СЫНШЫ МҰРАТЫ
2022 ж. 14 тамыз
1995
1
Әдебиет көкжиегін кеңейтті
Шәкір ИБРАЕВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор
Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихында рухани мұра қалдырған тұлғалардың еңбегі туралы айтқанда мән-маңызы айқындалуы керек екі аспект айшықталып шығады. Бірі – әдебиеттанудың сол дәуірдегі ғылыми парадигмасымен ғалым зерттеулерінің ара-қатысы, қалыптасқан ұстанымдарды және қағидаларды өзгертудегі зерттеушінің рөлі. Екіншісі – жалпы ұлт мәдениетінің даму үдерісінде уақыт өтсе де күн тәртібінен түспей келе жатқан маңызды ой-тұжырымдардың өміршеңдігі.
Сөзімді бірінші мәселемен байланысты өрбітер болсам, әдебиеттану ғылымының қабылданған тұғырнамалары және олардың сыншы еңбегіндегі көрінісі дейтін тақырыпқа қарай ойысады. Себебі, рухани дүниенің арасалмағын дәл мөлшерлеп білмесек те оны әдебиеттанудың пән ретіндегі ұғымдарымен өрелестіру барысында бағамдап білуге болады деген ойдамын. Атап айтқанда, бұрын да, қазір де үлгі ретінде алынған принциптер, теориялық-әдістемелік ұстанымдар, шешуші мәні бар көзқарастар мен тұғырнамалар зерттеуші еңбегінде қалай пайымдалды, не өзгерді дейтін мәселелер маңында топтастырылуы қажет.
Парадигмалық мазмұны бар категориялық ұғымдар жинақтай келгенде, кімнің кім екенін зерттеуші ретінде анықтауға мүмкіндік берсе керек. Онсыз тілде тиек жоқ. Жасыратын не бар, қазіргі өлшеусіз де мөлшерсіз қылығымыз баз біреулерді төрдің ең биігіне шығарып, оған арнап төкпе сөзді төге беретіндей жағдайға ұшырадық емес пе?!
Иә, әр нәрсенің өз қисыны бар дейміз. Әсіресе, қазіргі әдебиеттану ғылымына мұндай қисын қажет-ақ. Себебі, ғылыми пәннің заманауи парадигмасы, заманмен бірге сабақталып келе жатқан теориясы, саналанған стандарты, әдістемелік жүйесі болуы тиіс. Онсыз әдебиеттану ғылыми пән болудан қалады.
Бұл мәселені көзтүрткі қылып айтып отырған себебім, бізге, әдебиетші ғалымдарға тәуелсіз санамызға сай асылды жасықтан, шындықты өтіріктен, шынайылықты жасандылықтан, жағымпаздықтан ажыратып, ғылымның талабына қарап сөйлейтін уақыт жетті. Жағдай әдебиетке де, ұлтқа да сын болуда.
Әдебиет алаңында рухани тазалық болмайынша ұлттың рухани дүниесінің бүтіндігі туралы сөз қозғаудың өзі басы артық әрекет. Рухани өрісіміздің кеңдігі ең алдымен көркемдік-эстетикалық, танымдық, тәрбиелік қызмет атқаратын әдебиеттен басталуы керек деген ойдамын.
Мұндай көзқарас өткен тұлғаларымызға да қатысты таратылып айтылғаны орынды болмақ. Себебі ұлт мәдениетінің тұтастығы мен сабақтастығы осы ұғымдардан жинақталады.
Тұлға мен дәуір, ғалым мен ғылыми пән бір-біріне қарайлас, шамалас негізде сипатталғанда ғана әңгіменің пән ретіндегі мәні ашылмақ.
Тәуелсіздік жария болып, еліміз егемендік алудың аз-ақ алдында мезгілсіз дүние салған белгілі сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың артында қалған мол мұрасына зерттеуші көзімен зер салар болсақ, оның еңбегінің мәні XX ғасырдың 70-90-шы жылдарындағы әдебиеттанудың парадигмалық ізденістерімен бірлікте ойға оралады. Осыған сәйкес дәуір әдебиеті мен әдебиеттану ғылымы қалай болды және олардың бағыт-бағдарына, тұғырнамалық пайымдалуына С.Әшімбаев нені алып, нені қосты дейтін мәселе бедерленіп шығады.
Жасыратыны жоқ, материалистік философияға негізделген әдебиеттанудың сол кездегі ұстанымдарында орын алған әдіс, ағым, әдебиеттің қондырмалылығы, партиялығы, халықтығы, таптық принциптері, әдебиеттегі типтендіру, даралау, жинақтау, социалистік мазмұнның формаға айналу ерекшеліктері дейтін мәселелер сыншы зерттеулерінде қалай шешімін тапты екен деген сауалдар көкейде тұрды.
Осы тұрғыдан келгенде С.Әшімбаевтың ізденістерінде қалыптасқан қағидаларға үндесе бермейтін өзгерістердің барын аңғардым. Атап айтқанда, социалистік реализм әдісінің субъективті факторларға жолбермейтін түжырымдамалық ұстанымдарының іргетасы сөгіле бастапты.
1974 жылы жазылған «Биік мұрат тұрғысынан» дейтін көлемді мақалада көркем әдебиеттегі психологиялық талдаудың маңызы, образдың күрделілігі мен субъективтік сипаты қарастырылған.Осы бағытта қалам тартқан Еуропаның және орыс әдебиетінің классиктеріне қатысты қозғалған «сана ағымы» («поток сознания») мәселесі қаузалыпты. Қазақ жазушыларынан М.Әуезов, Ә.Нұрпейісов, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, А.Сүлейменов, О.Бөкеев, т.б. шығармалары да осы қатарда талданады.
Бұл жағдай кездейсоқ емес. Себебі психологиялық талдаудың сол кездегі картинасында әдебиеттің қалыпты шекараны бұзар әрекеті бар болатын.
С.Әшімбаев атын атап отырған М.Бахтиннің еңбектері де енді ғана таныла бастаған кез. В.Шкловскийдің формализмге, Ю.Лотманның структурализмге қатысты зерттеулері де осы тұста мәселе болып көтерілді.
Міне, осы өзгерістермен бірге идеологиялық ұстанымдарға негізделген Кеңес дәуірінің әдебиеті мен әдебиеттану ғылымыда әлемдік әдеби үдерістерге қарай ақырын бет бұрғанын көреміз.
Сағат Әшімбаев былай деп жазады: «Образ жасаудың әлімсақтан белгілі «архаикалық» жолдарының қазіргі әдебиеттің прогресшіл дамуы жағдайында өрісі бірте-бірте тарылыңқырап бара жатқан сияқты. Оның өзі бүгінгі заманғы әдебиетке қойылатын интеллектуалдық талаптарға, әлеуметтік талғамныың өсуі мен өзгеруіне, өмірдің алға дамуына сәйкес адам жанының күрделенуіне тікелей байланысты болып отыр» (Сағат Әшімбаев. Шығармалары. I том, 248).
Осы жолдардағы «адам жанының күрделенуін» биологиялық- физиологиялық өзгерістердің аяқ астынан пайда болған нәтижесі деп түсінбесек керек. Бұл әдебиет пен әдебиеттануда қол жеткізе алмай келе жатқан психоаналитикалық үдерістердің көрінісі екені анық. Ал енді көркем әдебиеттегі әлімсақтан белгілі архаикалық «жолдар» деген сөздердің мәнін тұп-тура социалистік реализм әдісінің өзі демеске лаж жоқ. Себебі көркемдік әдісті тарылтқан тұсау басқа емес, дәл осы әдістің өзі болатын.
Енді мына бір түйінді мәселеге назар аударайық: «Бажайлап қарайтын болсақ, мұнда кейіпкердің мінез-құлқын, ар-ожданы мен ақыл-ойын, парасат-пайымын, сезім әлемін, қысқасы адамдық бар болмысының күнгейі мен көлеңкесін тікелей іс-әрекеті арқылы ғана емес, сол объективтік әрекетке субъективтік көзқарасын, түйсігін, өзінше сезініп қабылдауын, осы арқылы санадағы психологиялық процестердің өзгешелігі мен өзгерістерін типтік шеңберде реалис- тікпен суреттеу үстінде ішкі дүниесін ашуға творчестволық мүмкіндік мол екен» (Сағат Әшімбаев. Шығармалары. I том, 247-6.).
Психологиялық талдауға қатысты айтылған осы бір ойдың астарында сол кездегі әдебиеттанудың негізгі ұстанымдарымен үйлеспейтін қарама-қайшы мәселе тұр. Себебі «объективті әрекетке субъективті көзқарасты» қосақтау әдебиеттегі социалистік реализмге тиесілі жасампаз образ, даралау, типтендіру, жинақтау, сөйтіп таптық, халықтық, партиялық дейтін ұғымдармен сабақтастыру практикада жүзеге аса қоюы қиын шаруа. Адамның ішкі дүниесіне үңілген сайын осы өлшемдер бекіп, бірігеді емес, керісінше, ыдырау, жасанды қағидаға қарсы шығу үдерістері қарқынды жүретіні айдан анық.
Ішкі дүниесіне ырық берген адам ашаршылықты, репрессияны, сірескен идеологияны, билік өктемдігін, еркіндікке тұсау салынғандығын байқамай қоймайды. Ал идеологиямен жүріп-тұратын адамда субъективті түйсік пен түсінікке, сезім әлеміне, өзінше пайымдауға орын жоқ. Суреткердің ішкі дүниесіне мейлінше тереңдеп баруы – субъективтіүдеріс. Оның типтендірумен, жинақтаумен, партиялықпен, материалистік философиямен және қондырма идеялогиямен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.
Еуропа жұртшылығын демократиялық үдерістерге жеткізген әрекеттердің ағымында сол елдің экзистенционалдық ойлау жүйесінің нәтижесі жоқ деп ешкім де айта алмайды. Көркемдік-эстетикалық өрісте жүзеге асатын ой мен сезімге нұсқау беру шығарма шылықты тұйыққа тірейтін шаруа. Сағаттың психологиялық үдерістерді Ф.М.Достоевскийге байланысты түйіндеуі кездейсоқ емес. «Психологтік көрегендік туа бітетін қасиет дейтініміз, Достоевский шығармашылығындағы суреткерлік, адам жанының психологиялық толқулары мен нюанстарының нақты суреттелетіндігінің ғылыми дәлдігі кейбір дәрігер-физиологтарды да қайран қалдырыпты», – дейді ол. (Сағат Әшімбаев. Шығармалары. I том, 248-6.).
Көркем ізденістің көкжиегі адам болмысының феномендік жаратылыстарымен байланысты екендігі – әлемдік әдебиеттанудың бүгінгі күнгі феноменологиялық зерттеулерінде қолға алып жатқан іс. Бұл үдерісті С.Әшімбаев ертерек аңғарған екен. Жоғарыда айтқан мәселенің екінші аспектісі – тұлғаның заманауи ұлт мәдениетімен үндестігі.
Өткен дәуірдің уақытпен өрелесіп отыратын рухани құндылықтары жай ғана оқып, білій қоя салатын мәліметтер жиынтығы емес. Өкінішке орай, қазіргі қоғамымызда өткеннің рухани қуатын анық сезіну, жақсысын үлгілеу, жаманын тәркілеу - салғырт, жадағай жүріп жатқан үдеріс. Біздегі қалыптасқан құлық – бұрын болса, болған шығар, ал қазір маңызды емес деген мінездемелік психологиямен жұптасып кеткен.
Мұның басты себебі, әлеуметтік санамызды ортақол, тіпті жадағай пікір жайлап алғандығынан болса керек.
Өткеннен сабақ алмау – қателікті қайталап отыратын жағдайға душар етеді. Себебі, дағдыға енген әрекет социум тарапынан анық бағасын алып, ашық түрде ығыстырылмайынша, өлімсіреген күйде жалғаса бермек. Орайы келгенде дағдының қайтадан пәрменді әрекетке көшетіні бар.
Әлеуметтік мінездеменің осындай көрінісін, көпшілік дағдысына енген сиқын Абайдай айтқан ақын кемде-кем.
Берекесіздікті, пысықайлықты,өзімшілікті, мақтаншақтықты, әдепсіздік пен түйсіксіздікті беттен қағар, райынан қайтарар қоғам өзі сол жолға түсіп кеткен. Ақын жанының азабы – әлдекімнің жағымсыз мінезі емес, бүкіл социумның ахуалымен байланысты.
Абайдың ұлт тағдырмен тамырлас ойларын таратып айтқан пікірлерінде С.Әшімбаев бүгінгі тіршіліктің мәнін бірге әдіптейді.
Уақыт ұғымымен жинақтар болсақ, өткенді, бүгінгіні және ертеңгіні шындап ойлайтын ұлт жақсы мен жаманды анық, ашық, бүкпесіз ажырата отырып алға жылжуы керек. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңіндегі жақсы мен жаманды айырмағандықтың тұтас қоғамға қатысты екендігін, сөздің бағдарламалық мәні барын, ұлттық мінез бен психологиядан кеткен кемшілік екенін дәлелдей келіп, С.Әшімбаев былай деп жазды:
«Апырым-ау, осында бір кезде ұлы Абай айыптаған осы бір ешікімге де опа әкеліп, көсегесін көгертпейтін, оспадар мінез,ожар сезімдер, қылмысқа итермелейтін қылықтар төңірегенде біз неге шындап ойланбасқа деген ой келеді. Өткен ғасырдЬщ кеселді кемшілігін өз арамызда қайталап қалып жүретіндерге қашанғы кеңшілікпен қарай береміз?! Осы да рухани өскендіктің, осы да ұлттық кемелденгендіктің белгісі ме екен?!
Ұлттық, адамгершілік рухымызды жер бауырлатып көрсететін желбуаз жайлар жайында белгілі бір тоқтамға келіп,әлдеқашан тосқауыл қоятын мезгіл әбден жеткен жоқ па?! Абай аруағын сыйлау – Абай айтқан сыры терең сыннан сындарлы қорытынды шығару екендігін тағы да қайталап айтқымыз келеді». (Сағат Әшімбаев. Шығармалары. II том, 181-6.)
1981 жылы жарық көрген бұл пікірдің, біздіңше, бірнеше прагматикалық аспектісі бар: біріншіден, Абай ойының ұлттық мінезге тұтастай берген бағасы,екіншіден, әлеуметтік-психологиялық кеселді ахуалға дер кезінде тоқтау болмаса, оның қайталанатындығы, үшіншіден,бірлі-жарым ғана кемшіліктері бар деп саналған, мінсіз қоғам санатындағы социализмге қарсы сын ретінде айтылғандығы. Тағы да қайталай айтар болсам, бұл жерде жекелеген фактылар емес, тұтас қоғам назарға алынған. Ары қарай бұл пікір беки түседі: «Өз қайшылығын, яғни өз кемшілігін тап басып танымай, танығаннан кейін соның бәрін мойындай отырып, онымен ымырасыз күреспейінше,ешбір ұлт даму диалектикасының даңғыл жолына түсу мүмкін еместігін ұмытпағанымыз жөн». (Сағат Әшімбаев. Шығармалары. ІІ том, 182-6.)
Кеңестік дәуірдің идеологиясы ыдырамай тұрғанда айтылған бұл ойдың ағымында тәуелсіз ұлттың айнымай ұстап отыратын әрекеті тұр. Ұлт мүддесіне ынталы емес, социалистік қоғамда айтылған бұл ойда еркіндік бары анық байқалады. Ұлт кемшілігімен басқа емес, тәуелсіздікке ие болған сол ұлттың өзі күресуі керек. Ол үшін кемшіліктің аты аталып, түсі түстеліп, анық позицияға шығарылуы тиіс. Онсыз кез-келген мінездеме қайталап әлеуметтік мәртебегеие болуы мүмкін.
Абай философиясына сүйенген Сағаттың пікірінше, «жамандық бумерангке ұқсас». Ол қайта айналып соғатын құбылыс ретінде тұжырымдалады.
Ойдың түйіні бүгінгі қоғамға келіп тірелді. Байқастап қарасақ, Абайдың жан дүниесін жаралаған әлеуметтік мінездемеге бұрын да, қазір де анық, ашық баға берілмепті. Позиция анықталмаған жерде күрес те болмайды. Ахуалымыз шығарып салма сөзден асқан емес екен. Ойланатын мәселе бұрынғыдан көп болмаса, азаймапты.
Ұлт алдына уақыт жүктеп отырған талап осы. Оны атқаруға әр ұрпақ міндетті. С.Әшімбаев өз міндетін ауыр жүк арқалай отырып атқарыпты. Уақытпен сабақтасқан тұжырымды ойлары ұлт құндылықтарымен, әдебиеттану ғылымының бүгінгі теориялық-әдістемелік ізденістерімен сабақтасып жатыр.
Халқын шексіз сүйген
Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
Соңғы уақытта Сағат Әшімбаевтай адамдардың азайып кеткеніне іштей таңғаламын, әрі шарасыздықтан өкінемін де. Өйткені өмірді, адамдарды, олардың жан дүниесін зерттейтін әдебиет туралы дәл Сағаттай тамсана, таусыла сөйлейтін азаматтарды жолықтыру өте сирек құбылысқа айналып бара жатыр. Ақша мен дүниеден өзгеге онша мән бермейтін мына әлем-жәлем дүниеге сондықтан да шошына, үрейлене қарамасқа амал қане?!
Ол арагідік кездесіп қалғанда, бәз бір жиналыстардағы қызу айтыс кезінде көп қазақтарда кездесе бермейтін, күйіп-жанған мінезімен ерекшеленетін. Мінберге шыққан бойда белгілі сыншы Сағат Әшімбаев күнделікті, сонымен бірге, рухани өмірдегі халқымызға қатысты сан алуан, ірілі-уақты мәселелердің бәріне немқұрайды қарай алмай жан айқайымен таусыла сөйлеп кететін. Және әңгімені әріден бастап, әлем ғұламалары мен философтарынан мысал келтіріп, тереңнен толғайтын.
Сағат Әшімбаевқа көп біледі деу тым аз, тым қораш анықтама болар еді. Ол өзі араласқан көпке ортақ мәселені телегей теңіздей өте көп, әрі тұңғиық терең білетін. Онысына бәз біреулер жаратпай, «цитатадан цитата» қоймай кетті ғой деп жататын. Өйткені Сағат кез келген аудиторияның адамы емес еді. Оның әсерлі әрі күрделі әңгімесін арнайы дайындығы бар, арғы-бергі ғұламаларды оқыған адам болмаса, кез келген қаймана қазақ түсіне бермейтін.
Сол кезде менің тағы бір таңғала байқағаным – Сағат Әшімбаев деген сыншы, қаламгердің қазақ әдебиетіндегі, тіпті, қарапайым журналистикадағы жылт еткен жаңалыққа балаша қуанып, сыншылық көзімен жұртқа жария етіп жататын. Қазір аңдап отырсам, сол кездегі қазақ әдебиетін қалыптастыруға үлес қосқан шығармалардың қай-қайсысы да сыншы Сағат Әшімбаевтың назарынан тыс қалмапты.
Ол бас жарып, көз шығаратын, ұрда-жық сыншыларға мүлде ұқсамайтын, қай шығарманы талдаса да, о бастан құдай берген биязылықтан жаңылмайтын, сөйте тұрып оқырманға тағылым беретін, авторға сабақ болатын аса құнды пікір, тұжырымдар айтатын.
Сағат Әшімбаев өзінін азғантай дүниауи өмірінде айналасына кітапқұмар адамдарды жинай білгенін айтуымыз керек. Сол бірен-саран кітаппен «сырқаттанғандардың» көсемі сияқты да көрінетін. Сол кездегі қара базардағы құны атан түйеге пара пар кітаптарды сатып алатын екі қазақ болса, соның бірі Сағат еді десек қателеспейміз.
Әнебір жылдары қазақтың аса талантты ақыңдарының бірінің азамат болған ұлы кенеттен қайтыс болды. Сәкең бәріміз жерлеуіне қатыстық. Сонда ақын ағамыз қабірге баласымен бірге екі құнды кітап салды. Осы бір ауыр жағдайды көріп тұрған Сәкең:
– Бұл ағаңның мына жалған дүниеде кітаптан басқа сырласы да, кітаптан басқа мұңдасы да жоқ еді. Міне, көрдің бе, ұлымен коштасып тұрып, сол кітаптардан жұбаныш іздегенін, – деп еді күрсініп.
Сол сәт маған Сәкең өзі туралы да айтып тұрғандай көрінген.
Жұрттың бәрі біледі, Сағат Әшімбаев осы азғантай ғұмырында қиындықты көп көрді. Қылышынан қан тамған Компартияның екпінімен «Лениншіл жастың» орынбасарлығынан кетті. Жаңылмасам, біраз уақыт жұмыссыз жүрді. Сол кезде жағасынан алып, етегінен тартқысы келгендер де табылып қалып жатты...
Кейін Қазақ телерадиокомитетіне орынбасар болып барғанда Сәкең мүлдем басқа қырынан танылып, халқымыздың намысы мен ұлттық сезімін оятатын қазақы бағдарламалар жасауға ұйытқы болды. Онын өзі эфирге дайыңдап, өзі жүргізген «Парыз бен Қарыз» бағдарламасы шын мәнінде қазақ халқы үшін ұмытылмайтын елеулі оқиғаға айналды.
Осы телерадиокомпанияда жүргендегі Сәкеңнің бір сөзі әлі есімде. Тек мен ғана емес, көп қазақтың есінде шығар. Қайран Сәкең бірде былай деп еді: «Мен таңертең жұмыс көлігіме отырып қызметіме кетіп бара жатқанда, аялдамада бірімен-бірі итерісе жағаласып, автобусқа отыра алмай жүрген халықты көргенде бетімнен отым шыға ұялып, қатты қысыламын, машинаны тоқтатып бәрінен кешірім сұрағым келеді», – деп еді-ау жарықтық.
Әрине, мен Сәкеңнің сөзін сөзбе-сөз келтіріп тұрғаным жоқ. Бірақ мағынасы солай.
Иә, Сағат Әшімбаев, халқы үшін жанын отқа салып, «ақырып теңдік сұраған», кейде сол сүйікті халқына өзі ойлағандай көмектесе алмағанына өкіне қысылып өткен азғантай қазақтың – тау тұлғалы қазақтың бірі болатын.