АҚЫЛ-ОЙДЫҢ АЙДЫНЫ
2022 ж. 22 маусым
4868
0
Гүлбәраш БАЙТОҒАЕВА, ұстаз, ғалым.
Жадымда қалған жаңғырық
Мұхаңның алпыс жылдық мерейтойынан кейін қазақ әдебиетін зерттеген белгілі сөз зергері, Қазақстан республикасы Ғылым академиясының мүше-корреспонденті Евгения Лизуновнаның үйіне Мұхаңмен бірге қонаққа барғанымыз есімде. Көп кісі емес, институтта бірге істейтін жеті-сегіз адам ғана жиналдық. Екеуі ғана ерлі-зайыптылар да, қалғаны Евгения Васильевнаның институтта бірге істейтін құрбылары. Сол кештен есімде қалған нәрсе ¬– Евгения Васильевна сәл кештеу тұрмыс құрған кісі еді. Жұбайы Лев Петрович туралы Мұхаң бір жылы сөз айтты: «Біз мұны Лев Петрович емес, турасы бәрімізге бірдей болуы үшін Арыстан дейміз» – деді. Мұхаңның осы сөзінен кейін оны бәріміз көрген жерде Арыстан деп амандасатын болдық. Бұлай атағанымызға оның өзі де қымсынбай, мұны іштей мәртебе тұтатындай көрінетін. Осы кеште Мұхаңнан көп болса бес-алты жас қана кішілігі бар бір кісі оны әр сөйлеген сайын «ақсақал, ақсақал» деп сөз қадірін орынсыз қашыра берді. Әлде өзінің Мұхаңнан жас екенін осы жерде білдіріп қалғысы келгендегі түрі ме екен, қайдам? Содан Мұхаң мұндай жөнсіз айтылған сөзді мүлт жібере қойсын ба? «Маған ақсақал дей бергеніңе қарағанда, өзіңді уылжып тұрған жаспын деп ойлайсың-ау. Жас деп сендер мен біздерді емес, мына Мүсілімдерді айтады», – деді. Сосын тағы қандай ойды меңзегенін білмеймін: «Мы сжигаем берега, к которым сами придем», – деп кейде өзіміз жаққан отқа кейін өзіміздің түсіп қалатынымызды аңғармайтынымыз өкінішті екендігін аз ғана сөзге сыйғыза салған еді. – «Қырқаяқтан біреу қалай жүретінін сұрап: «Сен екінші аяғыңды алға басқанда, жиырма бесінші аяғың не істейді? – депті. Бұрын қаннен-қаперсіз зыр жүгіріп жүрген қырықаяқ ойламаған жерден мына сұрақты естіген соң мүлде жүре алмай қалыпты»...
Ұлы Мұхаңның осы бір мысалы да әлі күнге мен үшін жұмбақ. Оның терең мағыналы сөздеріне екінің бірі түсініп, айтқан әңгімесіне ілесіп, қатар жарыса алмаушы еді. Ақыл-ойдың біз үшін айдыны да, алдымызда жүріп жолымыздағы ауырлық пен қиындықты біржола жеңіп беретін көшбасшы көсеміміз де Мұхаң еді. Ол асқар таудай болатын. Біз соның етегіндегі көк желек жасыл баққа ұқсайтынбыз.
Мұнан кейінгі келесі отырыс Мүсіліммен бірге (Автор өзінің жары көрнекті мемлекет қайраткері, ғылым докторы және жазушы Мүсілім Базарбаевты айтып отыр. Ред.). Тіл-әдебиет институтында бірге істейтін, институттың ғылыми хатшысы Болат Сүлейменованың үйінде болды. Болаттың күйеуі Тоқтамыс Беделбаев заң саласында қызмет істейтін. Екеуі де сұңғақ бойлы, өте көрікті, қазақ деген халықтың қандай болатынын білмейтін жұртқа таныстыру үшін бірін қазақтың азаматы, екіншісін аяулы ана, адал жар деп мысал ретінде көрсетуге болатыңдай әрі сымбатты, әрі қарапайым жандар еді. Тоқтамыс әке-шешесімен бір үйде тұратын. Тоқтамыстың шешесі Мұқаңның қызы – Ләйланың қайынағасы Дінмұхамед Қонаевтың жақын апасы болғандықтан, бұл үйдің Мұхаңмен құдандалық жағынан да жақындығы болатын. Сол күнгі жиынға Мұхаң Валентина Николаевнаны және Ысқақ Дүйсенбаевты ертіп келді. Бөтен кісілерден Мүсілім екеуміз және Есмағамбет Ысмайылов жұбайымен болды.
Мұхаң үйге кірген бетте бұрынғы үйреншікті дағдысымен үлкен кісілердің үстінен аттап өтпей, әуелі Тоқтамыстың әкесінің – жетпістен сәл асыңқырап қалған Мұхамедкәрім ақсақалдың қолын алып, амандық-саулық сұрап: «Сіздің жасыңызға келгенде әркім-ақ осы қазіргі отырған калпыңыздай болса, жаман болмас», – деп қарияның көңілін едәуір өсіріп тастады...
Бірде Мұхаң өзінің құдасы Димаш ағаны жұбайы Зуһра апаймен қосып үйіне шақырды. Онда өздерінен басқа кісілерден Ысқақ Дүйсенбаев пен тағы да Мүсілім екеуміз болдық. Мұхаң да, Димаш аға да дастарқан басында біз бұрын естімеген небір қызық әңгімелерді айтып, жұрттың езуін жиғызбай, өте көңілді басқосу болды. Қазақтардың бұрын «бәйбішесінің қолын жылы суға малып қою үшін» тоқал алатыны туралы әңгіме қозғалып қалды. Сонда Димекеннің: «Қазіргі заманның тоқалдары баяғыныкі сияқты Зуһра екеумізге қызмет етсе жақсы, ал енді екеумізді қосақтап алдына салып айдап, өзіне қызмет еткізіп қойса қайтеміз?» деп жұрттың бәрін қыран-топан күлкіге батырғаны, оған Зуһра Шәріпқызының қосылып: «Бүл Димаш ешнәрсеге қарамай-ақ тоқал алар еді, бірақ парторганизациядан қорқады» деп әзілдерін жасырмай, арқа-жарқа күй кешкені есімде.
Тіл – әдебиет институының қызметкерлері 1957 жылы 7 қараша мейрамын Қазақстан Жазушылар одағының үйінде өткізді. Мұхаңның осы сауық кешін тікелей Мүсілімнің бастамасымен өткіздік дегенін ұмытпаймын. Менің ол уақытта аспирантурада оқып жүрген кезім болатын. Біз Жазушылар одағы үйінен екі-үш үй ғана жоғары тұратынбыз. Сол кешке Мүсіліммен бірге мен де еріп бардым. Бұл күнгі ойын-сауықтың жөні бұрынғылардан мүлде бөлек болды. Қазір солардың бәрін біртіндеп еске түсірсем, оған екінің бірі нана да бермеуі мүмкін. Халықтың бетке тұтар зиялылары да баланың ойнайтын ойынына босқа әуре болған ба деп, күмән тудыруы ықтимал. Бірақ мұның бәрі шынымен өзім куә болған оқиғалар. Кейде ұлы түлғалар туралы азды-көпті дүние жазылсын, оған ешбір артық сөз қоспау, бәрін әдемі, бәрін кітаптағыдай әсерлі жеткізу міндетті тәрізді көрініп тұрады. Қарапайым жұрт сияқты олардың да күнделікті тұрмыста осындай ойын-сауыққа қатысып, ән айтып, би билеген сәттеріне барғыштамай, тек білім мен жазған еңбектерінен аса алмай жатады. Ал мен бұл естелікте өзім куә болған күндердің бірде-бірін назардан тыс қалдырмауға тырыстым. Әр сөзді, әр деректі өңдеп, сырлап, түзегенім жоқ. Бәрін сол қалпында жазу керек деп түсіндім. Егер кей тұстарда ұсак-түйек нәрселерді тізбелеп, ұлы тұлғалардың атыма нұқсан келтіріп алғандай болсам, құдайдың өзі кешірсін. Бұл өзіме осы бір әңгімеден абырой-бедел жия қояйын деген пендешілік пиғылдан емес.
Міне, сол қарашада өткен жиынға бәріміздің пір тұтқан ағамыз Мұхаң бастап, Евгения Лизунова, Аққал Қалыбаева, Надия Қарашева, Әлкей Марғұлан, Ысқақ Дүйсенбаев сияқты бірталай ғалымдарымыз қоштап, көп азаматтар қатысты. Бұл кәдімгі жұрттың өз үйінде емін-еркін ешнәрседен қысылмай, ағыл-тегіл ән айтып, би билеп өткізетін кешке ұқсады.
«Телефон» деп аталатын ойын ойналды. «Телефонды» Евгения Васильевна бастады. Ол қасында отырған Мұхаңның құлағына сыбырлап, келесі кісіге естірмей бір нәрсе деді. Мұхаң естіген сөзін жанындағы Аққалдың құлағына айтып жатыр. Осылай «телефон» бірден-бірге жалғасып, ен соңында Евгения Васильевнаның өзіне келіп кайта тірелді. Бұл ойынның шарты мынадай: егер кімде-кім бастапқыда шыққан сөзді шала естіп, ойынды бұзып алса, айып төлейді. Айып құны – ән не би, әйтеуір, қолыңнан келген өнеріңді көрсетіп барып құтылу керек.
Бұл ойында Аққал ұтылып қалды. Ұтылып қалдым деген жоқ. Өзгеше бір сұлу мақаммен «Мақпал қараны» шырқағанда әлгі ойында Аққал бірінші боп озып келгендей әсер биледі. Бұл әнді Аққалдай ашып айтқан әншіні осы сүрген өмірімде әлі бірде-бір мәрте кездестірген емеспін. Бүгін байқап қарасам, басты мақсат «телефон» ойыны емес, кісі бойындагы бұғып жатқан өнердің көзін ашу, тірілту екен ғой. Кейінгі жас толқынның осындай дәстүрден қол үзіп қойғаны, ағалар жүрген осы жолдан адасып қалғаны жанымды кейде қатты мазалайды.
«Телефоннан» соң «почта» деген ойын басталды. Ойнауға ықылас білдіргендердің омырауына рет-ретімен тиісті нөмірлерін тақты. Біреуге хат жазам дегендер қағаз бетіне ойын түсіріп, сыртын бүктеп, хат жолдап отырған кісінің нөмірін жазып, ортада жүрген почтальонға береді. Хаттың ішіне ол да міндетті түрде нөмірін көрсетуі тиіс. Арада хат тасып жүрген денесі алпамсадай үлкен болғанымен ішкі жан-дүниесі қыздардың жүрегіндей нәзік, ақкөңіл, аңқылдақ Әйтім Әбдірахманов деген жігіт еді. Әйтім жазылған хаттарды шетінен жиып алып, тиісті нөмірлерге тапсырып жүр. Соның көбі Мұхаңа арналыпты. Мұхаң хатқа көміліп қалды. Ол келген хаттарды ақырындап ашып күлімсіреп оқып отыр. Басқалар – мәре-сәре. Түскен хатты іштерінен жасырып оқып мәз-мейрам.
Ойын бітіп, жұрттың бәрі қайта орындарына отырған кезде Мұхаң орнынан тұрып: «Хат жазған кей кісілер нөмірін көрсетуді ұмытып кеткен екен, бұл, әрине, дұрыс емес, бірақ мен бәрін түсінем, ризашылықпен қабылдаймын», – деді. Оны айтқан себебі, Мұхаңа сырттай үзіле ғашық боп жүрген қу қыздардың бірнешеуі әзіл-шынын араластырып: «Я Вас люблю!», – деп жазып жіберіпті. Барлық нәрсеге ақ жүрегімен нанғыш ақкөңіл Мұхаңнын бұл әлгілерге қайырған жауабы екен ғой.
Мүсілімнен естіген тағы бір әңгімем – Мұхаң табиғатының өзгелерден сондай артық жаратылғанына қарамастан, ұлы жазушының кейде әлдебір елеусіз нәрсеге көңілі езіле қалатын жұмсақтығы мен кісіге аса зор мейірбандығы жайында еді.
Мерейтой қарсаңында Мұхаңды астанадағы №12 қазақ мектеп-интернатының балаларымен кездесуге шақырыпты. Сол кездесуге еріп Ысқақ Дүйсенбаев, институттың ғылыми хатшысы Болат Сүлейменова мен ғылыми қызметкер Әбділхамит Нарымбетов барған екен. Мектепте көп жылдар қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген, халық ағарту жұмысына еңбегі сіңген, кезінде Ленин орденімен марапатталған, Мұхаңның қадірін жақсы білетін Әлия Дүйсенова оқушыларды осы кездесуге алдын-ала әбден дайындайды. Қонақтар есіктен кірген бетте қаз-қатар тұрган балалар Мұхаңды Абайдың өлеңдерімен қарсы алады. Мұхаң сахна төріне барып отырғаннан кейін, балалар оған арнап шығарған өлеңдерін оқып, домбыра тартып, неше түрлі өнер көрсетіп береді. Жазушының бастан кешкен барлық қиындығы мен тауқыметін өлең жолдарына өріп, мектеп оқушылары мұны хормен орындап шығады. Ұлы Мұхаң осы тұста көңілі босап, жанарына жас алған екен.
Расында, бұрынғы көрген қиындықтары есіне түсіп көңілі босады ма, әлде бірінен-бірі қалыспай шетінен суырылып озайын деп тұрған кейінгі жас ұпақтың келешегіне сүйсініп қуанғаннан көзіне жас алды ма, ол жағы беймәлім. Қаламгер кездесу соңында балаларға жылы тілек білдірер кезде толқыған көңілін баса алмай, әжептәуір қобалжып тұрып қалады.
Содан осындай жиындарда айтам деп келген сөзін айта алмай «жауапты кейін жазбаша түрде қайтарам» дейтін Максим Горькийді мысалға келтіріп, жол тауып шығып кетеді. Мектептен шыққан соң Мұхаң: «Мен бүгін тап-таза кәусар бұлаққа түсіп, шомылып шықтым» – депті. Бұл сөздерді Мүсілім кейінірек Ысқақ Дүйсенбаевтан естігенін айтқан болатын.
...Академияның қазіргі жаңа ғимараты салынып біткең кезде Мұхаңның қалай қуанғанын, тіл-әдебиет институтына онымен бірге барып гранит басқыштармен жоғары көтеріліп келе жатқан ұстазының сондағы айтқан сөздерін Мүслімнің «Көрікті ойдан – көркем сөз» деген атпен «Рауан» баспасынан (1994 ж.) жарыққа шыққан кітабынан тауып алдым (143-б.). Ол осы кітабындағы: «Есіме 1958 жыл түседі. Академияның қазіргі ғимараты салынып біткен, соның гранит басқыштарымен жоғары көтеріліп келеміз. Ол уақытта қазіргі кітапхана жақтағы есіктен кіретінбіз, баспалдақтары тым көп, ұзақ, соның бәрін баса көтеріле беруіміз керек. Сәл шаршаған, бірақ осындай сәулетті, ұзақ жылдар тұратын, талай ұрпақ игілігін көретін ғимаратты ұнатып, соған қуанған Мұхаң әзіл-шыны аралас: «Әлі талай ғалым межелі жеріне жете алмай, ақыры болдырып, қалжыраған бастарын осы баспалдактарға сүйеп қояр-ау деді», – деп жазыпты «Алып тұлға» деген мақаласында.
Мұхаң Мүсілімді ең соңғы рет өзімен бірге Мәскеуге 1960 жылы ертіп барды. «Очерки истории казахской литературы» деген үлкен еңбекті Мәскеуде шығару керек болады да, осыны Мүсекеңе тапсырады. Бұл еңбектің жарық көруіне алдымен Мұхаңның, содан кейін Қанекеңнің (Қаныш Сәтбаевтың) ерекше күш салғанын Мүсілім еш ұмытпайтын. Ол туралы деректі мен әлі жарық көрмеген «Қазак әдебиетінің өсу жолы» туралы соңғы кезде жазылған Мүсілімнің көлемді мақаласынан таптым. Онда Мүсілім былай деп жазыпты: «Қолтығымда «Очерки историй казахской литературыдың» қолжазбасы, «Москва» қонақ үйіне тоқтаған Мұхаңа барып, ол туралы бірнеше рет мәслихат ққрып жүрдік. Сонда Мұхаң осында Қаныш Сәтбаев та келгенін, ол кісінің де біздің кітабымыздың дұрыс шығуына көмектесіп жүргенін айтты».
Өз мақаласында Мүсілім ұлы үстазы Мұхаңмен бірге Қазақстан Ғылым академиясының президенті ретінде сан қилы жұмысы бар Қаныш Сәтбаевтың халқының бірден-бір рухани деңгейін көрсететін әдебиеті мен мәдениетіне өзінің қамқорлыгьш аямай, оның жанкүйері боп жүргенін зор ризашылық мақтанышпен айтыпты.
Мүсекең қайтыс болғаннан кейін бірде үйге Болат Сүлейменова келіп, баяғыда өздерінің Мүсілім екеуі бір кабинетте отырып қызметтес болғанын, сонда оған Мұхаңның жиі келіп, институттың жұмысын үнемі қадағалап сұрап тұратынын айтып берді. «Осы жұрт Мүсілімнің мінезі тік дейді, бірақ қаншама жыл онымен бір кабинетте отырып, одан «сіздікі дұрыс емес» деп кейіген, не бір ренжіген бір ауыз сөзін естіген емеспін» деп ойын бір жинақтап қойды да, есіне тағы да әлденелер түсіп кетті ме, әңгімесін басқаша жалғастырды.
«Мүсілімнің денсаулығы өте жақсы еді ғой. Ол ешуақытта ауру-сырқау дегенді, жұрт қыстың күндері тұмаудан көз аша алмай жүргенде де оған суық тиіп, науқастанып қалыпты деген сөзді естіген жоқпын. Оның осы жүректен ауырып кетуі кездейсоқ нәрсе емес... Біздің Тоқаң болса, қойшы, әйтеуір, согыстың зардабы бар, одан денесіне түскен жарақаты ұзақ шыдатпай қойды. Бірақ оның да о дүниелік болуға жасы әлі тым ерте еді ғой. Енді екеуі бірге жатыр...».
Осыны айтты да Бөкең терең күрсінді. Менің де кеудемді күтпеген ызғар қайыра шарпып өткендей, жадымда, жанқалтамда қимай сақтап жүрген өткен күндердің өшпес жарығы қайта жаңғырды.
Мұхаңның өсиеті – алтын алқам
...1958 жылдың көктемінде Мұхтар Әуезовті үйге шақыру құрметіне біздің де қолымыз жетті. Мұхаңмен бірге жұбайы Валентина Николаевна, бұрын жақын араласып жүретін жора-жолдастары, белгілі әдебиетші-ғалымдар Зоя Кедрина, Евгения Лизунова, Ысқақ Дүйсенбаев, Смет Кеңесбаев жұбайы Жұмаш апаймен бірге келді.
Мен Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің орыс бөлімінде оқып жүрген кезімде Мұхаң факультеттің қазақ бөлімінде қазақ ауыз әдебиетінен лекция оқитын. Лекцияға журналистика, филология, тарих факультетінің студенттері ғана емес, аспиранттар, тіпті. мұғалімдерге дейін келіп тыңдаушы еді. Мұхаңның қолынан тікелей дәріс алып жүрген аспиранты Мәстура Ғайсақызы Сармурзина орыс бөлімінде оқып жүрген, біздерге келіп, «Мүұхңның сабағын барып тыңдаңдар, бұл кейін өздеріңнің келешектеріңе таусылмас азық болады» деп кеңес берді. Кейін сол Мұхаңның лекцияларының әсерінен мен Мәскеуден келіп, бізге ауыз әдебиетінен дәріс берген Татьяна Посседен «Традиция импровизации у казахов и Джамбул» деген тақырыпты алып, диплом жұмысын жаздым. Т.В.Поссенің Мұхаңа жазған хатын алып, Қабанбай көшесіндегі бұрынғы Калинин көшесі үйіне (жастықтың әсері болу керек) жүрексінбей жұмысымды көрсетуге алып барғаным бар. Ол қолымдагы Поссенің хатын оқып тұрып, маған алғашқыда біртүрлі сенімсіздікпен қараған тәрізді болды. Себебі, мен сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін соғыстын соңғы жылы университеттің төрт айлық даярлық сыныбын аяқтап, сол жылы-ақ студент қатарына қабылдандым. Кластың жетекшісі орыс филологиясының белгілі ғалым, профессор Семен Михайлович Махмудов деген кісі болатын. Бұл кісі де Ленинградтан сұрапыл соғыс жылдары қоныс аударып келген. Кейін Махмудовтың аты-жөнін студенттер Хайрулла Хабибулович дейтін болды. (Дұрысы осылай болуы керек.)
Студент кезімде қатты науқастанып қалдым да, амал жоқ, дәрігерлердің кеңесі бойынша шашымды түп-түгел алдырып тастағанмын. Мұхаңның әуелгіде тосылыңқырап қарай қалғанына қарағанда, маңдай шашым ғана селдіреп тұрган түрім мұндай күрделі тақырыптың жүгін көтеріп шығатындай жасқа жетпеген, әрі жасөспірім бала сияқты көрсеткен болуы керек. Бірақ ұлы педагог менің осы қысылып, қобалжып тұрған кейпімді аяп кетті ме, әлде түсінді ме, қолымнан жұмысымды алып «пәлен уақытта хабарлас» деп уақытын айтты.
Белгіленген мерзімде бардым. Қуанышымда шек болмады. Өйткені жазған диплом жұмысымды өте жоғары бағалап, үш парақ қағазға өз қолымен рецензия жазыпты. «Өте жақсы» деген баға қойыпты.
«Өзін қай мектепте оқыдың?» – деп сұрады Мұхаң. – «Бағдарламада жоқ мынадай деректерді қайдан тауып пайдаландың?».
Мен оларды кітапханадан іздеп тапқанымды және өзінің қазақ халқының айтыс өнері туралы жазған еңбектерін оқығанымды айттым. «Алматының №34 мектебінде оқыдым» дедім.
«Жақсыдан – шарапат, жаманнан – кесапат» деген халқымыздың қанатты қағидасын қайта-қайта жадыма түсіретін осы бір жарқын күндерді есіме алсам, талайлардың тағдырына нәр болган қайран қаламгер ағаның жасаған шапағатының бір ұшы маған да тигенін мақтан тұтамын.
Университеттің берген жолдамасы бойынша 1949 жылы Қазақ академиясының Тіл-әдебиет институтына жұмысқа кіргенімді ұлы Мұхананың тигізген ықпалы деп түсінем. Мен сияқты қазақтың карапайым ғана қызы кезінде ұлы жазушының қолынан жоғары баға алды дегенге бүгін жұрт сенер, сенбес, бірақ сол күндердің куәгерлері аз емес. Соның бірі – Александр Лазаревич Жовтис еді. Ол сол кезде университетте оқытушы болып қызмет істейтін. Жамбылдың өлеңдерін орысшаға аударған кісі. Қазақшаны жақсы білетін болғандығымнан ол кейде маған Жамбыл өлеңдерін сөзбе-сөз аудартушы еді.
Біз диплом қорғаған күні Мұхаң университетке келмей калды. Ол кісінің жазып берген рецензиясын ұстаз С.М.Махмудова аса бір көтеріңкі көңілмен тұрып оқып шықты. Кейін Хазелден (Абайдың шөбересі) «Мұхаң сен туралы – ол кішкентай қыздан түбінде бірдеңе шығады деп айтты» дегенді естіген кезде төбем көкке тигендей, марқайып қалдым.
Елуінші жылдардың бас кезі. Бір күні Мұхаң Академияның тіл-әдебиет институтынан көріп қалып, менің неге әдебиет секторына бармай, тіл жағына қарай ауысып кеткенімді сұрады. Мен оған әдебиет секторында бос орын жоқ екенін, сол себепті тіл секторына – «қазақша-орысша» сөздікке жібергенін айттым.
Келесі бір кездесуде ол Мүсілім екеуміздің институттан бірге шығып келе жатқанымызды көрді. Мүсілімге тұрмысқа шыққанымды Мұхаң алғаш рет сонда барып естіп: «Вот, оно что!» деп орысша сөйлеп күлгені көз алдымда.
– Жаңа ол кісі неге күлді? – деп сұрадым Мүсілімнен.
– Сені бірінші мәрте кергенде мен де күлгенмін, – деді Мүсілім.
– Түрім соншалық жұрт күлетіндей ме еді? – деп жатып кеп ашуланайын оған.
Тақыр басына дөңгелек тақия киіп алып, кітапханада өзіңнен ауыр кітаптарды аударып отырған түріңді көргенде күлмегенде қайтем?! – деді ол одан сайын ызаландырып.
– Оның не күлкісі бар екен?
– Жоқ, – деді Мүсілім сосын әзіл әңгімесін жиып қойып, – Мен сені алғаш рет көргенде қуанғаннан күлдім, ал Мұхаң болса, біз екеуміздің бір үйден екенімізді біліп, сүйсінгеннен күлді...
Мұхаңды қонақ ету үшін әліміз жеткенше барынша дайындалдық. Өзіммен осындайда жақын араласып, бірімізге қонақ келсе, екіншіміз күндіз-түні шауып жүріп қызмет жасайтын Сәбира Тойшыбаева деген құрбым бар еді. Сол екеуміз бұл жолы да аянып қалғанымыз жоқ. Дастарханға бар өнерімізді төктік. Мұхаң төрге жайғасты. Жан-жағына көз тастап, жалғыз бөлмеміздің ішіне жиып қойған төсек-орнымызға, шкаф-үстелімізге, аузы-мұрнына сыймай кітапқа толып тұрған, қолдан жасалған сөремізге дейін бір шолып өтті. Бұл – Орталық Комитеттің сол кездегі жаңа салынған үйінен алған екі отбасы тұратын үш бөлмелі үй болатын. Екінші бөлме кірген кісі ұялап шыға алмай қалатындай тым тар еді. Онда балалар орналасқан. Ал ең үлкен деген үшінші бөлмеде басқа отбасы тұрушы еді.
Мұхаң балаларды, үйде тағы өзімізден басқа кімдер барын сұрап жатыр. Мүсілімнің әке-шешесі қысты күндері бізбен бірге тұратын да, ал қашан көктем шығысымен ауылға барып, қауын-қарбыз егіп, бала-шаға жаз бойы сонда жүретін. Үйде олар жоқ еді.
Мүсілімнің әкесі – ескіше, кезінде ауыл балаларын оқытып, кейін колхозға бастық болған, өле-өлгенше үлкен кішінің сый-құрметіне бөленіп өткен жан. Бір ғажабын айтайын, бұл кісі тіпті зейнет жасына шықса да үкіметтен зейнетақы алмай, «мені асырап-бағатын құдайға шүкір бала-шағам бар, ал пенсия деген нәрсе бағушысы қалмаған жарымжан адамдарға берілетін көмек» деп жұрттың алып отырған ақшасынан да біржола бас тартқан. Шешесі де марқұм сондай кайратты, әділ сөзді қалт жібермейтін турашыл, өткір адам еді. Жатқан жерлері жәнатта болғай, атам да, енем де сонау алпысыншы жылдары бір мезгілде қатар қайтыс болды.
Мұхаң сол күні біздің тұрып жатқан құрқылтайдың ұясындай пәтерімізге қарап отырып: «иә, қазір жұрттың бәрінің басындағы баспанасы тұрмысына сай емес» деді. Сол пәтердің өзін үлкен қанағат тұтып отырған біз: «Бұдан артық қандай пәтер болу керек» деп әлгі сөзін біріміз үғып, біріміз түсінбей қалған едік.
Мұхаң кайтыс болганнан кейін 1963 жылы академия салған ең бірінші үйден Қанекең (Қаныш Сәтбаев) бізге Зыков, Кузьмин, Борукаев, Ахметсафин сияқты өңкей академиктер тұратын подьезден төрт бөлмелі үй берді. Бұл үйдің бізге тиюіне Мұхаңның әсері болған шығар деп ойлаймын. Осында Мүсекеңмен бірге отыз екі жыл тұрып, бала-шағамызды қанаттандырдық. Өстік-өндік.
1958 жылдың күзі. Мұхаң қызы Ләйлаға Мүсіліммен бірге үйге Гүлбәраш та келсін деп айтып жіберіпті. Ләйла мұны маған: «Папам бір жаққа жол жүрерде немесе сапардан қайтқанда жолдастары үйге үнемі тек жалғыз өздері ғана келеді. Ал бірақ сізді Мүсіліммен ере келсін деп әдейі маған тапсырды» деп сыпайылап жеткізген. Ол уақытта Ләйла Асқар Қонаевқа тұрмысқа шығып, кішкентай бөбегімен әкесінің үйінде бірге тұрып жатқан болатын... Мүсілімге еріп Мұхаңның үйіне сонда алғаш рет баруым. Қазақ зиялы қауымының қалың қаймағын түңғыш рет осы үйде жолықтыруым. Мен танитындардан Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ахмет Жұбанов, Қалыбек Қуанышбаев, Бауыржан Момышұлы, Дмитрий Снегин, Ысқақ Дүйсенбаевтар болды. Танымайтындарымның аты-жөндерін естісем де, қазір есімде қалмапты. Бізді Мұхаң қасына отырғызды. Барып-қайтқан сапары туралы әңгімеледі. Валентина Николаевна үстелдің шет жағына таман жайғасып, Мұхаңның кейбір ұмыт қалдырған нәрселерін айтып отырды. Бір уақытта күтпеген жерден Мұхаң мені тұрғызып: «Ал, Гүлбәраш, бір сағат сөйле, бұл сенің диссертация қорғауыңа дайындық болсын» дегені. Күтпеген жерден маған тост беріліп қалғанда, қандай сөз сөйлерімді білмей, бүкіл буын-буыным қалтырап, қатты абдырап калдым. Бір сәтте ойыма Ләйланың тұрмысқа шығып, осы үйде отбасымен бірге тұрып жатқаны есіме сап етіп түсе қалды да: «Мен осы тосты үлкен үйдегі кішкентай отаудың бақыты үшін алуларыңызды өтінемін» дедім.
Мұхаңа менің сөзім ұнаған болуы керек, ол кісі орнынан тұрып, арқамнан қағып: «Гүлбәраштың осылай тауып кететінін білгем» деді. Мен зиялы ортаның арасында отырып мынадай жылы сөзді алгаш рет естігеннен кейін бе, сол жерде көңілім арнасынан тасып, осының буына талай күн масаттанып жүрдім.
1959 жылдың басында университетте жұмыс істеп жүріп кандидаттық диссертациямды қорғадым. Бір күні Мұхаң мені жолдан ұшыратып қалып, «бұл жерде сенен басқа да мұғалімдер жеткілікті. Сенің нағыз жұмыс істейтін жерің – Қыздар институты. Соған бар. Ауылдан келген қазақ қыздарын жоғары мәдениеттілікке, сауаттылыққа оқытып-тәрбиелеу керек. Оларға дәл сендей ұстаздар қажет. Мен барып «на общественных началах» сабақ берер едім-ау, бірақ оған қазір уақытым болмай жүр. «Апаға қарап, сіңлі өсер» деп, менің не үшін Қыздар институтына баратынымды түсіндірді. Мұхаңның бұл сөздерінің мән-мағынасының қаншалық терең екендігін сол замат жете ұқпасам да, ұстаз өсиетін екі етпей 1960 жылдың қыркүйегінде университетті тастап, Қыздар институтына қызметке кірдім. Мұндағылар мені құшақ жая қарсы алды.
Кандидаттық диссертациямды қорғамай тұрып-ақ мені өз кафедрасына таңдап алған ұстазым Семен Михайлович Махмудов Қыздар институтына кетіп бара жатқанымды естіп, маған біраз кейіді. Ұлы Мұхаңның айтқан сөздерінің тереңдігіне арада біраз жыл өтіп, өзімнен дәріс алган жүздеген шәкірттерімнің аузынан «біз сізге қарап бойымызды да, ойымызды да түзедік» деген сөздерді өз құлағыммен естігеннен кейін барып бірте-бірте түсіне бастагандай болдым.
Қыздар институтына Мұхаңның айтуы бойынша келіп, осында қызмет етіп жүргеніме отыз жылдан астам уақмт болғанын білетін оқу шаңырағының кейінгі басшылары мені 1989, 1991, 1993 жылдары «Халық ағарту ісіне еңбек сіңірген қызметкер» деген атаққа ұсынып, бірақ одан еш нәтиже шығара алмай қойғанынан хабарым бар еді. Атақ даңқ үшін не Мүсілім, не мен ешбір жерге абырой-беделімізді салып, парасаттылық парқын төмен түсірген емеспіз. Абыройын белге түйгендер ғана биік атаққа, жоғары атқа ие болады деп айтайын деп отырғаным жоқ, әрине. Бірақ кейбір түк бітірмей, есебін түгел дейтіндерді, қолынан іс келмесе де қоржын-жемін толтыратындарды көргенде, тілдің ұшы еріксіз уытын төгеді. Атақ ала алмай қалдым деп өкінгеннен шыққан сөз емес бұл. Мұхаңның аузынан шыққан «Апаға қарап, сіңлі өсер» деген бір ауыз сөздің ғұмырыма бағыт, өміріме өзек болғанының өзі маған әлгі беделді белге түйіп атақ алғандардың жеткен табысынан сан есе артық. Осының шет жағасын менен Мүсілім естіген кезде ол мені тыныштандырып еді: «Мұхаң өсиетін адал орындап жүргеніңнің өзі сен үшін мойыныңа тағылған алтын алқа емес пе!». Бұл – рас. Мұхаңның өсиеті – алтын алқам.
qazaquni.kz