ҚОС АЛЫП
2022 ж. 01 қыркүйек
3080
0
Батыр Бауыржанның Мұхтар Әуезов туралы ойларынан
«Әркімнің өз орны бар»
– Жазушылар одағының құрылтайында қандай жаңалық болды?
– Мұхтар Әуезовтей жаңа эпопея жазған ешкім жоқ деген сын айтылды.
– Мұхаң ¬– бір ғасырда да туа бермейтін талант. Құрылтайдан құрылтайға сондай туынды бермеді деулерің дұрыс емес. Мұхтардың жаратылысы, өскен ортасы, мектебі, көзқарасы өз алдына. Мұхтар – құбылыс! Мұхаңнан бұрын Мұхтар туған емес, Мұхаңнан кейін де тумайды. Орыс әдебиетінде Лев Николаевичтен бұрын Лев Николаевич туған емес, одан кейін де туғанын көрген жоқпыз. Бүгінгі жазушыларымыз өзінше тырысып Мұхтар болам деп жазып көрсін, күлкі-мазаққа айналады. Неге десең, екеуі екі басқа адам, екі бөлек талант, екі бөлек жаратылыс!
Мұхтардан асып түсемін, оның жазғаны түкке тұрмайды деп бірнеше роман жазғандар болды. Олар Мұхаңнан асып түсті ме?
Баяғыда әскерден босап Алматыға келдім. Келсем, сыншысымақтарымыз: «Мұхтар шығармасын драмадан бастады. Ол өзінікі емес, оны фольклордан алды, әдебиетімізге қандай жаңалық енгізді. Халық шығармаларын сахнаға инсценировка жасағаннан басқа ешнәрсесі жоқ, қайта барымызды бүлдірді», – деп жамандап жатыр екен. Солардың бірі Ғабеңмен (Ғабит Мүсіреповпен) сөзге келіп қалдым.
– Инсценировка дегеннің не екенін түсінбесеңіз Дальдің толық түсіндірме сөздігі бар, соны қараңыз. Орыстың ұлы композиторы Глинка дейтін кісі болған. Сол кісі: «Музыку создает народ, а мы, композиторы лишь аранжируем», – деп сырын айтқан. Ол өз творчествосы туралы қандай қорытынды жасаған десеңізші?! Сол сияқты аспаннан түскен ешкім жоқ. Абайды алып қараңыз, Абайдың әр шығармасының тереңдігі, тамыры халықта жатыр. Пушкинді алып қараңыз, Лермонтовтың жазбасынан оқығам. Біреу келіп Пушкинге басынан кешіргенін айтып бергенде, ол: «Жоқ, өзің жазғын, мен мұны жаза алмаймын», – деген.
Осылай тексере берсеңіз, ешқайсымыз аспаннан түскен жоқпыз. Эпос жағынан түрік тектес халықтар арасындағы ең бай халықпыз. Олардың авторы болмады дегенге мен сенбеймін. Әрине, олар өйтіп-бүйтіп қалбырдан өтті.
Эпоста редактор да, цензура да болған. Олар: «Әй, мына айтқаны дұрыс емес, былай айтқаны жөн», – деп өңдеген.
Мұны еске алу себебім, Ғабе, сіз Мұхтар туралы жоғарыдағы сөзіңізді ендігәрі айтпаңыз, ұят болады. Әріберіден кейін өзіңіздің пьсаларыңыз сахнадан түспей жүр. Соларды сіз аспаннан алдыңыз ба? Бұл көреалмаушылық деген нәрсе, ақсақал. Брусиловсийдің музыкасына либеротта жаздыңыз. Ол музыканы аспаннан алып па? Сіз де либероттаңызға материалды халық шығармаларынан алдыңыз. Ал ала білу, оның әрқайсысын орын-орнына қоя білу – үлкен творчество. Меніңше, творчествоның басты құпия сыры осы ерекшелігімен танылады.
Мұхтар бірден жазған жоқ, көп ізденіп жазды. Әрине, мен Мұхаңның архивін оқып көрген емеспін. Онда жаңалық былай тұрсын, көп қарама-қайшылық та болуы мүмкін. Абайды құртам деген әріптесіңіздің мақаласын оқыған шығарсыз. Кезінде Абайды сіз де мақтаған емессіз.
– Бауыржан, ойыңды түсіндім, – деді Ғабең кеңпейіл көңілмен.
– Түсінгеніңізге қуанам, Ғабе. Әркімнің өз шамасы, өз орны бар, – деп сөзімді аяқтадым.
Ақындық тапқырлық
– Жұмеке, жолың болсын, жолың болсын,
Биылғы жыл қамбаға астық толсын!», –
деген өлең бе? Астық дайындау маңызды іс деп өстіп жазып жүрген ақымақтар әлі аз емес.
Ақындық – ұйқас, ырғақпен бірге терең философиялық ойға, сезімге бай болуы керек. Ілгеріде Жамбыл бір ақынмен айтысыпты. Ол кезде бір ру бір руды кемітіп сөйлейтін. Сонда Жәкеңмен айтысқан ақын: «Сұраншы батыр дейсің, ол жаудан өлген», – деп кекеткенде, Жамбыл:
– Оның рас, Сұраншы жаудан өлген,
Жауға шауып, ұрандап лаулап өлген.
Сен мақтаған батырың үйде жатып,
Шытыр жеген өгіздей аунап өлген, –
дейді.
– Міне, ақындық тапқырлық! Бұл тірідей іреу ғой. Солай емес пе?
– Тіпті аузына құм құю.
– Руы жағының биі намыстанып, ақынының басынан қамшысымен тартып жіберіпті.
– Ойбай, биеке, не жаздым?
– Сен жеңілдің, оттама! – депті би. Шынында, Жәкеңнің «Шытыр жеген өгіздей аунап өлген» дегені нағыз образ!
Баукең бір қауым уақыт үнсіз қалып:
– Біз айтысты құртып жібердік, – деді басын шайқап. – Бұрын айтысқа цензура кішкене аздау болған. «Мені мақта» деген саясат ол кезде де бар еді. Алайда ақын арқасы қозғанда бетің бар, жүзің бар демеген. Ешкімнен именбеген.
Баукең темекі тұтатып тартты.
– Бір ақынды біздің апамыз оңдырмай жеңген екен. Қап, ол апамыздың аты есімнен шығып отыр. Оны Мұхтар Әуезовтің аузынан естіген едім.
Ешкімге дес бермейтін ақын жігіттерімен біздің Жуалыға келеді.
Ауылда бір еркек жоқ, бәрі мал басына кетсе керек. Апамыз реңді әрі ақылды екен.
– Жақсы келдіңіздер, – деп аттан түсіріп алады. Құнан қойды сойғызып, қонақ етеді. Ақын сөзбен жеңе алмайды. Аттанарында апамыз:
– Шаруаға байланысты ауылда ер кісілер болмады. Сөге жамандамаңыз, сізді жөнді де күте алмаған шығармыз. Келген бұйымтайыңызды айтыңыз, – десе, ақын қымызға қызып қалғаны ма, әлде ақымақтығы ма, ерде шіреніп отырып:
– Асылыңызды көргелі келген едім, – депті. Апамыз ашуланып, сасқалақтамай, қалтасына салып жүретін алақандай дөңгелек айнасын алып:
– Мә, көріңіз, – деп көз алдына тосыпты. Ақын аң-таң.
– Көрдіңіз бе?
– Жоқ, көрмедім. – Апамыз айнасын алдына тосқан күйі:
– Оның да сіздің аузыңыз сияқты аузы бар, сіздің ерніңіз сияқты ерні бар, сіздің мұртыңыз сияқты мұрты бар. Сенбесеңіз қараңыз, – депті. – Сіздің тіліңіз сияқты тілшігі де бар.
Ақын:
– Жігіттер, мен тірідей өлдім, кеттік, – деп атын бұрып ап қаша жөнелген екен. Мұны Мұхаң күлкіге шашала отырып:
– Ана жылы сенің ауылыңды аралағанда естіп едім. Сенің осындай от ауызды, орақ тілді, алғыр апаң болған екен. Ехе-хе-хе, – деп айтып берген еді.
– Неткен ұстамдылық, әдептілік, неткен ақылдылық. Ызаланып, ашулану жоқ. Бұл қазақ қыздарына тән үлкен мінездеме ғой, Мұха, – дегенімде:
– Пәлі, о не дегенің?! Мен көлкөсір ризалық сезімге белшемнен батып, рақаттана күліп отырған жоқпын ба? «Абай жолын» жазғанымда осы сияқты халық даналығынан көп тәлім алғаным бар, – деп қоңырқай жүзі ойлы қалыпқа еніп, шабаттана шаттанған еді.
Орынды жауап
Баукең темекі түтінін үрлей отырып:
– 1958 жылы Қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігіне «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас» пен «Жонарқа», «Помкомвзвода Николай Редин», тағы басқа шығармаларымды алып бардым. Бұларды орыс тілінде жаздым, – деді сұрағымды ескерген сыңай танытып. – Ол кезде жазушы ретінде атым шыға қоймаған еді. Басқа қандастарым танымал. Танымал болғанда, бәрі аударма арқылы танымал.
Менің шығармаларымды тоғызы мақтап, екеуі жамандап, барлығы он бір адам сөйледі. Талқылауды Алексей Александрович Сурков басқарып отырды. Ол кісі ең соңында:
– Бауыржан, сөйлейсің бе? – деді.
Мен сөйлеуден бас тарттым. Мұхаң... Мұхтар Әуезов төралқада отырған. Ашуланса, мұрнын тартып, созғылай беретін. Дәл солай етіп, жиналыс аяқталғанда:
– Әй, Бауыржан, ана жақтан такси ұстармыз. Жүр. Екеуіміз оңаша сөйлесуіміз керек, – деді.
Мұхаң СССР Жазушылар одағы мәжіліс залынан сұп-сұр күйде шықты. Москва көшесінде жаяу келе жатырмыз.
Жолда Мұхаң маған ашуланып, ренжіді. Мен үндемей төзіп келем.
– Сурков: «Мынауың қалай? Түсінбедім. Сөйлесін, ойын айтсын деп едім, бас тартты деді», – деп ұрсып келе жатыр. Менде үн жоқ. Екеуіміздің арамызда жүз пайыз түсініспеушілік орнады. Қонақүйге дейін бірталай квартал еді. Сол аралықты байқамастан жаяу жүріп өтіппіз. Такси ұстау да естен шығып кетіпті. Бұрын Мұхаң екі квартал жаяу жүрмейтін. Ондай әдет менде де жоқ еді. Екеуіміздің көңіл күйіміздің қандайлық дәрежеде болғанын осыдан-ақ біле бер.
Қонақүйге ендік. Менің бөлмем төменгі қабатта еді. Мұхаңды жоғары қабатқа шығарып салмақ болдым. Ол кісі «шығарып салма» деген көзқараспен қарады. Сондағы бір сөзі әлі есімде.
– Сен, Бауыржан! – деді зілмен. – Бұл кесапаттығыңды қойғын!
– Мұха, мәжілісте өзіңіз отырдыңыз, мен де отырдым.
– Әй, не дер екен деп Сурков әдейі сыйлап сөз бергенде, «жоқ, сөйлемеймін» дегенің қалай? Білсең, Сурков кім болса, соған сөз бере бермейді, сөйлесе де қоймайды! – деп Мұхаң тағы айқайлап ұрысты. Астапыралла-а!
– Немене сонша?! Ана екі «сыншыға» қарсы бір-екі ауыз сөз аузыңа түспей қалды ма? – деп мұрнын созғылап қойды.
– Мұха, қалай түсінсеңіз олай түсініңіз. Бәрін естіп отырдым. Қандай күйде болғанымды өзіңіз байқаған шығарсыз. Мен айтарымды айттым ғой. Соны сіз аңғармапсыз ғой?
– Сен не айттың?! – деп тағы айқайлады.
– Әлгі мені жамандап сөйлеген: «Сіз полковник, дивизия командирісіз, ұстазыңыз Николай Редин старшина. Неге бұлай?» – деп мені сынағанда:
– Ұстазым Рединді старшина, мені полковник, дивизия командирі, еткен Кеңес үкіметі. Сұрағыңызды Кеңес үкіметіне қойыңыз? – деп тастадым ғой. Одан кейін сөз шығын етудің қажеті қанша?
– Солай дедің бе? Мен саған ашуланам деп байқамаппын.
– Ол екі сыншыны менің «қамқоршыларым» күнібұрын дайындаған. Мұха, сыңаржақ пікірге өзіңіз неге тойтарыс бермедіңіз?
– Шынымды айтайын ба? – деп Мұхаң күлді.
– Шыныңызды айтыңыз?
– Олар менің де «қамқоршыларым» ғой. Мен де сөзімді қор еткім келмеді.
Екеуіміз де дауыстай күлдік.
«Браунинг» пистолеті
– Мұхаң, Мұхтар Әуезов әзіл аралас сөзіме:
– Жоқ, Бауыржан, тіпті де олай емес, – деп келіспеді.
– Егер жоғарыдағы сөзім ұнамаса, өмірді сүйсеңіз еркекше сүйіңіз деп өзгертейін. Келісесіз бе?
– Пәлі, Бауыржан, о не дегенің? Келісем, – деп Мұхаң жас балаша жадырай күлді.
– Мұха, артық кетсем кешіріңіз. Сізге соғыс даласынан алып келген суық қару – «Браунинг» пистолетін сыйға тартқаным есіңізде ме?
– Әлбетте, есімде.
– Оны сізге не үшін сыйладым?
– Ой, Бауыржан, ол жөнінде тіпті ойланбаппын. Өтінем, жауабын өзің айтшы.
– Сізге барлық істе де еркектік қасиет серік болсын дедім.
– Ол ниетіңе бек ризамын, Бауыржан, – деп Мұхаң тағы мәз бола күлді. – Енді сен мені тыңдағын. Бағанадан бері сөзіңді бөлмей төздім ғой. Мен махаббат мәселесінде чемпионмын, гроссмейстрмін.
– Онда, Мұха, мен сізге тартқан екенмін.
Екеуіміз де дауыстай күлдік. Осы кез ішке Валентина Николаевна еніп, дастарқанға шақырды. Мұхаңның үйінен түнгі екіде таксилетіп қайттым.
...Ой құшағында отырмын. Шіркін, Мұхаң мен Баукең өмірге көзқарасы, ішкі әлемі үйлескендіктен етене жақындасқан екен ғой. Түнгі сағат екіге дейін араларында біз білмейтін қандай сыр айтылды? Білер ме едік, шіркін, деген ойға берілдім. Өкінгенмен, амал жоқ, ол бізге жұмбақ...
«Оның сақ болғаны орынды»
1943 жылы майданнан Алматыға емделгелі келіп, Қазақ ССР-і ғылым академиясында отыз бір сағат лекция оқығанымда Мұхаң... Мұхтар Әуезов лекцияма басынан аяғына дейін қатысып, айтқандарымды конспект ретінде жазып отырыпты.
– Мінеки, әкемнің сондағы конспектісі, ал мынау Бауыржан ағаның хаттары, – деп Мұхаңның қызы Ләйла Мекемтасқа жинаған материалдарының шет жағасын көрсетіпті.
– Маған беріңіз, мен оқып шығайын.
– Жоқ, болмайды. Әлі ерте. Бұл ерекше папкі, – депті Ләйла.
Соны Мекемтас маған көңілі қалғандай айтты.
– Әй, қой, ол өзінше дұрыс істепті. Әзір сен оған араласпа. Неге десең, сен музейге қызметке жақында ғана қабылдандың. Ләйла сені жөнді білмейді. Сол себепті оның сақ болғаны дұрыс, – дедім.
Құснихат
ПАРАСАТ БИІГІ
Ұлы тұлғаларымыздың риясыз бауырмалдықпен, шынайы достық қарым-қатынаспен бір-біріне жазған хаттары рухани өмірімізден ерекше орын алып, жан-дүниемізді, ой-санамызды барынша байыта түсері анық. Бұл ретте халқымыздың асыл ұлдарыы Мұхтар Әуезов пен Бауыржан Момышұлының бір-біріне деген мөлдір сүйіспеншілігі, ыстық ықылас-ниеті ұрпағымызды терең ойға қалдырып, тура жолға бастайтын, баға жетпес рухани қазына дер едік. Сөзіміз дәлелді болу үшін қос алыптың хаттарына көңіл бөлелік.
«Ардақты Мұхтар аға!
«Абайдың» бірінші кітабының жарыққа шығуына өте қуаныштымыз. Бұл хабар қазақ әдебиетінің тұңғыш ұл баласының қайта туғанындай болып естіледі. Амандық болса, оқып көріп, пікірімді адал ниетпен айтармыз деп үміттенемін» (18.08. 1942 ж.) деп қысқаша жазса, екінші хатында: «Тайгасовтан беріп жіберген «Абайды» алдым. Өте көңілді. Сізге бас иіп, рақмет айтамын. Уақтылы, уақтылы терең оймен жұмырылып оқымасам да, ат үстінен шетінен кеміріп жүрмін. Сындауға, міндеуге, оны терең ойлауға уақыт керек қой. Әсіресе, кәсібі сыншы, мінші емес, әдебиеттен тысқары қара бұқара адамға. Сөйтсе де «Абайға» беретін менің бұқаралық бағам, мен және мен сияқты оқушылар бұрын «орта жастағы Абайды», «жасы келіп қалған Абайды», «қарт Абайды» ғана танитынбыз.
Сізге таныс та, тамыр да емеспін. Қошамет етіп жалпаштанар жайым жоқ. Мен солдаттың ерлігіне, ептілік шеберлігіне, әдіс-айласына дұрыс, әділ баға беріп үйренген солдатпын. Мен Сізге, Сіздің жазған тарихи «Абайға» көзқарасымды өзгертіп, ұстаған жолымнан таймақ емеспін, көргенімді өзімше айтпақпын.
«Абай» өте көркем шеберлікпен, арғымықтай сынды, тап-тұйнақ, пысық, қысқа, өте мазмұнды ( артық сөзсіз) қазақтың жалпақ әдемі тілімен жазылыпты. «Словам тесно, мыслям просторно» деген екен баяғыда бір оқыған. Бұл сіздің талантыңыздың табысы екендігінде сөз жоқ. Егер де «Абайдың» екінші кітабын сіздің кейбір бірадырларыңыз жаза қойған болса, былжыратып, аумағын аз дегенде «құрандай» етіп жазуы да сөзсіз.
Зере мен Ұлжан Абайдың ғана емес, барлық халық анасы, аналық (халыққа) сезімі мол, елдің мұңын мұңдап, жырын жырлаған аналар болып ақиқат көрсетілген. Оларға қарсы мейірімсіз, қатігез, қатал, деспот Құнанбайға жолыққанда денең түршігеді. Бала Абай осы екі оттың – екі ықпалдың арасында толығынан көрсетіліп, тарихи анық айқындалған. Мен «Абайды» таныдым, көптен бергі сұрақтарыма сізден мазмұнды, мәдениетті, тарихи шын жауап алдым. Қазақтың салт-санасы, әдет-ғұрпы толық, айқын, көркем суреттелген (мен олардың шет жағасын көргемін, сондықтан түсініп, біліп отырмын, тек айтылған сөз деп таппаңыз). Қоғамдық жұрт мәселелері жағына Сіздің еңбегіңізге «Слог охаректеризует не только человека, но и общества данной эпохи» – деген Гогольдің айтқанынан басқа айтарым жоқ.
Әзір «Абайды» парақтап, ең аяғында «мазмұны» деген бетті оқып отырып, біраз кейін шолып қарасам, «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Өрде», «Қияда» деген аттар тек жазушының қоя салған аты емес көрінеді-ау. Оларда мән бар екен. Оныңызға да азғана болса да түсінгендей болдым-ау деймін. Бұрын олар ойыма келмепті ғой. Жаңа ғана білсем не істерсіз?
Менің қысқаша пікірім осындай. Б.Момышұлы. (18.10.1942ж.)».
Шынайы сезімімен бірінші болып ықылас білдірген Баукеңді Мұхаң шын ағалық пейілімен ұнатып, іле-шала жауап жазады. Баукең кешіктірмей тағы хат жолдап, тағы хат алады. Осылайша бір-бірімен үзбей пікір алмасу басталады. Бұл пікір алмасулар бүгінгі, ертеңгі қаламгерлеріміз үшін де ұмытылмас мәнге ие.
Бір ғана мысал. Хатпен жіберген Мұхаңның Әлжаппар Әбішевпен бірігіп жазған «Намыс гвардиясы» пьесасы қолжазбасын оқып шығып, Баукеңнің ұнатпаған пікірін ашық та ащы білдіруі – ақын-жазушыларымызды, өнер адамдарын ғана емес, қарапайым оқырмандарымызды да терең ойға қалдырғаны анық.
Майдан төрінде, алғы шепте соғысып жүрген Баукеңнің: «М.Әуезовтің «Абайы» ұлы шығарма, бірақ кейбір жерлерімен келіспеймін. Неге? Себебі не? Сіз Абайды көтеремін деп Құнанбайды кемітесіз. Бұл өте үлкен қате деп білемін. «Иттен ит туады боқ жейтұғын, малдан мал туады шөп жейтұғын» дейді. Осы прниципті Мұха саясатқа бейімдеуге бардыңыз.
Құнанбай – ол қазақтың Иван Грозныйы. Иван Грозный мақсатына жетті, Құнанбай жете алмады. Сіз осыған түсінбедіңіз» деген өткір пікірін ашық білдіреді
Оны қалай қабылдағанын Мұхаңның жауап хатынан аңдаймыз. Ол кісі ешқандай шамданбай: «Бәрін мойындаймын. Бізде өстіп тікелей айтатын ақылгөйлер жоқ. Сенің айтқандарың маған көптеген ойлар салды. Әділ сыныңды, пайдалы пікірлеріңді көңіліме ауыр алғаным жоқ», – деп өз тарапынан кешірім сұрауы – даналықтың үлгісі дерліктей. Ойы таяз өзімшіл біреу болса, кешірім сұрап жауап жазу орнына бет көріспей кетер еді.
Баукең кешіктірмей: «Дидарласпай тұрып араздаспайық», – деп кішілік, інілік көңілін білдіре келіп: «Я бываю резким и грубым в выражениях, согласен – это мой недостаток. Очень сожелею, что могу помочь вам только за ваши же оплошности», – деп жазғанының сырына ой жіберсек, «өктеммін, дөрекімін» деген сөздерді Баукеңнің жұрттың кішіпейілдікпен айта салатын әдетімен жазбағанын, ол сөздердің астарында қойнау-қойнау сыр жатқанын аңдаймыз. Баукеңнің табиғатында ешқандай өктемдік, дөрекілік жоғын, оның: «Мен сияқты адамнан өктемдікті, дөрекілікті табу қиын», – деп жазса, өзін-өзі дәріптеу, ақталу, бөспелік болып шығатынын Мұхаң сезген, білген, Бауыржанның адамға жаны ашығандықтан шындықты тап-таза күйінде бетке айтатын, өте жоғары мәдениетті адам екенін таныған. Жарамсақ, жағымпаз жандарша өтірік сөйлемей, «жолдастарыма өктеммін, дөрекімін – бұл менің кемшілігім» деуі – Баукеңнің екінің бірінің қолынан келе бермейтін жетістігі, халқымыздың «дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» дегенінің кері екенін Мұхаң нәзік түсініп, мойындаған. Ол кісінің кешірім сұрауының түп-төркіні осында жатыр.
– Оңаша сырласып отырғанымызда: «Ашулануыңызды қойып, сабаңызға түсіңіз. Содан кейін маған кезек беріңіз. Сөз жүзінде сіздің алдыңызға түсетін адам жоқ. Бүкіл әлем таныған сізге қателесуге болмайды. Абай ешуақытта әкесіне бір қарсы сөз айтып көрген емес. Абай ақылды, дана адам. Қодарды өлтіру – Құнанбайдың өміріндегі әділетті шешімдерінің бірі болатын», – дедім деуі де Баукеңнің сыншыл, ойшыл қасиетінің қандай өреде екенінен хабар береді.
...Баукең шын мәнінде ерекше тұлға. Профессор Есмағамбет Ысмайылов кезінде қатал қайрат иелерін үнемі өткен тархымыздан іздеп келгенін, қатал қайрат иесі деп тек өжет, мықты батырлар емес, ақылды, айласы қайратына сүйеу болып, отыратын, қиын-қыстау күндерде ел-жұртын, әскерін тас қамау, тар асулардан алып шыққан қолбасын, мемлекет басшыларын айтатынын, сондай қолбасы, қатал қайрат иесі Бауыржан екенін мақтана жазған болатын.
Жасыратыны жоқ, кейбір жандар тарапынан Баукеңді: «Кісі көңіліне қарамайды, дөрекі», – деген алыпқашпа сөздерін Мұхаң да талай естіген шығар-ау. Біз шындықты айтқан адам ешкімге ұнамайтынын, оның сырын түсінуге кез келген жанның өресі жете бермейтінін, жетсе де мойындағысы келмейтінін Мұхаң білгендіктен Баукеңді ерекше жақсы көріп, құрметтеген-ау деген ойдамыз.
Баукеңнің: «Жіберген қателігіңіз үшін сізді жазалаймын. Соған өкінем» – деуі «қателік жіберу сізге жараспайды» дегенді астарлап жеткізген ескертуі тәрізді. Дөрекі, оспадар жан: «Сіздің жіберген қателіктеріңізді түзетерлік пікір айтқаныма ризамын», – деп бөсуі де мүмкін ғой.
Баукеңнің: «Сіз талантты адамсыз. Бәйгенің алдын бермейтін жүйріксіз. Есекпен қосақтасқаныңыз қалай?» – деп шымбайына батыра айтқанын Мұхаң көңіліне алмай, Баукеңе ұзақ хат жазуы «Бауыржан ешқандай дөрекі емес» деген біздің пікірімізді тиянақтай түскендей. Бұған қоса Шығыс Қазақстан облысы Аякөз ауданының біраз жыл әкімі болған Аманкелді Керімтайдың: «Бауыржан шала тентек емес, дана тентек» деген халықтық бағасын ескерсек, Мұхаң талғамының қаншалықты биік екенін алғаусыз аңдаймыз.
Баукең Мұхтар Омарханұлымен достық қарым-қатынасын әрдайым сүйіспеншілікке толы сезіммен еске алады. «Мұхаң білуге құмар (любопытный) адам еді. Ол кісі әр сасық құдыққа үңілмейтін» деген мінездемесімен өзінің де таным тереңдігінен хабар бергендей. 1943 жылдың желтоқсан айында Баукең Алматыға келгенде, құшақ жая, қуана қарсы алғандардың бірі Мұхаң екен.
Талант әр кезде де тапқыр, алғыр келеді ғой. Баукеңнің тұлабойындағы қасиеттерін жіті танып білген Мұхаң сол кездегі Қазақ ССР-і Ғылым акедемиясының президенті Қаныш Имантайұлы Сәтпаевпен ақылдасып, Баукеңнің соғыс тақырыбындағы әңгімесін өз аузынан есіту мүмкіндігін қарастырады. Соның нәтижесінде Баукең жиырмашақты таңдаулы академиктерімізге отыз бір сағат дәріс оқиды. Ол кейін орыс тілінде «Психология войны», қазақ тілінде «Қанмен жазылған кітап» деген атпен қалың оқырман қолына тиіп, шексіз мақтаныш, әрі таңданыс сезімін туғызды. Психология ғылымының докторы, профессор Құбығұл Жарықбаев Алматы жоғары оқу орындарының оқытушы психологтары бас қосқан үлкен жиында: «Мұндай соғыс психологиясын терең ашып көрсеткен сүбелі еңбекті атақты маршалдар мен генералдар, тіпті атақты психолог Тепловтың да жаза алуы неғайбыл. Өйткені олар Бауыржан Момышұлы басынан кешкен қанды оқиғаларды өз бастарынан кешкен жоқ», – деген болатын.
Осы орайда, шіркін, Мұхаң қандай сезімтал, қандай алысты болжағыш деген ойға берілесің?! Егер ол кісі сол жолы Қаныш Имантайұлына қолқа салып, «соғыс жағдайын Баукеңнің өз аузынан естиік» деп ұсыныс жасамағанда, баға жетпес, аса құнды «Психология войны», «Қанмен жазылған кітап» дүниеге келмес еді. Қолына қалам ұстап жүрген бүгінгі бауырларымызға Мұхаңның осы жанашыр, қамқор қасиеті жұқса ғой деп тілек тілегің келеді.
Мұхаң мен Баукеңнің мөлдір бауырмашылдығына, шынайы достығына ешқашан сызат түскен емес. Екеуі бір-бірін іздеген, көрмесе сағынатын болған. Дәлел керек пе? Тыңдаңыз. «Әскери Академияда оқып жүргенімде Алматыға келдім. Мұхаң мен келісімен үйіме келуші еді. Келіп, кетіп жүргенде көп әңгімелесіп отыратынбыз. Ол кісі шыдамды еді. Тыңдай отырып, оқта-текте бір сұрақ қоятын...
Мәскеуге келгенде мені тауып алатын. Телефонмен тапса:
– Әй, Бауыржан, уақытың болса, екеуіміз түстік ішейік те, – деп шақыратын.
– Иә, Мұха, қашан? – деп қол тисе, баратынмын. Барам деп уәде берсем, тапжылмай күтетін. Тапсырысты өкірте беретін.
– Бауыржан, көптен бері кездеспей кеттің. Бүгін ешкімді шақырғаным жоқ. Екеуіміз кеңінен емін-еркін сөйлесейік деп шақырдым, – деп әңгімені өзі бастайтын».
Мұхаңның: «Біздің қазақтың біреуі бастық болса, енді бізді қанатыңның астына алып, бағып-қағасың деген жаман әдет бар ғой, Бауыржан. Менің құдаларым тек өз еңбектеріне сүйенген жандар. Жақсы адамдармен жекжат болғаныма қуаныштымын», – деп Димаш Ахметұлы Қонаевпен құда болғанын Баукеңе сеніп сыр шерткені де бәрімізді ойлантады.
Біздің бір байқағанымыз – мұндай бір-бірімен шынайы бауырмал, дос болудың пайдасы көп. Ең бастысы бір-бірін рухани байытып, жемісті, байсалды еңбек етуге көмектеседі. Соның бір жарқын мысалы Мұхаңның қолқа салуымен Баукеңнің соғыс тақырыбына ұзақ сағат дәріс оқығаны. Бұдан шығатын қорытынды – өзімшілдік, қызғаншақтық мағынасыз дау-жанжалға жол ашып, әдебиетіміздің, жастарымыздың дамуына кесірін тигізетінін ескерсек екен.
Сөз етіп отырған екі ұлы тұлғамыздың танымдық, тағлымдық қарым-қатнасы, сыйласқан, сырласқан кездері тіпті көп. Оны кезінде сөз етерміз. Мұхаңның алып жүрегінің тоқтағаны туралы суық хабарды естіген сәттегі Баукеңнің қандай ауыр хал кешкенін өз сөзіне құлақ түре отырып пайымдайық.
«Елдің атын ер шығарады. Махамбет, Шоқан, Абай, Ыбырай, Жамбыл бір-біріне ұқсамайды, әрқайсысының өздеріне жарастықты атақ шеңберлері бар. Тарихта орындары бар. Мұхаңның орны ғылымда, әдебиетте, қоғамда, тарихта.
Мұхаңның көзі тірісінде ол кісіні біз де, достарымыз да, дұшпандарымыз да қазақтың ұлы перзенті деп таныған. Абзал аға, әлемге атышулы жазушы, зерек ұстаз, ғалым, белгілі қоғам қайраткері, халқымның ұлы перзенті Мұхаңның ұзақ сапар тартқанын естігенде, қабырғам қайысып, жүрек бауырым құм болып, еңіреп жыладым. Мұхаң бізге сегіз қырлы, көп сырлы мұраларын қалдырды. Кен- мұраңыз жас ұрпақтың сансыз алғыс айтуына күмән келтірмейді. Жатқан жеріңіз торқа болсын, ағатайым!».
Міне, бір-бірін шынайы бауырым, досым деп танып, адамгершілік туын биік ұстаған, бақастық, бақталастықты, көре алмаушылықты бастан құлақ садаға еткен, өзімнен кейінгілерге ізгіліктен із қалдырсам, ойлы, жақсы істеріммен мен де халқыма олжа салсам деген жасқа да, жасамысқа да алыстан ат сабылтып іздеуді қажет етпейтін дайын өнеге. Бәрінен қандай қасиетті, мәңгілік өнеге десеңізші!
Мамытбек ҚАЛДЫБАЙҰЛЫ,
бауыржантанушы.