ӘНУАРБЕКТІҢ КӨКТЕМІ
2022 ж. 25 қаңтар
2066
0
Көктем, жастық шақ – бірнеше кітабы жарық көрген танымал ақын
Әнуарбек Әуелбектің сүйікті тақырыбы. Шайыр шеберлігі осы
қос тақырыпта ерекше аңғарылады. «Көңіл көктемі»
деп аталатын жуырда ғана жарық көрген
жинағы пайымымыздың дәлелі.
... Арқадан ауыр жүк түсіп,
Қалғандай әлем босанып.
Қыс бойы жатқан бүк түсіп,
Белдерім жатыр бусанып...
Құрсауын қыстың кескілеп,
Көтерер келіп еңсені.
Қыр жақтан жылы есті леп,
Сағындым, Көктем, мен сені!
Нанымды сурет. Табиғат пейзажы. Кәдімгі кәнігі суретшінің полотносына майлы бояумен салынған тамаша туындыдай маужырап тұр.
...Арпалысып,
Арта түсіп
саған деген құмарым,
Асқан белден,
Аспан-жерден
өзіңді іздеп сұрадым.
Ақ тұманның арасында
Ғайып болып барасың ба,
Қайдасың?..
Әрине ақын сезімтал жанын тербеген, албырт көңілін сағынышы кернеген көктемді аңсап отыр. Балауса шағын, балаң кезін, аңғал да аңғырт сәттерін сағынады.
Алданамын...
Алда жаным
күтіп мені тұрғандай.
Арбаламын,
Бар ғаламым
маған мойын бұрғандай...
Таппаса да күдерін үзбейді, бұлттардың қарасынан, сағымдардың арасынан іңкәр жанды іздейді. Әне-міне табылып қалатындай көрініп, көңілі солай сезініп, елеңдейді. Ақын жырына сенесің, иланасың...
Әнуарбек ақын туған жерін, өскен ортасын әсте есінен шығармайды. Шырын шағының куәсі болған ауылына әр жырында айналып соғып отырады.
...Сол жыл есте, сол айлар,
Есте ай да, жұлдыз да.
Өтті бастан талайлар,
Бірақ бар ой сол қызда.
...Ор болса да қазылған,
Он алтыға табындым...
Жастық шағым жазылған,
Жаңақорғанды сағындым....
Немесе:
Жаңақорған жүректің жылы таңы,
Қайда жүрсем жанымды жылытады.
Сырға айналған жастықтың жыры тағы
Көңілде жүр ұдайы.
Тағыда:
Жаңақорған – бүкіл ел сүйіп өткен
Куәсі ғой тарихтың сыйы жеткен.
Топырағын басарда сен әуелі,
Көкке көз сал, ішіңнен сыйын әбден.
Қасиетті жерлердің бәрі осында,
Түркістан мен Шиелі арасында.
Сығанағым, Саураным. Келінтөбем,
Кетер сүңгіп тарихы сан ғасырға.
Хандарың да, қара да, қасап та өткен,
Құпиясы көп жұмбақ жасап кеткен.
Алпамыстай батырдың ізі жатыр,
Туған жердің төсінде азат еткен.
Әнуарбек ақынның туған жері, міне, осындай – шежіреге бай, төрт түлігі сай қазыналы өңір. Ақынға да, батырға да, әулие-әмбиеге де кенде емес. Суы шипа, топырағы дәру, ауасы дауа.
«Бақыт дегеніміз не?». Осы сұрақты адамдар бір-біріне жиі қояды. Ақындар да бұл сұрақты айналып өткен емес. «Екі жерде екің = 4» деген сияқты бұл сұрақтың тұрақты математикалық жауабы жоқ. Әркім бақытты өзінше топшылайды. Біреуге үй алу, біреуге сый алу бақыт. Ал Әнуар ақын бақытты қалай бағалайды? «Бақыт» деген өлеңін оқып көрейік:
...Бірімізді біріміз жылатып,
Бірімізді біріміз жұбатып,
Кейде сүйіп, кейде күйіп екеуміз
Тірліктің тозақ отына да шыдадық.
Шыдамай мына жалғанда,
Топты бір енді жарғанда,
Айырылысты талайлар
бақытына
Қол созым жер қалғанда.
Сол бақытты – жыр-аңыз
Алдан күтіп тұрамыз.
Алдың – асу, құла-дүз..,
Мен білсем,
Бақыт осы мына – Біз!
Тілге жеңіл, ойға қонымды. Бастан өткен, өмірдің өзі жасаған шындық. Бақытты күту, іздеу, армандау аз, сол жолда күресу керек, ауыры мен азабына төзу керек. Сезім бар жерде төзім де болғаны абзал. Төзім сабырдың туысы. «Сабыр түбі – сары алтын» деп қазекең неге айтқан.
Алпыстың асқары –
Бақыттың бас бағы.
Алпыстың асқары –
Ақылдың бас таңы.
Алпыстың асқары –
Жүз жастың жас шағы.
Алпыстың асқары –
Бағыңның асқаны.
Алпыстың асқары –
Ғұмырдың дастаны.
Алпыстың асқары –
Иманның аспаны.
Алпыстың асқары –
Тәрк етіп басқаны,
Шынайы өмірдің
Ғажайып бастауы...
Әнуарбек 60 туралы осылай толғайды. 60-тың дәмін әлі онша татпаса да, бұл жастың мәнін жақсы түсінген. Амандық болса, ол дәмді енді тата бастайды (60 жасқа үстіміздегі жылдың 1-қаңтарында толды). Өзі жырлаған, сол ғажайып асқарға жетті, шыңына шықты, қазір сол ғажайып 60-қа табанын нық басып тұр...
«... Алпыстың асқары –
Жүз жастың жас шағы...»
Жақсы теңеу, бағалы балама, «алпыс – тал түс» деген бұрынғылардың ойымен үндесіп, сол пікірді толықтырып тұр.
«Алпыстың асқары – иманның аспаны». Осы бір жалғыз қатар жыр еңбек адамына зейнетке шыққасын дәстүрлі дінімізбен біржола айналысуға, сөйтіп иманды байытуға жолы ашылады дегені. Ауыл қарттары намазға жасы алпыстан асқасын барып біржола бет қояды. Содан талқаны таусылып, демі біткенше одан бас алмайды. Ақын соны меңзеп отыр.
Әнуар ауыл баласы. Тасты, құмды аймақта өнді, өсті. Түнде жұлдыз санап, сүйіктісін айға балап ер жетті. Туған жердің шаңы мен лайы оның ұдайы түсіне кіреді. Аспанды нұрға бөлеп, төңірегіне арай шашып самсаған жұлдызды түн ол үшін мың боюлы Алматы түнінен әлде қайда артық...
Ақын Әнуарбек Әуелбеков қазір дер шағында тұр. Ақын көктемі, Әнуарбек көңілінің көктемі деген осы. Көктемің ұзақ әрі шуақты болсын, алпысың құтты және қуатты болсын!
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі.