ЖАЛАУ ЕТКЕН ӨРЛІКТІ САҒЫНЫШТЫҢ АҚЫНЫ...
2022 ж. 28 наурыз
2742
0
Адамның тазасы еді
Төлегеннің Сарыағашта кешкі орта мектепте директор кезі (1962 жыл). Жаздың ортасы. Бір күні әйелі Үрниса екеуі шаңқай түске жақын аудандық редакцияға келді де, маған бір жапырақ бүктеулі қағаз ұсынды.
– Бұл не?
– Ашсайшы!
Аштым. Асығыс жазылған екі-үш шумақ өлең екен. Оқыдым:
Көтер депті иекті,
Шаштаразшы бір епті.
Сумаңдапты суық қол,
Қалқан етіп білекті.
Отырса да Үрниса
Көзін тігіп қырғиша,
Жоқ болыпты бес сомы,
Төлегенді тұрғызса, –
дейді.
– Ал, оқыдық!
Төлеген екі иығы селкілдеп, мырс-мырс күледі. Үрниса сәл ашулы ма, қалай, даусын көтеріңкіреп:
– Өй, оңбаған! Қандай арсыз, ә? Мынаның шашын алдырайық деп әлгі шаштаразға келгенбіз. Төс қалтасына өз қолыммен бес сом салғанмын. Соны шаштараз білдірмей алып қойыпты. Сенесің бе, сенбейсің бе? – дейді.
– Ойбай, сенемін!
Олай деген себебім, кавказ нәсілді сол шаштараздың сұғанақтығын күллі сарыағаштықтар білетін.
– Бір сом берші, төлеп келейік. Сағатымды қалдырып кетіп ем, – деді Төлеген. Ол уақытта бір сом – үлкен ақша. Оған бір шөлмек минералды су, бір лағман, екі тілім нан, бір кесе шай, бір стакан қызыл шарап келеді. Үрниса екеуі бір сом алып есіктен шыға бергенде, Төлеген маған бұрылып:
– Өлең сенде қала берсін, бір сомға татитын шығар, – деді көздерін сығырайта күлімдеп.
Сөйтіп, сұғанақ шаштараз туралы өлең лезде ауыздан-ауызға тарап кетті. Оны «Құны бір сомдық өлең» дейтінбіз.
Аудандық редакцияда әдебиет үйірмесі бар. Жетекшісі – Төлеген Айбергенов. Жырсүйер жұрт жиі келеді. Төлегенді насихаттаудан шаршамайтын газет қызметкері Бердуәлі Тұрмағамбетовтің бәріне ұйытқы боп, кейде қалтасы қалыңдау біреулерді базардағы асханаға меңзейтіні боп тұратын.
Бір күні бірі – қылшылдаған жап-жас, бірі – ұзын бойлы, ірі денелі, қоңқақ мұрынды, егделеу, әсем киінген екі жігіт келсін. Аудан іргесіндегі «Қапланбек» техникумының жанында болашақ совхоз директорларын әзірлейтін екі жылдық курс бар-тын. Әлгілер соның тыңдаушылары екен. Оларға бізден бұрын жолыққан Бердуәлінің айтуынша, екеуі де газетіміздің тұрақты оқушысы әрі өлең жазатын пақырлар көрінеді.
– Неғыламыз, бұл жігіттер Төлегенмен жолықсақ дейді. Өлеңімізді көрсетсек дейді. Төлегенге адам жібереміз бе, әлде... – дей бергенше Төлегеннің өзі кіріп келе жатты есіктен.
Бір қызығы, келгендердің екеуінің аты да Төлеген боп шығып, біздің Төлегенмен үшеу болсын.
Екеуінің жасырағы дереу папкасынан бір дәптер өлеңін шығарып, апыл-ғұпыл көрсете бастады.
– Мен Алматы түбіндегі Талғар ауданынанмын, – деп қояды сөз арасында. – Фамилиям – Әубәкіров.
– Мен – әскери адаммын. Шенім – полковник. Өлеңді енді жазамын. Шүкір, оған мүмкіндік жетеді. Ең қажеті талаптану ғой. Талаптанса, жеңбейтін не бар? Солай емес пе? Туған жерім Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов ауданы, – дейді егделеуі. – Шынымды айтсам, әскерде өлең жазуға қол тимеді.
– Ештеңе емес, «Қапланбектегі» оқуды бітірген соң, ауылыңа барып, совхоз директоры болғанда уақыт табылады, – деп әзілдейді Бердуәлі.
Жаңа танысқан екі Төлегенмен Бердуәлі алдын-ала келісіп қойған ба, немене, көп ұзамай:
– Қалған әңгімені базардағы асханаға барып жалғастырмаймыз ба? – деді.
– Сөйтейік, – деп елп етті екі жігіт те.
... Отырыс қызу. Біздің Төлеген әлсін-әлсін өлеңдерін оқиды. Арасында бір дәптер өлеңі бар Төлегенге ақыл-насихат айтып тастайды. Обалы не керек, полковник Төлеген аузын ашса, көмейі көрінетін ақкөңіл, мейлінше адал адам екен. Әбден сағынған ба қалай, елдегі орыс әйелін қайта-қайта айтып қалып отырды. Бәрінен де әзіл-қалжыңды айта да, қабылдай да білетіні ғажап екен. Бірде ол көңілі көкке шарлап, еліріп отырған (біздің) Төлегенге:
– Әй, інім, нағыз ақын болсаң, көрейік. Тап осы арада біздің дәл осы отырысымыз туралы бір ауыз өлең шығаршы! – десін.
«Жарайды» деп төс қалтадан қаламын шығарып, қомдана бастаған Төлегенге қапелімде жазатын қағаз табылмай қалды.
– Мә! – деп «Беломор» темекісінің бос қорабын ұсына қойды полковник.
Қорапты екі айырып тізесіне қойған Төлеген шұқшия жазып жатты да, қалғандарымыз сәкәкуді жалғастыра бердік.
– Ал тыңдаңдар! – деді Төлеген арада бес-алты минут өтер-өтпесте:
Бір Бекен, жалғыз Зәкір, үш Төлеген,
Бесеуі қан базарда ішкен екен.
Біреуі Төлегеннің ақын екен,
Біреуі жаңа жазып жатыр екен,
Ал енді біреуі әскерден кеп,
Ортан қолдай бір орыс қатыны екен!
– Молодец! – деді полковник Төлеген. – Мен жай қалжыңдай салып ем. Тіл-көзім тасқа, мен бірдеңе білсем, сен алысқа шапқалы тұр екенсің. Рақмет, інім. Кәне, нағыз ақын үшін түрегеп тұрып, бір алып тастамаймыз ба?!
Бәріміз орнымыздан көтерілдік... Ал енді бірде жас шамасы өзімізбен қарайлас Шахимардан деген дәрігер досымыздың әйелі кешкі сағат он бір шамасында босанып, ұл тапқанын естідік те, Бердуәлі, Төлеген – үшеуміз барып құттықтадық. Келетінімізді біліп, тағатсыздана күтіп отырған Шахимардан сапасы жоғары бір жәшік қызыл шарап әзірлеп қойыпты. У-ду түн жарымына дейін жалғасты...
Таңертең сағат тоғыздарда тағы келсек, Шахимардан әлі төсекте жатыр екен. Жазғанның басы ауырып қалған ба, ыңқылдап қояды.
– Әй, бұл не? – дейді Төлеген. – Тұрмайсың ба?
– Керіліп-созылған Шахимарданның тұратын түрі жоқ. Қайта теріс айналып, көзін жұмып алған.
– Бәке, – деді селк-селк күлген Төлеген Бердуәліге бұрылып. – Мына қолдан адам жасаған Құдайға ұқсап жатқанын қарасаңызшы! Ой, пәлі-ай!».
Ал туған інісіндей болған Мұхтар аға Шаханов: «Шәкеңнің (Шәмші Қалдаяқов) ол тұста ішуді үдете түсіп жүрген шағы еді. Оны бұл бағытынан тежеу, яғни, «тентек судан» алыстату жақын достары мен туыстары үшін орындалмас мақсат сияқты көрінуші еді. Кейінгі кездері ішкілікті доғаруға шақырған жақындарына: «Мен жетіскеннен ішіп жүрген жоқпын ғой, әкем қатты науқастанғандықтан, соның күйігінен осындай күйдемін» деп сылтаурататын. Сол кезде оған Төлеген Айбергенов мынандай бір шумақ әзіл өлең арнаған-ды:
Арағы бұл Шымкенттің жетіп жүр ме,
Әкеңнің қайғысы, әлде, өтіп жүр ме?
Әкем ауру екен деп іше беріп,
Әкеңнен бұрын өліп кетіп жүрме!
Тағы бір естелігінде: «Шәмші мен Төлеген Атырау өлкесін аралағаннан кейін мынадай әзіл әңгіме қанат қақты:
Каспий теңізіне саяхат кезінде Шәмші кеменің маңдайшасында жападан-жалғыз ойланып ұзақ тұрыпты. Итбалықтар бірінен соң бірі басын судан күрт шығарып, бадырайған көзімен тесіле ұзақ қарап тұрады екен де, қайта батып кететін көрінеді. Сәлден кейін басын қайта қылтитып ежірейе назар бұрады. Шәмші Төлегеннен: «Бұлардың бізге қайта-қайта тесіле қарай беретіні несі?» деп сұрайды.
Сол кезде Төлеген: «Итбалықтар бір мәселені түсіне алмай дал болуда. Атағы жер жарған Шәмшіні Қажымұқан денелі қайратты жігіт пе десек, бойы алты-ақ қарыс, шегірткенің айғырындай мыжырайған біреу екен ғой» деп көңілдері толмай қайта сүңгіп кетіп жатыр» дейді.
Мұны маған Айбергеновтің өзі айтып беріп еді. Ал Айладыр аға:
«Төкең Сарыағашына кетті. Бір күні Өмірзақ Қожамұратов «Төкеңе барып келейік» деп ұсыныс тастады. Өмірзақ – Бұхараның ақыны, кітаптары шыққан, танымал. Өзі Төкеңнен бір жас үлкендігі бар. Сол 63-тің 2 маусымында Сарыағашқа келдік. Төкең қонақ қылды. Көршілерін, бір-екі мұғалімді шақырды. Мен домбырамен біраз ән салдым. Төкең мен Өмірзақ лепіріп сөйлеп отыр. Төлеген: «Өзіңнен кейінгі ақындарды жақсы танисың ғой. Қазақ поэзиясының келешегі кімде? – деп сұрады. Өмірзақ: «Қазақ поэзиясының келешегі – Тұрсынзада Есімжановта» деді. Төлеген шап ете қалды: «Ол емес! Оның өлеңдерінің бәрі – лозунг! «Жаса, партиядан» басқаны білмейді. Маяковский болғысы келеді. Маяковскийдің үш қайнаса сорпасы қосылмайды қазаққа!». Төлегеннің тілі ащы еді. Содан Өмірзақ кетті. «Сеніңше, қазақ поэзиясының жарық жұлдызы кім?». Төкең: «Мұхтар Шаханов!» деді. «Анау, тракторшы-комбайнер ме? Сол комбайн айдаумен қалады ол...». «Сен мынаны біл! Оның газетке шыққан өлеңдерін оқы! Ой бар, ұйқас бар, поэзия дерті бар» дейді Төкең де ерегісіп. Бір кезде: «Онда мен кеттім» деп Өмірзақ жинала бастады. Түнгі сағат бір. Автобус жоқ. Айтқанынан қайтпайтын еді Өмірзақ. Шығып кетті. 10 минут өтті, 20 минут өтті. Жоқ. Мазасыздана бастадық. Шыдай алмай, Төлеген екеуміз киініп, көшеге шықтық. Аялдамаға барып, Сарыағашты күңірентіп «Өмірзақ! Өмірзақ!» деп айқай салдық. Жоқ. Екі сағат сабылып таба алмаған соң, қайттық. Таңертеңгісін қора жақтан Үрниса ойбайды салып жүгіріп келеді: «Жын, пері!» Жүгіре шықтық. Барсақ, Өмірзақ! Үсті-басы тұтастай ақ мамық. Жылтыраған екі көзі ғана. Сөйтсе, түнде бізден жасырынам деп, тауық қораға кіріп кеткен. Біз Өмірзақты іздеп жүргенімізде, ол байқатпастан үйге кіріп, стол үстіндегі екі шиша арақтың біреуін қойнына жасырып, тауық қораға қайта жасырынған. Бір рөмкесін қағып салғасын, арақ буынына түсіп, ұйықтап қалса керек. Таңертең мең-зең болып, сыртқа шыққан беті. Сиыр саууға шыққан Үрнисаны сөйтіп шошытқан. Өмірзақтың есін жиғызып, сол күні Ташкентке жүріп кеттік.
«Өмірзақ қашты «кетем» деп,
Айладыр қуды «жетем» деп.
Айласы асқан ақыным
Тауық қораны алған мекендеп, –
деп Төлеген табан астынан өлең шығарып еді, Өмірзақ іліп алып:
«Сынап едім сендерді,
Мені іздер ме екен деп», –
деп жауап қайтарды. Төлеген ішек-сілесі қатып күлді. Ол күлсе, шын күлетін. Жыласа, шын жылайтын. Өтірігі жоқ, шынайы жан еді. Адамның тазасы еді.
Зәкір АСАБАЕВ, жазушы.
Қаралы қасыретті шақ
Сол ол қасіретті күн туралы Саттар Сейітхазин ағамыз қалай болғанын өзінің «Қаралы сапар» деген естелігінде баяндап береді. Бұл естелікті толықтай беруге тырысқаным, әкемнің қазасы неге Қарақалпақстаннан әкеліп Алматыға жерленбеді деген ойларға аз да болса жауап берер деген ой еді.
«Өмірімде көрген ең бір қаралы, қасіретті шақ осы болар... Ажалга тойымсыз қара жер қызгалдақтай қыз мінезді ақын інімді ¬– Төлегенді, Төлешімді де шімірікпей жұта салған-ды.
Рақмет, адамдар, жасарыңдар,
Бауырың ем, жүрек қып жасадыңдар!» –
деп ақын өз ғұмырының аздығын аза тұтпай, адамдарға жақсылық, жас өмір тіледі емес пе? Иә, ол – өмірдегі адамдардың бауыры да, жүрегі де еді.
1967 жылдың 29 тамызы еді. Таңғы сағат алтыда телефоным салдырлап қоя берді. Бұл кім екен, таң атпай безілдеткен, түнде де тыныштық бермейді бұлар, – деп азын-аулақ киіндім де, кірер бөлмеде тұрған телефон трубкасын көтердім:
– Бұл кім екен?
– Мен Қабдікәрім ғой, Саттар, бір ауыр жағдай болып қалды. Қазір такси ал да, одаққа тез жет, мен сонда боламын.
– Әй, бастық, не болып қалды, жөніңді айтсаңшы алдымен.
– Нөкісте, Төлеген Айбергенов қайтыс болыпты, тез жет, қалғанын келген соң естірсің.
Жүрегім дір етті де, телефон трубкасы қолымнан салдырлап жерге түсті...
Қабдікәрім Ыдырысов сол кездегі Жазушылар одағы секретарларының бірі болатын. Көшенің қарсы бетінде қаптап тұратын көп таксидің алдыңғы біреуіне отырдым да тартып бердім...
Жазушылар одағының екінші қабатына көтерілсем, ботадай боздап жүрген Мұқағали марқұмды кездестірдім. Көтерілгенім сол екен, Мұқағали еңіреп келіп, құшағына қаусырып алып еңкілдемесі бар ма, босатар емес. Өзім ентелей басып келген бетте ентігімді баса алмай, мең-зең қалыпқа түстім. Оның құшағынан әрең құтылып, Қабдікәрімнің кабинетіне қалай кіріп барғанымды сезбей де қалдым.
– Е, Сәке, келіп қалдың ба? Міне, қазір жиырма минутсыз жеті. Қазір менің машинама отыр да, екі билет ал. Самолет Ташкентке сағат 10-30-да ұшады, тездет.
– Өй, өзі не болды, жөн-жобаңды айтшы, – деп дегбірін алып тұрып алдым.
Жазушылар одағының әдебиетті насихаттау бюросы жазушылар Дихан Әбілев, Сағынғали Сейітов, Нұтфолла Шәкеновті Қарақалпақстанға командировкаға жібереді. Осы ақындардың Қарақалпақстан жұртшылығы мен кездесуін Нөкіске ертерек барып ұйымдастырған Төлеген. Нөкіс қаласына жеткен күннің ертеңіне бригаданың басқа мүшелері Шымбай ауданына жүріп кетеді де, Төлеген сырқаттанып Нөкісте қалып қояды. Сол күні аяқ астынан ақын мәңгілікке көз жұмады. Қ.Ыдырысовтың бар білетіні осы ғана болды. Мұндай сұмдық хабарға әбден қаныққан соң, мен аэропортқа тарттым. Нөкістіктердің жіберген жеделхатын ұстап, аэропорт бастығының тура өзіне кірдім.
Аэровокзал кассаларына қайта-қайта телефон шалып отырып, Ташкентке екі билет тапты-ау бастық. Енді ұшқалы тұрған ұшаққа жеттік-ау, әйтеуір. Үрнисаға Төлегеннің қайтыс болғаны туралы Қабдікәрім де, біз де ештеңе сездірмеуге тырыстық. Тек «Төлеген қатты ауырып жатыр, дәрігерлер бір емін табар» деп қана қоямыз. Онымызға сеніп отырған Үрниса жоқ, тек көзін мөлдіретіп бізге жаутаңдай қарай береді. Үрнисадан гөрі маған Нөкіске жеткізуге ауыр тигені Мұқағали болды. – Ой, бауырым-ай, ой, ақыным-ай, серігім-ай, егізім-ай, не болдың, не болдың? – дейді де, зілдей ауыр денесімен үстіме қираң етіп құлай кетеді. Мен: – Мұқаш, Үрниса оның қайтыс болғанын сезіп қояды, шыдашы енді, шыдашы, – деп жалынамын. Ол аз-маз қалпына келеді де, әрі-беріден соң баяғысына қайта басады. Мен байғұс оны қайтадан уатып әлекпін. Үшеуіміз де таңғы оразамызды ашқанымыз жоқ. Ұшақта бір-бір стакан минерал суын беріп еді, Үрниса татып алмады. Әйтеуір, Ташкентке қарай ұшып келеміз.
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей қияметтің әкесін Ташкент аэропортында көрдім, тіпті өзбектерден таяқ жеп те қала жаздадым. Мұқағали мен Үрнисаны, ұшақтан түскен соң, екеуін екі қолтығыма қысып алып аэровокзалға беттедім. Қолымда қаралы телеграмма бар, енді Ташкенттен Нөкіске билет алуым керек. Ұшып келген ұшақ Ташкенттен сапарын аяқтайды екен. Нөкіске басқа ұшақ ұшады. Ол ұшақтың ұшуына бір жарым сағаттай уақыт қалыпты. Асығуым керек. Мұқағали мен Үрнисаны вокзал алдындағы бір жолаушылар орындығына отырғызып, орындарынан тұрса, адасып қалармын, – деп екеуіне де: – Осы арадан қозғалмаңдар, мен билетке барамын, алыңдаршы, бәрін де реттеймін деп жалынып, артыма жалтақтай қарап вокзалға еніп кеттім.
Кассалардың алды толған адам. Қаздай тізіліп тұр. Бірін итеріп, бірін лақтырып, ұрыс-керіс жасап, касса тесігіне өңмеңдеп ұмтылған жетпегірлердің көбін қайтерсің?! Олар билетті өшіретсіз алып шығады да, жалма-жан біреулерге жоғары бағасына өткізіп, әлгі тесікке қайта ұмтылады. Не істеуім керек, аз тұрдым да әлгі жетпегірлердің бір-екеуін алдыма салып, касса тесігіне де жеттім-ау. Екі жүгірмек билеттерін алған соң, мен де құжаттарымды ұсындым. Арлан төс, еңгезердей бір өзбек билет сатып отыр.
– Маған Нөкіске ұшатын ұшаққа үш билет беріңіз, міне телеграмма, – деп қаралы хабарламаны ұсындым.
– Бұл нэмэ кирәк, билет йок... Бар, бар, кет...
– Бүгін мына ақынды жерлеуіміз керек, телеграмманы оқыңызшы! Жалынып тұра бердім. – Жиырма бес сом пұл қосып берсең болады, – деп сыбырлады артымнан біреу. Мен оның сөзіне пайым бермей, үш билет табыңыз деп кассирге тағы жалбарындым. – О, анаң, – деп кассир өзбегім кассадан шықты да мені жағамнан алып лақтырып жіберді. Мен шалқамнан барып құладым...
Мені бір орыс жігіті мен қараторы қыз екі қолтығымнан сүйеп көтеріп алды. Орнымнан тұрып, касса терезесіне қарасам, әлгі өзбегім маған қарап жұдырығын көрсетеді. «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқтың» керін киіп, не болса да бастығына барайын деп екінші қабатқа көтерілдім. Қабылдау бөлімінде отырған қылшиған өзбек қызы: – Бастық ешкімді де қабылдамайды, – деп өзбекшеледі. Мен қыздың жанына еркін басып бардым да, өзімнің жазушылық куәлігім мен әлгі телеграмманы көрсеттім де, бастықтың есігін еліре ашып кіріп кеттім. Ұзыннан ұзақ жарық, кең кабинеттің төрінде екі қолын үстелдің үстіне салып, алақ-жұлақ етіп, отыз бес-қырықтар шамасында бұғағы салбыраған, жып-жылтыр өзбек отыр. Мен еркіндей басып, бастықтың алдында тұрған қабылдау столының қасындағы жұмсақ былғары креслоға күп беріп, отыра кеттім. Бұл кім өзі, неге еркінсиді дегендей, менің сәлеміме де құлақ түрмей, саусақтарын сыртылдатып аз-маз отырды да:
– Сізге не керек еді, – деп дүңк етті. Мен жағдайымды айта бастап едім, ол тыңдамай, қолымдағы құжаттарыма қолын созды. Ол телеграмманы көз жүгіртіп қарап шықты да:
– Мен ештеңе істей алмаймын, кассаға барыңыз, – деп құжаттырымды маған қарай сырғыта салды. Мұның да мені жетістіре қоймайтынына көзім жетті де оған:
– Онда мені мына телефонның біріне қосыңыз.
– Жоқ, бұл арадан ешкіммен де сөйлесуге болмайды, – деп шірене қалды. Енді не істедім, мен кассаға кеткелі жарым сағаттан асып кетті. Үрнисалар не болды екен, аз ойландым да, ойыма кілт шығарда Қабдікәрім жазып берген Өзбекстан ЦК Комсомолының бірінші хатшысының телефоны есіме түсіп кетті де бастыққа:
– Сіздің телефондарыңыз көп-ақ екен, соның біреуі правительственный шығар, мына телефонды қосып жіберіңізші, – дедім. Бастығым әлгі телефон номерін көрді де, асып-сасып: – Сейтас ака, Сейтасқа басып, аппараттарының ішінен бір көк аппараттың трубкасын жұлып алды. Телефон Өзбекстан комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Орталық партия комитетінің бюро мүшелігіне кандидат Сабиров дегендікі екен. Жол болғанда, ол да орнынан табыла кетті. Бастық асып-сасып телефон трубкасын маған ұсынды. Секретарь менімен ағайыншылықпен амандасып, күй-жағдайымды сұрады да:
– Алматыдан Ыдырысов жолдас хабарласқан еді. Сіздерді Нөкісте де асыға күтіп отыр, мен қазір Сіздерге жетемін. Трубканы вокзал бастығына беріңіз, – деді.
Бастыққа оның телефонмен не айтқанын білмедім. Әйтеуір, бастығым «акалап, көкелеп» жік-жапар болып жатыр. Сәлден соң, трубканы тастай салып, секретарь қызды шақырды. Иіле басып секретарь кіре беріп еді бастық: – Маған тез кассадағы Исмаил аканы шақыр, – деп өктем бұйрық берді. Әлгіндей болған жоқ, қолын кеудесіне салып, басы жерге жеткенше иіліп Исмаил, манағы мені итеріп тастап, жұдырық көрсеткен сабазым да кірді. Ол кіре бере ақырған бастық оны боқтап, өзбекше сыбап та жатыр. Менің түсінгенім: – Мехманды неге жәбірлейсің, қолындағы телеграммасын көрдің ғой. Сонау Қазақстаннан Нөкіске бара жатыр. Енді үш билетті өз ақшаңа алып кел де, мына мехмандардың аяғына жығылып кешірім сұра, – дегені ғана. Анау «Құп болады, құп болады» дегеннен басқа ештеңе айта алмайды. Селк-селк етіп, діріл қағып тұр. Сырттан Өзбекстан комсомол комитетінің адамдары да кіріп келді. Мені құшақтап, бәрі де көңіл айтып, ізгі ниеттерін білдіріп жатыр. Исмаил ака сүмірейіп манағы орнында әлі тұр.
– Сен неге кетпей тұрсың? – деді бастық көзін алартып. Исмаил ака «паспорт, паспорт» – деп маған қолын созды. Мен түсіне қойдым да, паспортты және үш билеттің ақшасын ұсындым. – Пұл керек емес, керек емес, – деп Исмаил ақшаны қайта ұсынып еді. Мен тіксініп: – Алыңыз, –дедім де қолын қағып жібердім...
Билет қолға тиген соң, бәріміз сыртқа шықтық. Аэровокзал бастығы да сөмпеңдеп бірге жүр. Үрниса мен Мұқағали да дегбірі кетіп күтіп тұр екен. Оларды да комсомолым аялап, көңіл айтып, қолтықтап әкеп бар құрметін көрсетіп жатыр. Біраз кешіккен ұшақ та көтеріліп, Нөкіске бет алды.
***
Нөкіс аэропорты ығы-жығы. Ұшақ тоқтар жерде қара костюм киген өңкей Қарақалпақтың ығай-сығайы қатарласып тұрып алыпты. Ұшақ терезесінен қарап отырған Мұқағали екеуміз Үрнисаға ештеңе сездіргеніміз жоқ.
Ұшақ терезесінен қарағанымда менің алғаш көзіме түскендері маған бұрыннан таныс Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бөлім бастығы, ақын, ардақты азамат Бабаш Исмаилов, Қарақалпақ Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ибрагим Юсупов, ақын-жазушылар Жолмырза Аймырзаев, Хожабек Сейітов, Жолдас Сейтназаров, Ғалым Сейтназаров, Қармыс Досанов, Тәжеддин Сейтжановтар еді.
Төлеген келгенде түскен бір туысының үйіне аэропорттан тізбектеліп ондаған машина келіп жеткенде, бізді күтіп тұрған халықтың шегі жоқ. Бүкіл Нөкіс тұрғындары түгел жиналған дерсің. Машиналар өтер жер таппай, бұралаңдап Қаралы үй қорасына әрең жетті. Төлегенді таза арулап жуып, мәйітті аулаға шығарып қойыпты. Енді бір кішкене кешіккенде жерлеуге де алып кетпек екен. Бізді күткендер кезек-кезек көрісіп, жылап-сықтап амандасты. Үйге кірместен соңынан Нөкістегі қалалық зиратқа бет алдық.
Қалалық партия комитеті мен Нөкіс атқару комитеті өткізген қаралы митингтен кейін, зират басы күңіреніп кетті. Әр тұрғын Төлегеніне деген сүйіспеншілігін танытып, жыласып-сықтасып жатты.
Төлегенмен бірге болған аға жазушыларымыз Д.Әбілов, С.Сейітов, Н.Шәкенов және Мұқағали екеумізді Қарақалпақтың белді де белгілі азаматтары қолтығымыздан сүйеп жүрді. Қарақалпақ елі қанаттас қазақ халқына деген туысқандығын танытып, бауырмалдық, елдіктің, тілегі мен жүрегі бір екендігін Төлегеніміздің мәңгілік сапарында айғақ етті.
Мұқағали екеуміз Төлешіміздің үйінде болып, соңымызда жүрегімізді, қазақ-қарақалпақ халықтарының жұлдызы болар деген тілегімізді амалсыз қара жерге беріп, шарасыздан Алматыға оралуға ұйғардық. Артымызда Нөкістің қалың зиратының ішінде бір кішкене ғана төмпешік болып, халқымыздың алып жүректерінің бірі қалды. Амал не, топырағы торқа болсын!».
***
Анам да осы күн туралы көп еске алатын. Былай әңгімелейтін:
«Егіз қыз – ауруханада, есіл-дертіміз сол екі қыздың жағдайы... Ақын-жазушылар келер алдында, біраз уақыт бұрын ауруханаға түскен Төлеген, дәрігерлерден жасырынып шығып, олармен бірге кездесулерге барып жүреді. Ойламаған жерден ауруы асқынып, бұл кісілер барғаннан кейін, үш күннен соң, қайтыс болады. Жазушылар үйіне «Қайтыс болды» деген телеграмма, ал маған «Ауыр хәлде жатыр» деген телеграмма келеді. Мені Қарақалпақстанға алып баруға ақындардан Мұқағали мен Саттар Сейітхазин шығады. Мен олардың мені алып бара жатқанын білмеймін, өздері іссапармен бара жатқан екен ғой деп ойладым.
Біз отырған ұшақ Ташкентке дейін ғана ұшады, өйткені тіке рейс жоқ. Ары қарай Қарақалпақстанға ұшатын ұшаққа отыруымыз керек. Сол кезде Шымкентте тұратын Мұхтар Шаханов Ташкентке келіп шығарып салды. Оған да Төлеген «Қатты ауырып жатыр» деген хабар берген. Екеуміз ешнәрсе білмейміз. Ал Мұқағали мен Саттар бәрін біліп бара жатыр екен. Сондықтан да олар өздерінің қайғырғанын білдіртпеу үшін, менен қашқақтай, маған білдіртпей, өздері қайта-қайта Нөкіспен хабарласып жүріпті. Мен оларға жол бойы: «Төлегеннің хәлі нашар көрінеді. Мен оны Алматының ауруханасына әкеліп салуым керек. Төлегенді алып қайтқанда, маған көмектесіп жіберіңіздер» деп жалына сөйлеп отырдым. Аэропорттан бізді көп адам қарсы алды. Қолымдағы Дәуренді Қуатбай деген туысымыз көтеріп алып кетті. Менімен жөндеп амандасқан да жоқ. Мен оны осы жақтың салты бойынша келінді онша адам көрмейтініне таңдым. Бізді тез арада жеңіл машинаға отырғызды. Алдына жол білетін адам отырды. Машина республикалық ауруханаға қарай тоқтамай өте шыққан кезде мен: «Мынау аурухана ғой, тоқтатыңыздар!» деп едім. Сол кезде шофер жігіт: «Ой, Құдай-ай!» деп қатты күрсінді. «Білмей келе жатыр екен ғой» деген сыңай білдірді. Сол кезде жүрегім сезді ме, құлағым бітіп қалды да, алыстан бір әйелдің шыңғырған дауысы естілгендей болды. Кейін ойласам, ол өз дауысым екен. Содан көзімді ашсам көп адам...
Менің қарсылығым: «Машинадан түспеймін» деппін. Оны да өзім кейін естідім. Біз барған соң, жарты сағат өтер-өтпес Төлегенді жерлеуге алып кетті. Мен өң мен түстің ортасында жүргендеймін. Есім кіресілі-шығасылы. Сонда қаралы жиында сөз сөйлеппін. Оны да білмеймін. Әйтеуір, жерлер кезде: «Мұнда жерлемеңдер» дей бергенімде, әйелдер қолтығымнан демеп, мені сүйемелдей ала жөнелді. Есінен адасты деп ойлаған болулары керек.
Бір күні газеттен шетелге сатылған бес-алты жасар баланың самолеттің трапының басқышынан «Көтерілмеймін» деп жан-жағына қарап, араша сұрап жылағанын, оның қолынан келген қарсылығы сол болғанын оқығанда, Төлеген қайтқан кездегі өзімнің дәрменсіздігім есіме түсіп, менің қарсылығым дәл осы баланікіндей ғана болғанына қатты қынжылып жылағаным есімде» дейді. Айладыр аға: «Төлеген Нөкіс ауруханасында қайтыс болғанда, сүйегі Нөкістегі Үсен ағайдың үйіне әкелінді. Сол үйдегі жеңгеміз – Ақпатша Таубаева қазір Ақтөбеде тұрады. Төлегенді өз қолынан ақтық сапарға шығарып салған. Ақпатша жеңгеміз Төлеген қайтыс болғаннан үш-төрт жылдан соң, Ақтөбеге көшіп келді» деп еске алады.
Әкем қайтыс болған соң, анам «Лениншіл жастың» хат бөлімінде жұмыс істейді. Әдебиет бөліміне күніне кем дегенде 70 хат келсе, соның 50 хатында әкемнің аты жүреді. Еңіреп отырып тіркегенше күңірене іздеген елдің талабын қанағаттандыруға, яғни сол хаттарға шолу жасауға немесе кейбірін жариялауға ол кезде замана ағымы көтермейді. Әкем сол тұста танымал емес, былайша айтқанда, ешкім емес еді. Өйткені ол заманда құрығанда парторг болмаса, не бастық болмаса, ол туралы бірдеңе деу мүмкін емес-тұғын. Жұрт тек күрсініп қана жауап беретін. Төлеген Айбергенов ақын ретінде бұқараға керек болғанымен, баспалардың алды маңайлатпайды.
Анам кейде, «Төлегеннің дүние салғанын маған Алматыда естірткенде мен: «Ол осында тұрады. Бала-шағасы, қызметі, үй-жайы да осында. Төлегенді алып келіп, Алматыға жерлесін» деп ешқайда қозғалмай отырып алар едім» дейтін.
Әкемді жерлеген күні түнде біреу есікті қағып тұрғандай болады. Анамның қасында әкемнің ортаншы әпкесі жатыр екен.
– Апа, Төлеген келді ғой, есікті ашайық, – дейді анам, әпкесі:
– Қарағым-ау, ол келмеске кетті ғой, үндеме, – дейді.
«Және бір ойымнан кетпейтіні, – дейтін анам, – Қарақалпақстаннан Төлегеннің Үштап деген апасы ауруханаға емделуге келді. Бірнеше күн үйде болды. Бір күні әңгіме арасында:
– Үрниса, сен Төлеген қайтыс болғанда, неге машинадан шықпай отырып алдың? – дейді. Сонда мен оған:
– Апа, Төлегеннің қайтыс болғанын білген соң, оны алып тез артыма қайтуды ойладым. Өйткені үйі-жайы Алматыда, тез әрекетімді жасайын дегенім ғой, – деп едім десем, ол кісі:
– Ой, ол мүмкін емес еді. Ол жақта да өкімет адамдары бар, туған-туыс бар, бәрін дайындап, тек сен келе жатыр деген соң, ел жиналып саған қаратты ғой. Сендер Ташкенттен ұшақпен қашан ұшатындарыңды, оның қай кезде қонатынын адамдар хабардар етіп отырды, – дейді.
– Мен Төлегенді үйіме апарады, сонан соң жерлейміз, – деп ойладым. Өйткені ол іссапармен барған адам ғой. Бес-алты адам ұшақпен әкелуге болар еді. Солай болуы керек те еді, – деймін.
Тағы бір айта кететін жәйт, мен Қоңыратта жетісін беріп келдім. «Лениншіл жас» газеті Төлеген қайтыс болғаны жайында қазанама берген екен. Сол кездегі ЦК комсомолдың органы «Лениншіл жасқа» газеттің шығатын нөміріне кім қол қойған десе, редактордың орынбасары Қалдарбек Найманбасвтың қолы тұрады. Ол кісіні ЦК шақыртып алып: «Не, сендерге газет афиша ма, Т.Айбергенов деген парторг, директор, не бір атақ-дәрежесі бар адам болмаса, оған неге қазанама бересіңдер?» – деп Қалдарбекке сөгіс те берген. Иә, бізді қашан да шолақ белсенділер құртқан, адал адамдардың түбіне сол сияқты алаяқтар жетті» деп айтатын.
Салтанат АЙБЕРГЕНОВА.
qazaquni.kz