бүлінбеген бар байлығын жеткізуші ретінде бағалайтынбыз. Ағаның романдарының құндылығы - халықтық мәнері мен табиғи әсемдігінде. Көркемдік кеңістік пен образдардың, орамды тілі мен шынайы сезімдерінің үйлесім табуында.
Бірде Асқар Сүлейменов шақырған соң кабинетіне кірсем, Роллан Сейсенбаев бар екен. Мен кірісімен Асекең ағаның баспадан жаңадан шыққан «Тағдыр» романын көрсетіп: «Шикарный роман! Жазушы тұрмақ тарихшылардың тісі батпайтын отаршылардың саясатын аяусыз жіліктеп берген!» -деді де де: «За неоседленного скакуна!»-деп, тост көтерді. Содан Оралхан Бөкейдің үйіне барып, ұзақ отырдық. Бір кезде Роллан: «Қабаңа кіріп амандасуым керек» -деп еді, бәрі құптай түсті де, түнгі үште сау етіп жетіп бардық. Барсақ аға мен Сәуле тәтеде бізді күтіп отырғандай, ояу екен. Дастархан жасауға кірісіп еді, Асқар: «Мен просто қолыңызды алып кетейін деп келдім! Мыналардың жеті түнде неғып жүргенін білмеймін» -деді де, ағаның қолын алып маңдайына басты (қатты риза болғанда осылай жасайтын әдеті бар болатын). Бәріміз өзіміздің «Тағдыр» туралы құттықтау тілегімізді айтып, тост көтердік. Сонда бір байқаным ағаның өзі жақсы білетін әңгімелерді, жігіттердің аузынан естігенде: «Е-е, солай екен-ау! Ойпырмай десеңші!..»-деп, бірінші рет естігендей таңданып отыруы. Мұндай мінез Мұхтар Әуезовте де болған екен. Ол туралы театрдың ақсақалдары жиі айтатын. Мысалы: Шәкен Айманов Әуезовтен Чарльз Диккенс туралы естіген әңгімесін келесі кездескенде: «Мұқа, Диккенстің мына бір әңгімесінде...»- деп, қайталап тұздықтап айтып бергенде:« Е-е, солай ма екен! Ой пәлі-ай! Әй, Шәкен сенің де оқымайтының жоқ екен!» - деп, тамсанып отырады екен. Міне бұл жағынан да ағаның өзінің ұстазы Әуезовпен ұқсастықты, ұлыларға тән бала мінезділікті байқау қиын емес. 80 жылдығын М.Әуезов театрында өткізгенде маған: «Билік сенде, не айтсаңда қолыңдамын!» - деуінің өзі, ұлы тұлғаның балаға тән пәктігін, мейірімнің тазалығын көрсетеді. Мерейтой ерекше форматта жақсы өтті. Іш пыстырар ұзын сонар баяндамалар болған жоқ. Қабдеш аға да, көрермендер де қатты риза болды. Енді 85-ін айрықша атап өтерміз деген ойымызға өмір шіркін үлгертпеді...
Қарапайымдылық
Біздің Фарзанамен үйлену тойымызда болған күнінен бастап, ағалы-інідей араласып кеттік. Шаңырағымыздың елеуі отырыстары аға мен Сәуле тәте, Ұлықпан мен Нағима, Бейсенбай мен Несіпжан, тағы да көптеген достарымысыз өтпейтін. Отырысты Қабдеш аға бастап, батамен аяқтау дәстүрге айналып еді. Наурызда ұлттық киімдерімізді киіп қонақтауды аға бастап, біздер қостап үлгі көрсетіп еді. Қазақы салт бойынша Фарзана ағаны «Дарабоз қайнаға», Ұлықпанды «Би аға», Бейсенбайды «Генерал қайнаға»-деп, басқаларға да өздеріне лайықты ат қойып атағанына қатты ризашылығын білдіруші еді. Жұмысбастылықпен біраз уақыт бас қоса алмай қалғанымызда: «сағынып қалдық-қой!..» деген бір ауыз лебізіміз арқылы қайта қауышатынбыз. Әзіл-қалжыңға еркіндік беріліп, арғы-бергі тарихты аға бастап, біздер қостап кереметтей өткізетінбіз. Әрине, мұның барлығы Қабдеш ағаның қарапайымдылық қабілетігіне, біздердің рухани жақындығымызға байланысты екені даусыз. Осындай отырыстарда ағаның жаңадан шыққан әр кітабындағы қоғамдағы келеңсіздіктер туралы өткір ойлары да тілге тиек етілмей тұрмайды.
- Қазір бойларын үрей билеген көптеген жазушылар бұқпантайлап бірдеңе айтқан болып, көптеген пысықтары билікті жаппай мақтап, есеппен өмір сүріп жатқан кезде, шындықты айтып, шырылдап жүрген жалғыз сізсіз»-деген кезіміз де,
- Мен ақиқатты айтып, ұлттың мүддесін қорғамасам, кейінгі ұрпақтың «Қазақ интеленциясы қайда қарап отырған?» деген сауалына қалмаймыз ба?! Сонда біздің азаматтығымызға сын болмай ма?! -деп, жауап беретін.
Міне, осындай қарапайым жауабының өзінде де ұлтын сүйген азаматтың ұлылығы жататын.
- Аға «Тирандар тырапай асқан жыл» атты әңгімеңіздің кейіпкеріне менің атымды беріпсіз, рахмет! -деген, әзіл-шыны аралас сөзіме:
-Мен кейіпкерлеріме ат қойғанда, рухани прототип іздеймін. «Соңғы көштегі» кейіпкерлердің прототиптерін өзің жақсы білесің. Жағыпардың прототипі Жағда ағамен араласып жүрдің. Театр сахнасындағы қойылымдарың «Қилы заман», «Өттің дүние», «Үзілген бесік жыры», өзіңнің пьесаларың бойынша қойған «Шәкәрім», «Қылмыскерге куәлік» спектакльдерің сенің режиссер ретіндегі азаматтық ұстанымыңды көрсетіп тұрған жоқ па! -дейтін.
«Аққуды атпас болар» атты хикаятын жазғалы жүрген кезі. Менің «Шәкәрім» атты пьесамда Матақов деген жансыздың: «Шәуешектегі консулствода тілмаш болғанда небір дөкейлермен кездесіп, буддизмді де зерттеді дегені рас екен-ғой»-деген сөздері бар болатын. Аға бірде: «Шәкәрімнің Шәуешекте тілмаш болғаны рас па?» - деп сұрады.
- Жоқ аға, ол жалақорлардың ілікке ілгек іздегендердің қауесеті-ғой. Өтірікті шындай, шынды жын ұрғандай етітін құдай ұрғандардың жаласы емес пе. Сол жылдардағы қазақтың зиялыларын құртқан осы әдет емес пе.
- Е-е, бәсе!
- Биліктің бишігін ұстауға ұмтылған, санасыз шолақ белсенділердің сипатамасын «Тағдыр» романда Құлбайдың «табышың» атануы туралы күлкіге көміп жаздыңыз емес пе!
- Әр қоғамның бір Құлбайы бар. Түсін өзгерткенімен, түбірі бір... Талайларды сорлатып келеді.
Аға шығармаларындағы деректерді мұқият зерттеп, ой таразысынан өткізіп, көркемдік деңгейге жеткізіп жазатынын осыдан білуге болады.
Одан мен Шәкәрімді көрсеткен адамдардың Қазақстанның халық артисі Шахан Мусин ағамыздың 1932- жылғы ашаршылық туралы «Майлықара», «Наркомға хат» деген өлеңдері үшін Колымаға «Контрреволюционная националистическая деятельность» статьясымен 18 жылға айдатқаны, өзінің әлі күнге дейін «Ұлтшыл» деген атағы бары туралы әңгіме айтқаным да:
-Иә, Шахан Мусинның ашашылық туралы ешкім айтуға дәті бармағанда, алғаш ««Наркомға хат» өлеңі арқылы шырылдап шындықты айтуы нағыз ерлік. Өзінің бізге аға екенін де білем. Бірақ, мәселе руда емес, ұлтын сүйер азамат боп тууында! «Жау» деп жала жапқандардың барлығы күйреп қалды. Шахан ағамыздың рухын сындыра алмады. Менің де екі империядан алған «Ұлтшыл» -деген атағым барлығын мақтан тұтам. Бұл Алаш қайраткерлерінің атағы емес пе!» -деп, көтеріліп қалатын.
-Қазір жұрттың бәрі драматургияға көшкен кезде, сіз де пьеса жазбайсыз ба?!
- Мен оқиғаларды сахна кеңістігіне сыйғыза алмаймын. Менің кейіпкерлерім дархан далаға әрең сыйып жүргенде, жұрт жазды екен деп дүрмекке дүбір қоспай-ақ қояйын!..
Осы қасиетімен, қарапайымдылығымен, суреткерлік ұстанымына беріктігімен өзіне тәнті ететін.
Суреткер
Әдебиет көркем сөздің философиясы. «Дүниеде сөзден көне, сөзден берік ескерткіш жоқ»-деп, ұққан көшпенділердің тіл мәдениетін бұзбай, қазақы тілдің қаймағын жеп өскен Қабдеш ағаның әдебиетімізге қосқан үлесі ұшан-теңіз. Қабдеш ағаның шығармаларының тілі кестелі, көркем. Оның сөйлемдеріндегі жатықтық, орамдылық, баяндауы мен суреттеуіндегі әуезділік пен бейнелілік, детальдарындағы нақтылық пен шыншылдық, сөз жоқ суреткерлік ерекшелігі. Кейіпкерлерінің ұлттық рухы биік, психологиялық тереңділіктері шынайылықпен суреттелген дара тұлғалар. Ол өзінің бұл қасиетін «Қаздар қайтып барады» атты тұңғыш әңгімелер жинағынан бастап, романдары мен соңғы хикаяттарына дейін дәлелдеп кетті. Бұл күрескер-жазушының даралығы. Бейне мен бейнелілік суреткердің ой айтудағы негізгі құралы. Ақиқатты тікелей айтпай-ақ, өзі жасаған бейнелері арқылы елестетіп көрсету шеберліктің өлшемі. Дарын да заматтық ұстанымға тәуелді. Суреткерлік айрықша парасаттылық. «Соңғы көш», «Тағдыр», «Дарабоз», т.б. шығармалары көркемдік шынайлылығы мен философиялық тереңдігімен, тарихымыздың бұрмаланған тұстарының себеп-салдарын, күнгейі мен көлеңкелі тұстарын аяусыз аша отырып жазылған байлығымыз. Нағыз суреткер қоғамдық жүйеге оппозицияда болуы керек. Ол жамандау емес, қоғамның дамуына кедергі келтіретін келеңсіздіктің себеп-салдарын ашып, ақиқатты айтуында. Өнердегі классик тұлғалардың ерекшеліктері де осында. Ағамыз осы бір ұстанымынан ешқашан айныған емес. Куңзы (Конфуций): «Өмірің де, өлімің де сапар. Сенің кім екеніңді кейінгілер артыңа қалдырған ізің арқылы бағалайды» демей ме!.. Дүниеден өтерінен көп бұрын, Шығысы Шәуешек, батысы барша қазақ жері, солтүстігі Семей, оңтүстігі Алматы жолының қилысындағы «92-шақырымдағы» (ел бүгіндері «Қабдеш бекеті» атап жүр) жерді таңдауы философиялық тереңдігі, көшпенді елдің «Соңғы көшін» бастаған ұлының даналығы!
Шепте тұрсам болып бір жауынгерің,
Жағаласса жармасып жауым менің.
Көрсетем шын батырлық, жүректілік,
Бір өзіңе арқамды тіреп тұрып.
«Туған ел» өлеңіндегі осы сертіне адалдығын танытып, азаматтық ардың туын құлатпай, қорғаны болып тұр!