ХАТТАР ШЕРТЕР СЫР АЛУАН...
2022 ж. 15 мамыр
4032
0
Биыл қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы, көркем сөз шебері Ғ. Мүсіреповтің туғанына 120 жыл толып отыр. Осыған орай жуырда Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы қаласы музейлер бірлестігінің» үйлестіруімен, С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің ұйымдастыруымен «Мүсіреповтің хатханасы – Письмотека Мусрепова» атты хаттар жинағының таныстырылым рәсімі өтті. Іс-шараны Алматы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев кіріспе сөзбен ашты. Ой-пікір бөлісуге К. Матыжан, Б. Жақып, Н. Ақыш, Е. Нұразхан, Ә. Меңдеке, Қ. Түменбай, Қ. Әбдезұлы, Б. Жүнісбекұлы, Д. Баймолда, Б.Уатхан, Г.Тұрсынова, Д. Рамазан, Д.Белдеубайұлы т.б. музей, кітапхана қызметкерлері қатысты. Кітап қаламгердің қызы Гүлнәр Мүсірепованың және оның ұлдары Ғабит пен Мәдидің қолдауымен жарыққа шықты. Бұл хаттар жинағына Ғабеңнің 1928–1985 жылдар аралығында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, әдебиет пен мәдениеттің, ғылым мен өнердің танымал тұлғаларымен, қарапайым оқырмандарымен жазысқан хаттарының бір бөлігі топтастырылған. Хаттардың көпшілігі бұрын еш жерде жарық көрмеген. ҚР Орталық Мемлекеттік архивіндегі жазушының жеке қорынан, музей кешенінің қолжазба қорынан және облыстық архивтерден, жекелеген адамдардың ұсынуымен, баспасөзде жарияланған хаттарды қоса алғанда, енгізіліп отыр. Хронологиялық тәртіппен орналастырылған. Хаттардың мазмұны, шертер сыры әр алуан. Жинаққа 300-ден аса хаттар топтастырылған. Көлемі – 400 бет. Кітап парасатты, пайымды оқырмандарға, әдебиет тарихын және жазушының шығармашылық шеберханасын зерттеушілерге арналған. Шараны хаттар жинағының құрастырушысы, алғы сөзін жазған әрі жауапты редакторы, музей кешенінің жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Әділғазы Қайырбеков жүргізіп отырды. Гүлнәр Мүсірепова бұл хаттар жинағының рухани қазынамызға қосылған асыл мұра екеніне тоқталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Еркін Шүкіман және Н.Тілендиев музейінің қызметкері Е.Құдайберген домбырада әсем ән мен күй орындап, тыңдармандарды бір серпілтіп тастады.
Назгүл АЛТАЕВА,
Алматыдағы С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің
әдеби-мемориалдық музей кешенінің бөлңм меңгерушісі.