СҰЛУДЫҢ СЫРЛЫ КӨЗІНДЕЙ...
2022 ж. 15 наурыз
3021
0
Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп, жыр әлемінің шоқ жұлдызына айналған көрнекті ақын Қанипа Бұғыбаеваның туғанына биыл 80 жыл толды. Осыған орай Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде наурыздың 17-і күні сағат 15.00-те «Найзағай бұтағына қонақтадым» атты еске алу кеші өтеді.
Бұл ретте оқырман назарына ақынның «Көңіл күнделігінен» аталатын жазбасынан үзінді ұсынуды жөн көрдік. Сондай-ақ қазақтың айтулы шайыр қызының «Ұлылыққа тағзым» атты өлеңі жарияланып отыр.
Мазалап арман жанымды
Алады жырмен уатып,
Бола алмаймын сабырлы
Сабырлы емес уақыт... ¬–
деп алғашқы өлең кітабымның (1963 жылы) бетін ашыппын.
1958 жылы «Өзенім» деген өлең жазыппын:
Сылдырап аққан, өзенім,
Күлкіге әсте тоймайсың.
Ысқылап арна өзегін.
Шелекті тартып ойнайсың.
Сұлудың сырлы көзіндей,
Суың мөлдір тұнықсың.
Болмаса жырым өзендей
Жанымды менің кім ұқсын.
Өлеңді алғаш 16-жасымда жаздым. Ақын болсам деген ойым жоқ болатын. Әйтеуір, шешем Нұрғайша маған көп кітаптар әкеліп ертегі аңыз, батырлар жыры, ғашықтар жыры, Қобыланды, Ер төстік, Алпамыс, Қыз Жібек, Айман- Шолпан, Қозы-Көрпеш, Баян-Сұлу т.б. оқытатын. Көрші көлең кеш түсе біздің үйге жиналып, дөңгелек үстелді қоршай отырып, менің аузыма қарайтын. Мен жаяу шамның әлсіз жарығымен ойлау жерден орғытып, қырлау жерден қарғытып, тез-тез зуылдатып оқитынмын өлеңдерді. Өзім тез оқығаныма мақтанам іштей. Бірақ онша түсінбейтінмін... Келе-келе оқи берген соң ба, ішіме сөз сәулесі түсетін болды. Сөз сырына қанығып, бірте-бірте кітапқұмар болдым. Алты жасымда тізем шығып кетіпті де, ойнап жүріп, уақытында салынбай қалған екен. Мектепке де кейде бара алмай төсек тартып жатып қалатын едім... Ол кезде ауылда радио, телевизор дегенің жоқ. Әкем де шешем де колхоз жұмысында. Ерте кетіп, кеш келеді. Бір күні шешем дүкеннен қант әкел деп мені жіберді. Дүкенге кіріп барсам түлкі тымақ киген бір кісі маған қарап тұр. Сөйтсем кітап сыртындағы Ілияс Жансүгіровтың суреті екен. Мен бірден осы кітапты сатып алып, үйге әкеліп оқығаным әлі есімде. Ондағы, әсіресе, маған «Бұлбұлға» деген өлеңі керемет әсер етті.
Сайрадың құйқылжытып, құбылжытып,
Тыңдадым таңдайымнан жұтып, –
дегенін ұмытар емеспін. Сол кездерде «Талаптың мініп, тұлпарын әр қияға салған шақ», деп алғаш шешем іс машинасын сатып алып берді.
Ауылдағы көрші апайлардың көйлектерін пішіп тігіп алғысын алып жүрдім. Тігінші болғым келд. Бірде әтештің суретін кішкентай кілемшеге кестелеу әдісімен түсіріп, керегеме іліп те қойдым. Ою кестеге әуес болдым. Өте қызыққыш, еліктегіш болып өстім. Үйге біреу келсе жақсы көріп, оны бір жұмбақ аралдай көріп, оған барлау жасап, шешемнің басын шайқап, қой дегенін тыңдамай қойнына кіріп кететінмін. Киімімді айырбастап, сен сен ал деп адамдарды қуандырғанды жақсы көретінмін. Бірде үйге келген тәтенің қолдан соққан жәй сырғасына қызығып, өзімнің әкем Томскіден (жұмыс армиясында болған 6 жыл) әкеп берген алтын ай сырғамды беріппін. Шешем амал жоқ үндемепті. Алғаш Күләштің даусын («Гәккуін») естіп, мен Күләштай әнші боламын деппін. Көңілімді ән әлемі жаулап алды. Ақсудың бойына барып, оңашада құстарға ұқсап ән салатын едім. Сонда менен асқан дүниеде әнші жоқ деп ойлайтынмын. Өте қызыққыш әсершіл едім. Неге мен Қыз Жібек болып ойнамаймын деп, Ақсу ауданының театрына ылғи баратынмын. Мені жұмысқа алуын сұрайтынмын. Ол кезде Әбітай Исақанов деген жігіт мәдениет үйінің меңгерушісі екен. Қолымда таяқ, ойымда түк жоқ алқынып, ән айтып берейін деп «Тау ішінде», «Бозжорға», т.б. «Гәкку», «Гауһартас» әндерін орындап беремін. Ол мені тыңдап, келіп тұр, қәзір орын болыңқырамай жатыр, аламыз сөзсіз, талантсың деп мені мақтайтынын ұмытпаймын. Сол театрдағы Назарбек, Дәмелі, Бағила секілді өнер адамдарына қатты қызығатынмын. Шіркін менде сахнаға шығып ән салсам солардай деп. Әлі есімде, ауылда радио жоқ, Ақсудағы Айса деген апайдың үйіне барсам, керегесінде қап қара қалпақтай радиодан не түрлі ән, музыкалар беріліп, тұрғанын көріп, түбінен кеткім келмеген. Неше түрлі қалаларды аралап, музыка арқылы ұшып жүргендей күй кештім. Бір күн, екі күн, тегі түбінен, (тамақ та ішкім келмей) кеткім келмейді. Содан бір «Әнші жігітке» деген ән шығардым. Сөзін де өзім жазып, ыңылдап айтып жүрдім.
Шырқатып сұлу әнді сылқым жігіт,
Жетеді-ау қыр басына сілкіндіріп
Бөлесе бір көңілді қуанышқа,
Кетеді-ау бір көңілді күрсіндіріп.
Сұлу үнді сылқымым,
Жаны сазды сыршылым,
Естімей сол әніңді,
Қалай ғана тыншырмын?
Бір жанып, өзіңменен бірге өшемін,
Жаныңды ән болмаса білмес едім.
Ұғынып жан дүниеңді жанарыңнан
Әніңе ән қайтарып тілдесемін...
Бірақ бір күні радиодан әнші қызға деген ән берілді, байқасам әуені менің әнші жігітіме ұқсайтын секілді, содан қайтып ән айтуға құштар болсам да ән шығаруды қойып кеттім...
Менің алғашқы ұстазым анам Нұрғайша, ол кісі маған Абай, Қасым, Мәриямның Әбудің өлең кітаптарын әкеп беріп оқытатын. Үйге «Қазақ әдебиеті» газетін және әйелдер журналын алатынбыз. Әсіресе, «Абай жолын» оқып бір өзге дүниеге еніп кеттім. Ғашықтық жайлы Абаймен Тоғжанның ара қатынасын, Әйгерімнің әнін естігендей болып өзім де боран соққанда адасып Абай секілді жігіт аттан түсіп, үйдің есігін таба алмай тұрғандай елегізуші едім. Оңашада Татьянаның Онегинге жазған өлең хатын әндетіп айтуға құмар едім... Домбыраға да ғашық болдым. Басыма жастап, күйші болғым келді. Бірақ «Елім-ай» әнін әрең үйрендім. Өз сезімім арқылы барлық білген әндерімді шерту деңгейіне жеттім. Суретші де, ұста да болғым келді. Бірақ осының бәрі тек менің сұлулыққа деген құштарлығым екенін кейін сездім. Тез ғашық болып, тез айнып қалатынмын... Әскердегі хат жазғыш жігіттерге қызық көріп өлеңмен жауап хат жазатын едім. Одан хат келсе қыздар күліп оқушы едік. Шешемнің суырып-салма, ерен жүйрік ешкімге дес бермейтін ақындығы ма? Әйтеуір, бір сөз құдіреті мені өзіне тартып, өз өзімнен күбірлеп, алғаш аулыма арнап өлең жазғанымды білмей де қалдым.
Үрлей ескен жел ме мынау самал ма,
Толқын өрген жасыл шалғын далам да.
Күніне мен жүз сүйемін аулымды
Көңілімнің құндағына алам да.
Сымбатыңа қараймын да сыр алам,
Жас балаша жылап, кейде қуанам,
Топырағыңды уыстасам еңкейіп,
Көз алдыма елестейді ұлы анам.
Тек өзімде бүршік жарар гүлім де,
Тек өзіңде жарық болар түнім де,
Саусағыммен шертілмеген күй болып,
Жыр боп тұрдың көкірегімде, тілімде.
Жан емеспін көппен бірге көшке ерген,
Кеудеңдегі бір отыңмын өшпеген.
Туған өлкем, топырағыңнан нәр алар,
Жап жас ғана шыбығыңмын өскелең...
1960 жылы жазылған бұл өлеңімді алпысқа келгенде оқып толқып отырмын. Шешем 1959 жылы қазан айының 29-да 49 жасында соңына біздерді тастап, көз алдымда көз жұмып кетті... Өмірге 9 ұл 1 қыз мені әкелген ол соңына 2 ұл бір қызын тастап кетті... Сондағы менің ойым ¬– ол енді жұмыс, жұмыс деп жазда ыстыққа күйіп, қыста суыққа тоңып, қиналмайды. Әкем тамақ тез дайын болмады деп ұрыспайды оған, енді ол демалады деп деп қуанғам. Бірақ олай емес екен. Анамның жоқтығы өмір бойы жаныма батып, орнын ешкім баспайтынын қайдан білейін?
Алғашқы өлеңге талпындырған ұстаздарым Құдаш Мұқашев, Әбу Сәрсенбаев, үлкен жүректі журналист апай Ләзиза Серғазина болды. 1962 жылдары Ақсуға Алматыдан Әбу Сәрсенбаев, Тұманбай Молдағалиев деген үлкен ақындар келді. Маған Құдаш келсін деп хабар жіберіпті. Сара ауылының арасы 9 шақырымдай болатын. Сол жолы аудандық Мәдениет сарайына жұрт көп жиналды. Мен Әбу ағаға арнаған өлеңімді оқып бердім. Аяғымды көріп, аяп кетті ме... Алматыға кел, дәрігерге аяғыңды қаратамын деді де, бір кітабына қолтаңба жазып беріп, соңына телефон санын және үй адресін қоса жазып, мені Алматыға шақырды. Содан әкем үй иесіз қалмасын деп бір әйелді алып келген. Ол кісі жайсыздау болды маған. Мінезі шайпау, күнде ұрыс-талас. Әкем соның сөзін жақтайтын секілді, дәрменсіз, жаңа үйленген жас қызбен жігіттей шымылдық құрып қойды... Мен шешемнің жаны шыққанда жатқан қоңыр кереуетін иемденіп, өзім ауызғы үйде жататынмын, олар түпкі үйде. Бір күні өгей шешем алдағы қоңыр кереуетті бізге бер, үлкен екен сен біздікін ал, саған ылайық деді: ¬
– Жоқ бермеймін, өзім осы кереуетке үйреніп кеткемін! ¬– деп бермей қойдым...
Содан ол менімен өшігіп алды. Ауылда клуб меңгерушісімін, аудандық газетке өлеңдерім шығып, атым шығып қалған кезі. Және Құрақсу мал қыстауына барып бір милиционер жігітпен айтысып Балқаш бойында оны жеңіп, домбыра шапан алғам сыйға, сонда самолетпен «Коммунизм таңы» газетінен («Жетісу») Мұхаметжан Дүзенов деген кісі келіп суретке түсіріп алып, мен жайында мақала жазып өлеңдерімді жариялаған болатын. Сол кезде ауданнан сол Құрақсуға Бәтима Сақауова деген хатшы барған. Сол кісінің машинасымен бірге барғанмын. Бұл 1960 жылғы қыс болатын.
Содан бірде әке-шешеме ренжігенімде шыдамай, Алматыға дәптерлерімді алып қашып келдім... Келіп автовокзалдан телефон соқтым. Әбу ағай таксимен келіп, мені үйіне алып келді. Апаймен таныстым. Маған рухани әке-шеше болды. Мейірім шуағына бөледі. Дәрігерге қаратты. Аяғыма операция жасатып, қолымнан таяқ түсті, аяқты жерге нық бастым. Өмірге үміт арман көзімді аштым. Жақсы адамдар бар екенін білдім. Барлық газет журналдарға сәт сапар берді. Тұңғыш кітабыма редактор Тұманбай аға болды. Өлеңге өнерге деген алғаш тұсауымды кесті. Мен сол кездерде Мұқағали, Жұмекен, Зейнолла Серікқалиев, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменовтерді, Оспанханды көрдім, таныдым. Үлкен жазушылардан Әбділда, Тайыр, Сәбит, Ғабит, Ғабиден , Зейін, Қажым, Зейнолла Қабдоловты, Асқар Сүлейменовті, Мәриям Хакімжанованы, Шәрбану Құмарованы, Қадырды, Сейдахмет, Қосжан ағаны, Шерханды, Сағиды, Шонаны, Сабырханды, Тоқашты, Ізтайды т.б. бәрін көріп үлгердім. Менің жаныма жырлары жақын Қасым, Тұманбай, Мұқағали болды...
1963 жылы тұңғыш кітабым жарық көрді. Содан бері 18 өлең кітаптарым оқырман қолына тиіп, әрқайсысы өз бағасын алды. 1969 жылдан бері «Қазақстан жазушылар одағының» мүшесімін. Ең бірінші ұстазым – халық, одан кейінгі ұстаздарым аты аталған аға-апаларым. Жетісуым. Өлеңге келгеніме жалпы творчестволық жолыма 40 жылдан асыпты. Осы Жамбыл ауданына көшіп келіп тұрғаныма 35 жыл болыпты. Мен алғаш Нарынқолға барып театрда әнші болып (оркестрге қосылып «Гәккуді» айтатынмын) істедім. Содан бері әртүрлі мәдени жұмыстарда жұмыс істей жүріп қолымнан қаламымды тастағаным жоқ. 1983 жылы ҚазМУ-дің журналистік бөлімін бітіргенмін. Сұлтанғали Садырбаевтан, Әбдісаттар Дербісалиевтен, Тауман Амандосовтан дәріс алдым. Мұқаметжан Қаратаев, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленовтердің жылы лебіздерін естіп қанаттандым. Әр жылдардағы бас қосқан съездерде, жыл қортындысында мақтауларын естідім.
Менің кемшілігім – сенгіштігім, ғашық болғыштығым. Әсіресе, жақсы адамдармен сырласуға ғашықтығым. Неге екенін білмеймін, әлдекімді күтіп елеңдеп, елегезіп жүремін. Мені біреулер сағынып жүргендей күй кешемін. Түндерде ұйықтаған болып жатқанмен, сонау өткен балалық шаққа Обломовқа ұқсап, саяхат жасап анамды, даламды бір кездегі бала кезімді елестетіп өмір сүріп жатамын. Қазір өзіме ұнайтын жас ақындардан Оңайгүл Тұржанова, Танакөз, Жанат Әскербекқызы, Тыныштықбек, Маралтай, Жарас Сәрсек, Роза Сейілханова, жазушы қыздар Айгүл Кемелбаева, Гүлзат Шойбекова... Ал сазгерліктен өз қызым Ләззат Қарашева, әншілерден Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева ұнайды. Мен екі дәуірді бастан кешіппін. Бірі – бодандық, бірі ¬– Егемендік. Осынау елімнің тәуелсіздігін өз көзіммен көргеніме бақыттымын. Мен үшін бейбіт өмірде жарық дүниені жарық таңдай жаныңмен көріп аман-сау жүруден асқан бақыт жоқ. Өзім жетпеген өнерлеріме олар жетіп жүргендей. Ұлым Талап домбырашы, қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясын бітірген, келінім Зәуре – сырнайшы-ұстаз. Қыздарым Ләззат – сазгер, әнші, ұстаз. Ләзиза да қыздар педагогикалық институтын бітіріп, Шоқан Уәлиханов мектебінде музыкадан дәріс береді. Немерелерім бар. Айдана, Әлия, Ғалымжан, Нәзира атты. Үш баламнан...
Туған жерім Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Ақын сара ауылы. Ілияс Жансүгіров, ақын Сара, Қуат Терлікбаевтар дүниеге келген жер. Кішкентай ғана Көкжайдақ деген ауыл кейін «Киров» колхозы болды, одан өзгеріп Ақын Сара ауылы болды. Мен туған анама қарызбын. Сол қарызымды өтеп кеткім келеді...
Ұлылыққа тағзым
Алматыға тиген кезде табаным,
Ұлы Мұхтар жатыр екен табытта.
Көзінен жас тамшылаған қаламым,
Қалтырады... түспеген бір қалыпқа.
Тас қаладан қорқып, тоңып бозардым,
Алынбайтын алда қамал, тау бардай.
Бас айналып, бұлдырады көз алдым,
Жұлдыздардан отты жаңбыр жауғандай.
Тірлігінде көрмей қалдым оны мен,
Тасты жарып, тіл бітірген жас талға.
Хакім ұлы ақын Абай жолымен –
Жер бетінен сапар шектің аспанға.
Қайыспадың көрсең де азап, неше сын,
Құлағыма келетіндей баяу үн.
Ақырындап ақын Абай көшесін
Әлсіз шертіп келе жатты таяғым.
Гүл көзінде тамшы тұрды мөлдіреп,
Тартып келем содан бері ой көшін.
Айналып бір, көріп қалдым соңғы рет,
Алақаннан Әуезовтің бейнесін...
Түнде ұйқы, қиып күндіз күлкісін,
Өлмес жырдың ойға жазып тарауын.
Жауап берген дауа болып ұлты үшін,
Аузына бар «ақтаңдақты» жараның.
Күн ¬– аспанның бетіндегі дара мең,
Дара меңге қарай берем «Нұқ» бар деп.
Тағзым етіп, басын иіп бар әлем,
Тұрды орнынан, Омарханұлы Мұхтар деп.
Жаратылыс жатыр енді емделіп,
Қашанғы көл көз жасына жүземін?
«Жер бетінде қалам десең ел болып,
Алдыменен бесігіңді түзе, елім!», ¬–
Деп аңсаған келді, міне, азат Күн,
Түк көрмеген соқыр едік, керең ек.
Кеттің, аға, қарапайым қазақтың
Тіліменен күмбез соғып керемет.
«Көрмей қалдым» деген іште кетті арман,
Арман-дүние шексіздігін кеш ұқтым.
Ұлылықты ¬– мәңгілікті бетке алған,
Тоқтатуға... үлгере алмай кешіктім.
Кешіктім...
***
Мұхтар аға!
Мұңымды сен тыңдашы,
Болып ең ғой Абай, қазақ сырласы.
Мені әлі де таңғы ұйқымнан оятып,
Әлдилейді Әйгерімнің сырғасы.
Рухы биік ай маңдайлы ақылшым,
(Іші күйіп, кейбіреулер аһ ұрсын).
Қара сөздің жазушысы емессің,
Сара сөздің патшасы, ұлы ақынсың.
Биікпін деп мақтанады тау несін,
Тау тозады. Мұхтар деген мәңгі есім.
Тоғжан қыздың шашбауындай сыңғырлап,
Бір сөзіңе бір сөз соғар сәулесін.
Сол шашбаудай тіл қатасың ішкі үнге,
Мойын бұрар, болса қуат, күш кімде.
Ақ желкендей келе жатыр қалтылдап,
Туған елің шексіз теңіз үстінде.
Қалай жүрем? Жан-жағым көп жол менің,
Жол тасқыны доллар менен теңгенің.
Қалайды олар қарапайым халықтың
Қойларға ұқсап, қарсыласпай өлгенін.
Жалған сөз бен уәдеге ауыз бай,
Шындықты айтқан ауыз болар жауыздай.
Бойындағы дәнін берген қариялар
Ұшып жатыр, желмен жеңіл қауыздай.
Тапшы аға, осы уақыттың бір емін,
Өлмейінші, тірі едім ғой, тірі едім.
Шырылдаған нәрестедей тастанды
«Қорғансыздың күнін» кешіп жүр елің.
Ауырады жүрегім...
Өмірдерек
Қазақтың көрнекті ақын қызы Бұғыбаева (Ханифа) Абдрахманқызы Қанипа, 1942-жылы 19 ¬– наурызда Алматы облысы, Ақсу ауданы (Көкжайдақта) қазіргі «Ақын Сара» ауылында шаруа отбасында өмірге келген. Ал дүниеден 2004 жылы 21 мамырда Ұзынағаш ауылында қайтты. Орта мектепті бітіріп, еңбек жолын туған ауылының клуб меңгерушілігінен бастаған. Анасы Нұрғайша ауылына белгілі суырыпсалма ақын болған. Сол кісінің ықпалымен ауыз әдебиетімен сусындап, өзі де өлең жаза бастайды.1983 жылы Әл-Фараби атындағы қазақ мемлекттік университетінің журналистика факультетін бітірген.1966-шы жылдан бері Алматы облысы Жамбыл аудандық орталық кітапханада, мәдениет бөлімінде «Өлкетану музейінде,» жұмыс істеді. Бір топ өлеңдері қазақ ақын қыз-келіншектерінің «Чудесный сад» (1980-ші жылы орыс тілінде шыққан) жыр кітабына енді. Қазақтың ақын қыздары деген атпен шыққан күйтабаққа өлең оқыған дауысы жазылған. Қазақ ССР жоғарғы Советінің грамотасымен наградталған. Сондай-ақ Абай, Жамбыл, Мұхтар, Қаныштардың туған күніне арналған жыр мүшәйраларына қатысып, арнайы жүлделерді иеленген. Жамбылдың 150-жылдығына орай Санкт-Петербургке барып өлең оқыған.1993 жылы Абайдың 150- жылдығына арналған түркі елдері поэзиясының II-фестивалінің жеңімпазы атанды. Және Семейде өткен Юнесконың арнаулы шешімімен өткізген ұлы Абайдың тойына қатысқан. 1969-шы жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2001 жылғы Мемлекеттік рәміздерді насихаттауға арналған мүшәйраның бірінші дәрежелі дипломымен марапатталған. 2002 жылы ақынның туған жерінде және тұрған жерінде Жамбыл ауданында 60 жылдық мерейтойы аталып өтіп, Жамбыл аудандық мәслихат, әкімшілігінің шешімімен ауданның құрметті азаматы атанды. Және Абайдың туған күніне орай (158) «Ақ жол Қазақстан» газеті өткізген мүшәйраның бас жүлдегері болды. 2003 жылы «Құс жолы» жыр кітабына Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығын алды. Ақын Өмірден озғаннан кейін 2007 жылы «Қазақстанның Поэзия Академиясы» жарыққа шығарған «Мадонны Турана» атты таңдамалы жинаққа орыс тіліне аударылған жырлары енді.
1962 жылдары қазақтың белгілі ақындары Әбу Сәрсенбаев, Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Құдаш Мұқашевтар ақын қызға сәт сапар тілеп, поэзия көгіне үкілі үмітпенен балапандай баулып, ұшырған болатын. Екі мың жылдық «Дала жыры» атты энциклопедиясына 2000 жылы өлеңдері енген.
Жарыққа шыққан жыр жинақтары:
1.Тұңғыш кітап.1963. Жазушы.
2.Екінші дәптер.1965 Жазушы.
3. Ақ сүт 1968. Жазушы.
4. Қара торғай. 1970 Жазушы.
5. Ару ана 1973. Жазушы .
6. Ана жыры. 1971. Жазушы.
7. Жыр және жүрек. 1977ж.
8. Қыз дәурен 1979 . Жазушы.
9. Көк белестер 1982 ж. Жазушы.
10. Менің даусым. 1984. Жалын
11. Гүлдер көзін ашқанда 1985. Жазушы.
12. Қоңыр жел өлеңдер. 1988. Жазушы.
13. Домбыра дәурен.1986. Жалын.
14. Шұғылалы шақ. 1990. Жазушы.
15. Қоштасқым келмейді 1994 Жалын.
16 Құс жолы. 2001. Шартарап.
17. Өң мен Түс. 2003. Елорда
18. Соңғы сөз. 2005. Жазушы.
19. Адасқан жапырақ. 2011. Баянжүрек.