ӨЛЕҢІН АҚША БҰЛТҚА ЖАЗҒАН АҚЫН
2022 ж. 24 шілде
3224
2
Күләш АХМЕТОВА,
ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Сыпайы, сырлы, тұңғиық тұлға
Ал осы жайнаған жарық дүние үнсіз болса, қайтпекпіз? Құлаққа ұрған танадай тым-тырыс, тілсіз болса, қайтпекпіз? Немесе өмір бойы бір ызың, бір дыбысты ғана еститін болсақ, не жалығып, не жарылып кетпейміз бе? Мұның бәрі жоғарыдан махаббатпен басқарылып, ұлылықпен ұйғарылып, шеберлікпен шешіліп қажетімізге қарай қамтамасыз етіліп койылған.
Тіршілік тұнған әуен мен саз. Тыңдай білсеңіз, жапырақтар жырлайды. Толқындар шулайды. Құстар сайрайды. Жел гуілдейді. Аспан күркірейді. Тау ыңырсиды. Орман сыңсиды... Бәрі де бір Алланы зікір етеді.
Дүниені тәңірлік тәртіп пен үйлесімге толтырып, түр берген, жан-жануарға үн берген Раббымыз өзі ардақты етіп жаратқан адамға ойлайтын қабілет пен сөйлейтін тіл берген екен. «Өнер алды – қызыл тіл» дейді дана халқымыз. Сөз өнерінің биігі – өлең мен жыр.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы.
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Кемеңгер Абайдың анықтап айтқан осы сипаттамасы тұрғысынан алғанда, бүгінгі біз қызығып отырған өлеңнің «ер данасы» – белгілі ақын Өтеген Оралбайұлы.
Бисмилләһи, Сөз келді көңіліме.
Бір шуағын түсірер өміріме.
Жаратқаннан тараған сол сәулені
Жарқыратып тағайын өңіріме, –
деп шаттанады Өтеген ақын. Өйткені ол сөздің қадірін біледі. Сөздің қуаты мен күшін дұрыс әрі шебер пайдалана білетін адам әрдайым абыройға бөленеді. Ал өлеңге айналған сөздің әсері тіпті бөлек. Бір ақындар болады, жастайынан жарқ етіп шығып, әдебиет аулына екпіндеп келіп, ентігіп қалатын, танымалдықтың буымен тәкаппарлыққа ұрынып, біраздан соң тапырақтай бастайтын.
Бір ақындар болады, бірден суырылып шыға қоймай, бойындағы талантын күтіп ұстап, іштей ізденісте жүріп, жетіле беретін, жемісін піскенде теретін. Өтегеннің кейінгі жырларын оқығанда осындай ойға қалдым. Өмірде ақырын жүріп, анық басатын азамат өнерде де тасыр мінез танытқан емес. Адамның өзі қандай болса, сөзі сондай. Сыпайы, сырлы, тұңғиық тұлға қашан да мақтаннан аулақ, дақпырттан сырт жүреді. Кісілік пен кішілікті тең ұстайды.
Ұзақ жыл журналистік жұмыс пен мемлекеттік қызметтің арасында жүріп, рухани сөресін інжу-маржанға толтыра берген сабырлы сабаз төгілетін тұсын, сөгілетін орайын сәтімен тапқан екен! Бұған дейін де оқырманына бірнеше кітап берген Өтеген ақынның нағыз илхам-шабыты мұсылмандар үшін қасиетті мекен болып табылатын Мекке, Медине қалаларында ақшамгүлдей ашылыпты.
Алланы сүйген ақынның әдемі жыр-жазирасын бірге аралайық.
Әл Масджид әл Харамнан ғұрып көрем.
Ешқашан Алла деуден үрікпегем.
Сәулесі себездеген жүрегімді
Салып ап алақаныма жүріп келем.
Қайран, ақынның аппақ көңілі-ай! Өтеген өзінің Аллаға деген махаббатқа толы, сол арқылы он сегіз мың ғаламның кереметтеріне құштар сәулелі жүрегін алақанына салып, аялап, ұстап жүргісі келеді. Өзінің жүрегін өзі жақсы көріп, ішіндегі қазынасын, адамдарға үлестіруге асығады. Ақынның бақыты ізгілік пен сұлулықты, үйлесіп, ұйқасқан сөз арқылы, одан әрі жарқырата білуінде. Өтеген өте сирек қонатын сондай бақытты сезініпті.
Қасиетті Кағбаның жанында жан жүрегі егіліп, екі дүниенің бағы мен мұңын бастан кешіп, имандай сыры ұйқас боп үйіріліп, тіркес боп құйылып, жыр тілінде Жаратқанға жалбарыныпты.
Алла көріп тұрған шығар, сенем мен.
Қара тасты жеті айналып келем мен.
Құтылсам деп көңілдегі күдіктен,
Құтылсам деп өмірдегі шеменнен.
Мынау шаң жиналғыш жердің бетінде, қиянаты мен әділеті аралас жүретін қымбат өмірде рухыңды, жан сарайыңды тазартып алатын, күнәларың мен күпірліктерің кешіріліп, қайта туғандай пәк табиғатыңа бір сәт оралып жалған дүниеге жасқанбай карап, жарылқау барына сенетін орныңның болғаны үшін шүкіршілік етерсің.
Қара тастан қуат алдым, күш алдым,
Ұшу арман болушы еді, ұшармын.
Ақын өлеңмен шер төгіп шемең тоңды жібітіп, өн бойындағы ауыртпалық атаулыдан арылғандай жеңілдеп сала береді. Құс болып самғайды, гүл болып лаулайды.
Бұл сапардан не таптым мен?
Өзімді.
Алла берген сынақтарға төзуді.
Жұмақ көрдім жұмған кезде көзімді,
Ақша бұлтқа жаздым сонда сөзімді.
Қажылық парызын өтеуге барған Өтегеннің әппақ нұрға бөленген әлемде көргендерінің бәрі өлеңге айнала береді. Мешіттің үстінен ұшып бара жатқан қарлығаштардың қанаттары жүректің парақтарына жыр себелейді.
Ұқсаған матаның қиықтарына,
Ұя салған бағанның тұйықтарына.
Қағбаға қарап иілгенімде,
Қонады иықтарыма.
Көргенде әнін бастады,
Саздарын жаным қостады.
Құранды қосыла оқиды,
Қағбаның қарлығаштары.
Көңілден пырақ көремін,
Лаулаған шырақ көремін.
Қарлығаштардың қанатына еріп,
Елжіреп жылап келемін.
Осы өлеңді неше рет оқығанымды білмеймін. Өзім де қағбаны айналып, Алладан тілеп келе жатқандай, елжіреп жылап келе жатқандай саф таза, сағынышты күй кештім. Меккеге мен де барған едім. Мен де Ұлы Жаратушының құдіретіне бас иіп, сәждеге құлап едім. Санамның жеткен жеріне шейін ой жүгіртіп, ғаламның тұтастығын, адамзаттың ақыл-ойының кемелдігі мен елімнің амандығын сұрап едім. Бірақ «Хақ бұйрығы» болмаған шығар, өлең жазбап едім.
Өтеген Оралбайұлының нұрлы өңірде, мейірімді мезгілде кінәратсыз көңілден туған мінәжат жырлары жібектей есіліп, самалдай сипап, ізгілік пен имандылыққа шақырады.
Жыр жаздым.
Жыр деген бұл – жанның тілі,
Адами қасиет пен халдің тілі.
Ақынға адал болу – Хақ бұйрығы,
Ақындық – әділет пен ардың тілі.
Бұл – өзінің қаламгерлік мұраты мен парызына адал, жауапкершілігі жоғары жанның адами берік нанымы, ақындық биік ұстанымы. Дәл осылай болуға тиіс, дәлелді қажет етпейтін қағида қалам ұстағанның бәрінің жадында болса жақсы ғой.
Жайнамазға жайдым да жүрегімді,
Қайталадым ғаламат сүре-жырды.
Тәуелсіздік болсын деп мәңгілікке,
Еліме айттым еміреніп тілегімді.
Ия, рас, елің тәуелсіз болмаса, өзің азат болмайсың, өзің азат болмасаң рухың бостан болмайды.
Кешегі шындығымыз қамаулы, еркіміз шектеулі коғамда, «бұлт-тағдыр желімен амалсыз жөңкіген» тұрлаусыз заманда асылдарымыз бен аяулыларымыз Құранның сүресімен емес, бөгде ұранның жүйесімен жүруге мәжбүр болды.
Өмірінің көбі сол заманда өткен заңғар ой иелерінің көбісі рақымы күшті Аллаға деген махаббатын маздатып жаза алмады. Ұрпағының бойына Құранның нұрымен имани құндылықтар ұрығын себе алмай кетті.
Қасиетті Мекке мен Мединеден тебіреніп қайтып, тездетіп мінәжат жырларын жазу Өтегеннің еншісіне тиген екен.
Ай ма жарық ?
Жоқ, әлде көңілім бе?
Кездестім мен ғажайып соны күнге.
әл-Харамның жарығы – иманжарық,
Менің келіп кеудеме төгілуде.
Бүгінгі күнгі жүрегі ояу жас ақындардың да біразының гүлдің исі аңқыған имани жырларын оқығанда қуанып қаламын. Оларға Өтеген ағаларының шабытын тілеймін. Таза қағазға таза жүрекпен келіп, сәулесі бар сөз түсірсе деймін.
Сан іздерді көп қарадым үңіліп,
Қалмайын деп қарау ойға сүрініп.
Ай жымыңдап бара жатыр айтуға,
Бір мұсылман жыр жазды деп жүгініп.
«Өтеген өлең жазды» деп, Ай да, Күн де қуанып, тау да, жел де таңырқап қалғандай болады, Ақынның әппақ қиялы Қағбаның қарлығаштарына ілесіп ұшады. Тіпті өзі де біртүрлі биіктеп, көк аспаннан заңғар теңеу іздейді:
Құлақта – Құранның қуатты өлеңі,
Көкейде – Қағбаның шуақты өнері.
Алланың күшімен аспанға ілінген
Ай да сәждеге құлап келеді.
Шығарма тұтасымен алғанда, бір ғана тақырыпта жазылған қажылық сапардың жыр-баяны сияқты көрінуі мүмкін. Алайда зерделеп үңілсек, бұл –ақынның білімі мен ішкі мәдениетінен хабар беретін, жан-жақты қаралатын көркем дүние.
Өтегеннің өлеңдері жеңіл оқылады. Жапырақтар шөлдеп тұрған шілдеде жаңбыр жауып өткендей әсерде боласың.
Ұлы қаладағы, шарапатты жердегі Өтеген қажының Құдайға құлшылығы мен өзіне, отбасына, Еліне сұраған тілегі қабыл болғай.
Дүрбелең дүниеде үрей бар. Сұрапыл жел, алапат өрт, жойқын су... адамзатқа ескерту шығар, кім біледі.
Табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл қоюға адамның күші жетпейді. Бізге бір көмектессе, ізгі ниетіміз бен иманды ісіміз, сауап жазылуға лайық салиқалы сөзіміз, Ұлы Рахман Алла тағалаға шынайы мінәжатымыз көмектесер.
Мақаланы Өтеген Оралбайұлының «Қағбаның карлығаштары» атты топтамасын алғаш оқығанда туған шумақтарыммен аяқтағым келеді:
Көздің жасы құйылар шын,
Жаза алмасаң қанатыңды.
Бір Аллаға сиынарсың
Әрі әуелгі, әрі ақырғы.
Жүгіне алсаң мәңгі заңға,
Жүрегіңмен жалынышты.
Жарылқаушың – жалғыз Алла,
Әрі рақымды, әрі күшті.
Сен – Алланың құлы, бүгін
Құдіреттеніп нәзік арман.
Жаратқанның ұлылығын,
Жан-тәнімен сезіне алған.
Рух кернеп тосын, ішкі,
Раббыңа ғашық болған.
Әппақ әлем хош иісті,
Көкірегіне көшіп, қонған.
Құт мекенде әлемдегі ең,
Ақын даусы ашылғандай.
Ақ қағазға өлеңменен,
Иман нұры шашылғандай.
Қағба сыйы – қазыналы,
Ұсынарсың бұл сыйды Елге.
Жыр осылай жазылады,
Бір Алланы шын сүйгенде!
Жүрсін ЕРМАН, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Өлеңнің азабы мен ғажабы
Сен де абыройлы жастың асқарына шығыпсың-ау, Өтеген досым! Замандасым, мұраттасым, мұңдасым.
Мұңдасым дейтін себебім, өлең өлкесінің соқтықпалы соқпағында сабылған ақын деген делқұлының ғұмыры шалқыған шаттыққа толы деп кім айта алады? Бала кезімізден бауырымызға дерт, жүрегімізге өрт болып жабысқан өлең шалығы отпен аластасаң да арылта алмас, сүйегімізбен кетер бір дүлей ғой. Күндіз естен, түнде түстен шықпайды. Жұрт бірін екі етем деп, әрнені ойлап отырғанда, сен өлеңді ойлап, екі оқты күй кешіп жүресің.
Өлең деген опасыз жар секілді ғой, Өтеген-ау! Бүгін сен оның тілін тауып, төсегінде түнеп, құшағында күйіп-жанып, алғаусыз сырласып, мұратыңа жетіп, туыңды тұғырға тіккеніңмен, ертең ол сені танымай қалуы мүмкін. Басқа қабақ танытып, басқа тілде сөйлеп, Бекежан мінген боз жорғадай, басқа біреудің тақымында ойнақтап бара жатады. Басыңды тауға ұрсаң да, тасқа ұрсаң да тақымыңа жүйрікті қайта басар дәрменің болмай, жүген-шылбыр қолыңда, ертоқымың арқаңда, әлің жоқ, қайраның жоқ, Кербаланың шөлінде ернің кеберсіп қалып бара жатасың. Ақын боп кешкен сан жылдық ғұмырыңда осындай бейшара хал басыңнан неше мың сан өткенін өзгеден жасырсаң да, дәл өзіңдей мұңлық ақыннан жасыра алмайсың, Өтеген дос. «Ақын боп ғұмыр кешіру оңай деймісің, қарағым?» деп өзің тәңірдей табынған Төлеген ағаң толғаған талант тағдырының бұл бір ғана халі екенін екеуміздің ішіміз біледі.
Әйтпесе:
«Бір ұстатпай қойдың-ау сен,
отты өлең,
Өзімді-өзім оңашада жеп келем.
Ормансыңғой жүректерде көктеген,
Армансың ғой жалғыз ғұмыр жетпеген», ¬–
деп жазар ма едің?
Ең ғажабы, сол ғашық жармен алдында ғана тіл табысып, бар мен жоқтың, от пен судың арасында мұратыңа жетіп, бейнеттің сусынынан қанып ішіп, өлеңнің өзегіне түсіп, жеңіске жеткен сәтіңнің сиремеуінде!
Осы сенің ауылың қай жақта, Өтеген? Қырық жыл қатар келе жатып, осыны да сұрамаппын ғой. Менің ауылым Қарақұмда. Аңқаны кептірген аптап, суырған құм, бораған топырақтың астында қалт-құлт етіп күн кешкен қараша үй, аңызақ күн, ақ жаулығы ағараңдап қыр басында жол қараған аяулы ана, сабырлы қарттар, санынан ет кесіп беретін ағалар, жаутаңдаған інілер. Менің Қарақұмым – осы. Сенің ауылың да Қарақұм секілді болып көрінеді маған.
«Айналайын, атамекен, исіңнен,
Топырағым, жапырағым жыр сүйген.
Сенде туып сезім болмау масқара,
Тұла бойым, жан жүрегім түйсінген…
Тілім – тұсау,
Ойым – шідер, шешпедім,
Сөйте ұура, ұят болды-ау бөскенім.
Итсигекке көлеңкелеп кетіппін,
Адыраспан, айыбымды кеш менің!», – депсің. Басқа басқа, қазақтың ақыны үшін көңілді қобалжытар ауыл суреттері сонша ұқсас болып көрінеді. Қалада өскен Олжастар, Бақытжандар даладан романтиканы – ат тұяғының дүбірін, қайқы қылыштың жарқылын, жұмыртқадай ақ боз үйдің салтанатын таныса, қара қостың панасында есейген сені мен біздің көзімізге ауылдың қоңыр тірлігі оттай ыстық басылады. Ол аз болса, сол ауылдан кісілік танып өскен азды-көпті, үлкенді-кішілі азаматтар жайлы түсінігіміз де қазақы сөзбен бейнелеуге сиятын кескін-келбетке ие. Мынау өлеңіңді ең талантты деген аудармашының өзі басқа тілге тәржімалай алмайтыны сондықтан:
«Маңғыстау бойын жайлаған,
Тауында құлжа ойнаған,
Тасында тарих бойлаған,
Қырында жатқан қияғы
Қашаған болып ойлаған,
Самалы Сүгір сазындай
Баурамай жанды қоймаған,
Жетінші жұрттың жауһары,
Алдаспаны мен гауһары
Қарасаң көзің тоймаған,
Бодан боп жүрген боз ойды
Балға мен төсте қайраған.
Тәуелсіз сөзді ту қылып
Төріне байрақ байлаған.
Қара нар жүктеп қом ойдан
Теңселтіп тең-тең тайлаған,
Бекеттеп белін байлаған,
Беркініп садақ сайлаған,
Бедерін салып заманның
Беделді сөзден таймаған,
Жасай бер, жаса, ел үшін
Ортаға біткен ойлы адам!»...
Қашағанша қашыртқыға салып, қазақы ұғымдардан бәдізшіше өрнек қашаған, әр ұғымының аржағынан тарихи түсініктердің құлағы қылтиған, нақыш-бояуынан үстірт шеберлерінің қолтаңбасы танылатын жиырма екі жолды жарату үшін – «бісіміллә» деп жарық дүниеге келген күні қос бұрымды қазақ әйелінің омырауынан уызға жарып, түркі әлемінің арғы-бергі дәстүр-тарихы тұла бойыңа қанмен сіңген ұлт ақыны болуың шарт. Осы ұлттың жадымен сиқырланған сұлу шумақтардың жұмбағын түйілмей жұту үшін оқырманның өзі де Естеміс пен Білге, Тоныкөк пен Бумын басқан көне топырақтың киесінен шет болмауы керек. Ұлт ақыны болудың соры мен бағы – бір шекпеннің немесе шидем күпінің астары мен тысындай қамсауланып жататыны содан, Өтеген дос! Сондықтан да:
«Көңіл шаңын көк байрақпен сүртемін,
Кек сүңгінің кекілінен үркемін.
Көк шалғында көп із жатыр, адастым,
Көңілдегі көздің жасын бүркемін», –
деп жазуға сенің де, менің де хақым бар. Тек сол сөзімізді тереңіне бойлап түсінер, биігіне самғап ұғынар текті қауымға жолықтыра гөр, жаратқан!
«Ойсыздан сақта, Құдайым,
Отсыздан сақта тағы да.
Омбылап келіп құлайын
Ойлы бір жанның жанына», –
деген мінәжат-тілегіңді мен бүкіл болмысыммен ұғынып, дұғадай қайталауға әзірмін. Өлең-ғайыптың қайдан келетінін, қалай келетінін, неге келетінін түсіндіріп беретін бір құдірет табылса, сол күні өлең жазу, өлең шығару толас табар еді. Төмендегі үш шумақтың тіліңе қалай оралғанын сенің өзің де айтып бере алмасыңа бәс тігемін:
«Жүзі қайтып қылыштың,
Пышақ болдым нан кесер.
Май-қайраққа жұғыстым,
Болмайын дел әумесер.
Қала жаздап тат басып,
Күйе жеді қынымды.
Жалғандыққа қақпа ашып,
Жабырқаттым шынымды…
Ұстарамды ұсындым,
Уақыт – қайрақ, қайрап бер.
Шамалайын күшімді,
Шайыр тілім, сайрап көр!»
Мен осындай тылсым шумақтар көктен түсе ме деп ойлаймын. Бірақ қайдан көктен түссін?! Шайырдың әр сағаты, әр күні түбінде, күндердің күнінде шырайлы шумаққа айналар деректерді санаға тоқумен, ойға тұтумен өтсе керек. Қадыр ағаңның «Ақынға керек ақыл көп, Асаулық керек аздаған» деуі – осы поэтикалық қалың деректі ақындық мінезбен, оқыс ракурспен көре білуді аңғартатын шығар. Ақынды былай қойғанда, эстет құрдасымыз Сауытбектің замана заңғарларымен өткізіп жүрген сыр-сұхбаттарын жазбақ түгілі, түсініп-пайымдап оқу үшін де телегей-теңіз білім, рухани күш-жігер, қайрат керек.
Сенің арнау өлеңдерің де көңілімді тербетті. Арнау өлеңдердің астарынан тек қана көпсітіп көпшік қою мен асыра мақтау, дифирамба іздейтін миғұлалар – А.С.Пушкиннің А.П.Кернге арнаған жауһарын не оқымағандар, не өнерден эстетикалық ләззат алуға дәрменсіз рухани импотенттер. Ондайлар Абайдың асу бермес ғажайып арнауларынан ештеңе көңілге тоқымағандар. Оқымағандар мен тоқымағандардың тобықтан қаққан тоғышарлықтарына мұқап-мұңаюдың қажеті жоқ. Жалпы, талантты адамның таразысы – өз көңілі. Тәңір берген дарыны бар адам өзінің не тындырғанын жақсы аңғарады. Талантпен алысатын – тоғышарлар. Ғасырларға кететін, уақыттың тегеурініне көнбейтін өлмес туындыларын баяғыда жазып қойған Кекілбаевтың көлеңкесінен кінә іздеп, сүрінуін андып жүрген бишаралар – құлан құдыққа құлағанда, құлағында ойнайтын құрбақалар. Басқа ешкім де емес. Оны сен де жақсы білесің, Өтеген дос!
Біздің көп қаламдастарымыздың қазақы қара өлең қапталынан шыға алмай, ескі өлеңнің шиырымен баяғы узын-сүре қиссалар мұрасына орала беретіні осыдан деп білем. Өлең жазып жатқанда желкеңнен XXI ғасырдың айбалтасы төніп тұрғанын ұғынбау да бір қасірет. Заманауи поэзия Қыз Жібектің көші емес. IPAD-тар мен ІРНОNЕ-дар заманында көк етігіңді көне жіппен табандап отырғанның несі өнер?! Өзгермейтін, оңбайтын, тозбайтын бір ғана нәрсе бар, ол – адамның жан дүниесіндегі шарпысқан сезімдер, қым-қиғаш ойлар. Өзің айналып соға беретін Жұмекен мен Меңдекештің поэзиясын бізге бауырластыратын да – сол сезімдер мен ойлар әлеміне бастайтын айқыш-ұйқыш ізденіс іздері емей не! Шүкір, сағынышың сарқылмаған екен. Көгенкөз балалық шағыңды, әкең мен шешеңді, туған өлкең мен туған топырағыңды сағыну жырлары өткінші нөсердей өте шықпай, бүкіл шығармашылық өлеңбаяныңа өзек болып келе жатқанына шүкіршілік ет.
Сенің айтулы жылдығыңа орай қағазға түсіріп отырған бұл жазбаларымда мен сенің бүкіл өлең әлеміңді талдап шығуға талаптанғаным жоқ. Жыр жазудың азабы мен рахатын, ақыреті мен бақытын дәл өзімдей басынан кешіріп келе жатқан ақын достың арқасынан қағып, қолын қысуды, рухыммен демеуді ғана мақсат етіп едім. Тілеулес сөздерім жүрегіңді жылытып, жаныңды жұбатуға жараса, мен де екі дүниеде бақыттымын.
qazaquni.kz