Жексен Алпартегі: Тынышбайдың ауызынан естіген әңгіме
2022 ж. 03 ақпан
3414
0
Серік Байқасқаев ағамен Суықтөбенің етегіндегі Қастек ауылында таныстым. Ол кісі менің Мәлік досымның қайнағасы болып шықты. Өмірден көргені көп, түйгені бар әңгімешіл жан екен. Көп жыл Жамбыл ауданында бухгалтерлік қызмет жасапты. Әңгімелері де қызық. Сөз арасында мені де сөзге тартты. «Қарасаздамын» дегенімде, «Мұқағалиды ауылынан екенсің ғой. Ақынды көрген шығарсың?» -деп төтесінен сұрақ қойды. – Жоқ аға, көре алмадым. Біздің отбасымыз Қарасазға 1967 жылы көшіп барды. Ол жылдары 7 сыныпқа барғамын. Ақын ағамыз Алматы да болды. Жазда ауылға Мұқағали келіпті деп айтқанымен көрмедім. Жаз бойы әке-шешеміз Шалкөде жайлауында малшы болғандықтан ауылға сабақ басталарда келеміз. Ал Мұқағалидың анасы мен інілері Тоқтарбай мен Қозыкөрпешті көзіміз көрді. Олар бір көшенің бойында тұрды. 1971 жылы мектеп бітіріп, Алматыға кеттік. Мұқағалидың аты ол жылдары жаңадан шығып, таныла бастаған кезі. Өз басым ақынның көзі тірі кезінде шыққан кітаптарын Алматының дүкендерінен алсам, кейбірін көшедегі дүңгіршектерден алғанмын. 1975 жылдың жазында болу керек Мұқағали аға мен ақын Тоқаш Бердияровты Алматыдағы «Түркістан» қонақ үйінің алдынан көрдім.
-Онда мен саған бір әңгіме айтайын. «Алтайдың ар жағынан келген ару» атты әннің авторын білесің бе?
–Білемін, ақын Тынышбай Рахымов.
– Шамасы осыдан жиырма жылдан астау деймін. Келінімнің әпкесі, құдағиымның үлкені Шайзада жолдасымен тамаққа шақырды. Ұлы Мұхит орталық теледидарда операторы болып жұмыс істеді. Оның әйелі де сол маңда қызмет жасайтын. Інімнің жолдасы Нұргүл де болған. Ол албан руы ішіндегі қызылбөрік атаның қызы, кіші Жалаңаштың тумасы еді. Алмагүл ықшам ауданында АДК-ның салған төрт қабатты үйдің үлкен бөлмесінде үй иесімен бес отбасы дастарқан басына отырдық. Төрге менің оң жағыма бір жігіт жолдасымен жайғасты. Танысқанымызда ол «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнінің авторы Тынышбай Рахымов болып шықты. Ән ол жылдары радио мен теледидарда жиі айтылып, мәртебесі асқақтап тұрған уақыт болатын. Отырысымыз көңілді басталды. Бір-екі стақан шарап құйылғаннан кейін бәрімізде әңгіме-дүкенді бастап жібердік. Үй иесі албанның қыз болғандықтан ба, Тынышбай әңгіме басын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылық еңбегіне шама-шарқы келгенше баға беріп, оның туа біткен дарын иесі екенін, бірақ әлде біреулерге жақпай, жолы болмай кеткенін тілге тиек етті. Өзінің шығармашылық жолда осындай деңгейдің бұйыруы алла тағаланың Мұқағалиға жолықтыруы болды-деп әңгімесін бастады.
-Ол жылдары Жамбыл облысының бір мектебінде мұғалім болып жүрдім. Өнерге жақын болған соң жұрт көзіне жасырып өлең жазатын әдетім бар. Оны жолдас-жораларым білетін. Басқосқан жерде өлең оқытатын. Жазғандарым оларға ұнағаны соншалық, бірде мені орталарына алды да үгіттеп, көктемгі мектеп каникулы кезінде Алматыға аттандырды. Бәрінің айтқандары «Алматыдағы Жазушылар одағының үйіне бар, өлеңді көрсет» деп шығарып салды. Бірден Жазушылар одағының ғимаратына тарттым. Есік алдында ешкім көрінбеген соң, ішке кіргенімде бір денелі, ұзын қара шашын сілкіп, артқа қайырып тастап, бір есіктен екінші есікке кіріп, бет ауызын жуып жүрген жігіт ағасын көрдім. Одақта ол кісіден басқа тірі жан көрінбеді. Ішімнен ақын-жазушылар жұмысқа асықпай келетін болды ғой деп, дәліз бойлай жүрдім. Бір кезде дәретханадан шыққан әлгі жігіт ағасы жаныма келіп, «не іздеп жүрсің? –деп сұрағаны. Келген шаруамды айтқанымда өзі отырға бөлмеге ертіп кірді де, «нең бар, көрейін» -деп тура қарады. Өлеңдер жазылған дәптерімді ұсындым. Қолына дәптерімді алып, бірінші бетіндегі өлеңімді оқып шығып, төрт-бес парақты жинақтап, екі рет аударып тастады да бетіме қарап; «жігітім болып тұрған ақын екенсің. Мен Мұқағали Мақатаев деген ағаң боламын, арақ ішесің бе?- дегені. Қапелімде не дерімді білмей, бірден жауап бера алмай, «араққа онша әуестігім жоқ» еді деп, қипақтадым.
Мұқағали мені Есік мейрамханасының жоғарғы қабатындағы барға ертіп кірді де « порциямнан екеуін құй»-дегені. Бармен Мұқағалиға 200 грамдық қырлы стақанға толтыра құйды. Ағамыз стақанға құйылғанын тоқтамай бірден төңкерді. Маңдайынан тер бұрқ ете қалды. Мен болсам сораптап жатып әрең бітірдім. Ол кісі маңдайдағы терді қолымен сыпырып тастап: «қайтала»-деді барменге. Мен енді іше алмайтынымды айтып, құйдырмадым. Тісбасарға деп бір кесім қазы алдым. Мұқағали екінші порциядан кейін қазының бір түйірін ғана ауызына салды. Біздер сыртқа шығып, бір көшенің бойындағы жертөлде орналасқан дүкенге кірді. Ағамыз маған бір шиша алдырды. Сыртқа шыққан мезетте жолай бір азаматтың кездесе кеткені. «Кел, менімен іш»-деп қолқа салып жабысты. Ол «ішпеймін»- деп еді, «менімен ішпейтініңді және кіммен ішетініңді білемін, сен Волгамен жүруді ұнатасың, бірақ есіңде болсын, тарихта сен қалмайсың, мына мен қаламын»-дегені. Бұл кісіні мен кейін Тұманбай Молдағалиев екенін білдім.
Біздер жаяулап біраз жүрдік. Бір үйдің маңына жақындағанда жылқы етінің пісіп жатқан иісі сезілді. Біздер сол үйге кіргенде Мұқаң осында тұратынын білдім. Екі бөлмелі пәтер екен. Ағамыздың ішіп келгенін көрген жолдасы қабағын шыта жақтырмай қарсы алды. Аз уақыттан кейін дастарқанға иісі сырттан бұрқыраған етте келді. Асқа ауызымыз тие бергенде ағамыз жолдасына бірдеңкең бар ма дегендей ишарат етті. Жолдасы орнынан тұрып кеткенде мен қалтамдағы шишаны үстелге қойдым. Үстелдегі шишаны көрген ағамыздың жолдасы бірден ашуланып, «Мына Мұқағали қандай жігіт еді, осы сен сияқтылар түбіне жететін болдыңдар. Келгендерің құры келмейсіңдер, ішкізіп бітірдіңдер»- деп мені тарпа бас салды. Менің оқыс әрекетке не дерімді білмей қалғанда Мұқаң әйеліне бір қарап еді, ол кісі бұдан кейін артық сөз айтпады.
Тамақтан соң біздер екінші бөлмеге кірдік. Бөлмеде жазу үстелі, орындық, төсектен басқа затты көрмедім. Мұқаңның жұмыс істейтін, әрі демалатын бөлмесі екен. Ақын маған төсекті көрсетіп, «сен ұйқтап демал, бүгін менің шабытым келіп тұр, жазамын, ұйықтамаймын» -деп, үстелге бір шишаны қойды да, бір бума жазу қағазын тастады.
Қалғып кетіп оянсам, шиша да, бума қағаз да ортайып қалыпты. Таң ертең Мұқаң мені оятып, «құтты қонақ келсе, қой егіз табады деген. Жолың болатын жігіт екенсің. Мен бүгін керемет туынды жаздым»- деп аппақ парақтарға қайта көшірлген өлеңдерін көрсетті де, « кеттік»-дегені. Біз салған бойда кешегі Есік мейрамханасына көтерілдік. Мұқаң тағы да кешегі екі тапсырысын бергенде, мен қарсылық танытыптым. Мейрамханадан шығып, Жазушылар одағына қайта келдік. Үстелдің үстінде жатқан кешегі менің дәптерімді ағамыз қолын алып, бір мекен жайды айтты да: «мен Мұқағалидан келдім деп айтарсың» -деді де өлеңдерімді қолыма ұстаты. Сол өлеңдерім көп кешікпей ешбір қысқартусыз түгелдей басылымда жарық көрді. Сөйтіп Мұқағалидың батасын алған ақын болдым» деп Тынышбай ақын ағасымен қалай кездескені,өз ауызынан осылай айтқан еді. Тынышбайдың сол әңгімесі бәріміздің есімізде қалды. Кейін радиодан, не теледидардан «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні шырқалса, есіме біздің отырысымыз еске түседі. Ақынды ақын тану қандай бақыт екенін мен кейін түсіндім. Таланттар бір-бірін қалай бағалаған деп те ойлаймын,-деді Серік ағамыз.
Ағамыздың осы әңгімесінен кейін ақын Тынышбай Рахымов Мұқағалимен қай жылы кездескен екен деген оймен оның өмірбаяндық деректеріне жүгіндік. Тынышбай ол жылдары мектепте мұғалім болып жүрдім деп бастаған сөзіне қарағанда, ақын 1971 жылдары Жаңатаста М. Әуезов атындағы орта мектепте музыка пәнінен мұғалім болыпты. Өлеңдері аудандық газеттерде, кейде республикалық басылымдарда да шыға бастаған. Демек Тынышбай ақиық ақымен 1971 жылы наурыз, не көкек айынның басында кездескен сияқты. Осыдан кейін Жамбыл аудандық газетке қызметке тұрған. 1975 жылы Алматыға келіп, республика танымал газет-журналдарда қызмет істесе, 1990-1994 жылдары республикалық қазақ теледидарының музыка бөлімінде редактор болыпты. Теледидарда Тынышбаймен белгілі айтыскер ақын, журналист Нұрлан Әбдібек бірге жұмыс жасағанын да білдік. Біз Нұрланмен хабарласқанымызда: «ұмытпасам, Тынышбайдың Мұқағалидың 60 жылдық мерейтойынына арнап, «1971 жыл» деген өлеңі бар. Өлең ақынның жинағына енген болуы керек» -дейді. Яғни Тынышбай Мұқағалимен 1971 жылы кездескені анық. Және де Тынышбайдың Мұқағалидың назарына іліккен жөнінде Сағындық Ордабековтың естелгінде айтылады. «Көрнекті ақын Мұқағали Мақатаев Тынышбайға ақ батасын берсе, ақын қызымыз Фариза Оңғарсынова оның дарындылығына бас иген, жоғары бағалаған» деп жазыпты.
Отырыста «ол жылдары «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні асқақтап тұрған кез» деуі қай жыл болды екен деген сұрақ та ойға келді. Бұл 1993-1994 жылдары болған. Ән осы жылдары «жылдың үздік әні» атаныпты. Демек үйдегі отырыста осы жылдары болған. Және де үй иесі Мұхит пен әйелі теледидарда Тынышбайпен бірге жұмыс істеген. Олардың бір-бірімен жақсы сыйласқандықтарына осы отырыс аңғартып тұр.
Осы әңгімеден кейін өзімнің көп жылдары пайдаланған бір көкшіл түсті блокнатымды тауып алдым. Ойымда еш нәрсе жоқ. Блокнаттың ішін ашқанымда біраз қағаздардың арасынан төрт бүктелген бір парақты тауып алдым. Парақтың бір бетінде бір мекеменің мекен-жайы жазылып, «Алматы 1994» деген жазуға көзім түсіп, екінші бетінде автоқаламен жазылған «Жүрегіме жол тапқан әнім менің» деген жазуды, оның асты сызылғанын және оның екінші жолында «Оқырманның сұрауына орай» деп жазылған жазуды оқыдым. Оның асты да ұзыннан бір сызылған. Сызылған сызықта тігінен бөлек-бөлек сыздары да бар. Бұдан кейін «Алтайдың ар жағынан келген ару» деп жазылып, астында әні мен сөзін Тынышбай Рақым деп, әннің толық мәнінін жазыпты. Бір айта кетерлік нәрсе жоғары екі сөйлем бұл газет тілімен айтсақ, материалдың айдары сияқты. Парақтағы жазу автоқаламның қара сиясымен жазылған. Қолтаңба Тынышбайдың өз қолымен жазылған тәрізді. Себебі, «Жүрегіме жол тапқан әнім менің» деп жазылуы осыны мекзейді. Бұл қағаздың менің қолыма түсуі- ол жылдары халықаралық «Азия» газетінде жауапты хатшының орынбасары болып жүргенімде басылымға материалмен бірге шыққан ән мәтініне ұқсайды. Әннің ел ішінде асқақтап түрған шағында газетіміздің тілшілерінің біреуі ақыннан сұхбат алған сияқты. Сонда газет тілшісі Тынышбайдан әннің мәтін сұрап алған-ау деген ой келсе, әннің бағын ашып, өзін елге танытқан сол кездегі жас әнші Сәкен Қалымовтан қатысы болуы да мүмкін деген болжамда келді. Өйткені Сәкен Тынышбаймен танысып, әнді орындағаны жөнінде естелік кездеседі.
Жалпы біздің айтпағымыз ақын-сазгер Тынышбай Рақымовтың ерекше талант екенін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың бір көргенде-ақ танып: «жігітім болып тұрған ақын екенсің» деген бір ауыз сөзі оған қанат беріп қатайтқан және өлең өлкесін еркін меңгеруге жол ашқан.
Жексен Алпартегі,
Қазақ үні