БІЗ КІМБІЗ ОСЫ...
2022 ж. 21 қараша
3739
0
Жазушы Дулат Исабековтің «Социализм зәулімі» атты әңгімесінің әлеуметтік қуаты хақында
Қалам ұстағандардың бәрі еркін ойлай ала ма? Жоқ! Еркін ойлау – қағаз
сиялап, қалам жағалағандардың бәрінің емес, өзінің азаматтық ары алдындағы (ал әдебиет – ардың ісі), уақыт пен ұрпақ алдындағы ұлы жауапкершілігін қылша мойны мен қос иығына артқан ірілердің ғана қолынан келетін іс. Жауапкершілігі ерен ерек тұлғаның еншісіне ғана бұйыратын ерекше қасиет. Өйткені «Только ответственный – свободен, только свободный – ответствен» (Бердяев).
Жауапкершілік пен еркіндік – бірінсіз бірі өмір сүре алмайтын кіндіктес ұғым. Жауапкершілігі зор суреткер ғана еркін ойлауды игере алады. Неге? Себебі, жазушының халық – қоғам – заман (екіншілей айтқанда, ұлт – ұрпақ – уақыт) алдындағы жауапкершілік парызы оны ұдайы ой қууға, яғни желмаямен жер шолған Асанқайғыдай мына қоғами кеңістікте ненің баянды, ненің баянсыз, ненің орнықты, ненің опықты екенін білмек һәм білдірмек үшін із кесуге міндеттейді. (Кердерінің «Бір Құдайдан басқаның бәрі өткінші, Бір Алладан басқаның бәрі жалған» дегені де – «айым-қайым дегенде айым-қайымның» ыңғайымен айтыла салған өлең емес, осындай із кесуден келіп шыққан тұжырым.) Із кесу, іздену барысында жауапкершілігі арқылы еркін ой қорытуын, еркін ой қорытуы арқылы жауапкершілігін өрістетіп отыратын суреткер енді еркін байлам жасау үшін «еріксіз» өз автономиялық әлеміне, яки ешкімге тәуелсіз өз автономиялық әлемінің безбеніне жүгінеді. Идеология қанша құрық салып, саясат қанша қыспаққа алғанымен айтарын айтып, берерін бедерлеп кеткен Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы да – осының айғағы.
Ал «құлдың қолы ғана емес, ойы да кісендеулі болады» (Наушаруан). Құлдың («құл» деген сөзді шолақ саясаттың құлы, ұлттық топырақтан, халықтық құнардан нәр ала алмаған алдамшы сенім-нанымдардың құлы, ұлыдержавалық басынуды – бауырластық, империялық өктемдікті – интернационализм деп ұғатын бүгежек пиғылдың құлы, көкте ғана қалықтап, жерге бір түспей-ақ қойған коммунистік елес-идеяның құлы, әдебиеттің партиялығының құлы, ұлттың көз жасынан, халықтың тәуелсіздігінен «биік тұратын ұлы мақсаттар мен игі мұраттарға қызмет ететін» бейдауа әдебиеттің құлы және т.т. деп ұғарсыз), яғни ойы арқандаулы, рухы шідерлеулі кіріптардың да өндіре жазуы мүмкін, бірақ өміршең дүние бере алмайды.
Сыншыларымыз «Әдебиетімізде ұқсас тақырып, ұқсас кейіпкер, ұқсас шешім көбейіп кетті» десіп жүр. Сайып келгенде, мұның жалғыз-ақ себебі бар. Бәленің бәрі – біркелкі ойлаудан. Еркін ойлай алмаудан.
Еркін ойлауды игерген суреткерлер қазіргі қазақ әдебиетінде қадау-қадау, үркердей ғана топ. Соның бірі – Дулат Исабеков.
***
Аузын ашқаннан жүрегі көрінетін бірсыпыра шешендеріміздің «Көпұлттылық – біздің ерекшелігіміз біздің артықшылығымыз, біле білсек, біздің бақытымыз» – деп көсіле жөнелетіні бәрімізге мәлім. Ылайым бақытты болайық, тату-тәтті тұрайық. Бірақ мәселенің екінші жағы, яғни ғылыми және тарихи жағы бар емес пе? Көпұлттылық, әсіресе қолдан жасалған демографиялық қойыртпақ, империялық есеппен жасалған көпұлттылық кімді көгертті? Кімді көгертіп отыр? Қай халықты, қай елді ұшпаққа шығарды?
Дулат Исабеков те осынау аса қиын, аса күрделі әрі аса ділгір мәселеге өзінің көркем әңгімесі арқылы жауап іздейді. Жазушының бұл әңгімесі «Социализм зәулімі» («Қазақ әдебиеті» газеті, 12 қазан, 1990 жыл) деп аталады.
Құлдық – тек құл иеленушілік құрылыста ғана болатын құбылыс емес екен. (Аталған әңгіме ә дегеннен-ақ осындай ой ұшқынын ұстатады). Мәскеуден «Қала мен ауылдың арасындағы айырмашылықты жою керек» деген қаулының шығуы мұң екен, «өкімет пен партияның аузынан шыққанын екі етпей үйренген жергілікті басшылар көзді жұмып, белді буып» әлгі қаулыны жедел орындауға кірісіп те кетеді.
Сонымен, Қазақстанның бір түкпіріндегі «Коммунизм» колхозының «Социализм» бөлімшесі қала мен ауыл арасындағы ең басты айырмашылық – көп қабатты үйлерге байланысты деген байламға келеді де («Колхоз басшылары, бөлімшенің көзі ашық, жөн біледі деген активтері» арнайы жиналыс өткізіп, қанша бас қатырса да қала мен ауылдың бұдан өзге айырмашылығын таба алмайды. Автордың мұндай шешімге келуін шарттылықтан гөрі логикалық шынайылыққа жатқызған жөн. Өйткені біз «Қалада кімдер отыр, яғни стратегиялық нүктелер кімнің қолында?» деп өмірі ойланып көрген емеспіз ғой!), осы бөлімшеге бес қабатты екі үй салу үшін және оны салатын «жұмысшылардың ұлттық құрамын қатаң сақтау үшін» жан-жақтан келімсектерді шақыра бастайды. Не керек, «Бас-аяғы бір аптаның ішінде шағын бөлімше келімсектердің аяғының астында қалды». (Көрдіңіз бе, Мәскеуде қабылданған әу бастағы «моп-момақан» қаулының қалай бет алып кеткенін!).
Әңгімеде суреттелетін «Социализм» бөлімшесін Д. Исабеков 70-80 жылдардағы (бәлкім, онан да бұрынғы? бәлкім, одан да кейінгі?) Қазақстанның, қымбат кезеңдерін «интернационализмге лаборатория» болумен рәсуа еткен көнбіс те көңілшек Қазақстанның шағын макеті ретінде сипаттай отырып, шебер шендестірулер жасайды. Бөлімшеге бес қабатты екі үй салуға керекті жүз елу құрылысшының ұлттық құрамын түгендеуге ынты-шынтымен кіріскен және оны «бұлжымас парызым» деп түсінетін бөлімше прорабы Сепентайдың тірлігіне көз салыңызшы: «Сепентай Қазақстанда тұратын барлық ұлттың өкілін түгелдеп боламын дегенше қас қарайып, көз байланды. Әбден шаршап, діңкесі құрыған ол Пашатқа (бөлімше меңгерушісі – Ә. М.) қарап:
– Әнеукүнгі газетте Қазақстанда жүз жиырма ұлттың өкілі тұрады деп жазып еді, менде жүз он екі болды. Енді сегізін қайдан табамыз?..
– Күрд бар ғой?
– Бар.
– Ноғай бар ғой?
– Бар.
– Қытай ше?
– Ол да.
– Шүршіт ше?
– Шүршіт? Ол... ол жоқ. Ол қандай ұлт?».
Біздің дәл осылай жаныққанымыз да, жанығатынымыз да рас қой? Рас. Шындық қой? Шындық. Онда әрі қарай тыңдаңыз:
«Сепентай дәлізде селдіреп қалған жұртқа қарай:
– Араларыңда шүршіт бар ма? – деді.
– ...Жоқ.
– Пүшту бар ма?
– Жоқ. Олар Ауғанстанда тұрады.
– Қап, бір шүршіт пен пүшту керек еді... Ал, сендер кім боласыңдар?
– Кім болушы ек, қазақтармыз.
– Бізге қазақтардың керегі жоқ, қайта беріңдер.
– Ойбай-ау, қазақ қалаған там құлап қалады дейсіңдер ме? Қайда барсақ та қазақтардан қажетті адамды алып қойдық дейді, енді біз қайда барып күн көреміз?
– Онда менің шаруам жоқ. Маған десең Магаданға кет. Шүршіт керек, шүршіт немесе эскимос.
– Ойбай, ондай ұлт жоқ болса өлеміз бе енді?
– Табыңдар, табыңдар!
Екі бастық қанша айғайлағанмен топ ішінен шүршіт те, пүшту де, эскимос та табылмады».
Өмірің өкситін тірлік. Өмірің өкситін қасірет. Егер астарына үңілсеңіз, әңгіменің осы үзігіндегі әрбір детальдің Айрауықтың ащы күйіндей бебеу қағып, боздап тұрғанын аңғарар едіңіз.
Рас, үзіндіде юмор да бар. Ащы кекесін де бар. Жөпелдемеде мырс ете қаласыз. Бірақ бұл уақытша ғана. Оқиғаның желісін ұғып, асықпай санаға сіңіргеннен кейін кеудеңді күйік қысып, өн бойыңды өксік буады. Әңгімедегі юмордың жазушының уайымы екенін, ащы кекесіннің жазушының күйзелісі екенін ұғасыз.
Сепентай да, Пашат та – қазақ. Қазақ болғанда да, қазақша сөйлейтін және ауылда қазақы тірлік кешіп жүрген қазақ. Бірақ олардың өз қандастарын кеудеден итеріп, Қазақстанда тұратын «жүз жиырма ұлттың өкілін түгелдеймін» деп ауылдастарын өз кіндік мекені, өз атажұртында жұмысқа алмайтыны несі? Ағайындық жанашырлық сезімді былай қойғанның өзінде, адамгершілік тұрғысынан да, заңдық тұрғыдан да, тіпті, экономикалық тиімділік тұрғысынан алып қарасаңыз да Сепентай мен Пашаттың тірлігі құдай сүйер қылық емес қой? Мұндай мәңгүрттермен қайтіп ел боламыз, қайтіп жұрт боламыз?
Бірақ Сепентай да, Пашат та дәл осылай жасауға тиіс болатын. Иә, иә, тиісті болатын. Және Дулат Исабеков те бұларды осылай «сомдауға» мәжбүр болды. Неге?
Өйткені бұл – өмір шындығы. Тарих шындығы. Сепентай мен Пашаттың әлгіндей тірлікке баруы – олардың өзге ұлттарды өліп-өшіп жақсы көріп, қазақтарды жек көруінен туып отырған жоқ. Бұл тірлік мемлекеттік (бәлкім, ұлттық?) деңгейдегі мәңгүрттену процесінің тым ұзаққа созылып, үңги тамыр жайып кеткені соншалық, сепентайлық сана мен пашаттық түсініктің өмірлік заңдылыққа, өмір сүрудің «ең бір сенімді, ең бір парасатты» қағидасына айналып кетуінен келіп шыққан «игі іс-әрекет» еді.
Сондықтан жазушы да мұндай қасіретті құбылысты аттап өте алмайды. Аттап өтуге, айтпай өтіп кетуге суреткерлік ары мен суреткерлік жауапкершілігі жібермейді.
Жазушының интуициясы тап басып тауып, тап басып танып отырған осы құбылыс несімен қасіретті? Несімен қауіпті? Несімен қорқынышты?
Адам ақыл-есінің ең биік өлшемі «сана» деп аталса, сана атаулының ішіндегі ең арлысы, ең аяулысы, ең пәтуалысы – мемлекетшілдік, яки мемлекеттік сана. Шығысқа сенсек, «Адамның санасы да тарихи жағдайға тәуелді. Тәуелді елде мемлекеттік санасы мығым тұлғалар мыңнан біреу ғана болса, ал тәуелсіз мемлекетте оның әрбір мүшесі сыртқы дүниемен тәуелсіз қарым- қатынас жасап, сыртқы дүниемен тең құқықты азаматтық байланыс орнататын өз мемлекеті сияқты биік мемлекеттік санаға ие болады» (Дж. Неру).
Жаратылыстың мына құдіретті заңдылығына қараңызшы – белгілі бір мемлекетте өмір сүріп жатқан оның әрбір мүшесі ұлтын сақтау, тілін дамыту, территориясын қорғау сияқты мемлекеттік міндеттерді «өз міндетім, өз парызым» деп ұғатын мемлекеттік санаға ие болу үшін әлгі мемлекет міндетті түрде тәуелсіз болуы керек екен. Яғни бар гәп, бар кілт – тәуелсіздікте екен.
Ал жаппай мемлекеттік санаға ие болатындай қазақ байғұс қай уақыттан бері тәуелсіз? Тәуелділіктің жақындап келе жатқанын сезгендей, «Жатқа тізгін бермеңіз!» деп Бұқар жырау зар қақты. Патшалық Ресейдің құпия кабинеттерде жасалып, шұғыл орыстандыруға бағытталған «Жаңа низамы» қазақ даласына енгенде «Енді оңала алмассың, өз қолыңнан өз ырқың кетті» деп Абай зар жылады. Онан кейін «Ұлттық республика жариялаймын» деп Әлихан Бөкейханұлы жанталасты. «Түрік республикасын кұрам» деп Тұрар Рысқұлов жанын салды. Мұның бәрі қазақтарға мемлекеттік санасын қайтарып беруге бағышталған ұлы қадамдар еді. Амал не, 1933 жылы Құдайберген Жұбанов «Біз мемлекеттік санамыздан айрылып қалдық...» деді көкірегі қарс айрылып.
Жаратушы Жасаған Иемнің неге иімегенін, неге жібімегенін кім білсін, тарих – қазақ халқы үшін ет турағыш машина болып қана қойған жоқ, сонымен бірге олардың мемлекеттік санасын көктей солдыру, таптап тапау үшін әдейі жасалған алапат механизмнің рөлін де атқарды. Патшалық Ресейдің қазақтарды титықтатып, бөлшектеп отарлап-бұтарлауынан кейін іле-шала-ақ большевиктік бодандандыру басталды. Отаршылдар қазақтарды жүзге, руға бөліп қырқыстырса (Өзара атыстырып-шабыстырып, басын біріктірмес үшін патша өкіметі арнайы қаржы бөліп, арнайы тапсырма беріп, Алекторов тәрізді ғалымдарға қазақтардың жүздік, рулық құрамын зерттеткен. – Ә. М.), большевизм тапқа бөліп, қанға бөктірді. Патша өкіметі қазақты бөлшектеп орыстандырса, большевизм «бір орталыққа бағындыру» арқылы орыстандырды. Осыдан кейін «ұлттық бірлік» дегенді ауызға алу былай тұрсын, санаға алудың өзі мұң емес пе?
«Жалаңтөс» большевизмнен кейінгі «коммунистік асыл мұраттарға қызмет ету» кезеңі де мемлекеттік санамызды әлжуаздандыруға, алжастыруға «орасан зор үлес қосты». «Асыл мұраттың» бірі «атеистік сана» деп аталды. Анығырақ айтқанда, құдайсыздық, дінсіздік, имансыздық. Хаққа сенбеу – адам өмірінің өлшеулі екендігіне, бірақ адамдық парыздың өлшеусіз екендігіне, өлшеулі ғұмырыңда осы өлшеусізге (адамдыққа, адамият ұрпағына тән тазалыққа) үлес қосуға ұдайы ұмтылыс жасап отырмасаң, онда жаратылыстың да, дүние-болмыстың да үйлесімділігі бұзылатынына сенбеу деген сөз. Атеизмнің имансыздық болатыны да сол.
Екінші «асыл мұрат» – іргетасы жоқ интернационалистік сана еді. Яғни, ұлтсыздық. Еуроцентризммен уланбаған Шығыс пәлсапасына сүйенсек, нтернационализм дегеніміз – жер басып жүрген барша ұлттар мен ұлыстардың жойылып кетпеуін, олардың өз жері мен өз өтенінде өркен жайып, тілін, дәстүрін сақтап, дамытуын қадағалайтын және соған жанашыр бола тын иманды ілім. Ал біздің «интернационализміміз» қандай болды? Керісінше, «ұлттардың бір-біріне жақындаса отырып кірігіп кетуін көздеді», «жақындасу барысында өзге тілдердің жойылып, бір-ақ тілдің өмір сүретінін» дәлелдеп бақты және т.т.
Ғылымда «ассимиляторлық таным», «ассимиляторлық мәдениет» деген ұғым бар. Біздің «интернационализміміз» де осындай жойымпаз ұғымдардың сойылын соқты. Дәл қазір «мәдениеті гүлденген» қазақтардың 40 проценттен астамы өз ана тілінде сөйлеп, жазып-сызып, оқи алмаса – бұ да сол «қой терісін жамылған қасқыр-көзқарастың», яки ассимиляторлық мәдениеттің «жемісі».
Үшінші «асыл мұрат» – коммунистік сана болды. Мұның «міндеті» – ұлттық ерекшелігіне, қоғамдық даму ерекшелігіне, жағрапиялық жағдайына, дініне, тіліне, діліне, сенім-нанымына қарамай, «жер шарының еңбекшілерін ынтымақтастыра отырып дүние жүзінде біртұтас коммунистік қоғам орнату» болды. Әркелкі үйлесімнен тұратын әлемді «біркелкі бояумен баттас- тыра бояймын» деу – әрине, күпірлік, күшеншектік еді. (Ауғанстанға армия апару, Чехо-Словакияға десант түсіру – осы күшеншек сананың нәтижесі).
Төртінші «асыл мұрат» – «патриоттық сана» деп аталды. Мұның «парызы» әлгі үш «асыл мұратты көздің қарашығындай қорғау» болды.
Міне, осының бәрі біздің мемлекеттік санамызды тұралатып, діңкелетіп кетті. Енді осы жерде төмендегідей сұрақ тууы мүмкін: «Абылайдың тұсында қазақ тәуелсіз ел болды. Сонда қалай, қазіргі қазақтардың мемлекетшілдігі, мемлекеттік санасы Абылай заманындағы қазақтардікінен төмен бе?». Төмен. Шығыс пәлсапасының ұлы мұрагерлерінің бірі Дж. Нерудің Үндістан тәуелсіздік алған кезде «Біз халқымызға енді оның әу бастағы (ағылшындар отарлағанға дейінгі – Ә.М.) мемлекеттік санасын қайтарып беруіміз керек» деуінде тұңғиык сыр жатыр. Отарлауды, бодандануды, геноцидті, ассимиляторлық құқайды көп көріп, жасып, жүні жығылып қалған халықтай емес, тәуелсіз елдің кәрі-жасы өз мемлекетінің тәуелсіздігінің кепілдігі болып отырған үш ұлы құндылықты – ұлтты, жерді, елді қорлауға бермеуге, қорғауға әлдеқайда ынталы, құлықты келеді. Шақалақ ақынның «Тәуелді елдің иті де төмен қарап үреді» дегені – өмірден ойып алынған айшықты ақиқат.
Абылай тұсындағы қазақтардан біздің оқуымыз да көп, сауатымыз да жоғары. Бірақ... мемлекеттік санамыз төмен. Оған – Дулат Исабековтің аталған әңгімесіндегі замандастарымыз Сепентай мен Пашат куә. Сепентайлар мен Пашаттар куә.
Бұлар үшін ұлт – айырбастауға көнбейтін; сатып-саудалауға келмейтін ұлы құндылық емес, ойыншық. Көрінген аяқтың астында иленіп жататын кәдуілгі ар- занқол ойыншық. Енді әңгіменің өзін оқыңыз.
«– Енді не істейміз? – деді Пашат күрсініп. Сепентай ұзақ ойланып отырды да:
– Былай етсек қайтеді, – деді сыбырлап, – Тізім бойынша жетпей тұрған сегіз ұлтты сіз екеуміз келісіп, мына тұрған қазақтардың бірін пүшту, бірін шүршіт етіп толтырсақ. Жұмыссыз жүрген қаңғыбастар көнбей қайда барады?..
...Сепентай да істі көп соза бермей, өзіне керекті сегіз ұлтқа түрі келеді-ау деген сегіз қазақты ішке кіргізіп алды да «осылай да осылай, бізге мынадай ұлттың адамы керек, келіссеңдер, қазір оформит етемін» деген соң, басына қонғалы тұрған бақыттан айырылып қалғысы келмеген сегіз қазақ сегіз жерден жамырап қоя берді. – Ойбай, о не дегеніңіз, шүршіт болмақ түгілі шұбалшаң десеңіз де ризамыз, одан неміз кетеді, – десті бәрі өзеуреп...».
Ұлттық характерді ашу дегеніміз – сол ұлттың қасіретін, харекет-тірлігін бүркемелемей көрініске шығару. Әлгі бес қабатты екі үй салынып біткеннен кейін Сепентай мен Пашат та ең алғашқы ордерлерді түрлі ұлттың өкілдеріне («алдыңғы жылы Ираннан көшіп келген қызылбасқа дейін қалдырмай») арнап толтырады да, қазақтарға олардан артылган пәтерлерді ғана бөліп береді.
Бірақ қара басқанда, пайдалануға берілген «осы екі зәулім үйдің астынан канализация жүргізу ешкімнің ойына келмепті». Қоныстанып алған жұрт әжетханага кіре алмай, ваннаға кіре алмай, ас үйдің кранын ағыта алмай, у да шу болады. Жамыраса жүріп, үйдің астынан құбыр жүргізу керек деп шешеді. Әңгіме былай аяқталады:
«Екі жарым ай дегенде құбыр тартылып, екі зәулім үйдің асты кеулене бастады. Инженерлік есеп (демографиялық қойыртпақты қолдан жасап отырған империялық есеп деп ұғыңыз – Ә. М.) дұрыс болмады ма, бұл жердің топырағы бос па, астын кеулей бастағанда екі үйдің екеуі де бір-біріне қарай қисая бастады».
Көп ұлтқа арналып соғылған үй қисая бастады. Құлауға жақын. Әңгіменің лейтмотивіне ден қойсақ, демографиялық қойыртпақ, яки көпұлттылық ешкімнің көсегесін көгерте қоймайтын сияқты. «Қайдағы жоқты көңірсіткеніңіз?..». Сабыр, сабыр. Сәл сабыр етіңіз. Өзіңізді тоқтатыңыз да, авторлық позицияға параллель жасай отырып, бір ойланып көріңізші. Ойланып көрейікші. Кезінде Еуропада Австро-Венгрия деп аталатын мемлекет өмір сүрді. Артынан жеке-жеке ұлттық мемлекеттерге бөлініп кетті. Бір-біріне «Интернационалистік түсінігің төмен екен ғой, неге бөлінесің?» деп көз алартқан жоқ. Қазір екеуі де көрші хақылық, татулықта ың-жыңсыз өмір сүріп жатыр. Сол сияқты Норвегия да Швециядан бөлініп шықты. Исландия Даниядан бөлініп, жеке отау құрды. Бұл мемлекеттер қазір ешкімнен кем емес. Керісінше, дағдарысқа ұшырап, басы даң бо- лып отырғандар – көпұлтты мемлекеттер (Югославия, Чехо-Словакия және т.б.). Негізінен, бір ұлт мекендейтін мемлекеттер (Жапония, Швеция және т.т.) дамудың көш басында жүр. Кезінде екі мемлекетке бөлініп кеткен ұлттар бір мемлекет болып қайта табысып жатыр. Мәселен, Германия. Екі Корея да бұл жөнінде бір-екі рет пікір алысты. Бұлардың бәрінің көпұлттылықтан, біздіңше айтқанда, интернационализмнен ат-тонын ала қашатыны несі? Жоқ, әлде, көпұлттылықтың да кемшілігі бар ма екен? О не дегеніңіз, «көпұлттылық – біздің бақытымыз, артықшылығымыз»...
Не де болса, ара ағайынды тыңдайық. Украина ғалымы, Украинаның мемлекеттік қайраткері В. Чорновилл былай дейді: «Демографиялық қойыртпақ («көпұлттылық» дегені – Ә. М.) екі жаққа да пайдалы емес. Кезінде орыстар Украинаға ағылып келді. Осының әсерінен орасан зор демографиялық тайқазан пайда болды. Бұл тайқазанда ондаған ұлттардың өкілі шикілі-пісілі «қайнап» жатты. Ақыры не болды? Украиндардың едәуір бөлігі тілін, ұлттық мәдениетін жоғалтты. Ал өздерін нәрлендіріп, құнарландырып отыратын мәскеулік, тулалық, новгородтық, смоленскілік топырағынан ажыраған украиналық орыстар дәстүр-салтынан, ауыз әдебиетінен айрылды. Қазір Украинада 12 миллион орыс тұрады. Бұлар тек сан жағынан ғана өсті. Сапа жағынан өскен жоқ. Бұлардың арасынан кеңестік жетпіс жылдың ішінде бірде-бір белгілі жазушы (Одессаның әдеби мектебін есептемегенде), бірде-бір белгілі суретші, бірде-бір белгілі кинематографист шыққан жоқ. Сұмдық қой!..» («Союз» апталық газеті, № 41, 1991).
Шынында, сұмдық емес пе? 12 миллион халықтан бір жазушы шықпау дегеніміз сол халықтың рухани дағдарысқа ұшырап отыруының белгісі емес пе? Біле білсек, жазушының саны мен сапасы – рухани өркендеудің өлшемі де. Ал енді Қазақстанның кейбір өңірлерінен елу жылдан бері қазақ тілінде жазатын бірде-бір қазақ жазушысының бой көрсетпеуі қалай? Мұның себебін, біздіңше, демографиялық қойыртпақтан іздеген дұрыс тәрізді.
***
Дулат Исабековтің «Социализм зәулімі» әңгімесінің ендігі бір ерекшелігі, мұнда ұнамды кейіпкер жоқ. Түгел ұнамсыз. Бірі ¬– бойкүйез. Бірі – тантық. Бірі –берекесіз. Бірі – түкті біліп жарытып жатпаса да жүзге, руға бөлгіш. Бірі – мәңгүрт. Бірі – ...
Әңгімеге қатысатын көп кейіпкерінің ең болмағанда біреуін ұнамды етіп көрсетпегені несі автордың? Көпке, көпшілікке күйе жағуға болмайтын шығар? Жоқ, болады! Абайды тыңдаңыз: «Сократқа у ішкізген, Иоан Әріктіні отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп. Ендеше, көпте ақыл жоқ. Ебін тап та жөнге сал». Ұлы Абайдың ерек тұлға (өзі айтқандай, «единица») мен көптің (масса, коллектив, өзі айтқандай «өңкей шуылдақ», «өңкей нөл») ара-жігін ажырата сөйлейтіні тегін емес. Дулат Исабековтің мақсаты да мемлекеттік, ұлттық санадан ажырап қалған ортаның жай-күйін көрсету болған. Жол көрсетіп, жоба сілтейтін, жөнге салатын ерек тұлғасы жоқ көптің күйін, жалпының жайын шерту болған.
Жазушының тілдік қолданысынан да ерекшелік байқадық. Мына сөйлемдерге назар аударыңызшы:
«Жиналыста отырған жиырма бір адамның бәрі қазақ, қазақ болғанда да көпшілігі орысша білмейтін, білсе де суды «уада» дейтін қазақтар еді, соған қарамастан Оспан өз ойын түп-түгел орысша айтып шықты. Сөз орысша айтылған соң жұрттың бәрі ұйып тыңдады...»; «Олар «Южказэлеватормеленабебытстройдың» сәулетші жігітімен екі күн бойы келіссөз жүргізді»; «Осы жиналыста Сепентай өз қателігін мойындап, идеялық ауытқушылықтан тез арада, тіпті дәл қазірден бастап арылуға тырысатынын, ...әуелгі кезде солқылдақтық танытқаны үшін жиналыстан кешірім сұрады» және т.т.
Бұл не, стилистикалық артистизм бе? Жоқ әлде публицистизм бе? Екеуі де емес. Өмірдің өзі. Өміріміздің нақты келбеті. Біз де дәл осылай өмір кешіп жүрген жоқпыз ба?
Өтірік деңізші...
Әмірхан МЕҢДЕКЕ,
әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты