НАЙЗАҒАЙДЫҢ ЖАРҚЫЛЫ
2022 ж. 01 қыркүйек
3137
0
Биені жаз жайлауда сонау Жаныстың жағасындағы қалың шілік түбіне үй тігіп байлау үрдісін бастаған Дәріпжан атасы еді.
Бұл өзі, расында да, өте ыңғайлы іс-тін. Себебі, топырлаған жылқыны сығылыстырып үй ауласына қамамайсың һәм шіліңгір шілдеде оларды көлеңкелету үшін төбе күркелеп әурелену де қажетсіз, қаншама бие самал желпіген биік жапырақ саясында жайбарақат қана қатар-қатарымен үйездеп, құлақ қайшылап тұра береді. Жаздай буланып, гүл ататын тал қалыңдарының жұпар исі де мұрын жарады. Кең табиғат аясы ұсақ малға да жайлы-ақ, бұталарды айналдыра құрған жинамалы шарбақ ішіндегі шалғында еркін жусаған ашатұяқ сусамайды да. Іргеде сылдыраған жылғаның бір шеті қоршау жиегіне тиіп жатыр. Шөлдесең, шарбақ арасынан бас шығарып, тұмсық соз да, сораптап сіміре бер.
Малды ертеңгісін босата салып өріске айдау да оңай.
Осы үлгіні көпшілік жұрт та қуана қолдап, Дәкеңмен бірге ежелгі көшпенділік салттарын жаңғыртып, қоңыр күзге дейін жаппай өзен жағасында отыруды әдетке айналдырған-ды.
О тұс Төленнің мектепке енді ғана барғалы жүрген кезі. Жазды ылғи сонда өткізеді. Ертесімен жылқының алдынан шығатын көріністі керемет ұнататын. Күнде атасының:
– Ай, балам, ояндың ба, жүре ғой жылқыны күтіп алайық! – деген даусын күтіп, сергек жатады. Лып етіп тұрып, екі көзді уқалай салып, жалма-жан киінеді де, атасын жетелеп, ауызда жататын бірнеше ноқтаны іле-міле тысқа шығады.
Күншығыс тұстан тұяқтан көтеріліп, таң рауанымен мың құбыла боялған жеңіл шаңға көміліп, тау етегінде ыпыр-жыпыр құлап келе жататын тоқсан-жүз қаралы жылқының дүбірі – дала баласының делебесін қоздыратын сурет. Олай-бұлай ойнақтай жортып, құлдыраңдай шапқан сүйкімді құлындар да жүрек өрекпітеді.
Әлгі «тай жарысқан, бие қашқан» ығы-жығы, у-шу – дәл осы сәт. Бірі биесінің алдынан сұлы салған дорбасын немесе орта шелек суын ала жүгірсе, екіншісі иесін көре сала жалт бұрылып, жалтара жөнеген қулығын ұстай алмай ерсілі-қарсылы жөңкілген беймаза жұрт.
– Құрау-құрау!
– Ей-й, һайт, һайт! Мынау қайда барады пәтшағар?!
– Моһ, моһ!
– Құр, жануар! Құр!
– Тәк, тәк!..
Дәкеңнің үйі екі бие сауады. Соның өзі шағын отбасы мен бұл шаңырақтың келім-кетім кісісіне молынан жетеді. Әжесі айтар еді:
– Сендер үшін қазір ертегі ғой, соноу ертерек замандарда биені үйірімен байлайтынбыз біз. Жас кезіміз. Сабаның алыптығы сонша – далада, үй іргесінде байлаулы тұрады. Әлгі «бес бие» деген қайда, он биенің сабасы шығар. Әйтеуір, «Тайжүзген саба» дейді оны. Іште отырып сыртта өтіп бара жатқан аттылы біреудің дабырын естісең қайта-қайта: «Бұ қайсың-әй?! Сабаны пісе кет анау!» – деп дауыстайсың. Олар кімі болса да, қайырылып келіп, сабаны ат үстінде тұрып кезек-кезек пісіп кетеді. Ыдыстың биіктігін де содан-ақ байқай беріңіз. Со секілді қант-шайды да қаладан алдырамыз. Ат-арбамен әкелетін қанттың үлкендігі тура кісі бойындай. Әрқайсы алпыс-жетпіс келі тартады. Жігіттер алыстан жеткізіліп, сыртын ораған кенеп шүберегі сүйкеле-сүйкеле әбден жыртылып, түсуге айналған кір-кір қантты екі жақтап көтеріп, зорға кіргізіп жатады. Әр жылы сондайдың үш-төртеуін бір-ақ әкелтуші едік. Шетінен шағып жей бересің. Туған-туыс, көрші-көлемге таратасың. Соның өзінде талайға жетеді. Әне, кезінде ондай молшылықты да өткергенбіз...
Өзен жағасындағы үйлерде электр жарығы да, газ да болмайды, әрине. Кәресін шам жағып, тамақты жерошаққа, яки мосыға пісіреді. Түздегі тірлік осынысымен де тартымды.
Екі шелегімен бір-бір мойынағаш ұстаған қыз-қырқын ауыз суды «Жалғыз тал» бұлағынан тасиды. Өзеннің арғы бетінен жеті жүз-сегіз жүз қадам жерде шымырлап жататын қайнар. Қыздардың арасында, әлбетте, қоларба сүйретіп бірен-саран ботатірсек бозбала да жүреді. Әргі-бергі жолда қызыл-жасыл киініп, бір-бірін қажап, бұралқы сөзі де, әзілі де жараса, сылық-сылқ, тырқ-тырқ күлген бұл жастардың осы тірліктерінің өзі ғажайып бір мерекеге ұласар еді...
Бала Төленнің бір міндеті – күн сайын анау пілте шамдардың пиаласын тазалау-тын. Үш шамның шынысын сүртудің ешбір қиындығы жоқ. Үлдіреген күйе-күйе әйнек ішін: «туф-туф!» деп ақырын түкіріктеп сулап, кәдімгі ескі дәптердің парағын немесе газет жыртығын умаждап тығып, әдемілеп үйкелеп шығасың. Қол сыймайтын жерді шыбықтың көмегімен сүртіп, айнадай етіп жарқыратып қоясың. Осындай «еңбегі» үшін әжесі жетісіне бір рет, кейде екі рет он тиыннан береді. Киноға бару үшін...
Совхоз орталығының клубы онша алыста да емес. Өзен жағасынан төтесінен тартып, үй-үйдің арасымен салып барсаң, аралық, әрі кетсе сол, жеті жүз қадамдай шығар. Бірақ ауылдың киносы түнге қарай басталатыны мәлім, үлкендер кейде:
– Балам-оу, қараңғы түсіп кетті ғой. Ертіп апаратын ересек те ешкім жоқ жаныңда. Ит қауып алып жүре ме жолда... Бармай-ақ қойшы, не керегі бар со бар боғырдың?! – деп зорға жібереді.
Көбінесе бүйтетін – әжесі. Оның үстіне Төленнің мәдениет үйіне барардағы әр сәті әжептәуір «жыр». Атасы клубқа шығарында мұның шалбары мен көйлегінің өтектелген-өтектелмегенін тексереді. Жұлығы бүтін бе, өкшесі түзу ме, қисық па деп аяқ киімін ұстап көреді.
Далалық жағдайда шоқ өтекті қыздырудың да бірталай шаруа екені түсінікті ғой, мұндайда да салмақ тағы да Рақила әжесіне түседі. Ақыры баланың кинодан қалғысы келмейтінін байқаған о кісі шаршаңқырап отырса:
– Жарығым-ей, бара берші бір жолға өтектемей-ақ... Елдің қай баласы сәнденіп барып жатыр құлыпқа! (Әжесі де, кейбір өзге де ауылдастар көбіне құлыптаулы жабық тұратын клуб үйінің атын, шынында да, «құлып» деп ұғатын сияқты). – Және қараңғыда кім көреді сені?! Иә, сөйт, осылай-ақ бара бер! – дейді қолын сілтеп. Бірақ бірбеткей атасы тыңдасын ба:
– Қой, о не дегенің! Елдің баласында нең бар! Бұл дұрыстап барып дағдылансын баратын жерге! – деп, міндетті түрде өтектетеді.
Өзі жасының ұлғайғанына қарамастан шашты да сәнмен алдыртатын кірпияз кісі жай күндері де: «Жігіт адам қай кезде де жинақы жүруі керек. Жағаңды кір шалмасын. Қалтаңда бет орамалың болсын» деп қадағалап отырады.
Төлен алғашқы кластардан кейінгі де екі жазды осы өзен жағасында өткізді.
Сол жылдардың бірінде каникулға келген Есет ағасы бұған су жаңа волейбол добын әкеліп берген-ді. Қап-қара былғары доп. Жалт-жұлт етіп, көз жауын алады. Жеп-жеңіл. Бір қызығы, сол арқылы көптеген ересек балалармен танысты. Добына қолқа салып, со-но-у ауылдың шетінен ерінбей күнара келеді. Тіпті, өздерін бала деуге де келе қоймас. Жиырманың о жақ, бұ жағындағы, серейген-серейген жігіттер. Бір-екі сағат қана ойнап әкеліп берейік деп қиылады. Бере тұрайын десе көбін мүлде танымайды да. Не істерін білмей аңтарылып көп отырады. Бұ жағдайды түсіне қалатын жігіттер енді әжесіне жалынып, ойын біткен соң әкеп тастаймыз деп доппен бірге Төленнің өзін қоса сұрап әкетеді. Сонда қолыңда керек бірдеңең болса, көпшіліктің сенімен баласынбай тең дәрежеде сөйлесетінін, кәдімгідей санасатынын аңдап, ойланып еді.
Есеттің әлгі жолы осындағы құрбы-құрдастарын жинап, алтыбақан құрғаны да есінде. Бақандарды өзен жағасындағы өз үйлерімен жалғасып жатқан үлкен алаңқайдың екі тұсынан тіккен. Көгалды шалғын, түгін тартсаң майы шыққан өте құйқалы жер.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, Төлен бала ұйымдастырылу барысын аңдап-ақ, әлгі шараға қатты қызықты. Ағасының жолдастары жанығып жүріп үш-төрт күндей дайындалды-ау. Әңгіме ауанынан байқаса, үйден бақан алып шығудың өзі бір қияметтей. Шешелері оңайшылықпен бере қоя ма. Жоғалып кетуі мүмкін. Немесе сынады. Болмаса ауысып кетеді. Және санап көрсе, екі орынға қойылатын әткеншекке алты емес, он екі бақан қажет екен! Һәм бұларға қоса ұзын-ұзын, әрі берік арқандар керек. Ойын түн қараңғысында өткізілетіндіктен ортаға үлкен алау жағылатын сияқты. Оған да талай отын тасылады. Алтыбақанға жиналған жастардың бір бөлігі сол отты жағалап ән салып, би билейтін көрінеді. Шынында да, өте көңілді болатын секілді. Төлен бұл тамашаны қалайда жібермеу керек деп шешкен...
Қойшы, әйтеуір, дайындық жұмыстары сәтті аяқталып, бірталай күттірген алтыбақан күні де жетті-ау. Бірақ Есет қанша өтінсе де, кішкентай інісін әткеншекке әкетпеді.
– Ой, қой! Қызықсың ба, жас балалардың түнде жүруіне болмайды о жерде! – деп алмай кетті.
Қасында екі-үш жолдасы бар еді, бәрі жүгіре басып ойындарына жөнелгеннен кейін бірталай уақыт өткенде аздап ренжіңкіреп, атасы мен әжесінің қасында шай іше бастағанында кенет қатты шатырлап күн күркіреді.
– Астапыралла, астапыралла! – деді әжесі. – Бәсе, өзім де бағанадан бері жаңбыр жауып кете ме деп күдіктеніп отыр ем. Жарықтық төгетін түрі бар ғой.
Найзағайдың сатыр-гүтір еткен күркірі біртіндеп үдей түсті де, жарқылдап жасын ойнады.
– Піссіміллә, піссіміллә! Қап! Аналар су астында қалады-ау, а!..
Жаңбыр шелектеп құйды. Киіз үй сыртын біреулер мың-сан қолмен төпелеп сабай жөнелгендей тарсылдаған дыбыс құлақ тұндырды.
Біз мезгілде жауынға малшынған бір топ қыз-жігіт жау қуғандай сүріне-жығыла, сау етіп кірген. Өң-түс жоқ. Араларында шашы ұйпаланып Есет ағасы да жүр.
Тура кинодағыдай көрініс еді. Әуе дабылынан кейін гуілдеген бомбадан қашып блиндажды паналаған жауынгерлердей жүндері жығылып, үрпиісіп қалыпты. Қатты үрейленгендері көрініп-ақ тұр...
Ертеңіне аян болды, алтыбақан маңайына кәдуілгіше жай түсіпті. Қорықпай қайтсін. Бір жабағы өлген екен. Жасын оғы со байғұсқа тиіпті. «О қайдан жүр онда?! Кімнің малы екен?» деген сұрақ тумай ма.
Көршілері Мұхамедия дегеннің жабағысы көрінеді. (Мұхамедия – әлгі Айғали баланың әкесі еді).
– Шілік түбінде арқандаулы қалыпты.
– Оны неге шешіп алмаған бейшара?!
– Сен де қызықсың ғой. Ұмытып кеткен де! Немесе шаршап, қажып жүрген адам кішкенеден кейін босатып алармын деп қиясая қалғанында, ұйқы қысып қалғып кеткен шығар мүмкін! Жайбарақат оттап тұрған малым жер қара, күн жылыда аяқ астынан жай түсіп өле қалады деп кім ойлайды?!
– Сонда да дегенім ғой...
Осылайша әткеншекке барғандардың үстінен нажағай оты түскен түн ауыл ішінде недәуірге дейін гу-гу сөз болды.
Таңертеңіне жылқы келген соң биені байлап болып, шай ішіп отырғандарында Төлен Есет ағасына қарап жымиып күлген. Түндегі пұшайман кейпін елестетіп еді. Бүгін тіпті тұнжырап, ұнжырғасы түсіп қалыпты. «Ә, ертпей кеткен қалай екен?!» деген іштей мазағы да жоқ емес-ті.
– Уайымдама. Бәрібір тебеміз бүгін алтыбақанды! – деді ағасы күңк етіп.
Көзі көрмесе де, көкірегі даңғыл атасы мән-жайды дереу ұға қалады:
– Немене, ағаңды табалап отырсың ба? Күлме бұған. Мазақтама да. Қайта, Құдай сақтады де. Найзағай адамға түссе не болар еді?! Сені ертпей шыққанына рахмет десеңші!..
Елжас МАҒАЗҰЛЫ